Жұма, 22 Тамыз 2025
Әдебиет 140 0 пікір 22 Тамыз, 2025 сағат 14:41

Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде...

Сурет: автордың жеке архивынен алынды

 

Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде, Алматыда таңғы 04:00-те оянып ап, ай сағымын үстіме жамылыш қып, әппақ арғымағымды мініп алып, арманның үйімнің дәл жанынан өтуін күтіп тұрдым да, ол өте бергенде қуаладым. Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде, сол кезде қоңылтақсып жазған жырым – Жылқының жалына байланған күйі, таңның ақбоз қылаңына кіріп кеткен.

Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде,

сондағы поэзия іздеп жазған жырым мынадай еді,

Баян апамнан туған қыздың қолында қынадай еді, ешкім менен "Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде,

нағыз поэзияның қандай болатынын?" сұрамап еді.

Ақындар шараптың буына қиялының тұманы шатысып құлағанымен,

нағыз поэзия іздеп зарығып құламап еді.

Ешкім менің артымнан нағыз поэзия іздеп арғымақпен кетіп бара жатқанымда шұбамап еді...

Тек сонда менің артымнан Баян апамнан туған,

мәрмәр сүйекті кеудесінің ішінде ойнап тұрған жүрегі "Көкбөрім" дейтін балауса қыз қуалап еді...

Ол қыздың түс пе, өң бе, өң мен түстің арасына кіріп паналаған пері ме,

не екенін түсіне алмаған Хафиз басым,

екі саусағымды еңіреп тұрған тас мүсіндердің көз жанарының астындағы сұмдайрығын тырмалап, сұмдайрығынан аққысы келген сұмдық жас өзін бұлаған еді...

Сонда мен ақынның мүсініне қарап:

– "Мұқағали, сен нағыз поэзияны таба алдың ба?"- дегенім,

Мұқағалидың миығынан мырс еткен дәнішпан мүсініне ұнаған еді.

Өзің де сол жолы Мұқа,

Маған қатты ұнаған едің.

Еңкілдеп келіп бас салмақ болдың,

Райымбек даңғылындағы мүсініңнің айналасындағы жолаушылардан ұялып,

– Бұлар поэзия болып шырылдап бесікке кіріп,

Саған бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде,

Алып ауыл сияқты қоқсыған қалаларымызға кетті-ау есіктен шығып..., -дей бердің неге, о, Мұқа?

Тік тұрып алдым жасынды айшықтарыммен жолыңа!

Баян сұлудың қызын жетектеп әкеп бер қолыма.

Өйткені, бүгінгі әлемнің қызыл-қоңыр сілесі ауыр көлеңкелері –

Иығымнан қиғаш түсіп тұр.

Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде,

Арғымағымның өзіне айналып мені күтіп тұрғанда арман, белде,

О, арманыма үдере қараған мен,

Белімді алтын көбікпен батырып заңғар көлге,

Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде,

Мен шомылған көлдерге пері келіп,

Бізге ұнайтын ең соңғы поэзия –

Пері артынан ілесіп барған төрде.

Мен сонда мас боламын көңілдерге,

Әруақтай пәк, еркін өмірлерге,

Мен сонда мас боламын қарап тұрып,

Өлеңімнен тулаған сенімді ерге.

Сол сенімді батырдың көзін сүйіп,

Бүкілдей сіңіп кетер өңім де өрге.

Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде,

Есіктен баяу шығып кете берем,

Ренжімеңдер, ақ қаздар қонған белдер,

Ақ қағаздарым ұшып тоңған белдер,

Жас қозы дүниеге келіп,

Тоңғағы тастай қатып толған жерлер,

Жаламадай жауының жайқы сұсын,

Қос көзіндегі орақпен орғанда ерлер,

Маған келіп ұнамды өлең іздеп,

Соңымдағы жіңішке талғамға ерген.

Бола ма арманыңды "арман" деуге,

"Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде..."

О, ақ апа, Баян апа!

Әп-әппақ поэзия қандай болады?

Баян сұлудың ең соңғы көз жасы ғой –

Поэзияға сәл ұқсап тамған жерге...

Қалған әлем өлеңге ұқсамай тұр...

Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде...

Поэзияның ілімін көкке ап кетті,

Жерде оның ілімі жоқ, сарнай берме...

Сенің белің поэзияға ырғалмастан,

Құр шарап, көк шөлмекке талған бел ме?

Поэзия іздеме, көкке ап кеткен,

Поэзияға жақындап қайтқандарды,

Болады ғой "жартылай арман" деуге...

Тазалықпен аспанға қол созамыз,

– Поэзияның ілімін жерге түсір,

О, құдайым, бұлт құйрықты шұбалаң таңдар неге?

Бола ма бүкіл тірі ақындардың жазғандарын,

"Поэзия" деуге, "арман" деуге?

Болатын шығар мүмкін –

Көкке ап кеткен поэзияның ілімінің,

Бірер май тамшылары қиял ойған төбеңе тамған деуге,

Поэзияның ілімінің көктен түсіп,

Азияның ең әппақ қызының көрпесіне кіргенін көріп тұрдым,

Бүкіл поэзия ұнамай қалған кезде...

Сол қыздың құшағында өлең жатса –

Бұл пәниді болама жалған деуге,

А, айтыңдаршы?...!

Көкбөрі Мүбарак Қизатұлы

Abai.kz

 

0 пікір