Мақатаев поэзиясындағы символизм һәм адам концепсиясы
Мұқағали Мақатаев есімі – ұлт әдебиетінің тамырында тулап ағып жатқан ізгілік пен ізеттің, іңкарлық пен ынтықтықтың, сағыныш пен сарғаюдың, шаттық пен қуаныштың, сырлы жүрек пен сиқыр сезімнің арзу қаны іспетті. Бір сөзбен айтқанда, оның поэзиясы адам жанының сан алуан құпиясының сырын ашқан ақық сөзі, ақиқат көзі. Хан-Тәңірдің бауырынан түлеп ұшқан тумысы бөлек ақиықтың өз халқына, өз жұртына ағынан жарыла ашқан «өлең» дейтін жан сыры өз энергиясын әлі күнге жоғалтпай келеді. Жоғалмақ түгілі адам жанының тереңіне үңілген ақынның жыры жыл озған сайын жарқырап, алаулап, жалаулап барады. Әр жүрекке нәр беріп, ар мен ұяттың ақ-адал қорғаны болып құдіреттеніп келеді. Бұл зады не құдірет? Бұл шындығында, не қылған ұлы поэзия? Біз мақаламызда М.Мақатаев поэзиясының сырына осы сұрақтар төңірегінде үңіліп көрмекпіз.
М.Мақатаев поэзиясы шын шабыттың, күрделі күйзеліс пен шадыман қуаныштың, ұлы сағыныштың үлгілі өнегесі. Ақын өз поэзиясында ізгі сезімге бас иіп, адам тақырыбын, адам жанының қатпарларын ашуды көздейді. Негізі Мұқағали өлеңдері қатпары қалың – символикалық бейнелеу тәсіліне бай – тұңғиықтай терең мағынасымен, тазалығымен, өмірдің өзіндей шынайылығымен оқырманын баурайды.
Алайда біздегі әдебиеттанушы ғалымдар М.Мақатаев поэзиясын зерттеуде күні бүгінге дейін “ақын шығармаларының поэтикасы”, “ақын шығармаларындағы соғыс тақырыбы”, “ақын шығармаларының тілдік ерекшелігі”, “ақын шығармаларындағы әйелдер тақырыбы” т.б. деген мазмұндардан әріге бара алмай жүр. Басын ашып айтатын бір мәселе, біз бұл арада ақын шығармашылығындағы ондай мазмұндарды қарастырудың қажеті жоқ деуден аулақпыз. Біздің айтпағымыз саптаяқпен ас беріп, сабына қарауыл қойған тар заманда, бодан халықтардың абақтысындай болған кеңестік кеңістікте, шығармаларындағы әр сөзің аңдитын цензуралы қапас кезеңде өмір сүрген ақын-жазушылардың “өзекті ойларын” көбінде ымдап, астарлап жеткізуге мәжбүр болғанына назар аудармай келе жатқандығымыз. Айтарын дәл солай ымдап, астарлап жеткізуге мәжбүр болған ақындарымыздың бірі һәм бірегейі ақиық ақын Мұқағалали Мақатаев десек еш асырып айтқандық емес.
Ұзына тарих бойына қай дәуірдің, қай елдің қаламгері болмасын, өмір сүрген заманының таршылық жағдайында бәрі де айтарын ымдап, астарлап, емеурінмен жеткізуге мәжбүр болған. Бүгінде әлемдік әдебиетте берік орныққан “символизм” ағымы о баста сондай қажеттіліктен туған болатын. Орысы жоқтың қасы, алыс түкпірдегі қазақ ауылында жетімшілікпен есейген бала Мұқағалидың бастауыш мектеп оқып жүрген кезінде-ақ орыс тілін өз бетінен үйреніп алып, Мәскеудің кітап дүкендері мен кітапханаларынан әлем әдебиетінің классиктерін оқитыны жиі айтылады. Болашақ ақынның әлемдік әдеби ағымдармен, соның ішінде символизм ағымымен сол заманда-ақ етене таныс болғанын топшылау қиын емес. Оған дәлел – ақынның коммунистік цензураны айналып өту үшін көбірек осы символистік әдеби тәсілге арқа сүйей жазған шығармалары.
Сөздің осы тұсында символизм ағымының шығу тегіне шамалы тоқтала кету артық болмас.
ХІХ ғасырдың соңында еуропалық зиялылардың бір бөлігі әлеуметтік өмір мен ресми биліктің саяси мәдениетіне наразы болды. Қалыптасқан жағдайға һәм билікке тікелей қарсы шыға алмайтын, бірақ өз ой-пікірлерін білдірмей тағы отыра алмайтын олар көбінесе символизм мен аллегорияны қолданып, қиялдары мен ойларынан шығарылған өзгеше әлем жасап, өздерінің жүрек түкпіріне жасырынған тілектерін білдірді. Бұл үрдіс дами келе қазіргі заманғы символикалық өнердің пайда болуына мұрындық болды. Кейіндеп әлемдік ғылыми ортада «Символизм» (symbolism) деп орныққан бұл терминді ең алғаш 1886 жылы ақын Жан Морей өзінің «Символизм манифесі» атты еңбегі арқылы айналымға енгізген.
Жан Морей (Jean Moréas) француз тілді грек ақыны. Афиныда дүниеге келген. Оған о баста өмірге келгенде берілген есім-сой Яннис Пападиамантопулос (Yánnis Papadiamantopoulos) болатын. Ата-анасы ортасына беделді-белгілі, мәртебелі отбасы болып есептелетін. Талапты жас бала кезінен француз тілінде білімін алды. Ол заңгер мамандығы бойынша жоғары біліим алу үшін 1875 жылы Парижге барды. 1879 жылы Парижге тұрақты қоныстанып, өзін әдеби қызметке біржола арнады. Содан бастап ол «Жан Морей» деген бүркеншік есімді қолданды. 1886 жылы ол «Символизм» журналын шығарып, «ХІХ ғасыр» және «Ле Фигаро» газеттеріне мақалалар жазып, «Символизм манифесін» жариялап, символистік қозғалыстың көшбасшыларының бірі болды. Бұл манифест символистік қозғалыстың өмірге келгендігін айғақтады. Шын мәнінде, жаңа шығармашылық әдіс ретіндегі символизм романтизмнің шарықтау шегінде пайда болды деуге болады. Содан бастап көптеген романтикалық ақындар белгілі бір деңгейде символистік әдістерді қолдануға бет бұрды. Бұл бағытты ұстанушылардың басты ұстанымы түсіндіруден гөрі емеурінге, ашық ақтарылудан гөрі астарлауға басымдық беру болатын. Сол тұста және одан кейінгі кезеңдерде Бодлер, Малларме, Рембо және Верлен сияқты аталған ағымның ту ұстаушылары өздерінің көптеген символистік шығармаларын арт-артынан жарияға шығарған болатын. Кейде символизм қаламгердің жеке субьектив пікір-сезімдерін білдіруге бағытталған бұрынғы сүрлеу соқпағына қайта оралды деп айтылғанымен, іс жүзінде, оның субьектив сезімдерді білдіруі романтикалық лиризмінен айтарлықтай ерекшеленіп тұрды. Атап айтқанда символизм әдісі негізінен жүректің түкпіріндегі құпиялар мен айғайлап айтуға болмайтын көзқарастарды астарлап білдіруге бағытталды. Басқаша айтқанда францияның символист ақыны Стефан Малларме (Stéphane Mallarmé) айтқандай, «символизм белгілі нәрселердің артында жасырынған «ащы шындықты» емеурінмен ашуға ұмтылады. Яғни, ақын-жазушының нақты жазып отырғаны «көкек» болса, негізгі айтайын дегені «шәйнек». Өйткені символизм ағымы айқын сызықтар мен бекітілген контурларды бейнелеумен шектелмейді. Оның көркемдік әсері өз оқырманына ақынның айтар ойын дәл түсіндіруінде емес, қайта бұлыңғыр, екіұшты түсінік қалдыруында; оқырманға тереңірек ойлануға, астарлы мағынаны сезінуге мүмкіндік беруінде жатыр. Символизм қарапайым, көрініп тұрған айқындыққа ұмтылмайды және әдейі, жасанды күңгірттікті де іздемейді; ол жарық пен көлеңкенің тепе-теңдігіне, емеурін мен жұмбақ әсерге ұмтылады. Символистік поэзия көркемдік пен әуезділікке де баса назар аударады, бірақ өлеңдердің сұлулығы мен әуезділігі тек тастай механикалық ұйқаста ғана емес, жоғары һәм тың поэтикалық шеберлікке тән ырғақ пен әуезде көрінеді. Ақ өлеңнің (прозалық поэзия) музыкалығы метрикалық поэзияға жақындау, символикалық поэзияның әуезділікке деген талабы тіпті одан да асып түседі.
Символизм ағымына көркемдік тұрғыдан Рафаэлитке дейінгі бауырластық пен символист ақындар Малларме мен Бодлердің, сондай-ақ музыкант Вагнер мен философ Ницшенің субъективті идеализмінің ықпалы айрықша болды. Символистер объективті шындықты реалистік және натуралистік тұрғыдан бейнелеуді қуаттамайды. Олар материалдық әлем иллюзиялы һәм қасіретке толы, ал оның артында жасырынған ішкі әлем ғана шынайы деп санады. Олар өз шығармаларында адамдардың ішкі әлемін астарлап ашып беруде көптеген аллюзиялар мен символдар қолданды. 1886 жылдан 1891 жылға дейінгі кезең француз символистік поэзиясының алтын ғасыры болды деуге болады. Бұл кезеңнің көрнекті шығармалары ретінде Малларменің “Өлеңдер мен прозасын”, Лафогтың “Ізгілік гүлдерін”, және Анри де Реньенің “Интерлюдиясын” атауға болады.
Жалпы символистік поэзияныың келесідей негізгі сипаттамаларын атап өтуге болады:
- Символ – ең басты бейнелеу құралы.
Символизм оқиғаны, затты, құбылысты тікелей баяндауға қарсы, оның орнына абстрактілі эмоцияларды, идеяларды немесе айтпақ ойына жанамалай жақын келетін нәрсені ұсыну немесе метафоралық түрде бейнелеу үшін нақты, сезілетін бейнелерді (рәміздерді) пайдалануды қуаттайды. Мысалы, Бодлер “Жауыздық гүлі”(“Les Fleurs du Mal”) атты шығармасында қазіргі өркениеттің құлдырауын бейнелеу үшін «шіріген мәйіттерді» сөз еткен болса, Мальярме өнердің мәңгілігі мен жалғыздығын бейнелеу үшін «аққуларды» жазды. Бұл бейнелер тек тура мағынада ғана емес, терең рухани мағынасы бар «кодтар» еді.
- Субъективті эмоциялар мен ішкі әлемге баса назар аударады.
Ақындар сыртқы реал шындыққа емес, жеке ішкі әлемге, армандарға, санадан тыс және мистикалық сезімдерге баса назар аударады. Поэзия көбінесе интроверт, меланхолиялық, жұмбақ және тіпті сырқат атмосфераны ұсынады. Осы арқылы олар қазіргі адамдардың рухани жатсынуы мен экзистенциалды дилеммаларын көрсетуге болады деп қарайды.
- Тілдегі әуезділікке және суггестивтілікке ұмтылады.
Символизм поэзиядағы тілдің ырғағын, тембрін және суггестивті күшін жоғары бағалайды. Ол әрине «өнер үшін өнер» (l'art pour l'art) деген ұстанымды жақтайды, поэзия музыка сияқты таза болуы керек деп есептеді. Күңгірт, имплицитті және көп мағналы сөздерді шеберлікпен пайдаланып, соның нәтижесінде “мағынасы шектеулі сөздер арқылы мағынасы шексіз ой айтуға” ұмтылыс жасады. Олар көбінесе еркін (шашпа) өлең түрін қолданды, бірақ «поэзия – тілдің алхимиясы» деп Малларме айтқандай, өлеңнің ішкі ырғағын қатаң сақтауды талап етті.
- Ақыли сезімге қарсы тұрып, мистицизм мен трансценденттікке құлшынды.
Символист ақындар жалпы рационализмге күмән келтіріп, оның орнына дін, мифология, спиритизм және декадентті эстетика бағытында ізденуді қуаттады. Сөйтіп поэзия арқылы шындық пен сюрреальдылық арасындағы алшақтықты жоюға тырысты. Мысалы, Рембо «рухпен сырласуға», сезімдік адасу арқылы «белгісіздікке» жетуге болады деп есептеді. Ал Верлен “музыка бәрінің алдында тұрады” деп қарап, сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес әлемге бой ұрды.
V.Қазіргі өркениетке сыни тұрғыдан қарау және одан алыстау
Көптеген символистік өлеңдер бұзақылықты, сұрқиялықты және ауру-сырқауды негізгі тақырып ретінде ала отырып, шын мәнінде индустриалды қоғам мен буржуазиялық құндылықтарды терең сынға алды. қазіргі қала өмірін «алып түрме» арқылы сипаттаған Бодлердің поэзиясы қазіргі заман туралы толғаныстарға толы болды.
Аталған ағымды ұстанған қаламгерлер дүниедегі барлық нәрсенің өзіне сәйкес ішкі, астарлы мағынасы бар екендігіне, сонымен бірге сыртқы әлем мен адамдардың ішкі әлемі өзара үйлесімді һәм бүтін бітім деп сенді. Адамдар әрбір заттың ішіндегі жасырын символикалық мағыналарды аша алады, осылайша нәзік ішкі әлемді ұсыну, сыртқы және ішкі екі әлемді байланыстыру үшін материалдық заттарды пайдалануды барынша дәріптеді. Қысқасы Батыс модернистік әдебиетінің тарихында символизм үлкен көркемдік табысқа жетті. Тіпті оны модернизмнің басқа ағымдарына, мысалы, имагизм мен Хермит ағымына өте терең әсер етті, оларды тіпті символизмнің варианттары ретінде қарастыратын ғалымдар жоқ емес. Символизм өзінің көркемдік өрнегінде кеңістікті ашық баяндауды қуаттамайды. Керісінше объективті әлемді (жасырын, түсініксіз, бұлыңғыр, немесе қиял тәрізді) сипаттау үшін емеурін және салыстыру сияқты әдістерді қолдануға баса назар аударды. Сол арқылы субъективті әлемнің (сұлу немесе сұрқия) үнемі өзгеріп отыратындығын бейнеледі. Әдемілікті, күрделі және жұмбақ әлемді қамтиды. Аталған ағымның тұжырымдамалық ауқымы эстетикалық сұлулық, күрделілік және жұмбақ әлемге ұмтылады. Оның бұндай бейнелеу тәсілдері түпкі мәні жағынан классикалық қытай поэзиясындағы метафора мен аллегорияны қолдануға және терең де нәзік бейнелерді іздеуге деген ұмтылысын еске түсіреді.
ХІХ соңы мен ХХ басында осы бағыттағы ағымды ХХ ғасырға жеткізген, әрі өзі де оның ірі өкілі болып есептелетін ирландиялық Уильям Батлер Йейтс (William Butler Yeats, 1865-1939жж.) дейтін ақын өткен. Ақын ғана емес, әлемге әйгілі драматург, ессеист, мистик жазушы. Әрі Ирландия әдеби қайта өрлеуінің негізін қалаушылардың бірі. Заманында жас Йейтстің поэзиясына символизм, романтизм, эстетика, мистицизм және метафизикалық поэзия ерекше әсер етті. Бұл оның ақын ретінде ерекше стилінің қалыптасуына алып келді. Йейтстің шығармашылығы дәстүрліден қазіргі заманғы ағылшын поэзиясына өтудің микрокосмасын білдіреді. Оның алғашқы шығармалары символикалық т.б. бағыттарға құлай берілуімен ерекшеленді, әрі өзіне ғана тән шеберлікпен бөгенайы бөлек атмосфера жасады. Оның 1893 жылы жарық көрген «Кельттік ымырт» дейтін эсселер жинағы осы стильдің айқын мысалы болып табылады. Алайда, ол қырыққа толғаннан кейін, Эзра Паунд сияқты модернистік ақындардың және әсіресе ирландиялық ұлтшылдық саяси қозғалысындағы жеке тәжірибесінің әсерінен Йейтстің стилі айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, модернизмге мойын бұрды. 1923 жылы оған Нобель әдеби сыйлығы берілді.
Жалпы Йейтстің алғашқы поэзиясындағы символизм ежелгі ирландиялық мифологиямен тығыз байланысты болды. Ол өз шығармаларына миф пен аңыздағы кейіпкерлерді, әңгімелерді және заттарды символ ретінде молынан пайдаланды. Қысқасы Йейтс әлем әдебиетінде символизм жүйесін биік белеске көтерген әрі оны біздің заманымызға жеткізген аса көрнекті символист ақын болды. Оның теориялық еңбегі «Көріністер» (1937) ақынның өзінің тарихи және космологиялық көзқарастарын егжей-тегжейлі талқылайды және кең ауқымды бейнелерді қамтыды. Сол Йейтс символистік поэзияның эстетикалық стиліне нақты талаптар қойған болатын: (1) «Табиғатты табиғат үшін, ал моральдық заңдарды моральдық заңдар үшін сипаттау тәжірибесінен бас тартып», тек сыртқы әлемді бейнелеумен шектелмей, өлеңнің «жүрегіндегі суретті ашуына» тырысу; (2) Сыртқы ерік-жігердің араласуынан арылып, «қиялды қалпына келтіруге және тек өнер заңы (әлемнің ішкі заңдылығы) қиялды меңгере алатынын түсінуге» тырысу; (3) Осындай қиялмен «өзгермелі, ойлы һәм тірі ырғақтарды тауып», түрлі пошымдағы және өміршеңдікке толы сырлы сұлулықтарды ашу; (4) «Шынайы поэзия формасы» «талданбайтын мінсіздікке ие болуы керек және үнемі ашылып отыратын нәзіктіктерге ие болуы керек. Бұл төрт талап шын мәнінде ең бай қиялды, ең мінсіз форма мен ырғақты пайдалануды және сыртқы әлем мен күнделікті ерік-жігердің араласуын жою шартымен нәзік ішкі әлемнің толық көрінісін білдіреді.
Жалпы Символизмнің негізгі мағынасын келесідей төрт бағытқа бөліп түсіндіруге болады: Символизм, біріншіден, риторикалық құрал болып табылады. Символизмнің бұл түрі шығарманың белгілі бір бөлігінде қолданылады да шығарма мазмұынына бағынышты позицияда тұрады әрі шығарманың жалпы мақсатына қызмет етеді. Оның мағынасы салыстырмалы түрде әрі айқын, әрі қарапайым болып келеді. Екіншіден, символизм, ол әдеби ұғым. Символизмнің бұл түрі шығармашылық принцип, әдеби рух, тіпті барлық өнердің мәні деңгейіне көтеріледі. Үшіншіден, символизм, ол – бір түрлі ойлау тәсілі. Символдық ойлаудың мәні – салыстырмалы түрде интуитивті және таныс нәрселерді салыстырмалы түрде жасырын және таныс емес нәрселер туралы ойлау және түсіну үшін пайдалану. Төртіншіден, символизм, ол – болмыс формасы. Айналамыздағы заттар санамызға енбес бұрын, олар еш мағынаға ие емес немесе өмір сүрмейді. Атап айтқанда, біз өзімізді он сегіз мың ғаламнан (зат) тұратын әлемде өмір сүреміз дегеннен гөрі, бізді сан алуан символдық белгілерден өрілген алып тор-желі қоршап тұр дегеніміз әлде қайда орынды болады.
Міне көріп отырғанымыздай, символистік әдеби тәсіл қаламгерлерге кейде тар заманның цензурасын айналып өту үшін керек болған болса, кейде көркемдік тәсіл ретінде талап етілген. Ал КСРО заманында ғұмыр кешкен М.Мақатаев бастаған қазақ ақын-жазушылары аталған әдеби тәсілге Мәскеудің қырағы, қызыл цензурасынан айналып өту үшін барғаны жасырын емес.
Алайда М.Мақатевтың ұлылығы – қанша жерден символистік тәсілге бой ұрғанымен, оның өзін жансыз, қансыз, сөлсіз бөгде өмір, бөтен тыныс-тіршілік арқылы емес, керісінше, советтік қырағы көздер танып-біле алмастай, кәдімгі қаны сорғалап, иісі аңқып тұрған қазақы өмір, қазақы тыныс-тіршілік арқылы әдіптеді. Ақынның айтар ойын шексіз шеберлікпен, асқан ақылмандықпен өте тереңге жасырғаны соншалық, тіпті бүгінгі азат замандағы оқырмандары – біздердің өзіміз байқай алмай, байыбына бара алмай жатқан жоқпыз ба?!
Демек, шығармашылығында қандай да бір озық әдеби ағымды қолдануы, қандай да бір әлемдік бейнелеу шеберлігін пайдалануы қаламгердің өз еркі. Алайда қаламгер өзі қалаған ағымды қолдана отырып, өзі қалаған бейнелеу шеберлігін пайдалана отырып, таза ұлттық бейнелер сомдауға, ұлт өмірінің көркем полотнасын жасауға, қысқасы туған халқының ұлттық иісі бұрқыраған, қанды-сөлді өмірін кестелеуге міндетті. Олай болмай, қаламгер ана ағым, мына мектептің ағымдардың соңынан кетіп, айдалаға лағып кетсе, онда ол қаламгер өзін жоғалтады.
Қазақ әлемнің қайсы түкпіріне барсаңыз да “қазақ” деген бір қасиетті ұғым бар. Өйткені, қазақ жаны, тілі, салты мен дәстүрі негізінен бір ізді. Ал қазақ халқының бойындағы сол қасиеттердің өзге адам баласына тән қасиеттерден аса үлкен айырмашылығы жоқ. Ол қуанса да, ренжісе де біртекті адами мінез, сипаттардан алыстамайды. Сондықтан да М.Мақатаев қаламына арқау болған адамдардың барлығы біздің өзіміздей, әжеміздей, атамыздай, аға-бауыр, іні-қарындас, жеңгеміздей. Бұлай дейтініміз, Мұқағали кейіпкерлерінің жан дүниесіндегі ізгілік, адамдық ұлы қасиеттердің барлығы біздің де қанымызда тулап ағып жатыр емес пе? Тіпті, ақын шығармаларынан кездесетін әне біреу әлде ұнамсыз, әлде ұнамды кейіпткердің өзі біздің ауылдағы немессе көрші ауылдағы әне біреу кісіге ұқсайтыны ғажап емес пе?! Ақын солай өз шығармасында таныс бейтаныс қазақтың өмірі мен бейнесін сомдаған болып, ыммен, емеурінмен, тұспалмен орағытып, оқырманды мүлде өзге қиырға бастайды. Мысалы, М.Мақатаевтың «Қайран жеңге» атты өлеңіндегі:
Су сұрасам сүт берген, айран берген,
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп,
Қасыңа мына біреу қайдан келген?!, - деген жолдардан үстірт қараған кісі немесе өлеңді желдіртіп оқып шыққан оқырман «қара мұртты» еркектің күйеуі майданда өлген “жеңгейді” әйелдікке алғанын, “қарғаның валетіндей едірейген” сұсты бейнесін ғана байқайды. Бір бұл “қара мұрт” тұтас бір дәуірдегі адамдардың жүрегіне өшпестей боп шегеленген таныс жан.
Жоғарыда айтқанымыздай М.Мақатаев поэзиясына тән тағы бір ерекшелік – ақын өлеңдерінде шығарманың аисберг секілді су бетіндегі бөлігі мен мұхиттың түпсіз тереңіне жасырынған бөлігі қатар өріліп жатады. Поэзияны терең түсінетін оқырман болмаса, көлденең көк атты ондағы астарлы ақиқатты – аисбергтің су түбіндегі бөлігін аңғара бермейді. Айталық, жоғарыда біз сөз еткен ақынның «Қайран жеңгем» өлеңіндегі «қара мұрт» тұлғасын бір замандағы қоғамдық-саяси мотив ретінде де қарастыруға болады. Қайран жеңге – қалжыраған, жүдеген қазақтың – Ел-ананың символы. Ол кеңестік жүйенің отарлауына дейін, тіпті сұм соғыс басталғанға дейін адал да аңғал, «су сұраса, сүт берген, айран берген» ақжүрек қазақ еді. Бұл түптеп келгенде отарлық езгіден бұрынғы қазақ дейтін Ел-ананың бет-бейнесі болатын. Ал 1920 жылдан кейінгі қазақтың жан-дүниесі, мінез-құлқы, тұрмыстық салтының өзі үлкен өзгеріске түскені тарихтан белгілі. Қайран жеңге – сол өзгерген, аштық, соғыс секілді қат-қабат қиындықтан қалжыраған, отарлық қорлық пен езгіге еті үйрене алмай сансыраған Ел-ананың бейнесі. Осы жүйені, осы бір сұмдық тоталитарлық, отаршылдық режимді Ел-ананың басына қара бұлт қылып төндірген кім? Ол жауыздығымен әлемге әйгілі болған «қара мұрт» еді. Яғни, қазақ даласындағы алапат аштықтың, кесір-кесапат қуғын-сүргіннің, зобалаң соғыстың басында тұрған Сталин – ақынның символдық фантазиясымен “қарғаның валетіндей едірейген”, “сұрқы суық”, әр қимылыңды “жол көрсеткіш сақшының таяғындай бағып тұратын” “қара мұрт” болып сомдалған деп ой түюге болады. Демек, біз М.Мақатаев поэзиясындағы символизмді қарастырғанда, сол бір кеңестік жүйедегі қазақтың ұлт ретіндегі образын (Ел-ана немесе “қайран жеңге”) және ақынның сталиндік жүйе алып келген қоғамдық қасіретке деген ішкі қарсылығын аңғара білуіміз керек. Ақиық ақынның жан дүниесіндегі арпалыс, алай-дүлей мінез, ол – кеңестік тоталитарлық жүйеге деген ішкі қыжылдың көрінісі. Алайда ол қыжылды, ол запыранды ашық-әшкере төгіп тастаса, өлең публицистикаға айналып кеткен болар еді. Ең бастысы отаршыл-әміршіл жүйеге, оның “әміріне” ашық қарсы шығу – ол заманда мүмкін де емес еді.
Жалпы М.Мақатаев поэзиясын зерделегенде, кейбір нәзік иірімдеріне, символистік тәсілмен жазылған тұстарына баса назар аударуымыз керек. Ақын өлеңдеріндегі қоғамдық-саяси терең астары бар, заманында символистік тәсіл арқылы емеурінмен айтуға, ежіктей бейнелеуге мәжбүр болған дүниелерін, бүгінгі ұрпақ – тәуелсіз елдің азат ойлы азаматтары ашып айтатын уақыт жетті. Оны біз ақынның «Бұлқынып жатыр» атты өлеңінен де айқын аңғарамыз. Ақын аталмыш өлеңінде де жүректегі назын, ішкі ренішін сәбидің мамасына білдіріп тұрғандай әсерге бөлейді. Қарапайым оқырман аталмыш өлеңді оқып отырып, ақынның жарына деген назы болар деп қабылдары даусыз. Ал өлеңнің контексі мен астарына үңіле қарасаңыз, мүлде олай емес екенін аңғарасыз. Мұнда да жоғарыда айтқанымыздай символистік тәсілмен әдіптелген қоғамдық-саяси астардың жатқаны ақиқат. Өлеңді оқып көрелікші:
Бұлқынып жатыр,
Келмейді-ау құрғыр шамасы,
Бұлқынып жатыр,
таусылды-ау айла-шарасы.
Сәулемнің менің аяқ пен қолын матамай,
Бостандық берші, бостандық берші, мамасы!
Байқасаңыз, көз алдыңызға бесіктегі сәби емес, қол-аяғы жіпсіз байлаулы, бостандыққа ұмтылып, бұлқынып жатқан бодан жұрт, ұлы дала, байтақ Қазақ елі келеді. Мұқағали осы бір бесіктегі сәбидің халін, бұлқынып, аяқ-қолын еркін сермегісі келген шақалақтың жағдайына жаны ашыған бейне таныту арқылы өзінің жүректегі құмыққан ашу-ызасын, бостандық аңсаған халықының, байлаудан босауды көксеген қазақтың ішкі жан тілегін жеткізіп тұрған жоқ па? Өлеңнің тағы бір шумағын оқып көрелік:
Тұмшалап қойдың несіне сонша қаусырып,
Шандудан бөлек қалған ба шараң таусылып.
Аяқ пен қолын матамай бос қой, мамасы,
Кішкентай адам көрсетіп жатыр қарсылық.
Ақын жанындағы, жүрегіндегі тоталитарлық режиге деген қарсылылық осы жолдардан айқын аңғарылады. Жалпы, тоталитаризм ұғымы дегеніміз не? Тоталитаризм дегеніміз – деспотизмнің бір түрі. Тоталитаризм орнаған мемлекетте қоғам өмірінің барлық саласы “шандуда” және жіті аңдуда болады да, адам бостандығы мен конституциялық құқықтары жойылады, оппозиция мен еркіндікке ұмтылған өзге саяси ой өкілдері саяси қуғын-сүргінге ұшырайды. Демек, отарлық сипаттағы тоталитарлық қоғамдық-саяси жүйе бодандықтағы халықтардың ұлттық рухы мен уыз қасиеттерін жоюға тырысады. Біз оны кеңес өкіметі тұсындағы өзге ұлттарға жасалған сан алуан қастандықтардан да айқын аңғара аламыз. Отаршылдар ұлттық сипатты жоғалтуға, ұлттың сорпа бетіне шығар зиялыларының көзін жоюға, халықтың еркіндігін бұғаулауға, сөз және өзгеде бостандықтарын тұмшалауға күш салды. Атап айтқанда, «бесіктегі» сәдидей қол-аяғы байлаулы, дәрменсіз құр шырылдаған, жылаған дауысынан өзге ешқандай амал-айласы жоқ қазақты айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізді. Яғни, кеңестік жүйенің қарғыбауы мойнына киілген қазақ халқы тұлпарлық мінезінен, көк бөрілік рухынан бірте-бірте айырыла бастады. Мұны көкірегі ояу, жүрегі сезімтал, Хан-Тәңірдің бауырында еркін өскен ақиық тақын анық аңғарды. Сондықтан да оның аталмыш өлеңіндегі қарсылық – ақынның сәби жүрегінің отаршыл-тоталитарлық жүйеге деген қарсылығы деп ұғынсақ еш қателесе қоймаймыз.
Өйткені ақынның ұлы демократ санасы, бостандық сүйгіш жүрегі, туған халқының “қол-аяғы байлаудағы” күйіне күйінген көңілі осы бір ғажап жырдан айқын аңғарылады. Өлеңдегі:
Мамасы, босат, еркімен өссін тал шыбық,
Ауа мен күнге, ай менен нұрға малшынып.
Бұлқынып жатыр, ұмтылып жатыр қарашы,
Кішкентай жүрек көрсетіп жатыр қарсылық, - деген жолдар ақынның қазақ халқының бостандық аңсаған, еркіндікке, азаттыққа ұмтылған адамдық арын, азаматтық үнін білдірсе керек. Мұндағы «мамасы» қазақ даласын уысында ұстап, бүкіл байлығын тонап жатқан сол тұстағы Отан-Ана – КСРО-ның символдық бейнесі. Ақын осы бір азаматық лирикасында «бесіктегі» сәбидің (оның қыз бала болуы да көп жайды аңғартады) бұлқынысы, ішкі жан дүниесі арқылы қазақ қоғамының, қазақ даласының ішкі арзу арманын айтқысы келгені белгілі. Бұл түптеп келгенде, бостандық сүйгіш, еркіндікке ұмтылғыш АДАМ баласының жан қалауы, түп тілегі. Қысқасы бұл әз қазақтың арман-аңсарын бейнелеген ұлы жыр.
(жалғасы бар)
Дукен Мәсімқанұлы
Abai.kz