Мен көрген Нұрпейісов (жалғасы)
БІРІНШІ БӨЛІМ: Мен көрген Нұрпейісов
ЕКІНШІ ЖӘНЕ ҮШІНШІ БӨЛІМДЕР: Мен көрген Нұрпейісов
ПАТРИАРХПЕН АЛҒАШҚЫ ЖҮЗДЕСУ
Наурыз айының он бесінші жұлдызы еді. Жұма күні болатын. Кеше ғана көктемгі көрісу амалы басталған. Алматының аспанында бір шөкім бұлт жоқ. Зеңгір көк тұп-тұнық. Мейірімді күннің мол шуағы мерекелік көңілді одан сайын көтере түскендей. Таңертеңнен сергек тұрдым. Күн санап күтіп жүрген Нұрпейісов ақсақал ендігі... үйіне келіп қалған болуы керек. Ертемен қылқылдамай, түске қарай телефон соғайын деп ұйғардым. Болатын істі түстен кейінге қалдырмау керек дейтін өзімнің ұстанымым бар. Күн санаған ештеңе емес, енді сағат санай бастадым. Сүйген жарымды да бұлай күтпеген шығармын. Уақыт бір орында тапжылмай тұрып қалғандай. Тоғыз... Он... Он бір... Он екі! Біссіміллә деп, Нұрпейісовтің телефон нөмірін тердім. Ұзын гудоктар бара бастады. Өзді-өзінен жүрегім дүрсілдеп жөнелгені. Адаммен емес, аузынан от шашқан аждаһамен тілдесейін деп тұрғандаймын. Маған не болды? Сабыр! Сабыр! Адамжегіш алпауыт емес шығар? Біраз күттім. Трубканы көтермеді. Қайта тердім. Тағы да алмады. Айтпақшы, оның құлағының мүкісі бар, нашар естиді деп еді ғой. Телефонның үнін естімей жатқан болар. Енді қолындағы келіні Әйгерімнің нөмірін тердім.
– Алло-о! Это кто-о?– Ерке келіншектің еріне сөйлеген дауысы. Шатасып, басқа біреуге түсіп кеттім бе деп қалдым.
– Саламатсыз ба, бұл Нұрпейісовтің үйі ме?
– Да, да. Вы не ошиблись. Это его дом. Здравствуйте!
– Қарағым, мен бір баспаның директоры едім. Әбең келді ме?
– Да он вчера прилетел. Сейчас дома.
– Сіз Әйгерім боларсыз? Мына нөмірді министрліктің адамдары беріп еді.
– Да, я Айгерима, келинка его. Что вы хотели?
– Аналайын, мен Әбеңмен жолығуым керек. Бір маңызды мәселе бар. Атаңыздың кітаптарын шығару туралы.
– Ну, приезжайте. Думаю что он не будет против.
– Жарты сағат шамасында барсам бола ма?
– Да, приезжайте. Я ему скажу.
– Нақты адресті айта салыңызшы.
– Тайманова - 222 Ж.
– Көп рахмет! Қазір келем.– Аузымды жиғанша байланыс үзіліп кетті.
«Е-е, мына келін орыс тілді екен ғой. Бірақ аты Әйгерім. Таза қазақы есім. Ұлты қазақ болуы керек. Орыстанып кеткен көп қазақтың бірі шығар. Бара көрермін» деп ойладым. Машинаға отырдым да, қайдасың Тайманов деп тартып кеттім. «2-ГИС» қосымшасы адастырмай алып келді.
Міне, «Таулы қыраттағы» жазушылар шығармашылық үйінің жанындағы хан сарайындай зәулім үйдің алдында тұрмын. Жан жағыма қарап, бір темекі тартып алайын дедім. Тайманов көшесінің бойында өңкей байшікештер мен қаймақтар тұрады екен. Не деген мықтылар десеңізші!.. Үй иелерінің әлеуеті айтпай-ақ көрініп тұр. Бірінен бірі өтеді. Көрші үйде Қалижан Бекхожиннің отбасы, одан бір үй әріде академик Серік Қирабаевтың жанұясы тұрады. Серік ағаның сегіз томдық жинағын шығарғанда Әлия апам екеуі мені үйіне шақырып қонақ еткен. Бәрі есіме түсе бастады. Кітабына демеуші болған атақты қайраткер-меценат Бекет Тұрғараевты да бірге шақырған. Дәл осы көшеде. Бірақ Нұрпейісовтің қатар тұратыны туралы айтылмаған. Енді ғана білдім.
Әбеңнің үйі бәрінен де салтанатты көрінеді. Оюмен көмкерілген биік темір қақпаның бағанына бекітілген домофонның түймесін бастым. Камерадан мені көріп тұрса керек, біреу сарт еткізіп темір құлыпты ашты. Аулаға кірдім. Атшаптырым жер екен. Қатар-қатар өскен көгілдір шырша көздің жауын алады. Аула мұнтаздай таза. Айналама таңдана қарап, үйдің алдына жақындадым. Оң қапталда жасыл желектің қасындағы орындықта әбден қартайған кейуана отыр. Әбеңнің жары болу керек. Ол кісіге арнайы бұрылып, қос қолдап амандастым.
– Амансыз ба, апа! Әбеңе келіп едім,– дедім байсалды тіл қатып.
– Жағдайың жақсы ма?– деді ол мені бұрыннан танитын адамдай. Кәрілік жеңген бе, дауысы өте бәсең шықты.– Қашан келдің? Жастар аман ба?– Кәрі кісі мені біреумен шатастырып тұр-ау. Жастары несі?
– Апа, менің атым Темірғали. Әбеңе жолығайын деп ем.
– Ол кетіп қалды ғой.– деді кейуана жымиып.
– Кетіп қалғаны қалай? Жаңа ғана үйде деп еді ғой.– Мен таңданысымды жасыра алмадым. Санам сансырап кетті.– Әйгеріммен телефон арқылы сөйлескем. Үйде деген. Бұл қалай болды?
– Үйге кірсеңші. Мен білмеймін.– деді ол өзімен өзі сөйлескендей жай ғана күбірлеп. Оның жерге қадалған ойсыз жанарына қарап, ептеп бастан кете бастағанын түсінгендей болдым. Тоқсан жас деген де оңай емес қой.
– Апа, ренжімеңіз. Әбең болмаса Әйгерімге жолығып шығайын.– Мен үйге қарай бұрылып, биік мәрмәр баспалдақпен көтеріліп кеттім.
Үйдің ауыр ағаштан жасалған сыртқы есігі патша сарайының есігіндей биік екен. Күшпен тартып аштым. Тамбурдан кейін тағы сондай есік бар. Ол ішке қарай ашылады. Амалдап ашып, ішке ендім. Орталық холл өте кең екен. Сырттағы күннің сәулесімен үлкен кеңістік жап-жарық нұрға бөленіп жарқырап тұр. Жоғарғы қабатқа көтерілетін сындарлы баспалдақтан бөлек қарама-қарсы орналасқан бес-алты бөлменің есігі көрінді. Сол жақ қапталдағы қонақ күтуге арналған берекелі залдың қос жапсарлы есігі айқара ашылып қалыпты. Қымбат жиһаздар алыстан көздің жауын алады. Кіре беріс пен залдың есігіне дейінгі өрнекті қабырғаға тақап жұмсақ диван қойылыпты. Үйге кірген қонақтар холда отырып демалатын орын. Сол диванда бойын шалқая созып, үстіне халат киген Әбдіжәміл аға ұйықтап жатыр екен. Басына жастанғаны ортасында «BMW» деген зерлі үлкен жазуы бар, машинаның дөңгелегіне ұқсас шымқай қара жастық. Жүзі қудай. Селдіреген аппақ шашы артқа қарай жалбырап, қара жастыққа ерекше контраст береді. Әуелгіде әруақ көргендей болып, тіксініп қалдым. «Бұл кісі неге кіре берісте жатыр?» деп ойладым. «Жә, қайда жатамын десе де өзінің үйі ғой. Менің нем бар?». Аяқ киімімді есіктің алдында қалдырып, қасына жақындадым. Ақсақал оң қолын шүйдесіне қойған қалпы бірқалыпты тыныстап жатыр. Тыныс алған сайын кәрі кеудесі көтеріліп басылады.
Диванның алдында пәкене бойлы журнал үстелі. Үстелдің үстінде таза ақ парақ пен қаламсап. Бірдеңе жазбаққа дайындалған сияқты. Аяқ жағында бір табуретка тұр. Ой деген жүйірік қой. Әпсәтте талай нәрсе ойлап үлгердім. «Бәлкім, бұл кісі осы жерде мені күтіп жатқан болар. Менің келе жатқанымды Әйгерім айтқан соң, жоғарғы қабатқа көтеріп әуре қылмайын деді ме? Онда анау табуретка маған арналған орын болды ғой. Әлде... Келісе алмасақ кіре берістен қайқайтайын деді ме екен?».
– Ассалаумалейкум!– дедім оны оятқалы қаттырақ дауыстап. Ол сезбеді. Шын ұйықтап жатыр екен. Әлде естімеді ме? Оның тізе тұсынан түртіп:
– Ассалаумалейкум, аға!– деп қаттырақ айттым. Ол көзін жымситып ашты да, мені көріп басын көтерді. Денесін тіктеп отырып жатып, қырылдаған дауыспен:
– Ай-гер-рі-і-м-м! Әй, Ай-гер-і-і-м! Қайда-сы-нн?– деп айғайлады. Ас бөлме жақта жүрген, алдына қысқа алжапқыш байлаған келіні қолын сүрте-мүрте майлығымен бірге жүгіріп келді. Еліктің баласындай, қырдың қызыл киігіндей епсекті бала екен. Бетіне бес батпан бояу жағыпты. Жапсырмалы кірпіктері бетінің жартысын жапқандай. Балық ерінді негр қыздай дүрдитіпті. «Здрастье!» деді маған қарап.
– Ау, папа! Что нужно?
– Маған аппараттарымды әкеліп берші. Екеуін де әкел. Спальныйда жатыр.– Әйгерім ысылған бәйге торыдай тез-тез басып жоғарғы қабатқа көтеріліп кетті. Қария маған «Күте тұр!» дегендей ымдады. Алдымдағы орындықты нұсқап, «Отырсайшы!» деді. Мен табуретканы үстелге жақындатып, отырдым. Әйгерім тез оралды. Айтқанын берді де ас үйге жөнелді. Екі құлағына екі аппаратты іліп алған соң Әбекең жүзіме қарап:
– Кім боласын-н?– деп сұрады. Баспаның директорымын десем «тексертемін» деп бас салатын сияқты.
– Темірғали деген ақынмын,– дедім.
– Ондай ақынды естігем жоқ. Кәзір не көп, ақын көп. Неге келдің?– деді жақтырмағандай дүңкілдеп.
– Министрлік жіберді.– Оның көзіне тура қарадым.
– Қай-ссы-сы?– Әдейі қадап сұрап отырғандай көрінді.
– Мәдениет министрлігі.
– Не дейт?
– Жеті томыңызды шығарамыз дейді. Соны маған тапсырып жатыр.
– Өзіңнің атың кім дедің?
– Темірғали.
– Те-мір-ғали? Қай жақтың тумасысың?
– Шымкенттен. Бұрынғы Ленгір ауданы. Таудың баласымын.
– Неге сенің атың Темірғали? Ғали деп батыс жақта қоймаушы ме-ед?
– Оның өзінше тарихы бар.– деп мен оны әңгімеге тарта түстім. Өйткені үлкен кісілер әңгімелескенді жақсы көреді. Қартайған соң сөйлесетін адам таппай, жалғыздықтан жалығып отырады. Соны ойладым да әңгімемді жалғап кеттім.– Менің Көпбай атамның Бекбай деген інісі болған. Соғыста, қан майданда Орал жақтың Сапарғали деген жігітімен дос болыпты. Бір-бірін талай мәрте жауған оқтың астынан алып шығыпты. Екі дос серттескен екен. Елге аман жетіп, балалы болсақ, тұңғышымызға бір-біріміздің атымызды қоямыз депті. Сапарғали Смоленскінің түбіндегі бір ұрыста оққа ұшып, опат болған көрінеді. Бекбай атам аман оралған. Досына берген серті бойынша тұңғыш баласының атын Сапарғали деп атапты. Кейінгі келіндер босанғанда үлкен қайнағаның баласына ұқсасын деп бәріміздің атымызға «ғали» дегенді жалғай берген. Содан әулетімізде Ғали көп. Сол көп Ғалидың бірі менмін. Менің нағашыларымда да Ғали деген аттар бар. Ұлы нағашымның аты Сұлтанғали.
– Олар да Шымкенттен бе?
– Түбі ақтөбеліктер. Әлімнің Қаракесегінен тарайды.
– Әй, сен маған жақындайын дедің ғой. Кәзір Әлімнің үлкені менмін. Шектінің Жақайым тармағынан тараймыз. Қаракесектің алыстығы жоқ.– Менің ішім жылып қалды. Ақсақалдың беті бері қарай бастаған сияқты.
– «Ер жігіт нағашысына тартады» дейді. Менің бойымда да Әлімнің қаны бар, аға. Сізді нағашым десем де болады.– деп еркінси бастадым.
– Жә-жә! Сен сияқты талай жиенді көргенбіз. Шымкенттің бір қуы шығарсың?
– Олай демеңіз. Қумын десем нағашы жұртқа тартқан болармын. Таяқтың бір ұшы сізге тимей ме?
– Шымкентте мен білетін жалғыз ғана жақсы жігіт бар. Бекет Тұрғараев деген. Естіп пе ең? Нағыз азамат – сол!
– Бекет ағамен он-он бес жылдан бері араласамын. Нағыз елдің азаматы,– дедім оның сөзін қолдап.– Мен онымен тығыз байланыстамын. Басында Қадырдың көп томдығын елге таратуға көмектесті. Серік Қирабаевтың сегіз томын, Әзілхан Нұршайықовтың он томдығын өз қаражатымен шығарып берді. Кейінірек Қожаберген жыраудың бірнеше кітабын жарыққа шығарды. Сарапханадан «Бабалар рухына тағзым» деген мемориалдық кешен салдырды. Айта берсең таусылмайды.
– А-а, біледі екенсін. Енді зуылдамай... жөніңді айт. Мына мені білесің бе?– Ол маған тесірейе қарады.
– Бәрін демесем де... біраз білемін.– деп мен де тікірейе қалдым.
– Не білесін сонда? «Қан мен терді» білетін шығарсын? Басқа не білуші едің? Бәріңнің айтатының сол ғана... Басқа түк те білмейсіңдер!
– Не білуім керек еді? Айтсаңызшы. Елге ренішіңіз бар сияқты ғой. Айтыңыз. Біз де айтайық. Білмегенімізді білейік.– Ол менің бетіме бажырая қарап, қадалып қалды.
– Әй, сендерге дауа жоқ!– Қолын бір сілтеді де орнынан көтерілді. – Кәзір. Кәзір келем. Отыра тұр.– Аяғындағы қайыс тәпішкесін сылп-сылп сүйретіп, тәлтіректей басып барды да холлдың түкпіріндегі бір бөлмеге кіріп кетті. Мен аң-таң болып отырмын. «Тағы не шығарайын деді екен?». Әлден уақытта тәпішкісін тырпылдатып қайтып келді.
– Мә! Мынаны оқып шық. Содан кейін...– деп сап-сары болып сарғайып кеткен, әбден тозығы жеткен газеттің жыртық-жыртық қиындысын алдыма лақтырып жіберіп, өзі диванға отырды. Мен асықпай қалтамнан көзілдірігімді алып тақтым да, меңзеген мақаласын тауып алдым. Бірнеше абзацтың астын қызыл сиямен сызып қойыпты. Мәссаған! Француздың классик жазушысы Луи Арагонның мақаласы екен. 1967 жылы «Литературная газетаға» аударып басқан. «Абдижамил Нурпеисов. Сумерки» деп аталады. Асығыс, қызыл сиямен сызылған абзацтарды оқып үлгердім.
«...Юрий Казаков, сравнивая автора романа «Сумерки» с Мухтаром Ауэзовым, роман которого «Юность Абая» уже знаком читателю из нашей серии, очень хорошо отзывается о Нурпеисове, но я хочу в какой-то мере превзойти даже его восторженное мнение. Бесспорно, в обоих романах есть много общего, пусть это относится к описанной ими эпохе, следует, однако сказать, что «Сумерки» представляют собой новую ступень в процессе казахского романа.
Роман «Абай» может быть до некоторой степени отнесен к тем романам формирования человеческого характера, непревзойденным образцом которого все еще остается «Вильгельм Мейстер» Гете. А роман Нурпеисова в такой же мере глубокий и увлекательный, как вышеназванные книги.
В некотором роде роман «Сумерки» напоминает колодец с горькой водой
(видимо, не зря автор дал своей книге многозначительный эпиграф, в котором говорится о «дерзновении человеческой души...»). Таких увлекательных и глубоких книг, как роман «Сумерки» Нурпеисова, в последнее время было мало. «Сумерки» можно сравнить с самыми большими
произведениями современной литературы, будь то американская, французская или же другая».
Үзіндінің соңғы үш жолын баттастыра сызыпты. Дәл сол жолдарға қатты риза болған сияқты. Ары қарай да оқи бермек едім, Әбең:
– Қалай екен?– деп гүж етті.
– Керемет! Сізді өте жоғары бағалапты. Ғажап! Луи Арагон деген әдебиеттің алыбы ғой. Риза болдым.
– Міне, солай! Енді білген шығарсын менің кім екенімді?
– Иә, мына мақала көзіме түспепті.
– Ой, сендердің көздеріңді... Шел басқан оны.– Тамағын қырнап, мекіреніп қойды.– Кәзіргілер түк көрмейтін болған. Сонымен Арагон не деп отыр?
– Сізді аса талантты жазушы дейді.
– Әй, неге байқамайсын? Ол мені Онеро де Бальзактың қатарына қойып отырған жоқ па? Ойлансайшы!
– Солай сияқты.
– Сияқты емес, точно солай! Мен Бальзактың деңгейіндегі жазушымын. Ал сендер... сендер... ештеңе білмейсіңдер. Министрің де дым білмейді.
– Бәрі де сізді мойындайды ғой.
– Қадірімді білмеген соң... мойындағанын кәйтейін... Соңғы отыз жыл бойы Қазақстанда бір де бір кітабым шыққан жоқ. Екі-үш жыл бұрын «Соңғы парыздың» «Сондай да бір түн болған...» деген екінші кітабын «Қазақпарат» баспасына тапсырған екен... Ол тіпті сүмірейтіп жіберді. Іші толған қате. Қалай жұмыс істейтіндерін... Аты кім еді... әлгі?.. Директорын айтам...
– Қонысбек Ботбаев деген.
– Иә, сол. Көксоққан неме... Айтпақшы, ол да шымкенттік қулардың біреуі ғой. Не дұрыстап қаламақы бермеді. Бірдеңе айтсаң: «Болды, болды» деп зыпылдап кетеді. Болдырған түгі жоқ.
– Оны да жақсы білемін. Бірақ араласпайтын адамым. Жұмысында шатағым жоқ.– дедім мен.
– Араласатын адам емес, иттің баласы. Оны әлі сотқа беремін. Кітабымды құртқаны үшін. Бір күні келіп: «Қаламақы сізге не керек. Онсыз да жағдайыңыз жақсы ғой» деді. Қаным басыма шауып кетті. Бұрын менің жағдайым расында да жақсы болған. «Қан мен тер» отыз алты тілге аударылып басылды. Жалпы тиражы миллионнан асты. Ол кезде қалың қаламақы төлейтін. Әуезов Мұхаң екеуміз миллиардер едік. Долларың рубльдің қолына су құя алмайтын. Бір рубль екі доллар тұратын. Біз рублевый миллиардер болдық қой. Қайран жылдар-ай! Сол пішен ақшадан дым да қалмады. Анау соны бетіме басқандай болды.
– Әр нәрсенің өз сәті бар ғой. Уақыт өте келе бәрі де өзгереді. Ақша деген де су сияқты. Қанша қыссаң да алақаныңда тұрмайды.
– Сен философияны қоя тұр. Оның бәрі белгілі нәрсе. Мәселеге жақын келейік. Менің мына жеті томым шықса, маған қанша қаламақы бересің?– деп сұраулы жүзбен қарады. Ішімнен: «Әй, шешуші тұсқа келдік-ау» дедім.
– Оның бәрін белгілеп қойған. Мен өз қалтамнан бір тиын да бермеймін. Бұл мемлекеттің тапсырысы. Министрлік әр томыңызға бір миллионнан есептеп, жеті томға жеті миллион теңге төлейміз деп отыр.– дедім. Бұл әңгімем шалға ұнамағанын сеземін. Ол жан қалтасынан көлдей беторамалын шығарып, жөнсіз сіңбіре бастады. Танауы мен жасаураған көздерін сүртіп болған соң: «Хе-хе-хе!» деп қинала күліп алды да:
– Ал, бір миллион теңгең қанша доллар болады?– деп сұрады. Мен сол кездегі курспен есептеп бердім.
– Екі жарым мың доллар.
– Екі-і жа-рым-м мы-ың!?– деді ол ерекше қайран қалып, кекесінмен.– Бір томға ма?
– Иә, бір томға.
Ол бірден ашуланып шыға келді.
– Әй, кебенемайт, сен менің басымды қатырма! Мен саған айтпадым ба, Бальзактың деңгейіндегі жазушымын деп. Қадіріме жеткендерің осы ма? Мен өз бағамды білетін адаммын. Көп былшылдамаңдар! Қалтаңда ақшаң болмаса неменеге келдің? Менің қаламақым жүз мың доллар болады. Бар ма сондай ақшаң? Әкел, мына жерге қой!– деп ол алдында тұрған журнал үстелін алақанымен қойып қалды. Сарт еткен дыбыс шықты. Үстелдің үстінде жатқан қаламсап ыршып, еденге түсті. Ол ашуға булығып, айғайлап жатыр.– Тапқан екенсіңдер ақымақты! Жүз мың долларың болмаса, әне есік. Тұр да кет! Ақшаң болмаса, кенай нахрен отсюда!
Мен оның біресе қызара, біресе бозара құбылған жүзіне қарадым да отырдым. Көкірегіндегі желін толық шығарып, ойындағының бәрін айтып болсын дедім. Үндемедім. Бірақ оның соңғы боқтауына шыдай алмадым.
– Тоқтаңыз!– дедім сабырмен сөйлеп.
– Неге тоқтаймын? Тұр да қайқай! Мен сенімен сөйлеспеймін. Кет, давай!
Мен отырған орнымнан қозғалмадым. Оның көзінен көзімді алмай:
– Сіз тоқтаңыз!– дедім тамағымды кенеп алып,– Кет дегенге кете беретіндей, немене, мені ит деп ойлайсыз ба? Менің де сізге айтарым бар. Айтарымды айтпай кетпеймін бұл жерден.
– Сен маған не айтпақсын? Не айтасың сен, а?– Ол орнынан тұрып кетпекші болды. Білегінен тартып қайта отырғыздым.
– Жоқ, сіз мені тыңдасаңызшы. Енді мен айтайын!– Шалдың шарасы таусылғандай, бүкшиіп отыр.
– Ал айт! Айт кәні!– деді көздерін шақырайтып.
– Айтқанда былай, жасыңыз жүзге жақындап қалған қариясыз. Бүкіл ел сізді құрметтемейді емес, құрметтейді. Қайда барсаңыз да төрін беріп, төбесіне көтереді. Төріңізден көріңіз жақын тұрғанда абыройыңызды ойламайсыз ба? Мен өзімді боқтатып қойып қарап отырмаймын. Әңгіменің ашығы былай, «Қан мен тердің» атағы мен ақшасына мастанып, сіз алпыс жыл бойы ұйқыда жатыр екенсіз. Қазақстанның отыз жыл бұрын тәуелсіздік алғанын да білмейтін шығарсыз?– деп әдейі шамына тиіп, шағып алдым.
– Сен, не оттап отырсын? Кет, әйда! Шық үйден!– Ол қылғына айғайлады.
– Сабыр етіңіз. Әлі айтып болған жоқпын,– дедім саспай.– Тыңдаңыз! Біздің ел отыз жыл бұрын тәуелсіздік алған. Тәуелсіздік алғалы бір де бір ақын, бір де бір жазушы қаламақы алып көрген жоқ. Қалам ұстағанды қарық қылатын баяғы кеңестік кезең келмеске кеткен. Ал Қазақстанға ақын-жазушы керек емес сияқты. Ақиқаты сол. Отыз жыл бойы бір де бір адам қаламақы алып көрген жоқ. Сіз қайдағы жүз мың долларды айтып отырсыз? Жүз мың теңге де бермейтін. Сізге жеті миллион теңге береміз дегеніне риза болмайсыз ба?
Отыз бес мың дана кітабыңызды шығарып, таратамыз дейді. Оған да разы емессіз. Сізден басқа ешкімге мұндай кеңдік жасалмаған. Не десеңіз де бұл сіздің соңғы мүмкіндігіңіз. Көкірегіңізді соғып, керги берсеңіз жеті томыңыз шықпай қалады. Одан не ұтасыз? «Барымен базар» деп, бергенін алып, рақметіңізді айтып отыра бермейсіз бе? Ақсақалдықтың жөні сол болады. Ал жеке баспаның директоры ретінде мен сізбен басқаша сөйлесемін. Қазір ақын-жазушылар қаламақы сұрамайды, өздерінің кітабына өз қалтасынан ақша төлеп шығарады. Шыққан кітапты ел аралап жүріп өздері таратады. Сіз миллиардер болған адамсыз. Мынадай ғажайып сарайда тұрасыз. Сізде ақша жоқ дегенге мен сенбеймін. Жеті томды шығаруға жүз мың доллар кетеді. Сейфіңізде жатқан жүз мың долларды алыңыз да, мына жерге әкеліп қойыңыз,– деп өзі ұрғандай үстелдің үстін алақаныммен тарс еткіздім. Ол селк ете қалды.– Мен содан кейін ойланамын, сіздің кітаптарыңызды шығарамын ба, шығармаймын ба? Ойланамын. Ол бағаға шығармауым да мүмкін. Бар ма ақшаңыз? Әкеліңіз! Жоқ па? Онда мен кеттім. Керек болсам іздеп тауып аларсыз.– деп орнымнан тұрдым. Аяқ киімімді киіп жатқанда ол бірдеңе айтқысы келіп:
– Әй! Әй!– деді айғайлап.
– Әй емес, менің өз атым бар. Аман болыңыз!– дедім де есікті тарс жауып шығып кеттім.
(Жалғасы бар)
Темірғали Көпбай
Abai.kz