Дүкендегі тауарлардың 50%-ы отандық өнім болады

Дүкен сөрелерінің 50%-ын отандық тауарлар құрайтын болады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жасалып жатыр, бұл компанияларға мемлекеттік қолдау шараларына, сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлар үлесін арттыру мақсатында отандық өндірушілер өнімдері үшін кемінде 50% сөрелік кеңістікті көздейтін бағдарлама іске қосылды. Сонымен қатар сапасыз әрі қауіпті өнімдердің нарыққа енуіне шектеу қою бағытында белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Барлық бақылаушы органдардың қатысуымен Ахуалдық штаб тиімді жұмыс атқаруда. 47 мыңнан астам көлік тексерілді, тауарлық салмақта бұл 600 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімдері. Оның ішінде 900-ден астам автокөлік кері қайтарылды, 1 мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттарының күші жойылды», – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.
Abai.kz