Сейсенбі, 26 Тамыз 2025
Жаңалықтар 476 0 пікір 26 Тамыз, 2025 сағат 20:43

Семейде өңірлік азаматтық форум өтті

Сурет: Абай облысының әкімдігінен алынды.

Бүгін Семей қаласында «Мемлекет – бизнес – үкіметтік емес ұйым – тиімді өзара әрекеттесу және серіктестік» тақырыбында өңірлік азаматтық форум өтті. Шараға облыс әкімі Берік Уәли, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Елдар Сапаров, «Қазақстан Республикасының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Бану Нұрғазиева, өзге өңірлерден келген делегациялар, мемлекеттік органдардың, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Сурет: Абай облысының әкімдігінен алынды.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген аймақ басшысы алқалы жиынның мемлекет, бизнес және азаматтық қоғам арасындағы сындарлы диалогтың, өзара түсіністік пен серіктестіктің маңызды алаңы екенін атап өтті.

«Өздеріңізге белгілі, биыл біздің өңіріміз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ұлы ойшыл, ұлттың рухани тұғыры – Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде, кең көлемде атап өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен 50 мыңнан астам қонақтар келді. Бұл айтулы мерейтойды жоғары деңгейде ұйымдастыруда мемлекеттік құрылымдармен қатар бизнес қауымдастығы мен қоғамдық ұйымдардың белсенді айрықша қолдауын сезіндік. Президент атап өткендей, еліміздің дамуы үшін саналы азаматтық белсенділікті арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді серіктестікті нығайту қажет. Мемлекет – бизнес – Үкіметтік емес ұйымдар арасындағы серіктестік тек әлеуметтік мәселелерді шешудің құралы ғана емес, ол қоғамдық тұрақтылықтың, ынтымақ пен өзара сенімнің негізі. Сондықтан біз әрқашан ашық диалогқа, ортақ мақсатқа жұмылуға дайынбыз. Алдағы уақытта бірлескен бастамаларымыз артып, өңіріміздің өркендеуіне, халықтың әл-ауқатын жақсартуға бірге үлес қосатындарыңызға сенеміз. Форум жұмысына сәттілік тілеймін» деді облыс әкімі.

Сурет: Абай облысының әкімдігінен алынды.

Форумда қатысушылар мемлекет – бизнес – үкіметтік емес ұйымдар арасындағы ынтымақтастықты жетілдіру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар азаматтық қоғам институттарының дамуындағы өзекті мәселелерге назар аударды.Қазір облыс аумағында 300-ден астам қоғамдық ұйым белсенді жұмыс істейді. 2023 жылдан бері «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» ашылып, көптеген жобалар іске асырылды.

Сурет: Абай облысының әкімдігінен алынды.

Форум аясында қоғам өмірінің түрлі салаларында белсенділік танытып жүрген үкіметтік емес ұйымдар өкілдері «Құқық қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Волонтерлік қызмет саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Зерттеу қызметі саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Шығармашылық қызмет саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Жастар саясаты саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Жұмысшылардың құқықтарын қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Денсаулық сақтау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым», «Ауылдық үздік үкіметтік емес ұйым» номинациялары бойынша марапатталды.

Abai.kz

0 пікір