«Тасдиқ» трактаты – «Аланы танымақ» бөлімі
Басы: «Тасдиқ» трактаты – Абай ғаламаты
Өткенде, Абайдың «Тасдиқ» трактатына (38-қарасөзі) жасалған шолуда, автордың мақсұты, үш танымақ ілімі, оның әлемдік ой-санада алатын орны секілді жалпылама мәселелерді қозғағанбыз. Бұл жолы тікелей мазмұнды талдауды қолға алмақпыз. Ең ірі ғақлиясында Абай зерттеп-зерделеген ғылым-білім саласы төртеу: Алла тағаланы танымақ, өзін танымақ, дүниені танымақ және не пайда, не залалды айырмақ. Міне, біздің міндет – Абайдың аталған төрт ілімін кез-кезімен қарастыруға саяды. Сонымен, үш танымақтың әуелгісіне кірісейік.
«Алланы танымақ» ғылымының қажеттігі неде?
«Тасдиқ» – ғаламдық трактат. Оның «Алла тағаланы танымақ», яғни теология ғылымынан басталуы заңдылық. Абай теологияны бұрын-соңды болмаған деңгейге көтерген. Күрделі бөлімді ғұлама: «Енді хақиқатты сүйіп, шынды білмек құмарың бар болса, адамдыққа лайықты, ықыласты құлағыңды қой!» деп жайлап бастап: «Әуелі дін ислам жолындағы пенделер иманның хақиқаты не сөз екенін білсін» деп іштарта айтады.
Сонымен, иманның хақиқаты не? Оны Абай былайша ұқтырады: «Иман дегеніміз бір ғана инанмақтық емес, сен Алла тағаланың бірлігіне, уә Құранның Оның сөзі екендігіне, уә пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа салаллаһу ғалайһи уәссәлләм Оның тарапынан елші екендігіне инандың. Жә, не бітті?! Сен Алла тағалаға Алла тағала үшін иман келтіремісің я өзің үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де, Алла тағалаға келер ешбір кемшілік жоқ еді. Өзің үшін иман келтірсең, жә инандың. Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықпен қалса, саған пайда бермейді. Оның үшін сен өзің инанмақтығыңнан пайда аламын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек».
Енді білдік, иманның хақиқаты – иманнан пайда алу екен. Демек, иман айнасы – жақсы (салихи) іс-әрекет. Сонда «кәміл иман болады» дейді Абай.
Шын иманды болмаққа білім, танымға ықыласты көңіл керек. Білмеген, танымаған нәрсеге қайтіп сенбекпіз? Иман келтіруің де күмәнді. Құран аяты: «Мені таныған ақылменен таныр» деген. Сондықтан ойшыл: «Сіз «Әмәнту биллаһи кәма һуә би әсмайһи уә сифатиһи»[1] дедіңіз. Ол есім Алланың аттары һәм олар Алла тағаланың фиғыл ғазимләрінің[2] аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары[3] не деген сөз, кәміл үйрен» дейді. Осымен, Абай хакім теология ілімі нені біліп, нені үйрету керектігін анықтап береді.
Сонымен, Алланы танымақтық – шынды білу арқылы адам деңгейіне көтерілуге қажетті ғылым. Инанмақтықтан пайда алудың мәнісі де осы арада.
Түп Иені түгел білу мүмкін бе?
Жаратушыны танып-білуден жоғары ғылым бола ма? Әрине, жоқ. Оны танып-білудің мән-жайын Абай былайша ашықтап береді: «Өзіңді Оның құлы біліп, өзіңе мүсілім[4] ат қойып, тәслим[5] болғаныңа раст боласың да. Өз пиғылдарыңды соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ. Оның үшін Алла тағаланың сипаттары: Хаят[6], Ғылым, Құдірет[7], Басар[8], Сәмиғ[9], Ирада[10], Кәлам[11], Тәкуин[12]. Бұл сегізінен Алла тағаладағыдай кәмәлат-ғазамат[13] бірлән болмаса да, пендесінде де әрбірінен өз халінше бар қылып жаратыпты».
Міне, Алланы танудың методологиясы осы. Көріп отырмыз, «мүслім» (мұсылман) болуға керегі – өз пиғылдарыңды Алланікіне ұқсату. Абай: «Оның соңында болып бақ!» дейді. Бұл сөздің мәнісі – Алланың сегіз ұлық сипатына өзіміздің сегіз зәррәдей сипатымызды ертпекке саяды.
«Алланы түгел білу мүмкін бе?» дегенге Абайдың берген жауабына келейік. Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сыры, мейлі, бұл дүние және ақирет дейік, бұл – біздің өлшеулі ақылымыз үшін айтылған екі жақтылық. Шындығында, дүние тұтас, ол – бірбүтін! Бәрі өзара байланыста, керексіз жаралған бір тозаң жоқ. Осынау ғалам бірлігін Абай былай деп түсіндіреді: «Ол – Алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап[14] танымаққа керек. Егерде ол сипаттар бірлән тағрифламасақ, бізге мағрифатулла[15] қиын болады. Біз Алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хакім[16] ақыл ерістіре алмады. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі».
Сөйтіп, Алла тағаланы түгел білмекке мүмкін емес екен. Бірақ адамға Алланың мәнді хикметі – Ғаламның бірлігін сезу, білу мүмкіндігі берілген.
Шүбәсіз, Жаратушы жалғыз, бірақ діндер көп. Неге? Себебі, Жаратушы құдірет өлшеусіз, оның аспектісі қисапсыз. Пендесі өлшеулі ақылымен оның бір тал шашын «анық нұры осы деп» (Шәкәрім) ұстанып алуға бейілді. Менікі деген эгоизм оны осыған итермелейді. Сондықтан «Құдай бір» ұғымы жайына қалып, адамзат бөліну мен адасудан көз ашпай келеді.
Діндерге бөлініп, адасудың түп себебін Абай былайша ашып береді: «Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды. Біз Алла тағала «бір» дейміз, «бар» дейміз, ол «бір» демеклік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса, ол «бір» демеклік те Алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың[17] ішінде не нәрсенің үжуді[18] бар болса, ол бірліктен құтылмайды. Әрбір хадиске[19] айтылатұғын бір қадимге[20] тағриф болмайды. Ол «бір» деген сөз ғаламның ішінде, ғалам Алла тағаланың ішінде. Мұны Құдай табарака уа тағала кітаптарда сегіз сүбутия[21] сипаттары бірлән, уә тоқсан тоғыз әсма-и хүсналар[22] бірлән білдірген. Бұлардың һәммасы Алла тағаланың затия[23] сүбутия уә фиғлия[24] сипаттары дүр».
Сенсеңіз, осы тезис ғаламдық даналықтың шыңы! Абай діттеп отырған «Бірлік» идеясының маңызы ерекше. Түпкі Жаратушыны «бір» дейміз, «бар» дейміз, бірақ іс жүзінде әрбір дін Құдайды «меншіктеп» алды, әрқайсысы Оны өзінше білмекке ынталы. Абай: «Құдай ғаламның, ғалам Құдайдың ішінде» дейді. Демек, Құдайсыз, яғни жансыз ештеңе де жоқ. «Бір Құдай неше түрлі жан жаратты» деген өлеңінде Шәкәрім: «Ғаламда не бар болса, бәрі – жанды, ...Өсімді, ең күшті жан адамда тұр» дейді. Құдай – үлкен жан, адам жаны оның зәрредей бөлшегі. Міне, Абай ілімінің өзегі де, реформаторлық қыры да бірлік танымы арқылы анықталмақшы.
Екі ұлық сипатты (Ғылым және Рақым) тағрифлау
Әлемдік теология іліміне Абай зор үлесін қосты. Қайталанбас ізденісін былайша бастаған: «Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі – ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарх[25], – деп сөзін жалғайды ойшыл. – Ол алтауының бірі – хаят[26], яғни тірлік. Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым, құдірет сипаты бірлән сипаттадық. Жә, бұл барлық, бірлік ғылым, құдірет олуда[27] боларлық нәрселер ме? Әлбетте, ғылым, құдіретпен бар болады: хаяты – мағлұм, тірлік, тірі болу. Енді бірі – ирада, яғни қаламақ. Ғылым бар болса, қаламақ та бар. Ол еш нәрсеге харекет бермейді. Һәммаға харекет беретұғын өзі (ғылым-құдірет). Ол ирада – ғылымның бір сипаты».
Харекет бере ме, бермей ме? Міне, осы тәсілге сүйене отырып, Абай әрі қарай Алла тағаланың Кәләм (сөйлеуші), Басар (көруші), Сәмиғ (есітуші) және Тәкуин (барлыққа келтіруші) деген сипаттары да Ғылымның бір сипаты деп дәйектеп береді. Неге олар бөлек-бөлек емес? Себебі: «Әрбірі өз алдына сипат болса, Алла тағаланың сипаты өзіндей қадим, һәм әзали[28] һәм әбәди[29] болады да, һәмишә[30] барлыққа келтіруден босанбаса, бір сипаты бір сипатынан үлкен я кіші боларға жарамайды. Олай болғанда ғылым, құдірет сипаттары секілді босанбай, һәр уақыт жаратуда болса, бір ықтиярсыздық шығады. Ол ықтиярсыздық Алла тағалаға лайықты емес. Оның барлыққа келтірмегі – құдіретіне ғана бір шарх. Бұл ғылым, құдірет екі сипатпенен сегіз сипат бұзылмастан түгел болады». Керемет! Логика көкесіне бас имеу мүмкін емес...
Сонымен, аса күрделі ізденістерден Ғылым-құдірет – Алланың харекет беруші ұлық сипаты, қалған алтауы оған шарх (көмек беруші) екенін білдік. Абай мұны тұңғыш анықтаған хакім. Шын мәнінде бұл – әлемдік теология ғылымының жаңа деңгейі, соны жаңалығы!
Ашқан жаңалығын ойшыл былайша бекіте түседі: «Ол ғылым, құдірет ешбір ниһаятсіз[31]. Алланың ғылымында ғафләт[32], құдіретінде епсіздік я нашарлық жоқ. Саниғын сұңғатына[33] қарап білесіз. Бұл көзге көрінген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам ұғлының ақылы жетпейді.
Бірақ пендесінде ақыл – хүкімші, оған қайрат, қуат – қызмет қылушы еді. Соған қарап ойлайсың: Алла тағаланың сипатында да солай болмаққа тиіс. Бірақ әуелде айтқанымыз: ғылым, құдірет – біздің ұғуымызға ғана екі хисап, болмаса, бір-ақ ғылымды құдірет болуға тиіс. Олай болмаса, сипаттар өз орталарында бірі – тәбиғ[34], бірі – матбуғ[35] болады ғой. Бұл болса, тағриф Раббыға[36] жараспайды».
Тағы бір пысықтайық, һаммаға қозғау салатын, харекет беретін Алланың ұлық сипаты – Ғылым. Ол неліктен жалғыз дара сипат? Себебі: «Сегіз сипат қылып және ол сипаттар «Лә ғаиру уә лә һуә»[37] болып, бұлай айтуда, бұлардан бір өз алдына жамағат яки жамиғат[38] шығып кетеді. Бұл болса келіспейді. Егерде сипаттардың әрбірін басқа-басқа дегенде, көп нәрседен жиылып, иттифақпенен (бірлесіп) Құдай болған болады. Бұлай деу батыл[39], Құдай – бір ғана құдірет. Ол пендеде болған қуат-құдірет, ғылым-ақылдан басқа болатұғын. Алланың ғылымы мен құдіреті арасында айырым жоқ, олар бір ұғым» деп ұқтырады Абай.
Міне, Абай ілкіде: «Ғылым – Алланың бір сипаты, ол – хақиқат» деген сөзді неліктен айтқанын енді ұғындық. Ғылым хақиқат екенінің дәлелі, көріп отырмыз, қай елде ғылым күшті дамыса, сол ел озық, керісінше, қай ұлт ғылымға көңіл бөлмесе, болды, бітті, көш соңында шаң жұтып қалуда. Сөйтіп, Абай ашқан ғылыми жаңалықты өмірдің өзі толық растап береді.
Тасдиқтың осы тұсында Абай Алланың келесі ұлық сипатына ауысады. Хакімнің білуінше, Алланың екінші ұлық сипаты – Рахмет сипат. Оған мынадай дәлелдер алады: «Алла тағалада болған құдірет – ғылым һәм рахмет. Ол – рахмет сипаты, сегіз сипаттың ішінде жазылмаса да, Алла тағаланың Рахман[40], Рахим[41], Ғафур[42], Уадуд[43], Хафиз[44], Сәттар[45], Раззақ[46], Нафиғ[47], Уәкил[48], Латиф[49] деген есімдеріне бинаән (негізделген) бір ұлығ сипатынан хисаплауға жарайды. Бұл сөзіме нақлия[50] дәлелім – жоғарыдағы жазылмыш Алла тағаланың есімдері. Ғақлия[51] дәлелім – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан, онан басқа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты. Жансыз жаратқандарынан пайда алатұғын жан иесі хайуандарды жаратып, жанды хайуандардан пайда алатұғын ақылды инсанды[52] жаратыпты».
Жаратқан Иеміздің екі ұлық сипаты (Ғылым және Рақым) жайлы Абай танымын талдауымыз осымен тәмам. Онан шығар қорытынды: дара теолог Абайдың феномен ізденістері – исламдық тұрмақ, әлемдік теология ілімінің шыңы! «Тасдиқ» трактатында Алла тағаланың сегіз сүбутия сипаты мен тоқсан тоғыз есімдері тұңғыш рет бір жүйеге келтірілгеніне көз жеткіздік. Бірақ Абай ақылменен жүйе жасаушы ғалымдар қатарынан емес, ол ынталы жүрек қана сезетін хақиқатты анықтап, жеткізуші ғұлама. Келесі сөзіміз Алланың үшінші ұлық сипаты – Ғадаләтке арналмағын айта отырайын.
Асан Омаров, абайтанушы.
[1] Әмәнту биллаһи кәма һуә би әсмайһи уә сифатиһи (арабша) – Аллаға, Оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін.
[2] Фиғыл ғазим (арабша) – ұлы іс.
[3] Сифат затия (арабша) – өзіне тән, өзіне лайықты сипат.
[4] Мүсілім (арабша) – мұсылман.
[5] Тәслим (арабша) – берілу, мойынсұну.
[6] Хаят (арабша) – тірілік, тірі болу.
[7] Құдірет (арабша) – күш, құдірет.
[8] Басар (арабша) – көру, көруші.
[9] Сәмиғ (арабша) – есту, естуші.
[10] Ирада (арабша) – тілеу, қалау.
[11] Кәлам (арабша) – сөйлеу, сөйлеуші.
[12] Тәкуин (арабша) – бар қылу, жарату.
[13] Кәмәлат-ғазамат (арабша) – үлкею, жетісу, толысу, құдіреттілік.
[14] Тағриф (арабша) – тану, түсіну, білу, анықтау.
[15] Мағрифатулла (арабша) – Алланы тану, білу.
[16] Хакім (арабша) – рухани ұстаз, оқымысты, данышпан.
[17] Мүмкинат (арабша) – болуы мүмкін нәрселер.
[18] Үжуд (арабша) – бар болу, өмір сүру, болмыс.
[19] Хадис (арабша) – бұл жерде жаңалық, оқиға, ақпар деген мағынада қолданылған термин. Алла «бір» деген кез келген хадистің, яғни оқиғаның дәлелі.
[20] Қадим (арабша) – бұл жерде Алланың сипатына қатысты термин, Алланың бастауы да, ақыры да жоқ деген ұғымды білдіреді. Оның затына ақылымыз жетпейді, әрбір оқиға – Аланың ісі, демек, оған айтылатұғын түсінікке тағриф болмайды.
[21] Сүбутия (арабша) – орнықты, дәлелді, тұрақты.
[22] Әсма-и хүсна (арабша) – көркем, жақсы есімдер.
[23] Затия (арабша) – өзіне лайық.
[24] Фиғлия (арабша) – нақтылы.
[25] Шарх (арабша) – түсінік (түсіндіру), басты нәрсені ашуға септесу.
[26] Хаят (арабша) – тірлік, тірі болу.
[27] Құдірет олуда (арабша) – құдірет, күші болуда.
[28] Әзали (арабша) – әуелде, көнеде.
[29] Әбәди (арабша) – мәңгі.
[30] Һәмишә (парсыша) – ылғи, әрқашанда.
[31] Ниһаят (арабша) – өлшеусіз, шексіз.
[32] Ғафләт (арабша) – қапы қалу, аңдамау.
[33] Саниғын сұңғатына (арабша) – істеушіні ісінен, шеберлігінен білу.
[34] Тәбиғ (арабша) – еруші.
[35] Матбұғ (арабша) – ерітуші.
[36] Тағриф Раббы (арабша) – Алланы тану, білу.
[37] Лә ғаиру уә лә һуә (арабша) – басқа да емес, оның өзі де емес.
[38] Жамиғат (арабша) – жиын, ұйым.
[39] Батыл (арабша) – теріс, қате.
[40] Рахман (арабша) – жарылқаушы, мейірімді.
[41] Рахим (арабша) – мейірімді, жанашыр.
[42] Ғафур (арабша) – кешіруші.
[43] Уадуд (арабша) – сүйікті, сүюші.
[44] Хафиз (арабша) – қорғаушы.
[45] Сәттар (арабша) – айыпты жабушы, ара тұрушы.
[46] Раззақ (арабша) – несібе беруші, ырыздық беруші.
[47] Нафиғ (арабша) – қосымша несібе беруші, пайда беруші.
[48] Уәкил (арабша) – уәкіл, басқарушы.
[49] Латиф (арабша) – жақсылық жасаушы, таза, пәк.
[50] Нақлия (арабша) – тәжірибеге сүйенген ғылым, дәстүрлі сөз.
[51] Ғақлия (арабша) – ақылмен я оймен түсіну, рухани ілім.
[52] Инсан (арабша) – адам, адам баласы.
Abai.kz