Жұма, 29 Тамыз 2025
Алаң 431 0 пікір 28 Тамыз, 2025 сағат 15:17

Аралас мектеп: Қазақтың бағы ма, соры ма?

Сурет: Aikyn.kz сайтынан алынды.

Биыл Тәуелсіздіктің 34 жылдығын тойлайтын қазақ елінде мемлекеттік тіл мәртебесі өз деңгейіне жете алмай отыр. Олай деуімізге себеп мемлекеттік тілді дамытудың заңдық негіздері болғанмен, іс жүзінде  жоғары билік орғандары мен қоғамдық орындарда нақты қолданылмай келеді. Заңдық құжат бар да нақты орындалуы ақсап тұр.

Қазақстан Конституциясының 7-бабында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп анық жазылған.

«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабында мемлекеттік білім беру ұйымдарында қазақ тілін оқыту қамтамасыз етілуі тиіс делінген.

«Білім туралы» Заңның 9-бабында – мемлекеттік тілдегі білімді дамыту міндеті көрсетілген.

Мұрнағы жылы қабылданған Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында аралас мектептерді қысқарту және қазақ тіліндегі мектептердің санын арттыру көзделген.

Заң кемелді болсада, өкінішке орай, өзге саланы айтпағанда білім саласында салтанат құруының өзі мүшкіл болып отыр. Оған нақты мысал Алматыдағы No 215 мектептің айналасында туындаған дау. Алматы қаласының Бостандық ауданынан жаңадан ашылған мектеп басында қазақ тілді мектеп болып ашылғанымен, артынан қасында бірнеше орыс тілді мектеп болсада аралас мектеп болып өзгертілген. Қалалық білім басқармасы оны ата-аналардың қалауы солай деп түсіндірген.

Қазақ тілді мектептердің аралас мектепке өзгеруі бір бұл емес екен.

2020 жылы Президент Тоқаев Мамыр-1 шағын ауданында №173 қазақ тілді мектеп-лицейде бала санының тым көп, бастауыш сыныптарда 45 баладан отырғанын тілге тиек етіп, жанында жаңадан салынған №202 мектеп-гимназияның қазақ тілді болуын тапсырады.

Сол №202 мектеп те алғашқыда қазақ тілді болып ашылып, артынша бір-екі айдан соң аралас тілді болып шыға келген. Мұндай мысалдар жетіп артылады екен.

Алматыда орыс тілінде білім беретін оқу орны жеткілікті екен, ал қазақ тілді мемлекеттік мектептер қаладағы жалпы мемлекеттік мектептердің 35%-ын ғана құрайды екен, кейбір тәуелсіз басылымдар бұл көрсеткіштің 16 пайыз ғана екенін алға тартады. Қаладағы қазақ тілінде білім беретін № 172, 207, 174, 181 мектептерде бастауыш сыныптарда 35-40 баладан отыр екен, бірінші сынып параллельдері литері «Л»-ға дейін барады екен.

№153 ұйғыр мектебіне қаланың түкпір-түкпірінен бала тасымалдауға 3 автобус бөлініпті. Ал №215 мектепке аузы-мұрны толған қазақ мектептерінен балаларды сары автобустармен солай тасымалдаудың орнына, тиіп тұрған көшелердің қазақ тілді  балаларын қабылдаудан бас тартыпты.

Кезекті жаңа оқу маусымының басталу алдындағы бұл келеңіз оқиға білім саласы мен ата-аналар ортасында ғана емес, жалпы қоғамда қызу талқыға түсуде. Көп болып Мәселенің түп тамыры аралас мектеп оқыту методында деген ортақ түсінікке келуде.

1972 жылы Қазақ кеңес республикасының  Оқу министрінің орынбасары болған Щербаков аралас тілді мектептер туралы ғылыми диссертациялық жұмысын қорғайды. Сол-ақ екен, аралас тілді мектептер жаңбырдан кейінгі көк шөптей қаулайды. Соның салдарынан қазақ тілінің шұбарлануы кең өріс алып, қазақ тіліндегі мектептердің санының жаппай қысқаруына әкеліп соғады. Сол уақыттың көзімен қарағанда аралас мектеп идеясының жаппай қолдау табуы Хрущевтың "Қазақтар жылқы етін жақсы көреді, Орыстар шошқа етін жақсы көреді. Екі ұлттың достығы үшін жылқы еті мен шошқа еті қосылған шұжық шығарайық" дегені сияқты кеңестік саясаттың қажетінен туындаған, жүзеге асырылған шара екені анық.

Қазір заман өзгерді. Кеңес одағы келмеске кетті. Еліміз егемендігін алды. Тіл саясаты да өзгерді. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесі ата заңда айшықты жазылды.

Бірақ қазақ тілінің мектеп ауласында ғана емес, бұқаралық БАҚ-тар мен әлеуметтік желіде шұбарланып қолданылатынына куә болып отырмыз. Аралас тілді мектеп қазақ тілінің шұбарлануына басты себеп екенін өмір дәлелдеп отыр, өйткені аралас тілді мектептердің ортақ тілі – орыс тілі.

Қорыта айтқанда бір тілді (орыс тілді) кеңес адамын қалыптастыруды көздеген  Кеңес дәуірінің білім саясатының төл жобасы - аралас мектеп методынан бас тартудың орнына, тәуелсіз Қазақстанда айнытпай жалғастырудың қандай заңдық негізі, қажеті бар? Қазақ тілді мектептерде онсызда үшінші кластан бастап орыс тілі оқытылады. Оны азсынғандай аралас мектеп ашудың артында қандай жымысқы мақсат-мүдде жатыр. Алматыдағы келеңсіз жағдай, уақыттың өзі алдымызға осындай сұрақты көлденең тартып отыр.

Abai.kz

0 пікір