Сәрсенбі, 10 Қыркүйек 2025
Жаңалықтар 192 0 пікір 10 Қыркүйек, 2025 сағат 17:20

ЕО: Ресей дрондарын Польшаға әдейі жіберді!

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Соғыс өрті тек Украина аумағымен шектеліп отырған жоқ. Түнде Ресей жаппай дрондар мен зымырандар арқылы Украинаның батысын атқылады.

Алайда соғыс құралдарының бір бөлігі Польша аумағына өтіп кеткен. Польша әскері дереу әуеге F-16 және F-35 ұшақтарын көтеріп, бірнеше дронды атып түсірді. Осының салдарынан Польша аумағында дабыл жүйесі іске қосылып, төрт әуежайдың жұмысы уақытша тоқтады.

Бұл оқиға халықаралық деңгейде үлкен алаңдаушылық тудырды. АҚШ конгрессмені, республикашыл Джо Уилсон Ресейдің НАТО мүшесі Польшаға қарсы әрекетін «соғыс актісі» деп бағалап, Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар енгізу қажеттігін мәлімдеді.

«Біз соғыстың басталғанынан бері Ресей тарапынан Еуропа әуе кеңістігінің ең ауыр бұзылуына куә болдық. Бұл кездейсоқ емес, әдейі жасалған әрекет дегенге негіз бар. Ресейдің соғысы аяқталып жатқан жоқ, керісінше шиеленісіп барады. Біз Мәскеу үшін шығындарды арттыруымыз, Украинаны қолдауды күшейтуіміз және Еуропаның қорғанысына инвестиция салуымыз керек», — деді Еурокомиссия басшысы Кая Каллас.

Ал Польша премьері Туск аталған жағдай бойынша НАТО Жарғысының 4-бабына жүгінгісі келетінін айтты.

«4-бап - тереңірек ынтымақтастықтың алғышарттары. Бізге құры сөздер жеткіліксіз. Біз консультациялар кезінде әлдеқайда үлкен қолдауға сенеміз. Бұл біздің соғыс емес, бұл тек украиндықтардың соғысы емес, бұл Ресейдің бүкіл еркін әлемге қарсы жариялаған соғысы», - дейді премьер-министр Туск.

Abai.kz

0 пікір