Бейсенбі, 11 Қыркүйек 2025
Бұ не мазақ? 513 0 пікір 11 Қыркүйек, 2025 сағат 15:07

Халықтан алыстаған депутат бізге керек пе?

Суреттер: anatili.kazgazeta.kz және qandastar.kz сайттарынан алынды.

Кеше Мәжіліс отырысында депутат Ардақ Назаров ресми сөзін бастамай тұрып, анасының туған күні екенін айтып, мінберден құттықтау жолдады. Бұл әрекет қоғамда қызу талқыға түсіп, түрлі пікірлер айтылуда.

Мәжіліс – еліміздің ең басты заң шығарушы органы. Мұнда айтылатын әрбір сөз, көтерілетін әр мәселе халықтың мүддесіне сай болуы тиіс. Енді оның салмағы тіпті артпақ. Ал қазіргі Мәжілісте кәсіби, білімі мен білігі жеткілікті депутаттардың қатарында әртүрлі адамдар жүр. Солардың қатарында, Ардақ Назаровтың соңғы әрекеттері қоғамның сынына жиі ілігуде.

Abai.kz оқырмандарының талқысына белгілі журналист Кәмшат Тасболаттың пікірін ұсынғанды жөн көрдік...

Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

Кәмшат Тасболат:

– Негізі күлетін емес, жылайтын жағдай. Еуропада не Америкада белгілі бір ауданда атыс-шабыс, қыз зорлап, адам өлімімен аяқталған жағдай болса, қылмыскерді ізін суытпай, тұтқындайтын полиция мен «breaking news» беретін журналистері былай тұрсын, әкімдік өкілдері мен сайланған депутаттары ел алдына шығып, қоғамдық қауіпсіздікті сақтауға кепіл болатындарын айтып шығады. Өкінішке қарай, Талғар десе шошитын күйге түстік. Кеген, Райымбек, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр және Талғар аудандарынан сайланған депутат Ардақ Назаров Парламентте дабыл қағып, «Талғарда қыз зорланды, күдікті жазасын алмай бостандықта қалған соң қыздың 30 жастағы ағасын өлтірді, 2 жасар сәбиді ұрлап кетті, ал сәби табылғанда оның аузына шұғыл операция қажет болды» деді ме? Талғардан сайланған депутат ретінде бұл іске араласты ма? Болмаса сұмдық жағдай! Қоғамдық резонанс та болды ғой. Сәбидің денсаулық жайы, психологиялық жағдайы мен отбасының күйі қандай?

Өкінішке қарай депутат халықтан алыстаған француз патшайымы Мария Антуанетта сияқты «халық аш болса, тәтті бәліш жесін» дегендей, өзінің анасын Парламент төрінде 70 жасымен құттықтады.

Ал Талғарда қызы зорланып, ұлы өлтірілген ана көз жасын төгіп, күні кеше баласын жер қойнына табыстады. Ал халықтан мұншалықты алыстаған депутат бізге керек пе?

Алматы облысына қоғамның тамырын басып, елмен нақты жұмыс істейтін депутат ауадай керек. Өз басым мықты-мықты депутаттарды білем, бірі – білім саласында жақсы жұмыс істеп жатыр, бірі – мықты заңгер, жақсы заң жазады, бірі – жер дауын күшті шешеді… Ал спортшы депутат ше? Осыған дейін оның аты тек күлкілі мәлімдемелермен байланысты болмады ма? Бұл қазіргі биліктің де қадірін кетіріп, халық сенімінен айыратын жәйт емес пе? Талғарда қанды оқиға болып жатыр, ал сенің басқа емес, дәл осындай сәтте, бір отбасы ғана емес, бүкіл Алматы облысы қара жамылып, қазақстандықтар шок боп отырғанда Парламентті «сазды сәлем» бағдарламасына айналдырғаның орынды ма? Парламенттің регламенті, депутат этикасы қайда қалды?

Бәріміздің анамыз бар, бірақ анаңды құттықтаудың өз жөні бар. Дәл қазіргідей Талғарда Шерзат ісінен кейін бүкіл қоғамды дүр сілкіндірген «қыз зорлау, адам өлтіру, сәби ұрлау, оған қастандық жасау» қылмысы боп жатқанда, соны айтудың орнына «өлмейтін тақырыптар» шеңберінде депутаттық сауал жолдау, құттықтау айту тек орынсыз ғана емес, қоғамнан алыстаудың, басқа планетада өмір сүрудің белгісі емес пе? Бұл баршаға сабақ болуы керек. Бұл дәл қазіргідей қанды жағдайдан кейін айтылатын құттықтау емес. Көңіл айтатын кез бұл…

Abai.kz

0 пікір