Дүйсенбі, 15 Қыркүйек 2025
Экономика 300 0 пікір 15 Қыркүйек, 2025 сағат 11:55

Шетелге жалынбай, өз күшімізді сарп етейік!

Сурет: 365info.kz сайтынан алынды.

Сонымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы елімізде қызу талқыланып жатыр.

Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын талдай отырып, бүгіні мен болашағын белгілейтін әр Жолдаудың әрине, өзіндік орны бар. Әрине, Президенттің жыл сайын халыққа арнап жолдап жататын Жолдауларының орындалып та, орындалмай аяғы сиырқұйымшықтанып кетіп жатқандары да баршылық. Әр Жолдаудан кейін оны іске асыруға бағытталған Үкіметтің Іс-шаралар жоспары бекітіліп, жүзеге асырылатыны да белгілі. Ел игілігі үшін жүзеге асатын сан-салалы салалардың дамуына бек қуанамыз.

Кешегі жаңа Жолдаудағы аталған мәселелердің бәрі де үкіметтік органдар тарапынан қолға алынған және алдағы жоспарланған мақсаттармен үндесіп жатқаны анық. Осы арада мен басқа көтерілген мәселелерге тоқталмай, көңіліме алаңдаушылық тудырған мына мәселеге ел көңілін аударғым келеді.

Жолдаудағы ...«Жетінші. Экономиканы жан-жақты жаңғырту жұмыстары адам капиталын дамытуға қатысты жаңа міндеттер жүктейді.

...Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру өте маңызды.

...Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн.

Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек. Себебі бізге білікті мамандар өте қажет. Әсіресе техникалық мамандықтарды меңгерген өз ісінің нағыз шеберлері керек. Қазіргі тілмен айтсақ, «сапасы жоғары адами ресурстар» қажет. Өйткені білікті, саналы адамдар – ұлттық экономиканың арқауы, ел болашағының кепілі»...

Ойлап, саралап көрейікші, Жолдаудағы дәл осы айтылған мақсат нені меңзейді. Инвестиция деп жатырмыз, отыз жыл бойы айтылып келе жатқан ол жайлы да бөлек әңгіме. Ол да қайталанып, айта-айта жауыр болып барады. Ал енді оны қоя тұрып «Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. ...шетелден ... мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту...» деп айтылған сөз, атылған оқ нені меңзейді. Ендігі жетпегені солар ма. Олар онсыз да біздің ішімізге кіріп алып, өз жұмыстарын жүргізіп жатыр емес пе. Бұл қандай саясат. Егер олар мықты маман болса өз елдерін жарылқамай ма. Айтылып отырған шетелі тағы кім? Әрине, біздің адами ресурстарымызды да, байлығымызды да уысынан шығарғысы келмей отырған Қытай мен Ресейден келетін мамандардан басқа кім бар дейсің. Сонда біздің мықты мамандарымыз енді не істейді. «Ұлтына қарамай тарту..., Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек...» дейді. Сонда қазақ жері тағы да баяғыдай шетелдерден қашқан-пысқан мамандардың майшелпегіне айналмақ па. Дәл қазіргі аумалы-төкпелі заманда осындай мақсат қою ешқандай елдің саясатында жоқ шығар. Егер есептесек, дәл қазір бізді шетелден келіп «жарылқап, экономикамызды көкке көтеріп жүрген» шетелдіктер жүз мыңдап саналмай ма? Енді дәл осы бір ауыз сөзді талдай берсек, жүрек сыздайды, іш қазандай қайнайды. Осы  менің жазғанымнан соң талай ой-пікірлер айтылар...

Осыдан бір жыл бұрын ел Президенті Ресейдің «Известия» газетіне берген мақаласында «Қазір Қазақстанда Ресейдің 23 мың компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Оның 4 мыңы кейінгі бір жылдың ішінде құрылды.» деп жазған еді. Олардың не істеп, не қойып жатқанын бір құдай білсін деп қояйын. Ондағы қаншама мыңдаған қызметкер адамдар әбден орнығып, жағдайын жасап та алған шығар...

Біздің осы отыз жыл бойы дамыған елдерден «Болашақ» бағдарламасымен, басқа да өз бетімен оқып-тоқып ілім-білім алған мыңдаған жастарымыз қайда жүр? Басында айтылғанда олар елімізді дамытып, биікке көтереді деген жалынды ұрандар қайда қалды? Әлде олардың мақсаты мен ықыласын, ұмтылысын тұншықтырып тастадық па. Әлде бәрі сол шетелдерде қалды ма.

Бұл орайда Жолдаудағы білікті мамандарды елге қайтару тәсілдерін қарастыру керек дегені де жөн сөз. Мәселені осыдан бастасақ дұрыс болар еді.

Сонымен қатар шетелдерден маман тарту үшін «көші-қон саясатын қайта қараған жөн» дейді. Сонда маман тарту үшін сонау тұрақсыз әлемтапырық болып жатқан Азия мен Таяу шығыс, Африка мен көршілес елдерден қайда барарын білмей жатқан мигранттар үшін жасалып жатқан саясат па. Өткенде осы әлеуметтік желілерден бір сыбыс шығып еді. Әлгі қырқысып, сыйыспай жатқан жебірейлер мен палестиналықтарды біздің елге жіберіп қалуы мүмкін деген. Мүмкін соның әсері ме. Иә, осы мәселені ойлағанда ойымызға небір жаман ой келеді. Өзіміз еңсемізді көтере алмай жатқанда тағы да баяғы кеңес кезіндегідей шырмауыққа түсіп қалуымыз әбден мүмкін емес пе. Дегенмен басқа емес, біздің ел үшін қауіпті бұл.

Одан да өзіміздің білімді мыңдаған жастарымызды өсіріп, жұмысты соларға тапсырып, әлгі жағдайды осыларға жасап, біліктілігін арттыруға күш жұмсамай ма біздің билік. Өйткені баяғыда кеңес заманында бізге мамандар тарту деген науқанның қалай жүргізілгенін жақсы білеміз. Бүкіл кеңес одағының қалған 14 республикасынан Қазақ еліне білімі мен нақты мамандықтары жоқ болса да, қарапайым жұмысшыларды «маман» деп топ-тобымен айдайтын, оларға жақсы жалақысы бар жұмыс, жайлы жағдай алдымен жасалатын. Тек сол кездің кебін кимесек болды. Сондықтан бұл мәселеге байыппен қарау керек деп санаймыз.

Еліміз кең-байтақ, табиғи байлығымыз шаш-етектен деп қанша айтсақ та шегінерге жол, басар жер, асар тауымыз қалмай жүрмесін өзімізге, ұрпағымызға. Өз терімізді өзіміз илейік ағайын!  

Ерлан Күзекбай,

Астана қаласы

Abai.kz

0 пікір