Дүйсенбі, 15 Қыркүйек 2025
Деп жатыр 154 0 пікір 15 Қыркүйек, 2025 сағат 14:32

«Хезболла» қаруын тастай ма?

Сурет: bbc.com сайтынан алынды.

Ливан үкіметі «Хезболла» ұйымын қарусыздандыру шешімін қабылдаған еді. Аталған шешімді жүзеге асыру Ливан билігі үшін қиынға соғуда. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

«Хезболла» шешімді мойындамайтынын, өз еркімен қарусызданбайтынын айтты. Сарапшылар Ливан үкіметі мен «Хезболла» арасындағы шиеленіс ушықса, жағдай қарулы қақтығысқа әкелуі мүмкін деп қауіптенуде.

Түркиялық Harici сайты, Хезболла ұйымын қарусыздандыру бойынша сараптама жасап, АҚШ үкіметінің, Ливан билігінің құжаттарына сүйене отырып, бірқатар сандарды жария етті. Ресейлік сарапшы Денис Коркудиновтың пікірінше, «Хезболланы» қарусыздандыруға бірнеше млрд доллар қаржы бөлінуі мүмкін. Қаржының 70 пайызы гуманитарлық-экономикалық мақсатта қолданылса, 17 пайызы әскери мақсатта қолданылмақ. Ал қалған бөлігі қосымша резерв ретінде қарастырылған.

Ливан билігі Батыстық одақтастарынан қаржы алып, әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізуді ойластыруда. Бейрут «Хезболланы» қарусыздандырып қана қоймай, аталған ұйымға қаржы табу үшін мүше болғысы келетін жастардың санын да азайтуды қалайды. Ол үшін Ливанның оңтүстігінде әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізу қажет. Биліктің шешімін насихаттау үшін видео-контенттер де әзірленетін болады.

Ақпарат көздері 2025 жылдың, 15-қарашасына дейін Ливанның бес аймағында «Хезболланың» қаруын жинайтын орталықтар ашылатынын жазуда. Аталмыш орталықтың күзетін Ливан әскері мен АҚШ-тың арнайы жасақтары күзетуі ықтимал. Қазіргі сәтте бұл бойынша Бейрут пен Вашингтон келіссөз өткізуде. «Хезболла» жасақтарына қаруды өз еркімен беріп, қаржы табу мүмкіндігі ұсынылуы мүмкін. Ауыр артиллерия, зеңбірек немесе зымыран үшін 20 мың доллар, атыс қаруы үшін 5 мың доллар өтемақы берілуі де ғажап емес дейді мамандар.

Бағдарлама «Алтын қалқан» атты атауға ие болмақ. Аталған ақпаратты жария еткен Harici басылымы ақпараттың Пентагонмен байланысы бар дереккөздерден алынғанын айтты.

Қазіргі сәтте АҚШ билігі Сауд Арабиясы, Катар және БАӘ-мен келіссөз жүргізуде. Вашингтон аталған мемлекеттер оңтүстік Ливанды қалпына келтіруге инвестиция құюы қажет дейді.

Ал «Хезболла» бұл ақпараттарды жоққа шығарды. Ұйым басшысы Касем Наим «Хезболла» жасақтары қаруын тастамайтынын айтты.

Abai.kz

0 пікір