Сейсенбі, 16 Қыркүйек 2025
Зерттеу 726 0 пікір 16 Қыркүйек, 2025 сағат 15:24

Сауалнама нәтижесі: Халық қай депутатты мақтап, қайсысын даттады?

Суреттер: parlam.kz сайтынан алынды.

Мәжіліс – еліміздің ең басты заң шығарушы органы. Мұнда айтылатын әрбір сөз, көтерілетін әр мәселе халықтың мүддесіне сай болуы тиіс. Енді болашақта еліміз бір палаталы парламентке өтуімен ‑ оның салмағы тіпті артпақ. Ал қазіргі Мәжілісте кәсібіи, білімі мен білігі тұрғысынан депутаттар қатарында әртүрлі адамдар жүр.

Сол себепті де біз арнайы сауалнама жүргіздік. Мәжілістегі заң шығарушылардың жұмысына Қазақстан қоғамы қандай баға беретінін білуге тырыстық. Нәтижесін қараңыз:

САУАЛНАМА НӘТИЖЕСІНЕ ШОЛУ

Abai.kz ақпараттық порталы жүргізген «2025 жылы халықтың назарында болған депутаттар кімдер?» атты сауалнаманың қаралымы 10,9 мың адамды қамтыды.

Сауалнама Usbanov ARNASY телеграм арнасында жүргізілді. Сауалнаманың сайттағы қаралымы – 3,4 мың адамды құраса, телеграм платформасындағы қаралымы 7,5 мың адамды құрады. Сауалнама: «PARANOIA.KZ», «Ongar_online», «Qaz365.kz», «Ertenmedia» телеграм арналарында репосталды.

Ұзын-ырғасы 200-ге жуық пікір жазылды. Бұл пікірлердің ішінде халықтың назарында болған депутаттар, халықтың қатал сынына ұшыраған депутаттар мен Парламентке қарата айтылған сындар болды.

ЖЕКЕЛЕГЕН ДЕПУТАТТАР БОЙЫНША БАҒА:

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Бірінші орын: Халықтың көңілінен көбірек шыққан депутат – Бақытжан Базарбек. Респонденттер Бақытжан Базарбекке (37 пікір) оң бағасын берген. Дейтұра, Бақытжан Базарбекке қатысты да жұрт пікірі екіұшты.

Респонденттердің бір тобы – «Б.Базарбектің заңсыз алынған жерлер мен мүліктерді мемлекет меншігіне қайтару, коррупцияны әшекерелеу, оның алдын алу туралы қызметі жоғары деңгейде», - деп бағаласа, тағы бір тобы – «Бақытжан Базарбек те жолдаудан соң өзгеріп кетті. Бір палаталы парламентке тек партиялық тізіммен барады деген пікірді қолдап отыр. Демократия бір қадам артқа кетті», - деген пікірде.

Бақытжан Базарбек – Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. Жасы – 44-те. Бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған. Мамандығы – заңгер, құқық қорғаушы.

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Екінші орын: Респонденттердің көп дауыс берген депутаты – Қазыбек Иса. Респонденттердің дені депутат Қазыбек Исаның (16 пікір) жұмысына оң баға беріп, халық көзіне жиі көрініп жүрген депутаттардың қатарына қосады.

Сауалнамаға қатысушылардың ортақ пікірі – «Қазыбек Иса ұлттық мүдде дегенде біразға барады. Ол нағыз ұлтшыл адам», дегенге саяды. Респонденттер Қазыбек Исаның «тіл үшін күресін» оң бағалаған.

Қазыбек Иса – Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Жасы – 63-те. «Ақ жол» демократиялық партиясының мүшесі. Мәжілістің 7-ші және 8-ші шақырылымдарына партия тізімімен барған.

Суреттер: parlam.kz сайтынан алынды.

Үшінші орын екеу:

1. Сауалнама қатысушыларының оң бағасын көбірек алған депутаттардың біріЕділ Жаңбыршин.

Респонденттердің көбі депутат Еділ Жаңбыршиннің жұмысы халық көзіне көрініп жүр деп есептейді (15 пікір). Десе де, «соңғы кездері Еділ Жаңбыршиннің үні бәсеңдеп қалған», деген пікірлер де жоқ емес. Тіпті, респонденттердің кейбірі – «Еділ Жаңбыршин қайда көрінбей кетті?» деп сұрау салуда.

Еділ Жаңбыршин – Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы. Жасы – 59-да. «Amanat» партиясының мүшесі. Мәжіліске партиялық тізіммен өткен.

2. Мәжіліс депутаттарының ішінде халық атын атап, түсін түстеген, жұмысы көрініп жүр деген депутаттардың бірі – Ринат Зайыт.

Респонденттер Ринат Зайыттың атын Еділ Жаңбыршинмен тең атайды (15 пікір). Алайда, Жаңбыршиннен Зайыттың айырмашылығы – респонденттер Ринат Зайытты құр сөздің адамы дегенді көбірек айтады. Сауалнама қатысушыларының Ринат Зайытқа қатысты пікірі екіұшты. Бір тобі – «Ринат Зайыттың көші ілгері. Айтуындай-ақ айтып жүр», - десе, тағы бір тобі – «Ринат айтады, бірақ, айтқандарының бірі де орындалып жатқан жоқ. Ол сылдыр сөздің адамы, істің адамы емес. Іс істейтін адам көпірме сөзге, мақтанға жол бермейді», - дейді.

Ринат Зайыт – Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Жасы – 41-де. «Amanat» партиясының мүшесі. Мәжілістің 8-ші шақырылымдарына партиялық тізіммен өткен.

Суреттер: parlam.kz сайтынан алынды.

Төртінші орын: Респонденттер атын жиі атаған депутаттардың ішінде төртінші орын қос бірдей депутатқа тең тиіп тұр. Олар – Ермұрат Бапи мен Асхат Аймағамбетовтер.

Респонденттер Бапи мен Аймағамбетовке қатысты 12 пікірден жазған.

Асхат Аймағамбетовке қатысты сауалнама қатысушылары: «Асхат Аймағамбетовтен өзгесі лайықсыз. Асхат кәсіби депутат», - дейді. Ал Ермұрат Бапиге қатысты жұрт: «Мәжілісте нағыз ұлтшыл, қазақты ойлайтын адам тым аз. Солардың бірі – Ермұрат Бапи», - дейді.

Асхат Аймағамбетов – Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы. Жасы – 43-те. 2023 жылғы қаңтарға дейін - Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болған. «Amanat» партиясының мүшесі. Мәжілістің 8-ші шақырылымына партиялық тізіммен өткен.

Ермұрат Бапи – Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі. Жасы – 66-да. Бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған. Мамандығы – журналист, баспагер.

Сурет: parlam.kz сайтынан алынды.

Бесінші орын: Респонденттер жұмысын оң бағалаған депутаттардың бірі – Абзал Құспан. Сауалнама қатысушылары депутат А.Құспанның жұмысына қатысты 11 пікір жазған.

Сауалнама қатысушыларының бір тобы: «Өзгелерге қарағанда Абзал Құспанның жұмысы жұртқа көбірек көрінеді. Мәжіліс мінберінде де, әлеуметтік желіде де белсенді. Пікірін ашық айтып жүреді», - дейді. Ал тағы бір топ респондент: «Абзал да жеке пиары үшін жанталасып жүргендердің бірі», - деп пікір білдіреді.

Абзал Құспан – Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі. Жасы – 47-де. Мамандығы – заңгер. Мәжілістің 8-ші шақырылымына бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған.

Бұлар Мәжілістегі жұмысы халық көзіне көрініп жүрген. Мақтауы да, сыны да қатар айтылатын үздік бестіктің тізімі.

Респонденттердің тағы бір бөлігі: «ешбір депутаттың аты жекелеп атауға лайықсыз», - деп есептейді (10 пікір).

Сауалнама қатысушылары: «Ешқайсысы лайық емес. Айтар сөздерін алдын-ала келісіп, рұқсатпен айтады. Депутаттарда билік жоқ. Ештеңе шешпейді, шеше алмайды. Әділетті сайлаусыз барған депутаттардың ешбірі халық бағасына лайық емес», - дейді.

ПАРТИЯЛАР БОЙЫНША ЖАЛПЫ БАҒА:

Суреттер: amanatpartiasy.kz, akzhol.kz сайттарынан алынды.

Бұлардан бөлек, «жасаған жұмыстары халық көзіне көрініп жүр» деп, аттарын атаған бірсыпыра депутат бар. Сауалнама қатысушылары олар туралы 5 пен 10-ның аралығында пікір жазды. Олар:

«Amanat» партиясынан: Елнұр Бейсенбаев, Нартай Сарсенғалиев, Жарқынбек Амантай, Мұрат Әбенов, Ерлан Сайыров, Мақсат Толықбай, Үнзила Шапақ. Жиынтығы – 20 пікір.

Баға: Бұл партия Парламенттегі доминант басымдыққа ие партия болғандықтан, оның мүшелерінің көптеп аталуы заңдылық. Аталған партияның құрамында кәсіби, білікті мамандар аз емес. Олардың Парламенттегі жұмысы да көзге көрінбейді деуге болмайды. Партия депутаттарының аты жиі айтылуы – Парламенттегі үлесіне қарай, пропорционалды.

Аталған партия доминантты дауысқа ие болғандықтан, Үкімет құрамын жасақтауда және заңдар қабылдауда айқын басымдыққа ие. Сәйкесінше, Үкімет пен Парламент жұмысындағы сәтсіздік үшін де жауапкершілік ең әуелі – осы партияға тиесілі. Демек, сұрау да ең әуелі осы партиядан болмақ!

«Ақ жол» демократиялық партиясынан: Азат Перуашев, Дания Еспаева. Барлығы – 14 пікір.

Баға: «Ақ жол» Парламенттегі тәжірбиелі партиялардың бірі. Біздің сауалнамамызда аталған партияның үш бірдей депутатының аты аталады. Ал Мәжілісте аталған партиядан бар болғаны 6 депутат. Сол себепті де, респонденттердің аталған партия депутаттарын атауы – оның жұмысына берілген баға болып есептеледі.

Суреттер: auyl.kz, qhp.kz, informburo.kz сайттарынан алынды.

Мәжілісте барлығы 6 саяси партия бар екенін ескерсек, сауалнама қатысушылары 3 саяси партияның депутаттарын ғана атап көрсетеді. Ал аттары һәм депутаттары мүлде аталмаған партиялар – «Ауыл» ХДПП - 8 депутат;  ҚХП - 5 депутат;   ЖСДП - 4 депутат.

Ресонденттердің ішінде жалғыз пікірші Айдарбек Қожаназаровтың атын атады демесеңіз, «Respublica» партиясының депутаттары да жұрт назарынан тыс қалған деуге әбден болады. Ал аталған партия Мәжіліске 6 депутат кіргізген.

Баға: Біздің әлеуметтік сауалнамамыз Мәжілістің жалпы жұмысына берілген ақырғы баға емес. Десе де, бұл саяси партиялардың бірде-бір депутатының аттары аталмауы – аталған партиялардың белсенділігіне қатысты үлкен күмән тудырады.

Тағы бір ескеретін мәселе:

Жоғарыда көрсетілгендей, алғашқы аталған белсенді депутаттардың  үшеуі бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған болып шықты. Ал, олардың Мәжілістегі саны бар‑жоғы 7 депутат. Соған қарамастан, олар 62 депутаты бар «Аманат» партиясымен бір қатарда тұр (3 депутат). Басқа партиялар «партиясыздарға» жете алмай қалды.

Сондықтан, болашақта «бір мандатты сайлау округін алып тастау» туралы мәселе  қоғамда қызу пікірталас тудырады деп болжауға болады. Өйткені, сауалнама көрсеткендей, «партиялық тізім ‑ парламент беделін арттырады» деген ереже әзірге шындыққа жанаспай тұр.

РЕСПОНДЕНТТЕР ҚАТАЛ СЫНАҒАН ДЕПУТАТТАР:

Суреттер: parlam.kz сайтынан алынды.

Біздің бұл сауалнамамызға қатысушылардың ішінде аты жиі аталған бір депутат – Ардақ Назаров болды (барлығы 8 пікір).

Респонденттердің ішінде бірен-сараны – «Ардақ Назаров рухы мықты азамат. Ел үшін риясыз жұмыс жасайтындар қатарына қосамыз», - десе, сауалнама қатысушыларының дені депутат А.Назаровқа қатысты негативті пікір білдірген.

Пікіршілердің басым көпшілігі: «Назаровқа қалай көңілің толады, Мәжілісті сахнаға айналдырып жіберді ғой. Енді «тост» айтулары қалды. Мүлдем пайдасыз, популист депутаттың бірі – Назаров. Ондайларды Мәжіліске жолатпау керек», - дейді.

Ардақ Назаров – Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Жасы – 45-те. Мәжілістің 8-ші шақырылымына бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған.

Сауалнама қатысушыларының негативті пікірі көп айтылған депутаттардың бірі – Дәулет Мұқаев (5 пікір).

Респонденттер депутат Дәулет Мұқаевқа қатысты позитивті пікір білдірген жоқ. Ал пікіршілердің дені: «Дәулет Мұқаев мандатын тапсыруы керек. Мұқаев баяғыша жүре бергені дұрыс еді. Депутаттың айлығын Instagram-нан-ақ табар еді. Кім-кімді де атаққұмарлық құртып тұр ғой», - дейді.

Дәулет Мұқаев – Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. Жасы – 33-те. Мәжілістің 8-ші шақырылымына бір мандатты сайлау округі бойынша сайланған.

МӘЖІЛІСКЕ АЙТЫЛҒАН ЖАЛПЫ СЫН:

Парламентке (Мәжіліске) айтылған сыни пікірлер аз болған жоқ. Сондай пікірлердің бірсыпырасы: «Айтқыш депутаттар көп болғанымен, нақты жұмыс атқарған, заң жобасын жасаған депудат көрмедім. Барлығы көзбояушылық», - дейді.

Респонденттердің тағы бір қауымы: «Әр Мәжіліс сайын келіп, ештеңе бітірмейтін, орындық тоздырып жүргендерді отставкаға жіберу керек. Депутаттардың немен айналысып жүргені белгісіз. Халық қалаулылары деген аттары бар, бірақ халықты қолдайтын жұмыстары көрінбейді. Депуттаттардың мемлекеттің ақшасын босқа құртқаннан басқа тигізіп отырған пайдалары шамалы. Айлықтары миллион, ал нағыз жұмысшы халықтың айлығы 85 мың. Шығарып, қабылдап отырған заңдары мүлдем миға қонымсыз», - дейді.

Мәжілістің жұмысына оң баға берген респонденттер де жоқ емес. Олар: «Соңғы сайланымдағы жігіттер мықты. Олигархтардың Алматыдағы қоршап саған зәулім үйлерін, жемқорлықты, заңсыздықтарды ашық айтып, сынап, олармен күресіп жүрген депутаттар да жетерлік. Дұрыс бағыттағы депутаттар аз емес», - дейді.

Түйін: 2027 жылы үлкен электоралды науқан келе жатыр. Ал еліміздің ең басты заң шығарушы органы саналатын – Мәжілістің бәсі артпақ. Олай дейтініміз – Қазақстан бір палаталы Парламентке ауысқан жағдайда, Мәжіліс елдегі бірден-бір заң шығарушы орган болады. Ондай жағдайда, Мәжіліске нағыз кәсіби депутаттар керек болады. Өйткені, бұл өзгеріс елдегі заң шығару ісін жылдамдатып қана қоймайды, оған жауапкершілік те екі есе артады. Демек, қателесуге орын жоқ!

Ендеше, біздің респонденттеріміз әділ бағасын берген саяси партиялар мен сол респонденттер «қалың ұйқыда» деп бағалаған саяси партиялардың өз жұмысын көрсететін кезеңі – дәл қазіргі уақыт дер едік.

Сауалнаманы жасаған: Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір