Бюджет жыртығын енді кім жамайды?

Ұлттық Қор мен қазақ экономикасының негізгі доноры саналатын Теңізшевройлдың қаржылық көрсеткіштері құлдырап барады. 2024 жылғы шоғырланған аудиторлық есепке сәйкес, ТШО активтері соңғы 2 жылда 50,6 миллиард доллардан 45,4 миллиард долларға дейін құлаған. 2022 жылғы табыстан компания бюджетке 3,3 миллиард доллар корпоративті табыс салығын төлесе, былтыр тек 880 миллион доллар төлей алды. Бізге тиісті роялти сомасы 2022 жылғы 6,4 миллиард доллардан 4,2 миллиард долларға дейін түсті.
Қазмұнайгаз арқылы ТШО-ның 20 пайыз үлесін ұстап отырған мемлекет те акционер ретінде пайдадан қағылды. Себебі, ТШО-ның 2024 жылғы таза кірісі небары 2,1 миллиард доллар болып қалды. 2022 жылдары таза кіріс 8 миллиард доллардан асып жығылатын. Енді бізге биылғы жылдық дивиденд максимум 400 миллион доллар ғана.
ТШО неге құлдырап барады? Басты себебі түсінікті – мұнайдың бағасы 2022 жылғы барреліне 80-90 доллардан қазір 59-65 долларға дейін арзандады. Және ТШО-ның мұнай өндіруге байланысты шығындары соңғы екі жылда кемінде 3 миллиард долларға өскен.
Ал 2025 жылғы мұнай фьючерстерінің графигі тіпті былтырғы орташа мәннен де төмен. Сондықтан биылғы жағдай өткен жылдан да жаман болуы мүмкін. Кенішті кеңейту жобасы арқасында мұнайды сәл көбірек өндіре бастадық. Алайда осы үшін ОПЕК картелімен арамыз суып барады. Біз өзіміздің өндіру лимиттерімізден асып кеттік. Оны компенсация жасау үшін мұнай өндіру қарқынын төмендету керек. Бұл біздің барлық жоспарларымызды бұзып тұр.
ТШО-ның биыл да шығындары азаймайтыны анық. Тіпті оны 16 миллиард доллар шекарасында ұстап қалудың өзі оңай болмайтын сияқты. Сондықтан биыл мұнай қазақтың еш жыртығын жамай алмайды.
Айбар Олжаев
Abai.kz