Сейсенбі, 30 Қыркүйек 2025
Дей салдым-ау 171 0 пікір 30 Қыркүйек, 2025 сағат 13:53

Ресей - «қағаз жолбарыс»! Қара теңіз флоты қайда кетті?..

Сурет: inosmi.ru сайтынан алынды.

Z-патриот Игорь Стрелков Ресейді «қағаз жолбарыс» деп атаған АҚШ президенті Дональд Трамппен сөзге келмей келісіп, алғаш рет «СВО-ны» тоқтатуға шақырды. Ресейлік шовинист және Z-патриот Игорь Стрелков өзінің ең жігері құм болған хаттарының бірін 26 қыркүйекте Telegram желісінде жариялап, енді жеңісті армандамайтын алға тарта отырып, бірінші рет Украинаға қарсы соғысты тоқтатуға үндеді.

Ол осы хатында АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресейді «қағаз жолбарыс» деген тұжырымымен басы бүтін келісе отырып: «Барлығы үш күнде немесе кем дегенде үш аптада күйреді деп күткен елмен үш жарым жыл бойы күресу еш опа әпермейтін ахуал», - деп жазған Стрелков «СВО» деп аталатын науқанның сәтсіздігі үшін, орасан зор және мағынасыз шығындар үшін, ұшқышсыз ұшу саласында Украина деңгейіне жете алмағаны үшін ешкімнің жауапқа тартылмағанына зығырданы қайнай отырып, сәтсіздікке жол бергендердің ешқайсының Ресей басшылығы тарапынан жауапкершілікке тартылмайтынына ашулана кәрлі қабақ танытады.

«Біз қазірдің өзінде дұшпанымыз тарапынан Қара теңіздегі шығыс базаларымызға күйрете соққы беруге жағдай жатырмыз. Үш жарым жыл бұрын теңіз бен әуені толығымен ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған Қара теңіз флоты қайда? Егер біз оларға жауап бере алмасақ немесе олардың алдын ала алмасақ, бұл жерде не болып жатыр?» - деп сауалды төтесінен қойған Стрелков Украинаны ит етінен жек көретін адам ретінде тауаны тасқа соғылып, алғаш рет Ресей өзінің «СВО-сын» тоқтату керектігін айтты.

«Егер біз бұл соғыста жеңе алмасақ, онда шынымен мүмкін оны өз жайына қалдыруымыз керек шығар?», - деп жазады Стрелков одан ары. Ол Ресейдің жағдайын «өте ауыр және тұрақты нашарлау үрдісі үстінде» деп өз бағалауын жасай келе, Украинаны жеңу перспективасының ауылы алыста екенін ашық мойындайды. Стрелковтың айтуынша, Ресей оңалуы мүмкін емес, апатқа бет алған, ал басшылық оның алдын алып, жағымды жаққа қарай өзгертуге еш қауқарсыз.

«Жағдайдың мүлдем ушығып, ұлттық апатқа бет алғаны анық. Енді басымызға түскен нақты жағдайға келетін болсақ: мен оны тұрақты түрде күн санап нашарлап бара жатыр деп бағалаймын. Орыны толмас шығынға ұрынып жатқанымыз да жасырын. Украиндар өздеріне аса қажетті уақыт пен ресурстар үшін Батыспен ауқымды да, байсалды түрде саудаласуын сәтімен жалғастыруда. Ал біздің басшылық бұған қарсы қауқар қылып ештеңе істей алмайды», - деп күңірене жазады Стрелков.

Стрелков Украинаның ел-жұрт қыркүйекте күткен шабуылын ешқашан басталмай, керісінше, Киевтің көктемге дейін қауіпті операциялардан бас тартып, Ресейді кұшін сарқып, тоздыруға барын салуы мүмкін екенін алға тарта отырып, соғыстың ұзаққа созылуы Ресейдің әлеуметтік-экономикалық жағдай одан сайын нашарлататынына қаны қараяды. «Егер украиндық қарсы шабуыл қазан айының екінші онкүндігіне дейін жасалмаса, онда бұл жылы мүлдем болмауы да мүмкін», - дейді.

Айта кетейік, Стрелковты халықаралық сот әскери қылмыс жасады деп айыптап, Донбасс үстінде жолаушылар ұшағын атып түсіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырған еді. Алайда ол басқа себеппен Ресейде темір тордың ар жағынан біра-ақ шықты. Кремль оны Путинді қатты сынағаны және оның махабаты Алина Кабаеваны ауызға алғаны үшін қатаң жазаланды. Ол бұған дейін Кремльді Украинаны жеңе алмағаны үшін бірнеше рет сынға алған болатын.

Z-патриот Стрелковтың мәлімдемелері Ресейдегі соғысты радикалды жақтаушылар арасында да сәтсіздік пен үмітсіздік туралы түсініктің артып келе жатқанын көрсетеді.

Керімсал Жұбатқанов

Abai.kz

0 пікір