Сейсенбі, 7 Қазан 2025
Жаңалықтар 131 0 пікір 7 Қазан, 2025 сағат 14:04

Денис Тен мемориалы қалай өтті?

Сурет: Сурет: Сали Сабиров.

Мәнерлеп сырғанаудан Алматыда өткен халықаралық Денис Тен мемориалы өз мәресіне жетті. Турнир түрлі елдің мықты спортшыларын біріктіріп, олимпиадалық маусымдағы алғашқы маңызды сайыстардың біріне айналды. Толығырақ Olympic.kz материалында.

Ерлер арасында өткен жекелей сырғанауда бәсекелестік деңгейі жоғары болды. Кейбір спортшылар үшін бұл жарыс маусымдағы алғашқы бастамасы еді. Сондықтан да Олимпиада қарсаңында және сол кезеңде біздің Михаил Шайдоровпен кім қай бағдарламамен және қандай дайындықпен сынға түсетіні қызық болды.

Михаилдың өзі де алғаш рет жаңа бағдарламасын және костюмін таныстырды. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері қысқа бағдарламада Sons of Legion, Phil Collins - In the Air Tonight және Kaleo, Jokull Juliusson - No Good композицияларымен өнер көрсетеді. Ал еркін бағдарлама үшін спортшы танымал «Бесінші элемент» фильмінің The Diva Dance саундтрегін таңдаған. Бағдарламада Эрик Серра жазған түпнұсқа әуенмен қатар, Димаштың орындауындағы ария да (Confessa нұсқасы) қамтылған.

"Қысқа бағдарламаға арналған әуендерді біз командамен бірлесіп таңдадық. Рок стилінде сырғанауды өзім ұсындым, ал нақты әндерді бірге іздедік. Ақырында түрлі дәуірдің рок әуендерін біріктіретін нұсқаны таңдадық.

Ал еркін бағдарламадағы әуенді мен шамамен бес жыл бұрын таңдаған едім. Бірақ қашан сырғанайтынымды білмедім. Себебі ол үшін лайықты деңгейге жетуім керек еді. Әлем чемпионатынан кейін сол сәттің келгенін түсіндім", - деген еді Шайдоров Olympic.kz-ке берген сұхбатында.

Алматыдағы жарыста Михаилдың басты қарсыласы 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы оңтүстіккореялық Ча Джунхван болады деген болжам бар еді. Алайда ол қысқа бағдарламада сәтсіз өнер көрсеткеннен кейін, еркін бағдарламаны орындаудан бас тартып, турнирден шығып қалды.

Соған қарамастан, Шайдоровтың қарсыластары өте мықты болды. Мәселен, Олимпиаданың қола жүлдегері (командалық сайыс) Джейсон Браун (АҚШ) және әйгілі Этери Тутберидзенің шәкірті грузиялық Ника Егадзе (2025 жылғы әлем чемпионатында тоғызыншы орын).

Бастапқы кезеңнен-ақ Шайдоров көшбасшылықты өз қолына алды. Қысқа бағдарламада ол 95,01 ұпай жинап, қалған спортшыларды басып озды. Еркін бағдарламада артықшылығын сақтап, 187,21 ұпай еншіледі. Жалпы есепте 282,22 ұпай жинап, бірінші орынға ие болды. Екінші орында - Ника Егадзе (266,90), ал Джейсон Браун (257,81) үшінші сатыға жайғасты.

Шайдоров еркін бағдарламада бес төрт айналымды секіру орындады. Барлық элемент мінсіз шықпағанымен, бұл оның маусымдағы алғашқы жарысы еді. Алдағы уақытта ол бағдарламасын жетілдіріп, техникасы мен орындау сапасын арттыра түспек.

Диас Жиренбаев та өзін жақсы қырынан көрсетті. Ол қысқа бағдарламада (77.14) және жалпы есепте (208.68) жеке рекордтарын жаңартып, 11-орынға ие болды.

Әйелдер арасындағы жекелей сырғанауда Софья Самоделкина өнер көрсетуі тиіс еді. Алайда турнир алдында алған жарақатына байланысты жарыстан бас тартты. Осылайша мұзға жақында ғана оралған оңтүстіккореялық Ли Хэ Ин жарыстың басты фаворитіне айналды.

Спортшы ұзақ үзілістен кейін бабына қайта ене бастады. Еске сала кетсек, ол 2023 жылы әлем чемпионатында қола жүлде иеленген болатын. Ал Алматыдағы жарыста жеңіске жетті. Спортшы жалпы есепте 196.84 ұпай жинады. Оңтүстік Корея өкілі Юн Асун (174.37) екінші орынға ие болды. Канада спортшысы Маделин Щижас (164.39) турнирді қола жүлдемен аяқтады. Қазақстан құрамасының сапында ең үздік нәтиже көрсеткен Амира Ирматова алтыншы орынға тұрақтады (137.15).

Мұздағы би бағдарламасында Диана Дэвис пен Глеб Смолкин (Грузия) жұбы 193.14 ұпаймен жеңіске жетті. Екінші орында - америкалық Уна Браун мен Гейдж Браун (178.86), ал швед жұбы Милла Рейтан мен Николай Майоров (177.25) үздік үштікті түйіндеді. Қазақстандық Бойсангур Датиев пен Гаухар Наурызова тоғызыншы орынмен (131.59) жарысты аяқтады.

Сондай-ақ Денис Тен мемориалында жастар арасында да жүлделер сарапқа салынды. Ер балалар арасындағы бәсеке тек қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылардың арасында өтті. Ең үздік нәтиже көрсеткен - Артур Смағұлов (159.59). Күміс медальді Никита Козлов (134.97) иеленсе, үшінші орынды Кенан Бердібаев (126.42) еншіледі. Ал қыздар арасында біздің спортшылар жүлдесіз қалды.

Ким Гонхи (Оңтүстік Корея, 179.24) жеңіске жетті. Ким Мин Сон (Оңтүстік Корея, 171.33) күмістен алқа тақса, Арина Калугина (Әзірбайжан, 167.24) қола медальға қол жеткізді.

Қазақстан құрамасының сапында үздік нәтиже көрсеткен - Анна Санникова. Ол 136.85 ұпай жинап, 6-орынға ие болды. Карина Шеина - 11-орын (127.34), Сабина Ботина - 13-орын (116.92), Валерия Зоркина - 14-орын (115.63), Зере Сарбалина - 15-орын (114.98), Милана Воронцова - 19-орын (95.34), Амина Шалымбекова - 20-орын (93.62).

Жақын уақытта ересектер арасында өтетін Гран-при кезеңдері басталады. Бұл сындарда әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылары бас қосады. Сол жарыстардың кейбіріне Михаил Шайдоров та қатысады. Бұл тек басы ғана, басты бәсеке әлі алда.

Сурет: Сали Сабиров, Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 703
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 9504