Сейсенбі, 14 Қазан 2025
Әдебиет 149 0 пікір 14 Қазан, 2025 сағат 13:13

Орхан Памуктың жаңа кітабы не туралы?

Сурет: aa.com.tr сайтынан алынды.

Түрік жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Орхан Памуктың жаңа кітабы «Алыс таулар естелігі: суретті дәптерлер, 2009-2022» деп аталды.

Бұл шығарма әдеби және көркем әлемде түрлі пікір тудырып үлгерді. Аталған кітапты The New York Times сыншысы Двайт Гарнер «жеңіл, үстірт» деп сынап, «Нобель иегерінің соңғы жылдары шығарған ең ұятты кітабы емес пе?» деген өткір сауал тастаған еді.

Шынында да, Гарнердің сынын да шындықтың ізі бар сияқты. Памук өз романдарында адам жанының азабы мен қоғамның рухани күйзелісін нәзік суреттейтін жазушы ретінде танылған. Ал бұл жолы ол әлемнің түкпір-түкпіріндегі конференциялар мен фестивальдерге қатысып, біреудің есебінен жайлы өмір кешіп жүрген еркін суреткер бейнесінде көрінеді. Моцарт музыкасын тыңдап пойызбен Лионға бара жатқан сәті немесе Гарвард алаңында жаңбыр астында Нобель лауреаттары жиынына асыққан көрінісі – жазушының өзіне деген сенімінің тым артқанын аңғартады.

Алайда «Алыс таулар естелігі» шығармасын үстірт сынап тастау қателік болар еді. Бұл туынды Памуктың ең еркін, шектеусіз еңбектерінің бірі. Кітап ешқандай кіріспесіз басталады. Алғашқы бетінде автордың дәптерінен алынған толық түсті сурет – теңізден қарағанда жауын астындағы жағалау. Аспанда түрікше сөздер: «тамшы», «сөздер», «жауын»… Ал олардың ағылшынша аудармасы жоғарыда берілген. Бұл – Памуктың ішкі әлеміне, ой ағымына енуге шақырған алғашқы қақпа.

Келесі беттерде жазушы өз түсінде көретін «алыс тауларды» бейнелейді. Ол жерде «алып құстың ұясы», «мағынаға ұмтылыс», «жер қойны – менің қабірім» сияқты символикалық бейнелер кездеседі. Мұның бәрі оқырманды нақты сюжеттің емес, еркін қиял мен бейсаналықтың кеңістігіне жетелейді.

Памуктың суреттері аса кәсіби болмаса да, оларда бір аңғалдық пен шынайылық бар. Ол акварель мен түрлі-түсті маркерлерді жиі қолданады, Матисстің түстік шешімдерін еске түсіреді. Бірақ бұл кітап ең алдымен Карл Юнгтің әйгілі «Қызыл кітабымен» үндес: онда да сурет пен сөз, сана мен қиял, өнер мен психологияның шекарасы жойылып кетеді.

Памуктың дәптерлері тек көркем туынды ғана емес, жазушы өмірінің айнасы. Онда ол қай күні, қай жерде роман жазғанын, қандай ойлармен жүргенін, тіпті күнделікті тұрмысын да хатқа түсіреді. «Түстен кейін Эйвери кітапханасында отырам, күн сайын бір үстелде жазам» немесе «Ақыры Snow романының жаңа басылымына арналған мәтінді аяқтадым» деген жолдар шығармашылықтың шынайы тұрмысын көрсетеді.

Кітап соңындағы хронологиялық тізімге қарағанда, Памук өмірінің әр кезеңін дәптер беттеріне шебер тоқыған. Бір жазбада сүйген қызы туралы айтса, келесісінде болашақ жары пайда болады. Бір сапарда Ресейде дәріс оқиды, бірінде Берлин мен Парижде көрмеге қатысады. Барлығы шынайы уақыт желісінде өз орнын табады.

Дегенмен «Алыс таулар естелігінің» басты күші – оның жүйесіздігінен туындайтын еркіндік. Бұл – логика мен хронологиядан гөрі сезім мен бейнеге сүйенетін кітап. Ол бір жағынан – сурет альбомы, екінші жағынан – поэтикалық күнделік, ал үшінші жағынан – жазушы санасының картасы.

Сондықтан да Памуктың жаңа еңбегін кейбір сыншылар «балалар кітабына ұқсайды» деп бағаласа да, оның астарында үлкен шығармашылық батылдық жатыр. Бұл туындыда жазушы өзін де, уақытты да байлап қоймайды. Ол еркіндікке жол ашады – әрі сөздің, әрі бояудың еркіндігіне.

Қорытындылай айтқанда, «Алыс таулар естелігі» – Памуктың өмірі мен ойының визуалды хроникасы. Иә, кей тұста паңдық пен өзін-өзі әспеттеу байқалады, бірақ ол сонысымен де шынайы. Кітап түрлі-түсті, кейде шатасқан, кейде әсерлі, бірақ ең бастысы – тірі. Орхан Памук тағы да өз оқырманын таңғалдырды: бұл жолы ол роман емес, өз жанының дәптерін ұсынды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 869
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10040