Сейсенбі, 26 Мамыр 2026
Білгенге маржан 256 0 пікір 26 Мамыр, 2026 сағат 12:37

Қазақ емшілігі және тағамтану ғылымы

Сурет: e-history.kz сайтынан алынды.

Кіріспе

Қазақ емшілігі — халқымыздың ғасырлар бойы жиналған өте бай, құнды тәжірибесіне және ғылыми тұрғыдан жинақталған жүйесіне негізделген, зерттеуге тұрарлық дәстүрлі медицина жүйесі. Ол табиғи факторларға, дәрілік өсімдіктерге, жануар тектес дәрілерге және физикалық емдеу әдістеріне сүйенеді. Қазіргі таңда бұл сала халық (этно) медицинасымен біріктірілген (интегративті) медицинаның маңызды объектісі ретінде қарастырылуда.

Осы дәстүрлі таныммен ұштасып жатқан қазіргі заманғы маңызды ғылым салаларының бірі — тағамтану ғылымы. Тағамтану ғылымы — адам ағзасының дұрыс қызмет етуі үшін қажетті тағамдық заттардың құрамын, олардың сіңу барысын және денсаулыққа әсерін зерттейді. Қазіргі қоғамда дұрыс тамақтану мәселесі ерекше мәнге ие болып отыр, себебі өмір салтының өзгеруі, қоршаған ортаның ластануы және дайын тағамдардың көбеюі адам денсаулығына тікелей ықпал етуде. Сондықтан ұлттық емшілік пен тағамтану қағидаларын ғылыми тұрғыда біріктіре зерттеу — адамның ұзақ әрі сапалы өмір сүруінің негізі болып табылады.

Қазақ емшілігінің тарихи дамуы мен әлеуметтік негізі

Қазақ емшілігінің түп-тамыры көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Мал шаруашылығы мен табиғатпен етене өмір сүру халықтың ауруды емдеуде табиғи байлықтарды кеңінен қолдануына мүмкіндік берді. Емшілік тәжірибесі ұрпақтан-ұрпаққа ауызша және тәжірибелік түрде беріліп отырды.

Бұл жүйеде емшілер (тәуіптер, бақсылар, сынықшылар, дәрі-шөп танушылар және бала емдеуші әжелер) тек емдеумен ғана емес, сонымен қатар аурудың алдын алу, денсаулықты сақтау мәселелерімен де айналысқан. Олардың тәжірибесінің ішінде расында пайдалы нәрселер өте көп.

Дәстүрлі емдеу әдістерінің жүйесі

Қазақ  емшілігінде  адам  ағзасын  сауықтырудың көптеген әдістері мен тәсілдері қалыптасқан. Оларды негізгі төрт бағытқа бөліп қарастыруға болады:

Дәрілік өсімдіктермен емдеу (фитотерапия)

Қазақ емшілігінде кең қолданылған басты бағыттардың бірі — дәрілік өсімдіктермен (шөптермен) емдеу. Халық арасында емдік қасиеті жоғары шөптер мына арнаулы ауруларға қолданылған:

Жусан — ас қорыту жүйесіне;

Жалбыз — тыныштандыруға;

Қалақай — қан тоқтатуға;

Итмұрын — иммунитетті күшейтуге.

Жануар тектес емдік құралдар және тағаммен емдеу

Мал шаруашылық өнімдері қазақ емшілігі мен сауықтыру жүйесінде маңызды орын алған:

Қымыз — ас қорыту мен иммунитетке;

Шұбат — өкпе ауруларына;

Қойдың құйрық майы — суық тию мен тері ауруларына қолданылған.

Физикалық емдеу әдістері

Бұл бағытта адамның дене бітімі мен физиологиялық ерекшеліктеріне тікелей әсер ету әдістері қолданылады:

Сынықшылық (сүйек салу, сынық салу халық арасында оташы делінеді);

Сипап-сипау, тарап емдеу (массаж);

Тамыр ұстау және ыстық-суықты реттеу;

Қан алу (хиджамаға ұқсас әдістер);

Булау және ыстық басу.

Рухани және психологиялық ем

Бақсылық дәстүрінде адамның психоэмоционалдық жағдайын реттеу маңызды орын алған. Бұл әдістер қазіргі психотерапия элементтерімен ұқсастық көрсетеді.

Тағамтану ғылымының мәні, міндеттері және қоректік заттар әлеуметі

Тағамтану ғылымының негізгі мақсаты — адам ағзасына қажетті қоректік заттардың мөлшерін анықтап, оларды тиімді пайдалану жолдарын ұсыну. Бұл ғылым келесі міндеттерді қамтиды:

Тағам құрамындағы ақ уыз, май, көмірсу, дәрумендер мен минералдардың рөлін анықтау;

Тағамның ағзада қорытылу және сіңу барысын зерттеу;

Әр түрлі жас ерекшелігіне сәйкес тамақтану тәртібін белгілеу;

Аурулардың алдын алу мақсатында дұрыс тамақтану үлгілерін ұсыну.

Адам ағзасына қажетті негізгі қоректік заттар мен олардың атқаратын маңызды қызметтері мынадай:

Ақ уыздар — жасушалардың негізгі құрылыс материалы. Олар бұлшық ет, тері, қан құрамын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Майлар — энергия көзі және ағзаны суықтан қорғайтын қабат қызметін атқарады. Сонымен қатар, майда еритін дәрумендердің сіңуіне көмектеседі.

Көмірсулар — ағзаның басты қуат көзі. Олар күнделікті қозғалыс пен ой еңбегіне қажетті энергия береді.

Дәрумендер мен минералдар — ағзаның қалыпты қызметін қамтамасыз ететін маңызды заттар. Олар иммундық жүйені нығайтып, түрлі аурулардың алдын алады.

Дұрыс тамақтану қағидалары және аурулардың алдын алу

Дұрыс тамақтану — денсаулықты сақтаудың негізгі шарты. Оның басты қағидалары мыналар:

Тағамның құнарлылығы мен әртүрлілігі;

Тамақтану тәртібін сақтау; артық тамақтанбау; табиғи және сапалы өнімдерді таңдау;

Тұз бен қант мөлшерін шектеу.

Тағамтану және дұрыс теңгерімді тамақтану көптеген аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді. Зерттеулер көрсеткендей:

Артық майлы тағамдар жүрек-қан тамырлары ауруларына әкелуі мүмкін;

Қантты көп тұтыну қант ауруының пайда болуына ықпал етеді;

Дәрумендердің жетіспеуі иммунитеттің әлсіреуіне себеп болады.

Сондықтан теңгерімді тамақтану арқылы адам өз денсаулығын ұзақ уақыт сақтай алады.

Қазіргі ғылыми көзқарас және дамыту жолдары

Қазіргі медицина қазақ емшілігінің кейбір элементтерін зерттеу объектісі ретінде қарастырады. Әсіресе дәрілік өсімдіктердің фармакологиялық қасиеттері ғылыми түрде дәлелденіп келеді. Сонымен қатар ұштастырылған (интегративті) медицинада дәстүрлі әдістер қосымша ем (терапия) ретінде қолданылуда.

Бірақ оны заманға сай дамыту үшін тек «ата-бабадан қалған» деумен шектелмей, ғылыми жолмен зерттеу керек. Себебі халық емшілерінің тәжірибесінің ішінде пайдалы нәрселермен бірге, кейбірі ғылыми дәлелсіз болуы мүмкін. Сондықтан бәрін тексеріп, пайдалысын сақтау маңызды.

Қазақ емшілігі мен тағамтану ғылымы: дәстүрлі медицинаның ғылыми-тұжырымдамалық негіздері және оны ғылыммен ұштастыру жолдары

Қазақ емшілігі мен тағамтану ғылымы — адамның ұзақ, сапалы өмір сүруінің және денсаулықты сақтаудың басты кепілі болып табылады. Дұрыс тамақтану мен халықтың өмірлік тәжірибесіне негізделген мәдени және медициналық құндылықтар тек аурулардың алдын алып қана қоймай, жалпы өмір сапасын арттырады. Оның кейбір элементтері қазіргі ғылыми медицинамен үйлесіп, жаңа зерттеу бағыттарына жол ашуда.

Алайда, қазақ емшілігін дамыту үшін ең алдымен оны ретсіз әңгіме емес, білім мен зерттеуге сүйенген салаға айналдыру керек. Халыққа шын пайдалы болуы үшін оның қауіпсіздігі, пайдасы және қолдану жолы анық болуы маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, дәстүрлі білім мен заманауи ғылымды қарсы қоймай, екеуін бірге дамыту — негізгі мақсат. Сондықтан әрбір адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарап, күнделікті тағам құрамы мен сауықтыру шараларын ғылыми негізде ұйымдастыруы тиіс.

Саланы жүйелі дамыту және ғылыми негіздеу шаралары

Бұл саланы жүйелі түрде ілгерілету, заманауи ғылыммен сабақтастыру және халық арасындағы емдік тәжірибелерді ғылыми сүзгіден өткізу үшін мынадай нақты істер қажет:

Зертханалық зерттеулер мен дәлелдемелер: емдік өсімдіктер мен хайуанат мүшелерінің қасиетін зертханада арнайы тексеру; қай шөптің немесе хайуанат мүшесінің нақты қандай ауруға және неге көмектесетінін ғылыми түрде дәлелдеу; сонымен бірге олардың улы және зиянды жақтарын, жағымсыз әсерлерін ажыратып анықтау.

Дәстүрлі мұраларды хаттау: халық емшілерінің, оның ішінде ауылдағы тәжірибелі мамандардың ғасырлар бойғы емдік білімі мен тәжірибесін түгел жинап, жазып алу, халық ортақ байлықтан игіліктенуі керек.

Терминологияны қалыптастыру: қазақша жүйелі медициналық атауларды көбейту, жүйелі арнаға салу және арнайы бір ізге түсіру.

Білімдік инфрақұрылым: жас мамандарға дәстүрлі ем туралы оқу бағдарламаларын енгізу, арнайы кітаптар мен оқу құралдарын шығару. Дәстүрлі емді заманауи медицинамен теке-тірес қоймай, бірге қарастыру.

Өндірістік қуаттарды арттыру: дәрілік шөптерді жүйелі өсіретін арнайы бақтар ашу және осы дәрілік өсімдіктерді шикізат ретінде өңдейтін арнайы өндіріс орындарын құру және одан пайдаланып шаруашылық құн жарату.

Бақылау және заңдастыру: сынықшылық, уқалау (массаж) және шөппен емдеу сияқты негізгі бағыттарды ресми заңдастыру, олардың қауіпсіз ем түрлеріне арнайы рұқсат беру және өтірік, жалған емшілерден ажырататын заң мен бақылауды барынша күшейту.

Мемлекеттік қолдау және реттеу тетіктері

Мемлекет тарапынан бұл саланы жан-жақты ілгерілету мен жүйелеу үшін мынадай бағыттарда жетекшілік пен жөн сілтеу жұмыстары жүргізілуі тиіс:

Ғылым және білім орталықтары: арнайы зерттеу орталықтарын ашу және жоғары оқу орындары мен университеттерде дәстүрлі медицина бөлімін барынша көбейту.

Оқу-тәрбие жүйесі: дәстүрлі ем туралы арнайы мектеп пен тәрбиелеу орталықтарын ашу, оған қажетті кітаптар мен оқу құралдарын мемлекет жағынан арнайы басып шығару және жас мамандарды оқыту ісіне қолдау көрсету.

Цифрландыру және архив: халық арасындағы құнды мәліметтерді, емдік тәсілдер мен ауылдағы тәжірібелі емшілердің білімін архивтеп, түгелдей цифрландыруға көшіру.

Тілдік және құқықтық қолдау: қазақ тіліндегі медицина ғылымын қолдау, қазақша кітаптарды көбейту; қауіпсіз деп танылған ем түрлеріне ресми рұқсат берумен қамтамасыз ету және халықты алдайтын жалған емшілерге бақылау тетіктерін күшейту.

Бұл саланы жан-жақты ілгерілету үшін ең керегі: ұлттық білімді ғылыммен тығыз ұштастыру, таза қазақ тілінде сапалы медициналық кітаптар жазу және зерттеу орталықтарының желісін көбейту болып табылады.

Дәстүрлі білім қайнарларын заманауи ғылымның жетістіктерімен қарсы қоймай, бірге қарастырғанда ғана, қазақ емшілігі ретсіз әңгіме деңгейінен шығып, халыққа шын пайдасын тигізетін, қауіпсіздігі мен пайдасы дәлелденген жоғары ғылыми деңгейге көтеріледі.

Бақытбек Мұхамадиаұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3171
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2259