Парламенттік реформа қос палатаны қосумен ғана шектелмеуі керек!

Жұмыс тобының жетекшісі Е. Қарин мырзаның; Жұмыс тобы жетекшісінің орынбасарлары Е. Жиенбаев пен А. Қырықбаев мырзаның және Жұмыс тобының өзге де мүшелерінің назарына!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 08 қазанда Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының жетекшілері құрамын бекітті.
Енді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин мырзаның жетекшілігімен Тоқаев дәуіріндегі кезекті Конституциялық реформаның жобасы жасалатын болады.
Мен Ерлан Қарин, Ержан Жиенбаев, Арман Қырықбаев бастаған Жұмыс тобының жетекшілері мен мүшелерін Ұлтымыз бен Мемлекетіміз үшін аса зор тарихи маңызға ие осынау саяси реформанының жобасын жасайтын құрамға енуімен шын жүректен құттықтаймын.
Және олардың жұмысына сәттілік тілеймін!
Алла бұйырса, енді қос палатаны қосу үшін Ата Заңға өзгеріс енгізіледі.
Сөздің тоқ етеріне келсек, бұл жолғы Парламенттік реформа тек қос палатаны қосумен ғана шектелмей, Конституциядағы өзге де кем-кетіктерді, нақтылап айтсам, тарихи әділетсіздік пен саяси қателікті толықтай кетуі керек!
Осы орайда Жұмыс тобының жетекшілері мен мүшелеріне өзімнің ұсыныстарымды ұсынуды жөн көрдім.
Бірінші, Конституция «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңның талабына сәйкестендірілуі керек.
Шындығына келсек, 1995 жылдан бергі Конституцияның бәрі «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңның талабына мүлде сай емес!
Неге?
1991 жылғы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңы 18 баптан тұрады.
Аталған заңның 7- және 8-бабы толығымен шекара сыртында қалған қазақтарға арналған.
Онда былай деп жазылған:
7-бап. Қазақстан Республикасының өз азаматтығы бар. Басқа мемлекеттерде тұратын Республика территориясын тастап шығуға мәжбүр болған барлық қазақтардың сол мемлекеттердiң азаматтығымен бiрге, егер бұл олар азаматы болып отырған мемлекеттердің заңдарына қайшы келмейтiн болса, Қазақстан Республикасының азаматтығын алу хұқы танылады.
Қазақстан Республикасы көшi-қон процестерiн реттеп отырады.
Қазақстан Республикасы жаппай қуғын-сүргiн, күштеп ұжымдастыру кезеңдерiнде, адамгершiлiкке жат өзге де саяси шаралар нәтижесінде Республика территориясынан кетуге мәжбүр болған адамдар мен олардың ұрпақтарының, сондай-ақ бұрынғы одақтас республикалар территориясында тұратын қазақтардың өз территориясына қайтып оралуы үшiн жағдай жасайды.
8-бап. Қазақстан Республикасы Республика шегiнен тыс жерлерде тұратын қазақтардың ұлттық-мәдени, рухани және тiлдiк қажеттерін қанағаттандыруға қамқорлық жасайды, олар азаматы болып отырған мемлекеттермен жасалған шарттар негiзiнде бұл азаматтардың мүдделерiн қорғайды.
1993 жылы қабылданған Конституцияның 4- және 5-баптарында жоғарыдағы екі баптың шекара сыртында қалған қазақтарға қатысты нормалары бір нүктесі қалдырылмай толық қамтылған.
Өкінішке орай, 1995 жылы қабылданған Конституцияда соның бір әрібін қалдырмай түгел алынып тасталған.
Еліміз Тәуелсіздігінің тұғыры да, тірегі де – «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заң!
Бұл – осы конституциялық заңның «Осы Заң Қазақ КСР Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациямен бірге Республиканың жаңа Конституциясын әзірлеуге негіз болады», деген 18-бабына мүлде қайшы! Бір емес, екі бірдей негізі жойылған!!
Тәуелсіздік – әлемдегі барлық қазаққа ортақ құндылық. Шеттегі қазақтардың хақысы Конституциядан тыс қалмауы керек!
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Заң және Тәртіп» қағидатын жолға қойып отыр. Біз Заңның әр нүктесіне дейін бұлжытбай орындауға тиіспіз.
Әсіресе, «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңның 18-бабын ескермеу – тарихи әділетсіздік және саяси қателік! Екі бірдей бапты Конституциядан алып тастау – Тәуелсіздікке жасалған зор қиянат және шекара сыртында қалған қазақтарға жасалған қастандық деп есептеймін!!
Осы жерде тағы бір тарихи оқиға туралы атпай кетуге болмайды.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, 1991 жылғы Қазақ Советтік Социалистік Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы декларациясы қабылданған 25 қазан – тарихи күн ретінде «Республика күні» деген атпен мемлекеттік мерекелер тізбесіне енгізіліп, тойланып келді.
Неге екені белгісіз, сол «Республика күні» 2009 жылы жойылды.
Бұл да орны толмас тарихи әділетсіздік пен саяси қателік еді.
2022 жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей пәрменімен Тәуелсіздіктің алғашқы қарлығашы болған сол «Республика күні» Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мерекесі болып белгіленіп, 25 қазанда қайтадан жоғары деңгейде тойланатын болды.
Қасекеңнің арқасында тарихи әділетсіздік қалпына келді, саяси қателік түзетілді!
Президенттің бұл тарихи шешімін жұрт өте жылы қабылдап, алғысын жаудырды.
Жалпы, менің ұғымымдағы Ұлттық, Мемлекеттік идеология – ол – Ата Заң!
Ата Заңның әр бабы, әр тармағы біздің Ұлттық, Мемлекеттік идеологиямыз!
Жоғарыда айтылған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңның екі бабына қатысты тарихи әділесіздік пен саяси қателік түзелгенде ғана, Қасым-Жомарт Кемелұлының «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», «Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан!» деген ұстанымы қағаз жүзінде қалмай, толық жүзеге асады!
Сондықтан, Парламенттік реформа қарсаңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы» конституциялық заңының 18-бабын ерекше ескере отырып, аталған заңның 7- және 8-баптарындағы шекара сыртындағы қазақтарға қатысты нормаларды түгелімен Конституцияға қайтадан енгізуді, сөйтіп саяси қателікті түзетіп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруді ұсынамын.
Екінші, азаматтардың сайлау және сайлану құқығын қамтамасыз етуіміз керек.
Конституцияның 33-бабында «Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар»,-деп жазылған.
Президент биылғы Жолдауында «Парламентті тек қана партиялық тізім бойынша сайлаған жөн деп санаймын»,-деген ұсынысын ортаға салды.
Мен Қасым-Жомарт Кемелұлының бұл бастамасын қос қолымды көтеріп қолдаймын.
Бірақ, осыған дейінгі Парламентке партиялық тізім бойынша сайлауға түскен және партиялық тізім бойынша сайлаған азаматтардың да, сайлаушылардың да Конституцияның осы 33-бабындағы сайлану және сайлау құқығының әбден тапталып келгенін ешкім жоққа шығара салмаса керек!
Себебі, Парламентке партиялық тізім бойынша сайлауға түсетіндердің де, сайлаудан өтіп Парламентке депутат болып барғандардың да тізімін Президент Әкімшілігі мен Партия жетекшілері және ықпалды лауазымды тұлғалардың жасап келгені, депутат болғандардың солардың іріктеуімен және келісімімен Заң шығарушы органға «сайланып» барғаны белгілі шындық.
Соның кесірінен, азаматтарымыздың Конституцияның 33-бабындадағы құқығы тапталды. Сайлау институты дамудың орнына кері кетті. Сайлау мәдениеті тоқырауға ұшырап, халық «Сайлау» десе, халық теріс айналатын деңгейге жетті. Партияларда да беделден жұрдай болды...
Біздің қазақта: «Сөйлеп үйренген ауыз жыбырын қоймайды» деген керемет сөз бар. Бір палаталы Парламент орнаған соң, Сайлау процессіне Президент Әкімшілігі араласпайды деу – мүмкін емес. Ежелгі әдетіне қайта басады, сөзсіз араласады.
Бұл – бір жағынан орынды да шығар...
Сондықтан, егер, Президент Әкімшілігі Сайлау процессіне араласса, Партиялық тізіммен сайлауға баратын азаматтарды іріктеу кезінде араласуы керек.
Бірақ, сайлауға түсерде Конституция «батасын» алған азаматтардың ішінен кімге дауыс беруді сайлаушылардың өздерінің еншісіне қалдыратын механизм қарастырылуы тиіс.
Нақтылап айтсақ Сайлау бюллетеньіне Президент Әкімшілігі мен Партия жетекшілерінің іріктеуінен өткен депутаттыққа үміткерлердің есімдерін жазып, сайлаушыларға солардың ішінен қалаған тұлғасына дауыс беретін мүмкіндік берген дұрыс.
Қысқасы, Парламентке Президент Әкімшілігі мен Партия жетекшілерінің іріктеуінен өтіп барып, партиялық тізіммен сайлауға қатысқан үміткерлердің қайсысы барса да – бәрібір емес пе?!
Бұл өзгеріс, өз кезегінде, Президент ортаға қойған «Ықпалды Парламент» тұжырымдамасын нығайтады, партиялар арасындағы бәсекелестікті күшейтеді, халықтың сайлауға деген сенімін оятады. Ең бастысы, Республика азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға берілген Конституциялық құқығын белгілі дәрежеде қорғайды...
Үшінші, Парламент депутаттарының саны 300-ден кем болмауы тиіс.
Қазіргі Мәжілістің 98 депутаты мен Сенаттың 50 депутатын қосып, бір палаталы парламет құруға 148 депутат сөзсіз аздық етеді.
148 депутат Парламентке келіп түскен Заң жобаларын мұқият қарауға, зерттеуге үлгірмейді. Сонымен бірге, Президенттің әр реткі Жолдаулары мен Ұлттық құрылтайда, Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында берген тапсырмаларын қадағалауға да шамалары келмейді.
Сондықтан, Парламент депутаттарының саны, ең кемінде, 300-ден кем болмауы керек. 350 болса, тіпті жақсы...
Төртінші, ауылдарды сақтап қалудың және дамытудың бірден-бір жолы – облыс пен ауданды мемлекеттік бюджеттен ажыратып, оны тіке ауылдық округке беру.
Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қарин бауырым маған ренжімесін, 2022 жылғы Ол кісі бас болып жобасын жасаған «Саяси реформа» жемқорлық пен рубанизацияны тоқтата алған жоқ. Керісінше, үдетіп жіберді.
Жалпы жемқорлықты былай қойып, мемлекеттен бөлінген субсидияның өзі діттеген жеріне жетпей, жемқорлардың жеміне айналды.
Былтырғы Жолдауда Президенттің: «Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық...» дегені естеріңізде болар.
Ал, биыл Үкімет басшысы Олжас Бектенов: «Соңғы 5 жылда ауылдық елді мекендердің саны 194 бірлікке азайды. Негізгі себеп – инфрақұрылымдық, ғылыми-техникалық, индустриялық және өндірістік прогресс әсерінен туындаған ғаламдық урбанизация»,-деді.
Кеше депутат Ерлан Саиров Елбол Сейілханға берген сұхбатында отыз жылдың ішінде 1400 ауылдың жойылып кеткенін айтты.
Бұл енді сұмдық жағдай!
Иә, осыған дейін Үкімет ауылды сақтап қалу, рубанизацияны тоқтату үшін біраз шара қолданды. Ол шараны жүзеге асыруға бөлінген қаражатты есептесек, тіпті жаңадан 1400 ауыл құрып шығатын ақша жұмсалған болуы мүмкін...
Егер, осы беті кете беретін болса, Қазақстанның ауылдары, әсіресе шекаралық аймақтар бос қалары шындық.
Сондықтан, ауылдарды сақтап қалудың жалғыз жолы – мемлекеттік бюджетті аудан мен облысқа емес, ауылдық округтерге беру!
Ол үшін, Ол үшін, 1. Ауылдық округтердің шекарасын айқындау керек; 2. Кемінде, 25 адамнан тұратын Ауылдық кеңес құрылу керек; 3. Ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағытқа кеңейту керек!
Осы жерде баса айта кетейін, ерте ме, кеш пе, Үкімет менің осы жобамды орындауға мәжбүр болады. Енді кешіктірсек, біз ауылдан айырыламыз. Уақыт ұттырмай, бүгіннен байтай берген дұрыс…
Бесінші, кадр тапшылығын шешудің бір жолы – экс-депутаттардың әлеуетінен пайдалану.
Еліміздегі кадрлар мен мамандар тапшылығының шегіне жеткені соншалық, биылғы Жолдауында «Білікті мамандарымызды елге қайтарудың тиімді тәсілдерін ойластырып, қолданысқа енгізу керек. Кадр тапшылығын жою үшін көші-қон саясатын да қайта қараған жөн. Шетелден елімізді дамытуға үлес қоса алатын мықты мамандарды ұлтына қарамай тарту – өте маңызды міндет. Олардың Қазақстанда қалуына жағдай жасау керек.»,-деді.
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметке баратын жастардың саны өте аз екені белгілі.
Себебі, біріншіден, мемлекеттік қызметкерлердің еңбекақысы аз. Екіншіден, олар зейнетке шыққанда одан да аз ақша алатынын өте жақсы біледі.
Сондықтан, экс-депутаттарды мемлекеттік маңызы бар қалалар мен ауданнан жоғарғыы орындарға лауазымды қызметке қою мәселесін қарастырған жөн.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенатқа он жыл басшылық етіп, соңында президент болды.
Демек, Парламент – білікті кадр дайындаудың нағыз ұстаханасы.
Сондықтан, Парламент – кадр тапшылығын шешудің тағы бір жолына айналуы тиіс. Менің Парламент депутаттарының саны 300-350-ден кем болмауы тиіс деуімнің бір себебі – осы. Болашақтың ең кемел кадрлары Парламенттен өтіп барып, биік лауазымдарға жайғасуы керек...
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметкерлерге зейнетақы тағайындау мәселесін қайта қарап, экс-президенттің зейнетақысы секілді, оларға да лауазымдық жалақысының сексен процентi мөлшерiнде зейнетақы тағайындау тәртібін енгізу арқылы да – кадр тапшылығын оңтайлы шешуге болатынын ескерген абзал...
***
Жалпы, мен ұсынып отырған бұл жобалардың Конституциямен және Конституциялық заңдармен реттелетіні белгілі.
Осы жолғы Парламенттік реформаның жобасын жасаған кезде Ерлан Қарин жетекшілік ететін Жұмыс тобының менің бұл ұсыныстарымды сөзсіз талқыға салуын, жан-жақтылы зерттеуін және жүзеге асуына ықпал етуін сұраймын.
Ауыт Мұқибек,
«Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz