Сейсенбі, 28 Қазан 2025
Көкжиек 2066 0 пікір 28 Қазан, 2025 сағат 19:11

Қоғам «ғылым құндылығын» неге қабылдамай жатыр?

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Қазіргі күрделі заман әр мемлекеттен іргесін бекіте түсуді талап етіп отыр. Яғни, бұл ‑ әрбір мемлекет қорғаныс әлеуетін арттырып, дербестігіне өзі кепіл бола алуы тиіс деген сөз. Бұл заманда оны жүзеге асырудың жалғыз шарты бар: ол – ғылым мен білімді және жаңа технологияны игеру. Тек осыған қол жеткізген елдер ғана әлемдік дамудың алдыңғы көшін бастап келеді. Әлемдік саясат та осы мемлекеттердің ықпалымен қарастырылады.

Қазақстан Республикасы өзінің табиғи ресурстары бойынша «ғылымға сұранысы жоғары» ел болуы тиіс. Алайда, өкінішке қарай, бүгінгі жағдайымызда ғылымның дамуы мен өндірістің, жалпы экономиканың дамуы арасында үлкен диспрапорция бар. Осы екеуінің арасындағы үйлеспеушілік неден туындайды? Бүгінде елімізде «ғылым құндылығын дәріптеу» атты қозғалыс бар, бірақ, ол жастардың өмірлік ұстанымына қаншалықты ықпал етуде? Нәтиже қандай?  Қазіргі кездегі ғалымдардың да, қоғамның да «бас қатырар» мәселесі осы болып отыр...

ҒЫЛЫМИ НАРЦИСИЗМ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Әрине, бұл мәселе кешенді сұрақ болып табылады. Бүгін біз оның бір қырын ғана талдап өтуді жөн көрдік:

Мәселен, ғылым тек қоғамды дамытушы әлеуетті күш емес, ол «өзін‑өзі дамытып отыратын» қоғамдық сана форматы саналады. Олай болса, қазақстандық ғылымда «Қоғамның ғылымға деген жігері мен ынтасы неге кешеуілдеп жатыр?» деген сұраққа да жауап іздеуі керек – болмаса оның несі Ғылым?

Міне, осы мәселеде брталай шындықтың беті ашылады. Соның бірі – Қоғам мен Ғылым арасындағы байланысты зерттеу және нақты шешімдер қабылдау. Себебі, қоғамдық сана ғылымнан алшақ тұрса, ғылым тек «өзіне‑өзі тамсанушы», «өзіне‑өзі ғашық болушы» нарцисизм атты күйде қала береді. Мұндайда ғылымға дем беруші қоғам қалыптаспайды. Ғылым да дарынды «потенциалды ғалымдарынан» қол үзеді.

Бүгінде, елімізде жас ғалымдардың ғылыми өсу сатылары мен жетістіктері толығымен «скопус» базасындағы шет елдік, сонымен бірге, беделді университеттер мен академиялық институттарға тиесілі «ғылыми журналдарға» толық тәуелді болып қалған. Ғалымдардың еңбегі тек «скопус» базасындағы және отандық ғылыми  журналдарға шыққан  ғылыми мақалалары нәтижесінде ғана бағалануда.

ҚОҒАМ ҒЫЛЫМНАН ТЫСҚАРЫ МА?

Бұл жерде «қоғам» бар ма? Жоқ. Ендеше, біздің елде «ғылым – тек элитарлы сана формасы» ғана күйін кешуде. Қоғам оны жаппай іздеп оқып жатқан жоқ Сондықтан, қоғам да соған сай «ғылым құндылығы» дегенге атүсті, салғырт қарайды: жастарды ғылымға баулымайды, ғылымға мотивацияламайды... Сөйтіп, «ғылымның өмірі» қоғамнан тысқары, өзімен өзі, кейде, мұнда кездейсоқ тап болған, ғылымға ынтасыз кейіпкерлердің маңайында айналшықтап өтіп жатыр десек болады...

Оны біз қайдан білеміз?

Мәселен, еліміздегі ең ірі ғылыми‑зерттеу  орталығының бірі саналатын Әл Фараби атындағы Ұлттық университетте ғылыми жетістік ретінде:

1. Шет елдік индикаторлар:

Ағылшын тілінде скопус журналдарындағы мақалалар – 200‑100 балл;

Шет елдерде шыққан монографиялық еңбектер – 200‑100 балл;

Шет елдік ғалымдармен бірлесе жазған ғылыми монографиялар – 200‑100 балл;

Шет елдік стажировкалар;

Университетте пәнді ағылшын тілінде өткізу.

2. Отандық индикаторлар

Университеттік не академиялық ғылыми журналдар – 30‑15 балл;

Міне, өздеріңіз байқап отырғандай мұнда тек екі бағытта ғылымға жол ашық: скопус, шетелде шыққан монография, отандық ғылыми журналдар... Ал, қазақстандық қоғам «скопустағы мақалаларды», тіптен, «отандық ғылыми журналдағы» мақалаларды оқып, онымен танысып жатыр ма? Жоқ, қоғам одан мүлдем хабарсыз. Сондықтан, біздің ғылым да объективті жағдайда «нарцисизм» күйін кешуде...

Әрине, біз жоғарыда аталған ғылыми талаптардың бірнешеуін ғана атадық. Одан өзге «иммидждік мақалалар» деген бар. Ол біздің ғылымда мүлдем ескерілмейді десек болады...

Ендеше, осы жағдайдан Қазақстан Республикасы Ғылым және Білім министріне бірнеше сұрақ туындайды:

1. Кез келген ғылыми жаңалық технологиялық секіріс заманында елдің қауіпсіздігіне қызмет етуі тиіс. Ал, біздің ғалымдар неге өзінің жаңалықтарын алдымен «шет елдерге» ұсынады? Оның қауісіздігі қаншалықты қорғалған?

2. Қазақстанда қазақ тілі «Мемлекеттік тіл» статусын ие. Яғни, бұл «қазақ тілі ғылыми тілге айналуы тиіс» деген мағынаны береді. Сол сізге қаншалықты маңызды?

3. Біздің елде не себептен «ғылыми журналдардың» саны тым аз болып кетті? Не себептен ғалымдар жылдар бойы оған материалдарын жариялай алмай сарылуда? Бұл еліміздегі ғылымның дамуын астыртын шектеу емес пе?

4. Не себепті Жоғарғы аттестациялау комиссия тізімінде «ғылыми журналдармен» бірге, келесі категориядағы (санаттағы) журналдар ретінде «Ғылыми‑танымдық журналдар» жоқ? Ғылыми‑танымдық журналдар Ғылым мен Қоғам арасындағы «алтын көпір» емес пе?

5. Ғылым‑білім министрлігі не себептерден ғылыми дүниетанымды қоғамға тарататын, қоғамды ізгілендіретін, қоғамда ғылым құндылығын қалыптастыратын «ғылыми‑танымдық журналдар» легін ресми түрде аттестациялау тізіміне енгізбей отыр? Оның ғылымның дамуына тигізер пайдасы неге еленбейді?

Мінеки, бүгін біз осы мәселені қоғам алдына, содан кейін, Ғылым‑Білім министрлігі алдына қойып отырмыз. Қандай жауап болары бізге белгісіз... Біздің ой тек Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылды...

Әбдірашит Бәкірұлы,

философ, «Қазақ әлемі» РҚБ вице‑президенті

Берік Аташ,

Философия ғылымдарының докторы, Әл Фараби атындағы Ұлттық университеттің Философия кафедрасының аға оқытушысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1187
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10694