Бейсенбі, 30 Қазан 2025
Ақмылтық 1744 0 пікір 29 Қазан, 2025 сағат 14:21

Мәңгі кодекс: Тектілік пен тексіздік. Көрдемше. Жауапсыз неке

Сурет: democrat.kz сайтынан алынды.

Қазақтың рухани құрылымында ең биік заң – Жеті ата қағидасы. Бұл – жай ғана туыстық сана емес, адам мен ғаламның арасын жалғаған ғарыштық рухани жүйе. Оны ешбір дін адамзатқа сіңіре алмады.

Сол заң ғасырлар бойы ұлттың моральдық тұрақтылығын, генетикалық тазалығы мен рухани тұтастығын қорғап келді.

Бүгін сол киелі заң бұзылды.
Тектілік көмескіленіп, көрдемшелік көбейді.
Ақ неке қасиетін жоғалтып, ажырасу үйреншікті құбылысқа айналды.
Мұның бәрі адамның өз рухани кодынан ажырап, ғарыштық үйлесім заңын тәрк етуінен.

Оң жақтағы көрдемше – тек некесіз туған бала емес, рухани үзілістің нышаны,
ал сол жақтан ізделген «бақыт» — рухани бастаудан алыстаудың көрінісі.

1. Тектілік – жеті әкеден бері дарып келген кие

Қазақ ұғымындағы тектілік – қанның емес, рухтың тазалығы.
Ол жеті ата арқылы ұрпақтан-ұрпаққа берілетін қасиетті ақпарат пен өнегелік код.
Әр буын – аманаттың жалғасы, рухани мінездің тұтушысы/носителі.

Текті адам өз тегін ғана емес, өз миссиясын біледі.
Сондықтан қазақ «жеті атасын білмеген – жетесіз» деп, тектілікті рухани кемелдіктің өлшеміне айналдырған.

Жеті аталық өмір – үзіксіз ғарыштық арна.
Ол үзілсе – рухани жүйе де, ұлттық сана да үзіледі.
Ал бұл – тексіздік деп танылған.

2. Көрдемше – некесіздіктен туған рухани жара

Қазақ үшін ақ неке – адамның Ғарыш алдындағы анты.
Бұл ант бұзылған сәтте ғарыштық үйлесім де бұзылады.

Сол себепті «көрдемше» сөзі – биологиялық емес, моральдық және рухани дерткөз/диагноз.
Көрдемше – некесіздік пен жеке құмарлықтан болатын рухани құрбан.
Құрсақ – Жаратылыстың энергиясын тартушы, сол үшін де қазақ «алтын құрсақ» деп атаған.

Оң жақта отырып, некесіз бала туу – киеге қарсы шығу болып есептелген, Ата-баба мен әруақтардың батасынсыз әрекет ету, ол - қылмыс.
Мұндай ұрпаққа рухани арна толық берілмейді, ал көрдемшелі әулет сол арқылы жетіаталық жүйеге нұқсан келтіреді.
Қазақ үшін бұл – тек әулетке емес, рухани кеңістікке түскен жара.

3. Ғарыштық Карма заңы мен рухани жауапкершілік

Сәбит Еділханның «Ақсарбаз» атты еңбегінде ғарыштық үйлесімнің этикалық негізі кеңінен түсіндіріледі. Автордың пайымында, адам егер бір ғұмырда өз миссиясын орындамаса, келесі өмірде сол міндетті өтеуге мәжбүр етіледі. Бұл – Карма немесе Ғарыштық Әділет заңы. Себебі әр жанның жолы – ғарыштық дамудың бір бөлігі, ал заң бұзылса, тепе-теңдік те бұзылады.

Бұл түсінік қазақ дүниетанымындағы қарымта ұғымымен сабақтас.
Қарымтасы қайтпаған іс ғаламдық деңгейде теңгерім іздейді. Яғни, неке мен тектілік бұзылса – адам өз өмірінде ғана емес, ғаламдық өрісте де дисгармония тудырады.

Осыдан келіп, етек алған ажырасу, тексіздік, көрдемшелік сияқты құбылыстар – ғарыштық үйлесім заңына қарсы әрекеттердің адам өміріндегі көрінісі.

4. Тексіздік – рухани кодтың үзілуі

Бүгінде «тектілік» ұғымы жиі бұрмаланады: оны біреулер байлықпен, енді біреулер дандайсумен, ақсүйектікпен өлшейді.
Шындығында, адам үшін тектілік – рухани сапа ғана.

Малшы да, ұстаз да, шебер де текті бола алады, егер ол адал еңбек етіп, ұрпағына өнеге қалдырса. Ал тексіздік – осы өнеге тізбегінің үзілуі, рухани кодтың өшуі. Бұл — тек моральдық емес, энергетикалық азу үдірісі.

5. Ажырасу – ғарыштық әрі әлеуметтік заңның бұзылысы

Қазақ отбасы – тек екі адамның емес, екі рухтың және екі әулеттің келісімі.
Бұл келісім бұзылғанда, тек тұрмыстық байланыс емес, рухани резонанс бұзылады.

Бүгінгі ажырасулардың себептері белгілі:

  • Батыстан енген жеке еркіндік культі;
  • Жауапкершіліктен қашу;
  • Ақ неке ұғымының әлсіреуі;
  • Рухани білім мен тәрбиенің тапшылығы.

Нәтижесінде мыңдаған бала нағашы шаңырағында өсіп, өз тегін жалғастырмай қалды. Бұл — тек әлеуметтік мәселе емес, жетіаталық жүйенің іруі, яғни ұлттың рухани өрісіндегі теңгерімнің бұзылуы.

6. Еркіндік пен тәуелділіктің үйлесімі

Қазақ дүниетанымында еркіндік ешқашан менмендікпен өлшенбеген.
Еркіндік – жауапкершіліктен туады, ал тәуелсіздік – өзара тәуелділіктен басталады.

Жеті ата жүйесінде әр ұрпақ өзінен бұрынғы мен кейінгіге тәуелді, жауапты.
Бұл – рухани шынжыр, ғарыштық үйлесімнің кепілі.

Батыстық моделдегі абсолют индивидуализм осы заңды бұзды.
Адам өзін Құдаймен теңестіруге ұмтылды, сөйтіп, рух пен тәннің арасындағы тепе-теңдіктен ажырады.
Бұл – тек рухани дағдарыс емес, адамзаттық мутацияның бастауы.

Қорытынды

Қазақтың Жеті ата заңы – ұлттың рухани ДНК-сы,
мәдени сәйкестендірудің киелі коды.
Онда адам мен ғарыш арасындағы мәңгілік байланыс заңдылығы сақталған.

Тектілік – сол заңның мәні,
неке – оның киесі,
ал Карма – ғарыштық реттеуіш.

Бүгінгі тексіздік, көрдемше, ажырасу – осы кодтың бұзылуының айғағы.
Қоғамның сауығуы үшін:

  • Тектілік ұғымын қайта жандандыру;
  • Ақ неке мен жеті ата тәрбиесін оқу жүйесіне енгізу;
  • Адам мен ғарыш арасындағы моральдық байланысқа қайта оралу қажет.

Текті ұлт – киелі ұлт.
Тектілік – менмендік не мықтылық емес, рухани жауапкершілік.
Жеті ата заңы – Жер мен Ғарышты, Адам мен Рухты байланыстыратын МӘҢГІ КОДЕКС. Осыны ұғайық.

Серік Ерғали

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Профилактика бытового насилия

Алмаз Ещанов 1226
Қауіп еткеннен айтамын

Жау жоқ деме – жар астында...

Қуат Қайранбаев 10760