Бейсенбі, 6 Қараша 2025
Көршінің көлеңкесі 467 0 пікір 6 Қараша, 2025 сағат 14:14

Геосаяси мүдделер қақтығысындағы Қазақстан

Сурет: grand-tour.kz сайтынан алынды.

Бүгін АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық Азияның бес мемлекетінің көшбасшыларымен кездеседі.  

Ал осы хабардың алдында Уашингтоннан «Мәскеудің Қазақстанға қатысты құпия жоспары» атты  хабарламасы жария болды: «Ресей Украинамен соғысқа қарамастан, тағы бір интригаға тұмсық тығып жатыр».

Бұл хабарламада Қазақстанға ерекше екпін берілген екен. Ресей агрессиясының қауіп-қатерін талдаған Washington Post: «Мәскеу жақын уақытта іргедегі көршілерін түртпектей бастайды. Әрине, қазір Кремльдің басқа елге соғыс ашуға дәрмені жоқ. Сол себепті арандатудың астыртын амалдарына көшеді. Олар дезинформация, іштен іріту, барлау қызметі арқылы бірқатар елде тұрақсыздық туғызуды көздейді. Ресей осыған дейін Шығыс Еуропа елдерінде сыналған алгоритмді енді Қазақстан мен Әрменияда тексеріп көрмек», — дейді Washington Post.

Иә, соңғы жылдары Астана мен Ереван Мәскеуден алшақтай бастаған. 2024 жылы премьер Мишустин құпия баяндамасында Ресейдің Қавказ бен Орта Азиядан айырылып жатқанына назар аударған. Нақты шара қолдануды айтқан екен... Бірақ бұл аймақ қазір АҚШ үшін де стратегиялық маңызға ие – өйткені, «бизнесмен» Трамптың «іздеп жүрген» сирек металдар қоры Орта Азияда өте мол екен: Сирек металдың қоры бойынша Қазақстан әлемде үшінші орында тұр.

Онымен қоса, ежелден Орта Азия Қытай мен Еуропаны жалғайтын «дәліздің» негізгі буыны екенін, бқл сауда жолы Ресей мен Иранды айналып өтетіні де осы әңгімеге тамызық па дейміз.

Сондықтан, Мәскеудің соңғы уақытта Қазақстан мен Әрменияға шүйлігуі бекер емес. Ресей саясаткерлері Қазақстанның теріскей облыстарында «орыстілділердің құқығы бұзылып жатыр» деген пропаганданы күшейте түсті. Олар тура осындай сценарийді Украинаға қарсы пайдаланған еді», — дейді АҚШ басылымы.

Washington Post: «Қазақстан Мәскеу үшін өте-мөте ыңғайлы нысана. Кремль өз пропагандистеріне Астанаға қарсы ақпараттар беруге қарсылық білдірмейді. Ал, олардың «жасыл адамдары» қазір қазақстандық элита ішінен жақтастар іздеп, қоғамдық пікірге ықпал етуге күш салып жатқанға ұқсайды», ‑ деп қорытындылайды.

Әрине, мақалада Ақорда теріскейден төнетін қауіп-қатерге төте бере алмасын түсінеді. Сол себепті, Қазақстан  АҚШ‑пен, Батыс  елдерімен, Қытай және Түркиямен саяси әріптестікті күшейтуге ұмтылуда деген пікір де айтылған.

Осы жағдайда «Қазақстанда АҚШ компанияларының экономикалық үлесі болса, Мәскеу агрессиясы қиындайды. АҚШ сирек метал мен энергетика саласындағы келісім арқылы Астананың аймақтағы ықпалын арттырып, солтүстіктегі тұрақтылықты күшейте алады», – деп жазады сарапшылар.

Қазір Ресей соғыссыз‑ақ көрші елдерде тұрақсыздық тудыра алады. Ендеше, Қазақстан да, Армения да АҚШ-пен әріптестікті нығайтпаса, күні ертең Ресей дегеніне жетеді», – дейді олар.

Бұл сараптаманы АҚШ әскери-теңіз күштері министрінің экс-орынбасары Сет Кропси мен Turan зерттеу орталығының директоры Жозеф Епштейн әзірлепті.

Түйін: Қазақстан мен Орталық Азия қазір сыртқы геосаяси күштердің назарына ерекше «іліге» бастады: Қытайдың бұл аймақпен экономикалық интеграциясы жоғары деңгейде болса, Ресейде өзінің бұрыннан қалыптасқан «бір орталыққа, яғни – Мәскеуге бағыну» неоимпериалистік саяси инерциямен әрекет етуде. Міне, енді, осы топқа АҚШ келіп енді, өйткені, Қазақстанда да, Арменияда да АҚШ‑тың саяси‑экономикалық мүддесі бар.

Оның үстіне, мұндай «хабарламаның» ҚР президенті Қ.К.Тоқаевтың қараша айында Мәскеуге ресми сапары алдында айтыла бастауын «Империялық мүдделердің астыртын ақпараттық қақтығысы» деп те бағалауға болады...

Abai.kz

0 пікір