Жұма, 27 Қараша 2026
124 0 пікір 27 Қараша, 2026 сағат 19:25

Кінәсі дәлелденіп, үкім шықты: «Нұр Отанның» экс-идеологы 10 жылға, жиені 6,6 жылға сотталды

Сурет: baq.kz сайтынан алынды

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында Б., К. және Н.-ға қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау (ҚК-нің 190-бабы), қылмыстық жолмен алынған ақша қаражатын заңдастыру (ҚК-нің 218-бабы), ұрлықты ұйымдастыру (ҚК-нің 188-бабы), ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру (ҚК-нің 340-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚК-нің 274-бабы) бойынша айыпталғандарға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Ақша қаражатын жымқыру және заңдастыру

2018 жылы «ҚазТрансГаз» АҚ Бас директорының кеңесшісі қызметін атқарған Б. компания қызметкерлерінің кәсіподағы арқылы жалпы сомасы 86,9 млн теңгеге халықаралық автожарыс өткізуге қатысты екі шарттың жасалуын ұйымдастырған.

Сомасы 47,9 млн теңгені құрайтын шарттардың бірі Б.-ның жиені К. басшылық ететін «BM Trust» ЖШС-мен жасалған. Бұл ретте халықаралық автожарысты іс жүзінде ұйымдастыруды «We Can» ЖШС жүзеге асырған.

Қызмет құнын негізсіз жоғарылату және нақты орындалмаған жұмыстар үшін ақша аудару нәтижесінде 42,2 млн теңге жымқырылған.

Аталған мән-жайлар шарттар, сметалық құжаттама, банктік үзінді көшірмелер, сот-экономикалық сараптамасының қорытындысы және куәлардың айғақтары негізінде анықталды.

Жымқырылған қаражаттың бір бөлігі жабдық сатып алуға, өндірістік үй-жайларды жалға алуға және «Art Romance» брендімен жиһаз өндірісін ұйымдастыруға жұмсалған. Жиһаз сатудан түскен түсім шамамен 9,7 млн теңгені құраған.

Гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастыру

2025 жылғы қыркүйекте Б. Н.-мен бірлесіп, Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңарту нысанынан құны 1,3 млн теңге болатын 12 гранит тақтаны ұрлауды ұйымдастырған.

Олар тартқан адамдар ақшалай сыйақы үшін тақталарды құлпытас жасау шеберханасына жеткізген. Кейіннен Б. болған оқиғаның бейнежазбасын Instagram әлеуметтік желісінде өзі анықтаған ұрлық фактісі ретінде жариялаған.

Б.-ның ұйымдастырушылық рөлі оның ұялы телефонынан табылған ұрлықты тікелей орындаушы Х.-мен хат алмасу негізінде анықталды. Хат алмасу мазмұнынан Б.-ның орындаушының әрекеттерін үйлестіргені көрінеді.

Сонымен қатар, 2025 жылғы 10 қыркүйекте Б. мен Н. арасындағы телефон арқылы сөйлесудің аудиожазбасы зерттелді. Онда гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастыру мәселесі талқыланған. Дауыстың Б.-ға тиесілі екені соттың бейнефонографиялық сараптамасымен расталды.

Бұл мән-жайлар куәлардың айғақтарымен, бейнежазбалармен және ұялы телефондарды қарап-тексеру материалдарымен расталды.

Ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастыру

2025 жылғы қазанда Б. мен Н. Баума тоғайында жасы 21 жылдан 150 жылға дейінгі 16 ағашты заңсыз кесуді және зақымдауды ұйымдастырған. Келтірілген залал 213 мың теңгені құрады.

Б.-ның нұсқауы бойынша ағаштарды кесу ұйымдастырылған. Ақша қаражаты тікелей орындаушы Х.-ға берілген.

Ағаштар кесілгеннен кейін Б. мен Н. оқиға орнына келіп, бейнетүсірілім жүргізген және болған оқиғаны құрылыс компаниясының қызметімен, сондай-ақ аумақты тұрғын үй құрылысына дайындаумен байланыстырған материалды жариялаған.

Ағаштарды кесуді ұйымдастыру мән-жайлары тікелей орындаушылардың айғақтары, телефон арқылы хат алмасу, абоненттік қосылыстар туралы мәліметтер, заттай дәлелдемелер және Н.-ның мойындау көрсетілімдері негізінде анықталды. Ағаштарды заңсыз кесудің тікелей орындаушылары бұған дейін Алматы қаласының Түрксіб аудандық сотының үкімімен сотталған.

Көрінеу жалған ақпарат тарату

Сот Б. мен Н. жариялаған бюджет қаражатының жұмсалуына қатысты бейнематериалдарды зерттеді. Бейнероликтердің бірінде Алматы қаласындағы екі жаяу жүргіншілер өткелін жөндеуге шамамен 1 млрд теңге бөлінгені туралы хабарланған. Алайда конкурстық құжаттамада он нысанға күрделі жөндеу жүргізу көзделген.

Басқа жарияланымда «Атакент» көрме кешені аумағын кешенді қайта жаңғыртуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам қаражат тек көшелерді жарықтандыруға арналған шығындар ретінде көрсетілген. Іс жүзінде жобаға субұрқақ кешендерін, инженерлік құрылыстарды, суару жүйелерін салу, көгалдандыру, жабындарды жаңарту және басқа да жұмыстар кірген.

Abai.kz

0 пікір