Дүйсенбі, 17 Қараша 2025
Алашорда 163 0 пікір 17 Қараша, 2025 сағат 11:43

Тарихи көтеріліс хақында (басы)

Сурет: Сайт мұрағатынан алынды.

(Саяси репрессия құрбандығының көзімен)

ҰМЫТЫЛМАС БЕЛЕС

Мемлекеттік тәуелсіздігімізді баянды ететін шарттардың біріне ұлттық санамыздың айқындығы мен тарихи жадымыздың бекемдігі жатары дау туғызбас білем. Ендеше, осынау асыл қасиеттерді халқымыздың бітім-болмысына, әр ұл-қызымыздың тұла бойына тынымсыз егіп, ширатып, пісіре түсу ләзім. Бұл үшін өткен жолдарды сын көзбен шолып, сүзіп, тиісінше сана мен жадқа нәр құйып, болашақ қадамға қажет тәлім, сабақ ала беру керек. 1986 жылғы Желтоқсан – тап сондай көзқарасты талап ететін өте маңызды, қасіретті де қастерлі кезең.

Қоғамдық құрылыстың дүниені дүр сілкіндіре ауысуына байланысты қаулап шыққан қалың көсемге – «шешен емес жоқ адам, бәрі білгіш, бәрі де ер» саясатшыларға – халқымыздың ардақты ұлы Міржақып Дулатов 1917 жылғы желтоқсанда мынандай сауал тастаған-ды:

«Кешегі қара күндерде, Жұлдызсыз, айсыз түндерде, Жол таба алмай сенделіп, Адасып алаш жүргенде – Бұл күнгі көп көсемдер, Сұраймын, сонда қайда едің? Ақыл таппай дағдарып, Жанашыр таппай сандалып, Барарын қайда біле алмай, Жүрген бір күнде сан ғарып – Есепсіз көп шешендер, Жөніңді айтшы, қайда едің? Сарыарқа сайран жерлерім, Көк орай шалғын көлдерім, Асқар тау, биік белдерім – Бәрін жауға алдырып, Қысылып қазақ тұрғанда – Данышпандар, қайда едің? Атадан бала айрылып, Қанаты сынып қайрылып, Қасірет толып жүрекке, Тұрған бір кезде қайғырып – Толып жатқан қамқорлар, Елде жоқ едің, қайда едің? Құландай үркіп елдерің, Қалдырып мекен жерлерін, Жаяу-жалпы, жалаңаш, Қатын, бала ерлерің Аштықтан қырғын тапқанда – Сыпыра жомарт, қайда едің? Кедейдің сорын қайнатып, Майданға жасын айдатып, Тіл жоқ, көз жоқ, басшы жоқ, Өлімге басын байлатып, Жіберерде, жаным-ау, Жанашыр жақын, қайда едің?»

Құдды 1986 жылғы Желтоқсан тұғырынан қазіргі таңда қойылған өткір сұрақтар дерсің. Осылайша мойындамауға ұяты алдында адал болғысы келетін әркімнің дәті шыдамаса керек. Рас, үстем идеологияға, яки билеуші төреге арқа сүйейтін жәдігөй де екіжүзді «бас адамдар» үшін бұлар жай ғана жел сөз, өйткені олар тарихты өздері жасайды. Ал арлы кісі ойланбай тұра алмайды. Кімнің кім екенін – wһо іs whо – іштей «Қайда едің?» тұрғысынан таразылайды. Іштей де болса қай-қайсысына да лайықты бағасын береді.

Азаматты танудың бірден-бір иманды өлшемін бұдан бір ғасыр ілгеріде, әлеуметтік және экономикалық ілімдердің соңына жас шағында шырақ алып түсіп жүрген пролетариаттың болашақ көсемі дәл айқындаған болатын: «Тарихқа сіңірілген еңбектер тарихи қайраткерлердің қазіргі талаптармен салыстырғанда не бермегеніне қарай емес, өздерінен бұрынғылармен салыстырғанда жаңа не бергеніне қарай бағаланады».

Қай заманда да азаматтыққа сын ретінде, адамның азаматтығының өлшемі, кімнің бағасы қай деңгейде түрғанын өлшер безбен ретінде ел басына күн туған сәттерді алу ләзім. Жасыратын не бар, әділет қуам деп от пен суға әй-шәй жоқ қойып кететіндер пендешілік тұрғыда ұтылады. Ондайлардың кез келген қитұрқы сүзгіге бірінші болып тұтылатыны белгілі. Ал қадамын іш есеппен, санап басатындар аңқылдақ алғашқылар оп-оңай шырмалып жататын торлардан дін-аман құтылады. Ондайлардың, уақыты келгенде, белсене құтыратыны да рас. Өткен дәуірлер мұндай қадамдар мен қылықтарды дәйектер мысалдарға тұнып тұр, қазіргі заман да кенде емес...

Өтпелі кезеңде өткінші әділдік салтанат құрып, жаңа белсенділер өз біліктерімен дәуірлейді. Сондықтан ғой Жақаңның «Қайда едің?» деп қайран қалғаны. Сондықтан ғой – «Енді бүгін кім жаман? Данышпан емес, кім надан? Қамқор емес, кім жауыз? Жомарт емес, кім сараң? Көсем емес, кім жалтақ?.. Жеткіздің, алла тағалам» деп күйінгені. Сондықтан!

Бүгінде Сексен алтыншы жыл сергелдеңін сөз ете беру кейбіреулерге ұнамайды, өйткені тап сол жылғы Желтоқсан толқуы, дұрысын айтқанда, Желтоқсан көтерілісі және олардың сол Көтеріліске көрсеткен ұлт мүддесіне үйлеспейтін көзқарасы әшкереленіп қалар еді. Стандартқа еті үйренген кеңес елін жаппай дүр сілкінтіп, жалпақ әлемді елеңдеткен сонау қазақ жастарының дүрбелеңді қозғалысына кім-кімнің қалай қарайтыны – оның отаншылдығының шынайы табиғатына таразы, әділетсүйгіштігіне, азаматтық көзқарасына өлшем, критерий болып табылады. Шынтуайтқа келгенде, мұндай ар мен адалдық өлшеуішіне ондайлардың көбі шыдас бермейді.

Сексен алтыншы желтоқсанның қаһарлы үш күні мен ызғары «жаңа 37-ні» елестетіп, ұзаққа созылған қырғи-қабақ ахуалдың қайғылы салдарлары, бұрмалаулы жазалаулар туралы аз айтылған жоқ. Ол – неосталинизмнің жан айқайға басып ашу шақыруы еді. Ол – тоталитарлық жүйенің репрессиялау аппараты бағыныштыларына көрнекі үлгі боларлық террор жүргізіп, жүгенсіздікпен тайраңдаған кез болатын. Ол – партия мен кеңес өкіметінің біз ес білгелі бері тұңғыш рет жиренішті жазалаушылар мен бағындырып-жуасытушылар деңгейіне дейін құлдырауы-тын. Ол – империялық күштердің өз қатарына барлық қазақ еместер мен қазақтардың жағымпаз да жарамсақ бөлігін қосып алуға, сөйтіп, қазақ халқы мен түрлі ұлт өкілдері арасына сына қағуға ашық тырысқанын көрсетуі-тұғын.

Біртіндеп алыстап бара жатқан 1990 жылдың жазында – тәуелсіздіктен бір жарым жыл бұрын – Журналистер одағы мен Орал облыстық партия комитеті ұйымдастырған «ақтаңдақтар»» мәселесі жөніндегі республикалық конференция мінбесінен мен өзіндік бағамды осылай жария еткен едім. Қазіргі таңда еш салмағы жоқ бұл сөздер ол тұста оғаш та қатқыл естілген – сол конференцияға қатысқан бір дос кейін маған залдың сілтідей тұнып тыңдағанын, әр сөзімнің электр тоғы соғып тітіренткендей әсер еткенін айтқан-ды.

Одан бері талай уақыт өтті, бірақ, бәрібір, мен сонау анықтауышымнан ештеңе алып тастағым келмейді. Себебі ол – жүйе диірмені өзін-өзі әшкерелегеннен туған ащы қорытынды, тарихи шындық болатын. Бірақ толық шындық та емес секілді, тек бұл туралы сәл кейінірек...

КӨТЕРІЛІСШІЛЕРГЕ АРАША

Жүйеге, биліктегілерге жағыну ыңғайымен тіл безеп, әйтеуір жау тауып жазалап қалуға тырысатындардың қысастығын менің өзіме де тікелей түйсінуге тура келген еді.

1986 жылғы 17 желтоқсан күні кешкісін мен Брежнев атындағы жаңа алаңнан соған дейін тек кинолардан, шетел тележаңалықтарынан көзге түсуі ықтимал әскери төңкеріс яки революциялық жағдай сипатты сурет көрдім. Үлкен алаңның төрт бұрышында – алаулап жанған төрт машина. Өрт тілі ұзарып, адам толы алаң үстінен төнген қараңғы аспанға сұғына сіңіп кетіп жатыр. Орталық мінбенің екі қанаты жағалай тізілген әскер. Бұрын-соңды көзімізге тірідей түспеген тұрпатта: мұздай боп құрсанған қалқандарымен үрейлендіре қарауытады. Алаң ортасында – екі жерге дөңгелене шоғырланған жастар. «Жа-са, қа-зақ! До-лой, Кол-бин!» деп, бірауыздан, бір ырғақпен қосыла айғайға басып тұр.

Не болған мұнда? Мынау не? Сәби өңді бір бала қолындағы темекі қорапшасын бір бүйіріне құлап отқа оранып жатқан автомобильдің бауырына қарай лақтырып жіберді де: «Ә, ППМ ғой», – деп теріс бұрылды... Аяғы аспаннан келген, өрт құшағына берілген «көшпелі милиция бекеті»...

Өрімдей жас қыз менің қайран қалған аңқау сауалыма ызалы сарынмен қатқыл жауап қатып, әлгінде мына солдаттардың алаң толы қыз-жігітті шоқпармен ұрып жайратып салғанын, соққыға жығылған жетпіс-сексен адамды әлдеқайдан шапшаң пайда бола қалған «Жедел жәрдем» көліктері салып-салып әкеткенін айтты...

Сол түнгі сағат екіде биік дәрежелі партактив мәслихат құрды. Шамасы, маңызды жиын нұсқауын орындауды жедел қолға алғаны шығар, Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппараты партия ұйымының хатшысы 18 желтоқсанға қараған таң қараңғысынан телефонды безілдетіп, коммунистердің бірқатарын кеңсеге жиып алды. Топ-топқа бөліп, қала аудандарына жіберді.

Мен тап келген Октябрь аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бұндай жағдайдың басқа республика емес, тап Қазақстанда болуы ықтимал-ау деп ешқашан ойламағанын айтып, басын шайқап отырды... Бір кезде оған әлдекім рациямен Айнабұлақтан орталыққа қарай бір үлкен топ – көп адамдар легі шыққанын хабарлады. Топ алдында қолын сілкілей сөйлеп, жеке-дара бір белсенді кетіп бара жатқан көрінеді. Хатшы колоннаны алаңға дейін милициямен себесіндеп аман-есен апаруды тапсырды.... Алаңға халық жасақшыларын бастап таңертең кеткен ауатком төрағасы түстен кейін оралды. «Қырылып қалды ғой қазақ жігіттері, – деп құпиялай сыбырлады ол маған, – өтіп бара жатқандарында шоқпармен бір соғып қиралаң еткізеді де, көше жиегіне қарай сүйретіп әкете береді...»

Кешке қарай бізді ауданнан өз жұмыс орнымызға шақыртты. Орталық Комитетте әзірленген, Жоғарғы Кеңес Төралқасы Төрағасының аузымен айтылмақ сөз мәтінін қазақшалаумен шұғылдандық. Ұзамай оның салқынқанды жүзбен жария еткен «бірлі-жарым бұзақылық қадам өзгерте алмаған тып-тыныш ахуал туралы» көпе-көрінеу бұрмаланған, ешкім сенбейтін хабарын теледидар шартарапқа таратты...

Қарусыз қыз-жігіттердің қалың қатарына әлденеше мәрте шабуыл жасаған солдаттар қарлы алаңда жүздеген жанды жусатып тастады, олардың орындарынан тұрмай қалғандары қаншама. Жүздеген кісі түрлі жарақатпен ауруханага түсті. Әскерилер ұрып-соғып жүріп ұстап алғандарын жүк машиналарына жансыз зат тәрізді бей-берекет лақтыра тиеп, қоқыс шығарғандай, қала сыртына таси жөнелді, айдалаға апарып, самосвал қорабынан бейне бір керексіз қоқысша төкті. Ондаған жігітті алаңнан өкшелей атқылап, тауға қуды. Есепсіз көп қыз-жігітті милиция бөлімшелеріне қамап, нашақор етіп көрсету әрекеттерін жүзеге асыруға тырысты. Әсіресе қыздарға айрықша қорлық көрсеткен мысалдар төбе шашыңды тұрғыза дүңк-дүңк естіліп жатты. Көшеде кешті қойып, тапа-тал түсте ұлттық негізде ұстап алу, яки соққыға жығу қаланың әр жерінде орын алды. Алаң шетіне жәй көрермен ретінде тақалғандардың өзі кінәліге айналды, оларды кұпия орган агенттері түсірген суреттері арқылы ертеңіне іздеп тауып, әрқайсысына партиялық, комсомолдық, қылмыстық жаза үлестіруге кірісті...

25 желтоқсан күні таңертең Жоғарғы Кеңес Төралқасы аппаратының партия жиналысы болатыны жайында хабарланды. Жұмыстан соң, кешке, 17–18 желтоқсан оқиғалары арнайы талқыланбақ. Мен жан-дүниемді күйзелткен сәйкессіздік жайында үндемей қала алмайтынымды ұқтым. Айтпақ сөзімді кешке дейін қағазға түсіріп алдым. Қызмет күйбеңдерінен қол қалт еткенде ғана шүғылданғаныммен, негізгі ойларымды жүйелеп үлгердім, олар қалам ұшына өздері сұранып тұрған, өйткені бәрі ұзақ жылдар бойы қалыптасқан берік иланымымнан туындаған еді.

Сондағы сөзімнің алдын ала әзірленген мәтіні мынау: «Конечно, никак нельзя оправдать эту демонстрацию обманутой подстрекателями и националистическими элементами молодежи, но и нельзя ее слепо осуждать – надо понимать, поразмышлять вслух, анализировать ситуацию, философски осмыслить происшедшее и делать правильные выводы. Следует признаться в том, что в этом движении главным образом виноваты мы, взрослое поколение, поколение образованное, мы, партийно-советские работники.

Атмосфера, царившая в стране до крутого перелома в жизни партии, а именно настроение самодовольства, вседозволенности, стремление приукрасить действительного положения дел, отрыв идеологической, пропагандистской работы от жизни постепенно «подготавливало» алмаатинских событий 17–18 декабря т.г. Те долгие годы «благодушия» притупили в нас чувство реального, и мы не смогли творчески воспринять стратегию крутого перелома, революционной перестройки общественной жизни в части интернационального воспитания. Вроде все мы вооружились крылатыми фразами партии, но не совсем вникли в их суть. Мы гордо говорили о важности человеческого фактора, апеллируя экономическими цифрами, при этом не задумывались о составляющих этого показателя движущей силы члена общества, не задумались о состоянии его интернационалистских качеств и путях оттачивания интернационализма каждого индивида.

Формализм, заевший нашу идеологическо-пропагандистскую машину, по сути остановивший его колесико, именуемое интернациональным воспитанием, дал знать о себе в эти дни. Все читали произведений Ленина по национальному вопросу в различных учебных заведениях, но многие, после сдачи зачетов и экзаменов, их забыли. Если кто взглянул туда в эти дни, то нашел бы много кое-чего в пользу вышедших на улицы молодежи. Ведь не случайно они носили портрет Ленина и транспаранты с выдержками из его трудов. Но заржавевшая наша пропагандистская машина так и не догадалась объяснить этой скандирующей обманутой молодежи то, что отдельные высказывания вождя относятся к конкретным ситуациям тех времен и что на учение Ленина надо смотреть в развитии. Вместо того, чтобы поднять наших лучших пропагандистов, агитаторов, лекторов, установить на площади и улицах, прилегающих к ней, громкоговорители, и разъяснять массе национальный вопрос на современом этапе, мы теряли время на стягивание к площади милиции и военной силы и тем самым, как ни горько в этом сознаться, спровоцировали то, что случилось после 7 ч. вечера 17 декабря. Разум гуманиста никак не может оправдать поступки отдельных служак, которые пустили в ход дубинки, саперные лопаты, водометы, дымовые шашки и даже разъяренных собак на юношей и девушек, на 17–20-летних наших детей. Все, кому не чужд гуманизм, никак не согласятся с поступками отдельных руководителей предприятий, подготовивших специально и снабдивших людей, привлеченных в ряды дружинников, дубовыми палками, ломами из арматур, кусками дорогостоящих кабелей. Надо смотреть правде в глаза, к сожалению, многие блюстители порядка в эти дни в один миг оказались в роли усмирителей и карателей.

Не лучшим образом показали себя отдельные идеологические работники, бывавшие в эти дни в коллективах. Чем можно измерить тот вред, которого наносит секретарь райкома партии, говорящий публике такие слова: что важно для вас, чтобы первый секретарь ЦК был казахом, или в магазинах был хлеб? Столь примитивно-вульгарное разъяснение партийного работника опасней и коварней даже самых жестоких расправ, это очевидно и не требует доказательств.

Никогда, никто не сможет разрушить дружбу казахского и русского народов, веру и любовь казахского народа в ленинскую партию. Через боли и страдания нации пришли люди к этому, веками ковали священные узы дружбы. Не скажу об общеизвестных примерах интернационалистского акта казахского народа, проявленные в разные исторические периоды нашей страны. Напомню лишь о малоизвестном широкому кругу людей факте – казахский народ даже тогда, когда в результате страшного перегиба партийно-советских работников, допущенного в проведении коллективизации в Казахстане, потерял около двух миллионов своей численности, – не потерял веру в партию, в русский народ. Следовательно, мы обязаны свято хранить, беречь эту веру и любовь. Делать все, для того чтобы наше подрастающее поколение выросло верными революционным традициям отцов и подлинными интернационалистами – наш долг.

Надо решительно отказаться от упрощенного понимания сути и смысла интернационализма и, соответственно, от схематичного ведения работы по интернациональному воспитанию. Бюро ЦК правильно ориентирует нас этому вопросу. Долг практических работников – творчески относиться к этому делу, отбросить шаблоны, перестроиться в мышлении. Необходимо постоянно помнить ленинское требование о том, чтобы мы никогда не относились формально к национальному вопросу. Ведь соблюдение такта в национальных взаимоотношениях – это принцип интернационализма. Ленин учил, что в прошлом угнетенные народы имеют повышенную чувствительность к вопросам, касающимся национального достоинства и гордости, вот дословно: «ни к чему не чутки «обиженные» националы, как к чувству равенства, хотя бы даже по небрежности, хотя бы даже в шутку, к нарушениям этого равенства своими товарищами пролетариями. Вот почему в данном случае лучше пересолить в сторону уступчивости и мягкости к национальным меньшинствам, чем недосолить».

Хотим мы того, или не хотим, но всякое нарушение такта принимается за унижение национального достоинства. Нечего скрывать, в эти дни, да и раньше, в общественном транспорте, на улице многие из нас были свидетелями мимолетных негативных перепалок, когда, безусловно незрелые люди, конечно, дно общества, проявляли неуважение, презрительно отзывались о коренной национальности, вспоминая дореволюционные прозвища. Именно такие политически неграмотные люди восприняли неодобрение молодежью решения Пленума как противостояние русскому народу. К сожалению, и в этом доме приходилось слышать некое садистско-удовлетворенное выражение кое-кого, говорящего, что надо было не только бить, но и побольше убивать, чтобы им не было повадно.

События этих дней показало, что не все рядовые люди различают такие, казалось бы, диаметрально противоположиые понятия, как интернационализм и шовинизм, как патриотизм и космополитизм, не отличают понятия национального от национализма. В сознании многих – между ними просто поставлен знак равенства.

Нет сейчас возможности вдаваться в подробный анализ действительности, все же приведу один факт для размышления. Это касается недоработок органов народного образования. Никому не секрет, что в школах с русским языком обучения казахский язык преподается формально, факультативно, в основном только для казахских детей. Родители остальных, да и учителя, считают, зачем забивать голову ребенку якобы ненужным языком. Тем самым, мы отказываемся воспитывать уважение в детях к языку, культуре коренного населения, т.е. по сути противоречим интернационалистским положениям в политике партии.

Борьба с проявлениями национализма не будет эффективной, если задеваются легкоранимые национальные чувства народа. Вспомните историю борьбы партии против великодержавного шовинизма и местного национализма, трактовку партии о том, что национализма порождает шовинизм. Пережитки этих уклонов к сожалению и ныне имеют место. Поэтому, во-первых, надо помнить, что учет и заигрывание с национальными чувствами – совершенно разные вещи. Во-вторых, надо помнить, что с каждым уклоном, будь то национализм представителей большой нации, или это национализм представителей малой нации, боролись против них коммунисты соответствующей нации, боролись так, как мудро учила партия. Это нам надо помнить. Мне глубоко запали в душу слова русского казахстанского писателя, произнесенные им на пленуме Союза писателей и обращенные против схематичного понимания интернационализма. Немало многонациональных деревень в республике, говорил он, и в какой бы из них ни пошел, среди рядом живущих – казах знает обязательно два языка, немец – три, а русский – один. Самомнение, сознание некоей исключительности, говорил он, не позволило нам воспринять своевременно известную книгу Сулейменова. Не буду дальше вдаваться в подробности, но когда эти отрицательные качества, самокритично вскрытие этим мыслителем, обнаружатся в обывателях, в людях с мелкой душой, нетрудно представить себе последствий в национальных взаимоотношениях.

Сближение и слияние наций – это записано в Программе партии. Но партия не отрицает, что это исторически долгий процесс. Все же мы, практические работники, так захвачены перспективой слияния наций, что проявляем порою в своих действиях неоправданную спешку. Торопливость и поспешность в сближении и слиянии наций может лишь повредить делу полного и окончательного утверждения доверия между народами. Ленин указывал, что прочного союза народов нельзя осуществить сразу, до него надо доработаться с величайшей терпеливостью и осторожностью, чтобы не испортить дело, чтобы не вызвать недоверия.

Тем более не помогает этому делу кнут.

В эти дни, все коммунисты и комсомольцы, попавшиеся в руки органов в периоды облав, беспрекословно исключаются из партии и из комсомола. Устраиваются допросы, товарищеские суды, а тех, кто не выпущен еще на волю, очевидно, ждут настоящие суды. Поскольку мы не рядовая партийная организация, а партийная организация аппарата Президиума Верховного Совета республики, я вношу такие предложения: 1) надо отбросить всякую предвзятость при рассмотрении дел участников демонстрации, отбросить во имя будущего, отличать обманутых от подстрекателей. Их лучше и правильно – не наказывать, а просвещать и воспитывать; 2) необходимо строго спросить с тех, кто особо усердствовал, находясь в рядах блюстителей порядка – солдат, милиционеров, дружинников, также с городских обывателей и хулиганов, и также вести с ними воспитательную работу в интернационалистском плане.

Резюме такое: сам факт обращения ЦК партии, Совмина, Президиума Верховного Совета республики правильный. Мудро поступила партия, четко раскладывая это явление по полочкам в сообщении ТАСС. Наша задача – всемерно способствовать дальнейшему укреплению дружбы народов, помочь еще более тесному сплочению всех слоев населения вокруг партии во имя коммунизма».

Сондағы сөзімнің алдын ала әзірленген мәтіні осындай еді, соны бүгін қазақшалап берер алдында мынаны айта кетуді орынды көріп отырмын... Ол кезде мен де, басқа да осынау дүбірлі оқиғаның ауқымын, тарихта алар орнын дәл біле қойған жоқ болатынбыз. Анығы, қайта кұру саясаты жария еткен демократияға малданып, ызғарлы күндерде алаңға жиналған жастар мен ұлт зиялыларының талпынысы компартияның басшылығымен аяусыз басып-жаншылды. Ақиқат кейінірек ашылды. Алғашқы айларда талай жас азамат саяси айып тағылып сотталды. Мен олардың тізімін, өзімнің 1986 жылғы 25 желтоқсанда сөйлеген сөзімнің қазақшасынан бұрын, белгілі зерттеуші, қарт қаламгер Тоқтар Бейісқұловтың еңбегінен алып келтіруді жөн көріп отырмын.

Түрлі мерзім кесіліп жазаланған жігіттер:

Рахметов Құрманғазы Әденұлы – ҚазМУ-дың студенті, 7 жыл; Жуандықов Болат Дүйсенұлы – ет комбинатының жұмысшысы, 5 жыл; Тілегенов Жармұханбет – Алматы театр-көркемөнер институтының студенті, 5 жыл; Мейірбеков Еркінбек Бөкенбайұлы – СМУ-23-тің электрмен дәнекерлеушісі. 4 жыл; Расалиев Нұрлыбай Жолдыбайұлы – СМУ-23-тің бетоншысы, 4 жыл; Декелбаев Ерлан Әбдірашұлы – «Радиотехника» магазин-салонының инженері, 6 жыл; Қалмұратов Құрбанбай Хайруллаұлы – жұмыссыз, 5 жыл; Асылбаев Молдағали Молдаханұлы – жұмыссыз, 7 жыл; Мұзафаров Алик Құндақбайұлы – СМУ-23-тің тас қашаушысы, 4 жыл; Шыныбаев Нұрман Әлібекүлы – политехникум студенті, 8 жыл; Ермеков Тоқтар – АГТХИ студенті, 5 жыл; Отарбаев Кенжебай – СМУ-11-дің пісірушісі, 6 жыл; Нәлібаев Аманжол – Ішкі істер министрлігінің бұрынғы капитаны, 5 жыл; Құдайбергенов Расылхан Омарұлы – Кинотехникум студенті, 5 жыл; Бисембаев Ерлан Бермаханұлы – Алматы зооветинститутының студенті, 8 жыл; Байболов Дүйсенбек – байланыс техникумының студенті, 5 жыл; Исабеков Сәбит Қалдықазыұлы – СМУ-30-дың бетоншысы, 4 жыл; Аймаханов Құттыбек Әуелбекұлы – СМУ-11-дің бетоншысы, 5 жыл; Молдыбаев Әділ Әбдетұлы – УПТК-ның бетоншысы, 5 жыл; Рамазанов Амандық Сәбитұлы – Киров атындағы заводтың жүмысшысы, 5 жыл; Есбосынов Аманжол Әсетұлы – СМУ-39-дың балташысы, 3,5 жыл; Рузиев Абайдулла Абдуллаұлы – Киров заводының жұмысшысы, 5 жыл; Байсымбеков Ерлан Мамырханұлы – ауыл шаруашылығы институтының студенті, 5 жыл; Таубаев Бақытқали Артықбайұлы – РСУ-дың балташысы, 4 жыл; Егізеков Арыстан Назымбекұлы – Алматы үй құрылысы комбинаты №5 цехының жұмысшысы, 4 жыл; Рамазанов Асқар Райымбетұлы – жұмыссыз, 5 жыл; Шабаров Алтай Қонысбайұлы – Алматы үй құрылысы комбинатының жұмысшысы, 3 жыл; Есімбаев Қадыр Сейітханұлы – АДК-нің жұмысшысы, 3 жыл; Иманбаев Ермек Қоштайұлы – Талғардағы №4 СПТУ оқушысы, 3 жыл; Әбілқайыров Қасым Бердіқожаұлы – Алматы сәулет-құрылыс институтының студенті, 5 жыл; Мәлібеков Ержан Әбдірахманұлы – №1 автопарк слесары, 5 жыл; Байғандиев Тілек – №1 автопарк жүргізушісі, 6 жыл; Дәулетов Жеңіс Садықұлы – АГТХИ студенті, 4 жыл; Есжанов Тынышбек Қарлыбайұлы – СХИ студенті, 5 жыл; Есіркепов Уызбек Шәкірұлы – СХИ студенті, 5 жыл; Оразбаев Думан Пышанұлы – СХИ студенті, 3 жыл; Рахметов Қайрат Рахатұлы – ААСИ студенті, 4 жыл; Әуезов Жәлел Әуезұлы – АЗВИ студенті, 5 жыл; Әбдіреев Еламан Кеңесұлы – құрылыс техникумының студенті, 4 жыл; Арымбеков Жанас Қуатбекұлы – «Поршень» заводының токарі, 5 жыл; Қамбаров Қалдыбек Бахытбайұлы – АЗВИ студенті, 5 жыл; Бекбосынов Асқарбай – құрылыс техникумының студенті, 2 жыл; Әбдіқұлов Мырзағали – Шамалған АТП курсының оқушысы, өлім жазасы; Жұмажанов Ерікжан Досанұлы – СХИ студенті, 3 жыл; Қайранбеков Бауыржан Оқташұлы – ААСИ студенті, 3,5 жыл; Мүлікбаев Өткірхан Қошқарұлы – жұмыссыз, 3,5 жыл; Қуандықов Ермұхамед Әбдікерімұлы – ҚазМУ студенті, 5 жыл; Әбдіқадыров Берікбол Нүсіпұлы – жұмыссыз, 2 жыл; Қожахметов Хасен Кәріпжанұлы – Қазақ телевидениесінің редакторы, 4 жыл; Қарабаев Шора Халықұлы – ҚазМУ проректорының көмекшісі, 6 жыл; Түкенов Қанат Жеңісұлы – АЗВИ студенті, 3 жыл; Ысмағұлов Орал Әлменұлы – ҚазМУ студенті, 3 жыл; Жолболдин Берікжан Елемесұлы – жұмыссыз, 3 жыл; Рысқұлбеков Қайрат Ноғайбайұлы – ААСИ студенті, өлім жазасы; Тәшенов Түгелбай Тұрманұлы – СМУ-37-нің балташысы, 15 жыл; Тайжұмаев Жамбылбек – Алматы электротехникум студенті, 14 жыл; Күзембаев Қайыргелді – СМУ-40-тың жұмысшысы, 14 жыл; Қасенов Рүстембек Қадырбекұлы – АДК жұмысшысы, 2 жыл; Қанетов Аманбай Дүйсенұлы – АГТХИ студенті, 3 жыл; Айтмұрзаев Құрманғазы – АГТХИ студенті, 4 жыл; Иманқожаев Бақтыбек Жұмабекұлы – АГТХИ студенті, 3,5 жыл; Қасенбаев Мейрамғазы Жайнарұлы – АГТХИ студенті, 2 жыл; Көпесбаев Ертай Тәңірбергенұлы – ААСИ студенті, 4 жыл; Уақов Әркен Батталұлы – ААСИ доценті, 8 жыл; Шаймерденов Ерік Тұрлығазыұлы – АЗВИ студенті, 3 жыл; Шекербеков Мұратбек Жандарбекұлы – № 67 шахтаның проходчигі (Жезқазған обл.); Арынғазиев Болат Төлеғазыұлы – Алға қаласы жасөспірімдер мектебінің жаттықтырушысы, 2 жыл 6 ай; Телеуов Болат Қойшыбайұлы – 2 жыл 6 ай; Қалбөкенов Берік Құтырбайұлы – Алға қаласы СПТУ-2 дене тәрбиесінің жетекшісі, 2 жыл; Баянғазин Азамат Мақұлбекұлы – Титан-магний комбинатының (Өскемен) слесарі. I жыл; Ардынқанов Ербол Жарықжанұлы – педучилище студенті (Өскемен), 1 жыл; Сақатов Тұрсынхан Селыханұлы – тау-кен техникумының студенті (Өскемен), 2 жыл еңбекпен түзеу жазасы; Ақтанов Ербол Дәркенұлы – пединститут студенті (Өскемен), 1 жыл 6 ай; Машанло Рүстем Ибрагимұлы – пединститут студенті (Талдықорған), 2 жыл; Нүкенов Амангелді Теміршотұлы – ауыл шаруашылығы институтының студенті (Целиноград), 3 жыл.

Мына қыздар да түрлі мерзімге сотталды:

Сәбитова Жансая Әлкейқызы – Алматыдагы №19 жұмысшы жастар орта мектебінің оқытушысы, 5 жыл; Салықова Нағима Асқарқызы – Алматы бас киімдер фабрикасының бухгалтері, 3 жыл; Еспенбетова Қаншайым Мұхатқызы – «Поршень» зауытының токарі, 3 жыл 6 ай; Махметова Айткүл Әбдірахманқызы – №1 баспахананың жұмысшысы, 2 жыл; Әбілқайырова Гүлнар Бердіқожақызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 3 жыл; Панинова Гүлвира Төлебайқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл; Шамаева Галимат Әбенқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі. 2 жыл; Лепесбаева Гүлнар Сабырғалиқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл; Рақымжанова Гүлмира Әкімжанқызы – бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл; Иманбаева Қайыпхан Сұлтанқызы – «Поршень» зауытының токарі, 3 жыл; Рамазанова Ғалия Файзуллақызы – тігінші-мотористка, 1 жыл (еңбекпен түзеу жазасы); Мергенова Бақша – мүгедектігіне байланысты жұмыс істемеген, 3 жыл; Әлиева Раушан – Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті, 1 жыл; Еркінбекова Әлия Төреханқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай; Досанова Жанат Әбдірахманқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай; Мусина Гүлден Қанафияқызы – Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай; Сәрсенбекова Раиса Мырзабекқызы – бухгалтер-ревизор, 2 жыл; Кәрімғазина Гүлжан Ғазизқызы – кооператив техникумының студенті, 1 жыл; Серекенова Анар Жемісханқызы – заң техникумының студенті, 1 жыл 6 ай; Айтжанова Жанат Нәукенқызы – пединституттың студенті, 1 жыл 6 ай; Шынықұлова Ләйлә Бекенқызы – пединституттың студенті, 1 жыл еңбекпен түзеу жазасы; Шоқаева Ғалия Құдысқызы – жатақхана вахтері, 2 жыл; Мусина Мәншүк Жанатқызы – заң техникумының студенті, 1 жыл 6 ай қара жұмысқа жіберілген.

Сонымен, бар болғаны бірнеше айдан кейін 2 азаматқа өлім жазасын беру туралы үкім шығарылады, 72 жігіт бас бостандығынан айрылады, біреуі еңбекпен түзеу жазасын алады. Сондай-ақ, 20 жас қыз бас бостандығынан айрылады, 2 қызға еңбекпен түзеу жазасы беріледі, тағы біреуі қара жұмысқа жіберіледі.

Тоқтар ағамыз ызғарлы Желтоқсанда өзге зардап шегушілер жайын да қарағанын жазады. Соларды да шолайық.

Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша Желтоқсан оқиғасында жарақат алып ауруханаларға түскен адамдардың саны 83 екен. Олар №2, №4, №5 қалалық клиникалық, Денсаулық сақтау министрлігінің 4-ші Бас басқармасының Орталық жедел дәрігерлік жәрдем беру, орталық қалалық клиникалық, Алматы облыстық ауруханаларына, хирургия институтына жатқызылған көрінеді.

Қақтығыс кезінде 44 адам бас сүйегі мен миынан жарақат алыпты. Әскерилер, милиция қызметкерлері, жасақшылар қорғансыз желтоқсаншыларды аяусыз ұрып-соғып, асқан қатыгездік көрсеткен. Ауруханаға түскендердің ішінде миы қозғалғандары, омыртқасы омырылғандары, жақ сүйектері, қабырғалары, аяқ-қолдары, бет-ауыздары жарақаттанғандары көп болған. Политехникалық институттың студенті Н. Садықовтың кеудесіне пышақпен көптеген жара салынған. 21 адамның миы шайқалған.

Ауруханаларға жатпай, амбулаториялық емдеу жолымен медициналық жәрдем көрсетілген адамдар саны 286. Әртүрлі жарақат алған осы адамдардың 281-і қазақ, 5-еуі басқа ұлт өкілдері. Алғашқыда қорқып, қашқақтап жүрген, жарақат жанына батқан соң дәрігерлерге көрінгендер ішіндегі 20 адамның миы қозғалған. Көпшілігі басынан жарақаттанған.

Сөйтіп, соққы жеген, изоляторларда отырған, сотталған, жұмыстан қуылған, оқудан шығарылған, партиядан, комсомолдан қуылған жастардың бәрі дүрбелең құрбандары болып табылады. Әділетсіздіктің ащы дәмін татқан олар «басқа түссе баспақшыл» күй кешті, әуелде еш жерден, ешкімнен қорған таба алмады. Қаламгер осылай дейді.

Ақиқаттың жолы ауыр.

Әйтсе де, демократиялық өзгерістерден кейін, үлкен қиыншылықтарды бастан өткере отырып, жанкешті азаматтардың саяси күрестері нәтижесінде, әділетсүйгіш қауым шындыққа қол жеткізді.

1986 жылғы 25 желтоқсанда Қазақ КССР Жогарғы Кеңесі Төралқасы аппараты коммунистерінің жалпы жиналысына сөз дайындап, одан сөйлегенімде мен мұндай болашақты еш болжай алған жоқпын, соған тырыспаған да болсам керек. Әйтеуір бір қиғаштық барын сездім де, соған келіспеушілік білдірдім. Қалай болғанда да, сонда орысша әзірлеген мәтінімнің аудармасы мынандай болып шықты...

«Әрине, арандатушылар мен ұлтшылдық элементтердің айдап салуымен демонстрацияға шыққан жастарды ақтауға болмайды, бірақ, көзсіз кінәлауға да тиіс емеспіз – түсінуге тырысу керек, болған жағдайларға талдау жасап, философиялық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл қозғалыста негізінен – біз, ересек ұрпақ, білімді ұрпақ, біз, партия-совет қызметкерлері кінәлі екендігімізді мойындауға тиіспіз.

Партия өміріндегі күрт бетбұрысты өзгеріске дейін елде жайлаған ахуал, атап айтқанда өзіңе өзің масаттану, өзіне өзі ешқандай шек қоймайтын көңіл-күй, сондай-ақ шын жағдайды боямалап көрсетуге тырысу, насихаттық және идеологиялық жұмыстың нақты өмірден алшақтығы – осы жағдайлардың барлығы бірте-бірте 17–18 желтоқсан күнгі Алматы оқиғаларын «дайындаған» болатын-ды. «Жайбарақаттықтың» сол бір ұзақ жылдары нағыз өмірге тіктеп тура қарау сезімін бәсеңдетіп тастаған еді, сол себептен де біз интернационалдық тәрбие беру ісіндегі тіке бетбұрыс стратегиясын, қоғамдық өмірдің революциялық қайта құрылысын творчестволық тұрғыдан қабылдай алмадық. Бәріміз де партияның қанатты сөздерімен қарулансақ та, оның мәнін жете түсінбеген сияқтымыз. Адам факторының маңыздылығы жөнінде мақтана айттық, экономикалық цифрларды келтірдік, бірақ осы көрсеткіштің артындағы қоғам мүшелерінің қозғаушы күші жөнінде ойламаппыз, әр адамның интернационалдық сезіміне үлкен мән бере тәрбиелеу қажеттігін түсінбеппіз.

Біздің идеологиялық-насихаттық машинамызға әбден сіңген формализмнің интернационалдық тәрбиеде кең қанат жайғандығы осы күндері айқын білінді. Барлығы да ұлт мәселесі туралы Ленин шығармаларын түрлі оқу орындарында оқып үйренген, бірақ көпшілігі зачет пен емтихан тапсырғаннан кейін оны ұмытып та кеткен. Сол күндері Ленин шығармаларына қайта бір көз тастап көргендер болса – көшеге шыққан жастардың пайдасына шешілер көп нәрсені табар еді. Олар Лениннің портреттері мен еңбектерінен алынған үзінділер жазылған транспаранттарды бекерден-бекер алып жүрген жоқ қой. Бірақ біздің тот басып кеткен насихаттық машинамыз алданып көшеге шыққан жастарға Лениннің кейбір сөздерінің сол замандағы нақты жағдайларға қатысты айтылғандығын, Ленин іліміне даму тұрғысынан қарау қажеттігін түсіндіруді ойлай алмады. Ең жақсы насихатшыларымызды, үгітшілерімізді, лекторларымызды аяқтан тік тұрғызып, алаң мен оған жанасып жатқан көшелерде дауыс зорайтқыштар орнатып, бұқараға ұлт мәселесін қазіргі кезең тұрғысынан түсіндірудің орнына, біз асыл уақытымызды алаңға милиция мен әскери күштерді жүмылдыруға жұмсадық, қаншалықты өкінішті болса да мұның өзі 17 желтоқсан күнгі сағат 7-ден кейінгі жағдайлардың болуына әкеп соқты.

Адамгершілік тұрғысынан келсек, біз ешуақытта да 17–20 жастағы біздің балаларымызға, қыздар мен жігіттерімізге қарсы таяқ, сапер күректерін, водомет, түтіндету құтыларын жүмсаған, сондай-ақ құтырған иттерді айдап салған жекелеген әскери қызметшілердің қылықтарын ақтай алмаймыз.

Адамгершілігі бар бірде-бір адам жасақшылар қатарына қатыстырылған қызметкерлерін арнайы дайындап, қолына қару берген кәсіпорындардың кейбір басшыларының істеген әрекеттерімен келісе алмайды. Олар қызметкерлерінің қолына таяқ, арматурадан жасалған сүймен, қымбат тұратын кабельдің кесіктерін ұстатқан болатын-ды. Өкінішке қарай, шындығы сол, көптеген тәртіп сақшылары бұл күндері бір-ақ сәтте бағындырушылар мен жазалаушылар ролін атқарып шыға келді.

Бұл күндері ұжымдарда болған жекелеген идеологиялық қызметкерлер де өздерін жақсы жағынан көрсете алмады. Мәселен, «ОК бірінші хатшысының қазақ болуы маңызды ма, жоқ әлде дүкеннің нанға толып тұрғаны керек пе» деген аудандық партия комитеті хатшысының көпшілікке айтқан сөздерінің келтірген зиянкестігін немен өлшеуге болады екен? Партия қызметкерлерінің соншалықты қарабайыр да тұрпайы түсіндірмесінің кез келген ауыр да қатаң қол жұмсаудан да қауіпті екендігі сөзсіз.

Ешкім де, ешуақытта да қазақ және орыс халықтарының достығын, қазақ халқының Ленин партиясына деген сенімділігі мен сүйіспеншілігін жоя алмайды. Ұлтымыздың басына түскен көптеген қиыншылықтарға төзе отырып, адамдардың қолы осыған жетті, ғасырлар бойы достықтың қасиетті діңгегін қалады. Біздің еліміздің түрлі тарихи кезеңдерінде көрініс тапқан қазақ халқының жалпыға мәлім интернационалдық актісі туралы айтпай-ақ қояйын.

Тек көпшілікке мәлім емес мына бір фактіні ғана еске салғым келеді: Қазақстанда коллективтендіру кезінде партия-совет қызметкерлерінің асыра сілтеулері нәтижесінде қазақ халқы екі миллиондай адамнан айырылған, тіпті соның өзінде де партияға деген, орыс халқына деген сенімін жоғалтпаған еді. Демек, біз бұл сенім мен сүйіспеншілікті қастерлеп, бағалауға тиіспіз. Өсіп келе жатқан ұрпағымыздың әкелерінің революциялық дәстүрлеріне адал боп, шын мәніндегі интернационалист болып өсуі үшін барлығын істеуіміз керек, бұл – біздің борышымыз.

Интернационализмнің мәні мен мағынасын қарадүрсін түрде қабылдаудан бас тарту қажет, соған сәйкес интернационалдық тәрбие жұмысының да схемалы түрде жүргізілуін тоқтату керек. ОК бюросы бұл мәселеде бізге дұрыс бағыт сілтеп отыр. Практикалық қызметкерлердің борышы – бұл іске творчестволықпен қарауында, шаблондарды алып тастап, ойлау жүйесін қайта құруында болып отыр. Ұлттық мәселеге формальды қарауға болмайтындығы жөніндегі Лениндік талапты үнемі еске алып отыруымыз қажет. Ұлттық қарым-қатынастарда әдептілік сақтау дегеніміз – интернационализмнің принципі ғой. Ленин былай үйреткен: бұрын қаналып келген халықтар ұлттық намыс пен абыройға қатысты мәселелерде аса сезімтал болады, сөзбе-сөз былай деген: «ренжіген» ұлт адамдары басқа ештеңеге де емес, теңдік мәселесіне келгенде өте сезімтал, сол себептен немқұрайдылықпен, тіпті әзіл ретінде болса да  өздерінің пролетарий жолдастарының осынау теңдікті бұзушылығынан қатты секем алады. Міне сондықтан да бұл жағдайда ұлттық азшылыққа кешірімділік пен жұмсақтықты кеміткеннен гөрі көбірек, асырып көрсеткен жақсы».

Біз қаласақ та, қаламасақ та, кез келген әдептілік шартын бұзу – ұлттық абырой-намысты кемсіту ретінде қабылданады. Жасыратыны жоқ, бұл күндері де, одан бұрын да қоғамдық транспортта, көшелерде біз бірқатар керілдесулердің куәлері болып жүрдік, онда ой-өрісі тар адамдар, әрине, қоғамның ең азғын мүшелері, байырғы ұлт өкілдерін кеміте сөйлеп, революцияға дейінгі атауларды еске алып, сыйламаушылық танытты. Міне, осы саяси сауатсыз адамдар пленум шешімін макұлдай қоймаған жастарды «бүкіл орыс халқына қарсыласты» деп ұқты. Өкінішке қарай, осы үйдің өзінде де біреуді солай қорлауға құмар болғандардың да сөздерін естідік, яғни, «тек ұру ғана емес, екінші рет қайталамас үшін өлтіру де керек еді» дегендер де болды.

Бұл күндердің оқиғалары көрсеткендей, барлық қатардағы адамдар біріне бірі мүлдем қарама-қарсы ұғымдардың жігін ажырата алмаған екен, демек, интернационализм мен шовинизм, патриотизм мен космополитизм, сондай-ақ ұлттылық пен ұлтшылдық ұғымдарының екі қиырда жатқанын, бір-бірінен алшақтығын дұрыс түсінбеген. Көп адамдардың санасында бұл ұғымдар арасына теңдік белгісі қойыла салған секілді.

Болған жағдайларға толық тоқталуға қазір мүмкіншілік жоқ, сонда да мына бір фактіні есте сақтау мақсатында келтірсек. Бұл – халыққа білім беру органдарының жұмысындағы кемшіліктерге қатысты. Ешкімге де құпия емес, орыс тіліндегі мектептерде қазақ тілі формальды түрде жүргізіледі, негізінен, қазақ балалары ғана оқиды. Басқаларының ата-аналары, сондай-ақ мұғалімдер де баланың басын «қажет емес тілмен қатырудың қажеті жоқ» деп есептейді. Сөйтіп, біз байырғы, жергілікті халықтың тілі мен мәдениетін құрметтеу сезімін тәрбиелеуден бас тартамыз, мұның өзі партия саясатының интернационалдық ережесіне қарама-қайшы.

Халықтың оңай жараланатын ұлттық сезімдеріне нұқсан келтіретін болса – ұлтшылдық көріністерімен жүргізілген күрес тиімді болмайды. Партияның ұлыдержавалық шовинизм мен жергілікті ұлтшылдыққа қарсы күресінің тарихын, шовинизмнің ұлтшылдықты тудыратындығы туралы партияның түсіндірмесін еске алайықшы. Бұл уклондардың  қалдықтары, өкінішке карай, қазір де орын алып отыр. Сондықтан, біріншіден, мынаны есте сақтау қажет – ұлттық сезімдерді ескере білу мен жарамсақтану мүлде екі бөлек нәрселер. Екіншіден, әр уклонға қарсы, мейлі, ол үлкен ұлт өкілдерінің ұлтшылдығы болсын, мейлі кіші ұлт өкілдерінің ұлтшылдығы болсын, оларға қарсы, партия даналықпен үйреткендей, сол ұлттың коммунистері қарсы күресті. Бізге мұны есте ұстау қажет. Менің сана-сезіміме қазақстандық орыс жазушының Жазушылар одағының пленумында айтқан сөздері қатты әсер етті, оның сөздері интернационализмді схемалы түрде түсінуге қарсы бағытталған болатын. «Республикада көп ұлттар тұратын ауылдар бар, – деп еді ол, – қайсысына барсаңыз да, бір-бірімен қатар, аралас тұратын қазақ міндетті түрде – екі тілді, неміс – үш тілді, ал орыс – бір ғана тілді біледі. Өзімізді-өзіміз дәріптеушілік, «біз кереметпіз» деген ой бізге өз уақытында Сүлейменовтің атақты кітабын дұрыс қабылдауға мүмкіншілік бермеді».

Ұлттардың жақындасуы мен қосылуы туралы партияның Бағдарламасында жазылған. Бірақ партия мұның тарихи ұзақ процесс екендігін жоққа шығармайды. Алайда біздер, іс жүргізіп отырған қызметкерлер, ұлттарды сіңістіріп қосуға ұмтылатындығымыз соншалықты, кей кездері өз жұмыстарымызда дәлелсіз, асығыс қадамдар жасаймыз.

Ұлттарды жақындастыру мен қосудағы асығыстық халықтар арасындағы сенімнің толық және түбегейлі қалыптасу ісіне зиянын келтіруі әбден ықтимал. Ленин атап көрсеткендей, халықтар арасындағы берік, мызғымас одақты бірден орната салу мүмкін емес, сенімсіздік туғызбас үшін, оған үлкен төзімділік танытып, абайлап қол жеткізу керек.

Ал қамшылау саясаты тіптен де бұған жат. Бұл күндері қаумалау кезінде қолға түскен барлық коммунистер мен комсомолецтер сөзге келместен партия мен комсомолдан шығарылуда. Жауапқа тарту, жолдастық соттар жүргізілді, ал бостандыққа жіберілмегендерді нағыз сот үкімі күтіп тұр. Біз қатардағы партиялық ұйым емес, республикалық Жоғарғы Кеңес Президиумы аппаратының партия ұйымы болғандықтан, мынадай ұсыныстар енгіземін:

Демонстрацияға қатысушылардың істерін қараған кезде теріс пікірді алып тастау қажет, болашақ үшін жақсысы да, дұрысы да – жазалау емес, оқыту және тәрбиелеу.

Тәртіп сақтаушылар қатарында ерекше ынтамен қару жұмсаған солдаттарды, милиционерлерді, сақшыларды, сондай-ақ қалалық тоғышарлар мен бұзақыларды қатаң түрде жауапқа тарту қажет. Сонымен бірге олармен интернационалдық салада тәрбие жұмысын жүргізген жөн.

Түйін мынандай: республика партия ұйымы ОК-нің, Министрлер Кеңесінің, Жоғарғы Кеңес Президиумының үндеу қабылдау фактісінің өзі дұрыс. СОТА хабарламаларында бұл құбылысты реттілікпен түсіндіріп, партия даналық танытты.

Біздің міндетіміз халықтар достығын одан әрі нығайту, коммунизм жолында партияның жанына қалың бұқараның барлық топтарын одан да тығыз топтастыру».

Әдеттегідей бас шұлғу рәсімімен өтуге тиіс партия жиналысында бұл сөздің айтылуы парламент төралқасы аппараты коммунистеріне төбеден жай түскендей әсер етті. Көпшілігі іштен тынып, әліптің артын бақты, ал солақай шолақ белсенділер ахуалға сергек бейімделіп, менің «қиғаш» пікірлерімді нысанаға алу арқылы көзге түсіп қалуға тырысып жатты.

Қатардағы Шульга деген жауапты қызметкер «саяси тұрғыда осынша қауіпті Қойшыбаевпен бұдан былай қайтіп қатар қызмет атқаратынын» білмей «қиналды».

Бөлім меңгерушісі Дунаев қарамағындағы қызметкерінің есімі мен әкесінің атын аса бір жылы ілтипатпен атап, оның «бейсаяси сөзді елеусіз қалдырмай, шешімді түрде тойтарыс берген белсенділігіне» ризашылығын білдірді, партия комитеттері алдында солқылдақтық көрсетпей, менің осынау күмәнді сөзіме саяси баға беру керектігін сөзінің соңында шегелей кетті.

Қатардағы жауапты қызметкер Зубченко коммунистерді менің сөзімнен «батыл түрде іргені аулақ салуға» шақырды. Ал тағы бір бөлім меңгерушісі Жабағина да өзінің сол күндері әлдебір облыс орталығында қайдағы бір шіп-шикі балалардың көшеге шығып көтерілгеніне тойтарыс беруге қатысқанын аян етіп, менің сөзіме көзқарасын білдіргенде әлгі белсенді әріптестері нобайлаған төңіректе ұрандатты.

Обалы нешік, жиналыс соңында баяндамашы, Жоғарғы Кеңес Төралқа Төрағасының орынбасары Чернышев менің сөзіме тоқталып, біраз кемшілікті орынды ашқанымды мойындады. Басшымыздың ондай салиқалы талдамасы, алайда, саяси белсенділіктері ойда жоқта керемет серги өрлеп кеткен қызметтестеріме аса әсер етпеді. Олар менің қолымнан сөзімнің жазбаша мәтінін «қырағылықпен» қағып алды да, машинкаға бастырып көбейтіп, тиісті орындарға жөнелтіп жатты...

(Жалғасы бар)

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz

0 пікір