Қазақстанға мұнай қоймаларын салу қажет!
Әлемнің көптеген дамыған және дамушы мемлекеттерінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында стратегиялық мұнай қоры мен оны сақтайтын арнайы қоймалар бар.
Мұндай қоймалардың мақсаты – төтенше жағдайлар кезінде, яғни мұнай бағасының құбылуы, геосаяси тұрақсыздық, табиғи апаттар немесе тасымал инфрақұрылымының бұзылуы сияқты сәттерде ішкі нарықты тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік беру.
Әлемдегі ірі мұнай қоймалары
* АҚШ – 714 млн баррель стратегиялық мұнай қоры бар, бұл – әлемдегі ең ірі резерв.
* Қытай – 400–500 млн баррель көлемінде ұлттық мұнай қорын жинақтаған.
* Жапония – 320–330 млн баррель.
* Оңтүстік Корея – 96 млн баррель.
* Үндістан – 37 млн баррель.
Көршілес елдердің өзінде де стратегиялық маңызы бар мұнай қоймалары бар. Ал Қазақстанда 10 күндік мұнай қорын сақтайтын қойма да жоқ.
Қауіп қайдан болса, қатер содан
Ресей мен Украина арасындағы соғыс кезінде КТК және Атырау–Самара мұнай құбырларына үлкен соққы тисе немесе әлемдік саяси жағдайға байланысты бұл екі құбыр тоқтап қалса не болады?
Еліміз жылына шамамен 70 млн тонна мұнайды шетелге сатады.
* КТК (CPC) – ең басты экспорт бағыты: 55,7 млн тонна.
* Атырау–Самара құбыры – 8,6 млн тонна.
* Қытай бағыты (Атасу–Алашанькоу) – 1,1 млн тонна.
* Ақтау порты арқылы теңізбен – 3,6 млн тонна.
* Теміржолмен – небәрі 0,05 млн тонна.
«Жаман айтпай жақсы жоқ» дейді халық. Егер осы мұнай құбырлары 5, 6 ай ғана тоқтаса, елімізде мұнайды уақытша сақтайтын қойма жоқ.
КТК мен Атырау–Самара құбырларын алмастыратын да балама жоқ. Сонда не істейміз?
Амалсыз мұнай өндіруді 50 пайызға дейін тоқтатуға тура келеді. Ал тоқтаған өндіріс нысандарын қайта іске қосу – өте үлкен қаржылық шығынды қажет етеді.
Мұнай қоймаларын салу қажет
Қазақстан үшін стратегиялық мұнай қоймаларын салу – тек экономикалық қажеттілік емес, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды элементі.
Бұл жүйе сыртқы саяси тәуекелдерді азайтып, ішкі нарықтың тұрақтылығын сақтауға, сондай-ақ энергетикалық тәуелсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Мұнай өндіру қалыпқа келгенше, өндірісті және құбырларды сақтап қалуға мүмкіндік болар еді.
Егер мұнай тоқтайтын болса…
- Қазақстанның мұнай-газ саласында жұмыс істейтін 100 мыңға жуық адам уақытша жұмыссыз қалуы мүмкін.
- Мемлекеттік бюджет кірісінің басым бөлігі мұнай-газ секторынан түсетіндіктен, қаржылық тапшылық пайда болады.
- Бюджет қызметкерлерінің жалақысы, зейнетақы, жәрдемақылар кешігуі мүмкін.
- Мемлекет қаржысына салынып жатқан мектеп, аурухана, балабақша, жол және басқа да құрылыс жобалары уақытша тоқтауы ықтимал.
- Елде әлеуметтік толқулар басталуы мүмкін.
- Теңге құнсызданып, шетелден келетін тауарлар қымбаттайды.
Сондықтан да қауіп-қатерлерге алдын ала дайын болу қажет. «Сақтанғанды Құдай да сақтайды» деген сөз бекер айтылмаған.
Біз әншілер мен шоу-бизнес өкілдерінің өмірін жиі талқылаймыз.
Енді осындай елдік, стратегиялық мәселелерді де талқылап көрейік. Әрине, мен мұнай маманы емеспін, қате болуы да мүмкін. Бұл – менің жеке пікірім ғана. Ал сіздер қалай ойлайсыздар, көзі ашық ағайын?
Жәнібек Қожық,
Маңғыстау облысы, Онды ауылы
Abai.kz