Жұма, 21 Қараша 2025
Білгенге маржан 162 0 пікір 21 Қараша, 2025 сағат 12:20

Алтайдағы рулардың орналасу картасы

Суреттер: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Алтай аймағы — Алтай(Сарысүмбе) қаласы, Көктоғай ауданы, Қаба(Жеті Қаба) ауданы, Шіңгіл ауданы, Буыршын ауданы, Бурылтоғай(Жалпақ) ауданы, Жеменей(Сауыр) ауданы деген 7 әкімшілікке бөлінеді. Мұның ішінде аймақтың шығысындағы Көктоғай ауданы мен Шіңгіл ауданы қосылып Өр-Алтай атанса, қалған бес ауданның жері Төменгі Алтай(Төр Алтай) атанады.

Орталығы — Алтай қаласы.

Алтай қаласының қалалық аумағы Алтынтау, Азаттық, Береке, Шашу сынды төрт аумақтан, 19 мөлтек ауданнан тұрады. Қалаға 115 елді мекенді қамтитын 12 ауыл-кент, мал фермасы қарайды. Алтай қаласының негізі Сарысүмбе деген атпен 1871 жылы қаланған. Қаланың атауы 1953 жылы Алтай болып өзгертілді.

  1. Әбитан(Суқайты) кентіне Айдартал, Ақарал, Қаратерек, Аққарын, Дөңқырман қатарлы 20 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәнтекейдің Тасбике руы.
  2. Қызылтас(Тұлты) кентіне Көксаз, Бөкенбұлақ, Майқолтық, Ұяөткел, Бітеуірге қатарлы 17 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәнтекейдің Базарқұл руы. Одан кейін Құлтайболат руы тұрады.
  3. Шеміршек ауылына Сынтас, Қаратас, Қоңыртоқты, Шұбарши, Балқамыс қатарлы 15 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәнтекейдің Шақабай руы. Одан кейін Жастабан руы, Ашамайлы Керейдің Шимойын руы мен Қожалар тұрады.
  4. Алағақ ауылына Топүйеңкі, Қарақұм, Тесікбейт, Таралаң, Оймақы қатарлы 11 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есағасы, Қазыбек рулары.
  5. Шірікши ауылына Қызылшілік, Қызылқайың, Қызылүйеңкі, Қызылқабақ, Қызылбел қатарлы 10 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есіргеп, Базарқұл рулары мен Жастабан руы.
  6. Ақтұмсық мал фермасына Мойын, Қиғанқұдық, Қызылқабақ қатарлы 8 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есіргеп, Базарқұл рулары мен Жастабан руы.
  7. Қараағаш мал фермасына Қаратөбе, Шапқантас, Ақдала қатарлы 7 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есағасы, Қазыбек рулары.
  8. Балбағай ауылына Қараағаш, Сарықарын, Балуантас қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Қарақас руы. Одан кейін Тасбике руы.
  9. Қарашілік ауылына Бітеутерек, Ақтерек, Қарашілік қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәнтекейдің Есағасы, Қазыбек рулары.
  10. Хандығаты(Бұланды) ауылына Хандығаты, Аршаты, Жосаты қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Молқы руы мен Жәнтекейдің әр тармағы.
  11. Сарғусын ауылына Сандыққұм, Қаратерек, Күрті қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәнтекейдің Шақабай руы.
  12. Ласты ауылына Ласты, Ноғайты, Көксу қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәнтекейдің әр тармағы.

Қорыта келгенде, Алтай қаласы қазағының 80 пайыздан астамын Жәнтекей руы ұстайды. Жәнтекейдің 21 пайызын Тасбике руы, 19 пайызын Базарқұл руы, 15 пайызын Шақабай руы құрайды. Шақабайдан кейін Есағасы, Қазыбек рулары тұрады. Мұндағы Қарақас-Молқылар 7 мыңнан асады. Найман руы ауылды жерлерде аз болғанымен, қала ішінде біршама бар.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Көктоғай ауданына 79 елді мекенді қамтиын 10 ауыл-кент қарайды.

  1. Аудан орталығы болып табылатын Қу-Ертіс қаласына Сержан Шығыс, Сержан Батыс, Мәдениет Шығыс, Мәдениет Батыс, Бақыт деген 5 мөлтек аудан және Ертіс деген 1 елді мекен қарайды. Қаланың Қу-Ертіс атануы оның Ертіс өзенінің бірінші саласы болған Қу-Ертіс өзенінің аңғарына орналасқанынан. Қаладағы ең басты рулар — Қарақас, Молқы, Шеруші, Сарбас, Ителі.
  2. Тұрғын ауылына Қозыке, Кеңқолтық, Қаражыра, Қосарал, Көктерек қатарлы 17 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Қарақас, Шеруші, Сарбас.
  3. Дөре ауылына Тесіпаққан, Сойылты, Ұзақты, Ойқора, Үшкеріш қатарлы 15 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Қарақас, Ителі, Меркіт, азырақ Сарбас.
  4. Күрті ауылына Сұпты, Бұраты, Далаауыз, Өндірқара(Оспанқара), Қалбағай қатарлы 11 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Қарақас, Молқы, Ителі.
  5. Қарабұлғын ауылына Қаратас, Жәміке, Қарасу, Бала-Ертіс, Қалшағай, Жебеті қатарлы 9 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Қарақас. Ертіс өзенінің Қу-Ертістен кейінгі екінші саласы болған Бала-Ертіс өзені осы ауылдың таулы аймақтарына орналасқан.
  6. Қаратүңке кентіне Қаратүңке кенті, Мыскен кенті және Орта-Арғылтай, Тастақ, Қызылқұдық, Тасбастау, Теректі қатарлы 5 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Молқы, азырақ Көнсадақ.
  7. Темекі ауылына Қайырты, Сарытерек(Ителі Сарытерегі), Тұзбай қатарлы 7 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Молқы, Қарақас, Ителі.
  8. Қызылшілік ауылына Сарытоғай, Көшесай, Қаражігіт қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Молқы, Қарақас, азырақ Көнсадақ.
  9. Шәкүрті кентіне Керуенсарай(Иыңбиң) деген 1 мөлтек аудан және Қашуын, Шошанбай, Шәкүрті деген 3 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Қарақас, Сарбас, Шеруші.
  10. Көктоғай кентіне Мәдениет Батыс, Мәдениет Шығыс, Береке деген 3 мөлтек аудан және Тараты деген 1 елді мекен қарайды. Бұл кент ауданның 1959 жылға дейінгі орталығы болған. Ең басты руы — Жәнтекей, одан кейін Қарақас.

Қорыта келгенде, Көктоғай ауданы қазағының 53 пайызын Қарақас руы, 18 пайызын Молқы руы, 10 пайызын Шеруші руы, 8 пайызын Сарбас руы ұстайды.

Шіңгіл ауданына 59 елді мекенді қамтиын 9 ауыл-кент қарайды. Мұның ішінде Бәйтік мал фермасы Шіңгіл ауданының оңтүстік-шығысында орналасқанымен, әкімшілік жақтан оңтүстіктегі Санжы облысының Шонжы ауданына қарасты.

  1. Аудан орталығы болып табылатын Шіңгіл қаласына Береке Шығыс, Мәдениет Оңтүстік, Демократия, Мәдениет Солтүстік, Достық қатарлы 5 мөлтек аудан және Ақалаңқы деген 1 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Молқы, Шақабай, Сарбас.
  2. Арал ауылына Дөңті, Қобы, Қараңғытоғай, Тастөбе, Дабаты қатарлы 14 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Молқы.
  3. Аралтөбе ауылына Қызылсай, Қызылшілік, Көктөбе, Қосарал, Көктас қатарлы 12 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Молқы.
  4. Ағашоба ауылына Ақжар, Шарықтас, Құмқарын қатарлы 7 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Сарбас, Шақабай.
  5. Шағанғол ауылына Жамбытас, Сарыбұлақ, Ботамойын қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Шеруші, Сарбас.
  6. Сарытоғай ауылына Қарашора, Үйтас, Сарықарын қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Шақабай.
  7. Бәйтік мал фермасына Малшылық 1, Малшылық 2, Малшылық 3 қатарлы 6 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Қарақас.
  8. Тайкешкен кентіне Керуенсарай(Иыңбиң), Достық сынды 2 мөлтек аудан және Сарыбұлақ, Аққарын, Моншық қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәнтекейдің әр тармағы.
  9. Ақдала кентіне Ақдала кенті және Ақдала елді мекені қарайды. Ең басты рулары — Жәнтекей, Сарбас.

Қорыта келгенде, Шіңгіл ауданы қазағының тең жартысын Молқы руы, 20 пайызын Шақабай руы, 16 пайызын Сарбас руы ұстайды.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Қаба ауданына 65 елді мекенді қамтиын 7 ауыл-кент қарайды. Бұл өңір Жеті Қаба деп аталады. Қаба атанған 12 өзенді жиып, үлкен жақтан Жеті Қаба дей салады. Бұлар: 283 шақырым бойы ағатын Ағүлгін Қаба(Үлкен Қаба), 132 шақырым бойы ағатын Қарақаба, 52 шақырым бойы ағатын Нарсын Қаба(Арасан Қаба, Наршын Қаба), 100 шақырым бойы ағатын Нарынқаба, 99 шақырым бойы ағатын Аққаба, ТемірҚаба(Темірті Қаба), Тұлым Қаба(Тұлымды Қаба — Үш Тұлымты), Теректі Қаба, Жебеті Қаба, Мойылты Қаба, Жаманқаба, Шабырты Қаба.

  1. Аудан орталығы болып табылатын Ақши қаласына Азаттық Шығыс, Азаттық Орта, Азаттық Батыс, Демократия Шығыс, Демократия Орта, Демократия Батыс сынды 6 мөлтек аудан және Ақши, Кемер деген 2 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәдік, Шұбарайғыр, Жарболды, Қазыбек.
  2. Көлбай ауылына Балта, Сарытақтай, Қараөткел, Үштөбе, Қайыңдыарал қатарлы 14 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәдік. Аздаған Жарболды.
  3. Сарыбұлақ ауылына Үшаша, Қараүңгір, Алқабек, Білезік, Көктоғай қатарлы 13 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жарболды, Шұбарайғыр.
  4. Сарытам ауылына Қараой, Қабырғатал, Сарыөлең, Көктас, Тектұрмас қатарлы 13 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Қазыбек, Есағасы, Жәдік.
  5. Жайылма ауылына Көлденең, Қараағаш, Көксаз, Кердала, Ақтөье қатарлы 11 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәдік. Қалғандары Есағасы, Қазыбек, Шұбарайғыр, Жарболды.
  6. Шұбар ауылына Көксу, Айдарүйеңкі, Қосарал қатарлы 8 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Шұбарайғыр. Аз бөлімі — Қазыбек, Есенбай.
  7. Теректі(Теректі Қаба) ауылына Аққаба, Шұбаршілік, Ақбұлақ қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәдік, Қазыбек, Есенбай.

Қорыта келгенде, Қаба ауданы қазағының 40 пайызын Жәдік руы, 22 пайызын Шұбарайғыр руы, 14 пайызын Найманның Жарболды руы ұстайды.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Буыршын ауданына 74 елді мекенді қамтиын 7 ауыл-кент қарайды.

  1. Аудан орталығы болып табылатын Буыршын қаласына Буыршын, Қосөзен, Ертіс, Бояукеріш, Перікөлі, Жетісу, Мұзтау қатарлы 7 мөлтек аудан және 1 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәдік, Жәнтекей, Шеруші, Найман.
  2. Оймақы ауылына Еламан, Мұңайтпас, Қызылқабақ, Жалғызтал, Қатай қатарлы 23 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәдік(Құланбай, Жақа, Жантай, Жарасбай, Баян, Байқазан), Найман, Ботақара.
  3. Шұңқыр ауылына Қаракемер, Қарабұлақ, Көкбай, Ақайрық, Ақши қатарлы 17 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Шеруші, Секел, Тайлақ.
  4. Дулайты ауылына Ақтам, Сарытерек, Ертіс, Қаратал, Бестерек қатарлы 12 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Жәдік(Байқара, Баян).
  5. Қостық ауылына Қостоған, Қарадөң, Қызылүйеңкі, Ақтерек, Сарықұм қатарлы 10 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәдік(Байқара, Баян), Ботақара, Есағасы.
  6. Егізтөбе ауылына Топтерек, Қызылжар, Қосарал қатарлы 9 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жәдік(Құланбай, Жарасбай, Байқазан), Құлтайболат, Найман(Қаратай, Төртуыл), Қазыбек, Тасбике.
  7. Қом-Қанас ауылына Қом, Қанас деген 2 елді мекен қарайды. Ең басты руы — Найман(Қаратай). 200 үй қазақ тұрады. Қорыта келгенде, Буыршын ауданы қазағының 58 пайызын Жәдік руы, 20 пайызын Жәнтекей ру, 15 пайызын Шеруші руы ұстайды.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Бурылтоғай ауданына 63 елді мекенді қамтиын 6 ауыл-кент қарайды. Аудан орталығы Үліңгір көлінің жазық атырабына орналасқандықтан, бұл өңір бұрын Жалпақ атанған.

  1. Аудан орталығы болып табылатын Бурылтоғай қаласына Халық, Бейбіт, Жылыкөл, Құрлыс Солтүстік, Батыс Айналма, Қылы қатарлы 6 мөлтек аудан және Батыс Қала, Шығыс қала деген 2 аумақ қарайды. Ең басты рулары — Қыстаубай, Ителі, Қазыбек, Меркіт, Бура, Уақ.
  2. Жетіарал ауылына Тошалаүй, Жалпақ, Қаратеріскен, Сарытақтай, Ботамойын 18 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Ителі, Қазыбек.
  3. Қарамағай ауылына Сарытал, Ақкеріш, Сарықұм, Жиделі, Ойқора қатарлы 17 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Қыстаубай, Уақ.
  4. Көкағаш ауылына Көпберген, Есікқұм, Көкжорға, Шұбарой, Дүзгенді қатарлы 14 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Меркіт, Қыстаубай.
  5. Шығанжиде ауылына Жалаңаш, Қызылүйеңкі, Қызылкеріш қатарлы 8 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Қыстаубай, Жастабан, Қарақас, Елшібай, Уақ, Бура.
  6. 6 елді мекенді қамтиын, қытай ауыл есептелетін Арда ауылын арнайы атамадық.

Қорыта келгенде, Бурылтоғай ауданы қазағының 34 пайызын Қыстаубай руы, 18 пайызын Ителі руы, 14 пайызын Қазыбек руы, тағы 14 пайызын Меркіт руы ұстайды.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Жеменей ауданына 41 елді мекенді қамтиын 7 ауыл-кент қарайды. Аудан Сауыр тауының Мұзтауының бауырына орналасқандықтан, бұл өңір Сауыр, кейде Құлын-Сауыр деп аталады.

  1. Аудан орталығы болып табылатын Топтерек қаласына Өркениет(Уынмиң), Құрлыс, Береке, Халық қатарлы 4 мөлтек аудан қарайды. Ең басты руы — Меркіт, Қазыбек, Жастабан, Есағасы
  2. Ласты(Топтерек) ауылына Шаңдыжұрт, Аршалы, Байкүшік, Шұқырша, Бөріктал қатарлы 14 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Меркіт, азырақ Ботақара.
  3. Тосты ауылына Тасты, Аққолтық, Сынтас қатарлы 8 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Қазыбек, Меркіт, Төре, Қожа.
  4. Қаржау ауылына Қаражыра, Көкқора, Қызылқора қатарлы 7 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Есағасы, Жәдік.
  5. Жеменей(Беларық) кентіне Шарықты, Қызыладыр, Сарыөлең қатарлы 5 елді мекен қарайды. Бұл кент ауданның 1962 жылға дейінгі орталығы болды. Ең басты рулары — Жастабан, Ителі. Азырақ Найман(Төртуыл, Сарыжомарт), Меркіт.
  6. Бестерек(Ошарбай) ауылына Ошарбай, Сарыағын, Жалғызқарағай қатарлы 4 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Меркіт, Қазыбек, Жастабан.
  7. Шалшықай(Ақмырза) ауылына Ақмырза, Қоржа қатарлы 3 елді мекен қарайды. Ең басты рулары — Жастабан, Самырат, Ителі.

Қорыта келгенде, Жеменей ауданы қазағының 40 пайызын Меркіт руы, 29 пайызын Жәнтекей руы, 13 пайызын Жастабан руы ұстайды.

Сурет: Автордың жеке мұрағатынан алынды.

Жинақтай келіп, біз Алтай қазағының руларының ішінде Жәнтекей руының тармақтарының сол жердегі қазақтың 33 пайызын ұстайтынын қорытындыладық. Алтай қазақтарының ішінде Жәнтекейден кейінгі екінші орынға 14 пайызбен Жәдік руы жайғасады. Үшінші орында 13 пайызбен Қарақас руы, төртінші орында 11 пайызбен Молқы руы сап түземек.

Шеруші руы 30 мыңға(5%) таяса, Меркіт руы 25 мыңға(4%), Сарбас руы 25 мыңға(4 %), Шұбарайғыр руы 20 мыңға(3%), Ителі руы 20 мыңға(3%), Жарболды руы 15 мыңға(2.5 %) жетеді.

Зерттеген: Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

0 пікір