Жұма, 21 Қараша 2025
Ғибырат 149 0 пікір 21 Қараша, 2025 сағат 12:42

Менің Алматым

Сурет: Сайт мұрағатынан алынды.

2025 жылы қарашаның 22-ші жұлдызында Алматы қаласына табаным тиіп, тұрақты тұрғыны атанғаныма тұп-тура 31 жыл болады. Әрине, аз уақыт емес!

Шетелде дүниеге келіп, өзгеше қоғамдық формацияда, басқаша менталиетте өсіп, отырықшы халықтың алып қаласында білім алып, азамат болып қалыптасқан алмағайып заманның тумасы, балалық, жастық ғұмырының 29 жылын сол сырлы, ғажайып, құпиясы мол шығыста өткізіп, тәуелсіздік таңы атып, еркіндіктің шуағы төгілген елең-алаң шақта өз тамырын тауып, тағдырын Ата жұрттың өткені және бүгінімен тоғыстыруға шешім қабылдаған-ды. Оған да бақандай 31 жыл болайын деген екен. Алланың сүйген құлы болып 92 жасында мәңгілік қонысын тапқан әкемнің ғұмыр сүру өлшемімен ойласам өмірімнің үштен екісі өте шығыпты. Ұлы ғұлама Конфуций  «отызда орныңнан тұрасың» десе, біздің қазекең осы ұгымды «отызда орда бұзбаған, қырығында қырдан аса алмайды» деп тәпсірлейді. Шамасы біз сол үдеден шыққандар сойынанбыз.

Сонымен шығыс пен батыс, түстік пен терістікті жалғап, заңғар тауларын күн сүйген, әсем бауырында жамырап бұлақ ағып, шымырлап көз қайнап жататын, құшағы құтқа толы, бұрынғы-соңғы, арғы-бергі жиһангездер үшін алма мен қызғалдақтың отаны болған мың жылдық шаһар – кіндік қаным төгілмесе де, жүрегімнен орын алып, тірлігімнің ордасына айналып кетті. Осы қалада тұнығымның алды, майсамның шүйгіні болған шекесі торсықтай ұлдар сүйдім, мәпелеп қыз өсіріп жатырмын. Империя құлап, сенімі күйреп, сезімі жараланған тәуелсіз елдер нарықтың қыспағына түскенде «көппен көрген ұлы той» деп жеті атамыздан бері оң жамбасымызға келіп көрмеген бизнес деген кәсіптің құлағын ұстап, толқынын қуалап шашылған несібемізді теріп көрдік. Оның да нәтижесі жаман болмады. Мемлекетке салмақ салмай, кісі қолына көз сатпай, бар қиындықты елмен бірге көріп есейдік. Қанатымыз қатып, топшымыз шыңдалды. Біле білгенге бұл да Алланың маңдайға жазған несібесі екен!

Ғасыр пердесі жабылуға шамалы қалғанда ел байтағы жер жаннаты Жетісудан, аязы ақырып тұрған Арқаға көшті. Әлем аң-таң. Халық есеңгіреп қалған. Ханзадаларын алтынмен аптап, күміспен күптейтін байырғы сақтар мен ғұндардың, тарихын тасқа ойып жазған көктүріктердің, әлемге тәртіп орнатқан Алтын орда мұрагерінің бұл тосын жүрісі кеңінен талқыға түсіп, көптеген болжам мен бопсаның тамыздығы болды. Бірақ, көшелі пікірдің нүктесін, Астананың он жылдық мерейтойында Өзбекстан президенті марқұм Ислам Каримов «қазақтан досың болса ұзақ сапарға алаңдамай шығасың» деп қортындылады.

Сол өлара кезеңде Алматының мұртын балта шаппады. Теңіз жолы ашылудан бұрынғы Жібек жолы бойындағы транспорттық әлеуетін қайтадан жаңа өреге көтеріп, өзінің миссиясын ойдағыдай атқарды. Өйткені бұл қалаға тиіп тұрған Шамалған ауылында және қаланың өзінде бұл күнде әлемдік саясаткерлердің қатарынан ойып орын алған халқымыздың екі ұлы перзенті - Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өмір есігін ашып, атжалын тартып мініп, азамат атанған. Бесмойнақ пен Абай шыңдарына қарап өскен, нәр алған екі арда ұлдың алысты ойлап, биікті бағындыруы кездейсоқтық емес, дархан дала мен құтты мекеннің бойларына әкенің күші, ананың сүтімен дарыған гені болатын.  Алатаудың ұларын жеп, сақтардың ескі жұртының ауасымен тыныстаған егей ерлер әлемдік өзгеріс пен сан ғасырда бір келетін мүмкіндікті ел мүддесіне сәтімен бейімдеп мемлекет іргесін қалап, дамудың даңғыл жолына түсірді.

Алматы алғаш Астана статусын алғанда бүкіл қазақ зиялыларының ордасына айнала бастады. Республиканың төрт бұрышынан Алаш азаматтары осы бір империяның шетіндегі, желдің өтіндегі шағын қалаға ағылып келіп, қазақ руханиатының бір-бір кірпіші боп қаланды. Ұлы М. Әуезов Семей, Ташкент, Қызылорда қалаларында толғағы жеткен «Абай», «Абай жолы» эпопияларының кіндігін Алматы да кесті. Екінші жиһандық қанқасаптың арасынан тірі қайтқан жас солдат Әбдіжәміл Нұрпейісов «Қан мен тер» триллогиясын Медеудің ауасымен тыныстап отырып жазды. Аштық кезінде ата-анасынан айрылып, жетімдер үйін паналаған І.Есенберлин «Көшпенділер», «Алтынорда» романын осы қалада мың машақатпен жазып, «Ұлтың кім десе? КСРО деп айтам» деген сарында ода жаза бастаған дызетпе ақындардың бетін қайтарып, санасына  сәуле жақты. Көктөбеге шығып, Байқоңырдан ұшқан ғарыш кемесіне қарап тұрып шабыты шалқыған заманның еркесі, ақын Олжас Сүлейменов «Адамға табын, жер енді» деп тебіренді. Қазірде сол биіктен түспеген ақын ағынға қарсы жүзіп келеді.

Алматының әрбір тарихи құрылыстары мен әлеуметтік нысандарын көрген сайын саясаткер Д.Қонаев пен академик Қ.Сәтбаевтың жаркешті еңбегі мен биік парасаты еске түседі.

Халықтың аққа аузы жетіп, қарны тоя бастағанда империяның да тәбеті айырықша ашылып, Солтүстік облыстарға көзі түсе бастады. Сол сын сағатта сазгер Шәмші мен ақын Жұмекеннің шығармашылық достығы бүгінгі ел ұранына айналған шығарманы дүниеге алып келді. Алматы бастап, бүкіл Қазақстан қостап «Елім менің, жерім менің» деп күңіреніп кетті.

Нұрғиса Тілендиевтің жүрегінен шығып, саусағымен жеткен «Аққу» күйі Алматының әсемдігі мен Алатаудың айбатын көзалдыңа алып келіп, киелі жердің иелерінің кім екендігін «Ата толғауы» болып аңғартты. Бұл елдің таулары қандай биік болса, адамдары да сондай асқақ та өр.

1986 жылы 16-шы желтоқсанда Алматының қаршадай ұлдары мен қыздары орталық алаңда «мұзға жанған алау» болып, ұлттың мүддесі мен намысын қорғай білді. Бұл алау империяның түкпір-түкпірін шарлап барып, ақыры 1991 жылы 21-ші желтоқсанда әйгілі Алматы декларациясы қабылданып, азулы империяның жаназасын шығарды. Алматым сол үшін де бүкіл әлемнің жадында мәңгілікке жатталып қалдың!

Тәуелсіздік жылдарында Алматы бастамашы болып алдымен нарыққа көшті. Күн мен түн сияқты жақсылық пен жамандық қашанда егіз ұғым емес пе?! Нарықтықтың заңына ілесіп запыраны да қоса келді. Ол - жұмыссыздық. Ол -қылмыс. Ол - жабайы капитализм. Көшпелілер отырықшыларға қарағанда жаңалықты жатсынбай, тез қабылдаймыз. Бағымыз да, сорымыз да осыдан келіп шығады. Екі тізгін, бір шылбыр қолымызға тиген соң, билік пен бизнес сыбайласа кетіп, ықпалы жеткен жердің бәріне үлкен-кіші монополия орнады. Араны ашылған мүдделі кландар калағанын істеп, қарапайым халықтың қалтасын қағып, күнкөріс көзін қиындатты. Ақыры Ақтаудан басталған ұшқын Алматыда зілзала болып жарылды. Алматы теңселіп кетті. Биліктің символы - әкімшілік үйі отқа оранды. Мемлекет пен өркениеттің тағдыры қыл үстінде тұрды. Қарағанды да туылып, қазақтың даңқын ғарышқа жеткізген, бүкіл ғұмыры тәуекелден тұратын халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің халықты сабырға шақырып, Президентке жасалған үндеуі жұрттың жүрегіне жол тапты. Халық сайлаған Президент антына адал болып, Конституция берген құқығын толық пайдаланып, бүлікті тыныштандыры. Халықтың мамыражай өмірі басталып, Жаңа Қазақстанның парағы ашылды.

31 жылдан бері Алматы мені бауырына басты. Мен де бар болмысыммен осы қаламен біте қайнасып кеттім. Алматының бар жаңалығы қашанда назарымда болады. Сүйікті қалада салыну тарихы ұзақ, бірақ қашықтығы тым қысқа метро қолданысқа берілгенде, қуанышым қойныма сыймай, отбасы мүшелерімді алып бас бекеттен соңғы бекетке дейін жүріп өттім. Бірнеше жылдың алдында алғашқы айналма жол ашылғанда басынан аяғына дейін рақаттана, ләззат ала зуылдап өте шыққаным әлі есте.

Шетелге сапарға шықсам апта өтпей Алматыны сағынып түс көремін. Шекара аттап немесе алыс облыстардан қайтып қалаға жақындаған кездерімде алыстан Алатаудың ақбас шыңдары ағараңдап көріне бастайды да, көзіме оттай басылып, жүрегіме ерекше жылылық бағыштайды. Сағыныш, ыстық ұя деген ұғымның тереңіне бойлап кетемін. Ұшақпен келе жатып, Алатаудың қапталымен еңкейе келіп, қонғандағы асқар таудың бауырында көлбеп жатқан қаланың түнгі және күндізгі көрінісі қандай ғажап, қандай әсем десеңші?! Жер жаннаты Жетісу деп текке айтылмаған ғой!

Алматым, мен саған ғашықпын десем, ешкімге ерсі сезілмес. Менің бұл дертім қан арқылы ұрпағымның ұрпағына жалғаса бермек. Төрт маусымы анық, төрт түлігі сай, тауы биік, тасы алтын, тарам-тарам өзендері тұнық ертегідей қаланың тұрғыны болу адам баласының шын бақыты болар.

Омарәлі Әділбекұлы

Abai.kz

0 пікір