Бейсенбі, 30 Сәуір 2026
Алашорда 157 0 пікір 30 Сәуір, 2026 сағат 13:40

Оспан батырдың шейіт болуы...

Сурет: автордың жеке мұрағатынан алынды

Оспан батырға кесілген өлім жазасы қарарын Пакістанда болған кезімізде Үрімжі радиосынан жанды (тікелей) тыңдадым.

1948 - 1952 жылдарында Пакістанда едік. Түркістаннан Пакістанға бұдан былай келіп-кеткен ешкім болмағандықтан Түркістанда, Комунист Қытай тарапынан қандастарымызға жасалып жатқан адамгершілікке сыймайтын зорлық-зомбылық, қинау, азаптау жəне жаппай қыру туралы аз да болса Үрімжі радиюсынан мəлімет алып тұр едік. Мəліметтер өте қайғылы жəне ренішті еді.

Аса уайым жəне қыңжылумен Үрімжі радиюсының берген хабарларын тыңдап, мүмкіндігінше елден хабар алуға тырысуда едік.

28 ақпан 1951 күні Үрімжі радиосының өте жаман бір хабарын естідік. Хабарда: «Оспан Исламұлының Түркістанның Онтүстік Шығыс шеғарасы болған Мақай денілген жерде қолға түскенін, 15 наурыз 1951 күні Үрімжіге əкелініп, көшелерде аралатылатынын, 6 көкек 1951 күні Үрімжіде ашылатын Халық Өкілдерінің Мəжілісіне əкелініп əрбір өкіл тарапынан кінəланып өлім жазасына кесілетінін жариялаймыз» делінген.

Жəне 27 көкек 1951 күні Үрімжі радиюсының мəлімдемесінде: «Ертең сағат 9 да бандит Оспан Исламұлы майдаңға əкелініп, халықтың алдында ашық түрде сотталып, өлім үкімі орындалады. Үкім, радиюдан жанды түрде халыққа жеткізіледі».

Бұл қайғылы хабарды естігенде жүрегіміз ауырып, қыңжылып сасып қалдық. Бұл күн біз үшін асқар таудың басын қара туман шалғандай қаралы бір күн еді. Өйткені; Түрік Дүниесінің əсіресе Түркістандықтардың халық қаһарманы Оспан батырдың залым, қанқұмар, қып-қызыл Қытай комунисттері тарапынан атылатыны жарияланған еді. Сағаттар «тик-тақ», «тик-тақ» деп, заман өте жылдам өтуде еді. Сол қаралы түнді де ұйықтамай, қыңжылып таң атырдық.

Ақыры, 28 көкек 1951 күні сағат 9 да өте ренішпен діңкеміз құрып, иығымыз түсіп, көзімізде жас радиюға құлақ түрдік. Міне көңіл келуін қаламайтын сағатта мəжіліс ашылды. Алдымен Комунист Қытай Армиясының Бас Қолбасшысы Атынан Уаң Жиң мəжілістің ашылу сөзін сөйлеп, артынан Оспан батырды кінəлады. Одан кейін Жоғары Қылмыстық Сот Басшысы Бұрхан Шəһиди микрофонға шығып, сол күнгі мəжілістің маңыздылығын айтып, ол да Оспан батырды кінəлады.

Бұдан кейін сатқын əрбір ұлт өкілдері Оспан батырға қарсы сөз сөйлеп, наразылықтарын білдірді.

Соңынан сатқын Бұрхан Шəһиди тағы микрофонға шығып сөз алғанда, сағат 10 нан 55 минут өткен еді.

Сатқын Бұрхан итше былай үруде еді: «АҚШ пен Чан Кайшидің шпионы жəне халқымыздың жауы болған Оспан Исламұлы ортаға əкелінсін!» деді.

Нəтижеде ең алдында Оспан батыр болып, барлық айыпталушылар ортаға əкелінген кезде, майдандағы абыр-дабыр, шу-айқай басылды. Тек қана айыпталушылардың қол-аяқтарындағы көзір мен кісеннің дауысы естілді.

Радиюдан тыңдап отырған біздер де сол сəтте түгелдей үнсіз күйде болып, көз жасымызды тия алмадық. Біз үшін сол минуттар сабыр етуі зор жəне əсте ұмытылмайтын аса қасіретті минуттар еді.

Кенеттен Үрімжі радиюсының дауысы үзіліп кетті. Ақыры алаң жəне қобалжуда болған біздер, бұл аянышты оқиғаны соңына дейін тыңдай алмадық.

1 мамыр 1951 күні Үрімжі радиюсының хабарынан ұққанымызға қарағанда Оспан батыр атылатын кезде кенеттен қатты боран соғып, жауын жауғандықтан радиюның дауысы үзіліп кеткен екен. Негізі бұл Алланың қалауы еді.

Осылайша, халық қаһарманы Оспан батырдың коммунист қытайлар тарапынан жабайылықпен атылуы, жалғыз ғана Түркістандықтар үшін емес, Түрік Дүниесі үшін де үлкен бір қаза болды. Бірақ тарихтағы тиісті орнын алатын Оспан батыр түрік халқының жүрегінде мəңгі сақталады.

28 көкек 1952 күні Пакістанның Пəшəуір қаласында "Түркістан Қазақ Босқындар Қоғамы" атынан Қоғам үйінде, Оспан батырдың шейіт етілуінің бірінші жылында тұңғыш рет Оспан батыр жəне Түркістан Өкіметінің Қаржы Министрі Қ. ЖАНЫМХАН марқұмдардың аруақтарына арнап еске алу күні тертіп еттік.

Барлық Түркістандық бауырларымыздың қатысуымен бұл еске алу күнінде, арнайы Құран Қатым түсіріп, Оспан батырдың өмірі жəне ұлт-азаттық күресі жайында баяндамалар жасалды. Кейінгі жылдарда да əр жерде əр заман бұл қаралы күннің азасы тұтылуда жəне халық қаһарманы Оспан батыр, өте ықылас əрі құрметпен еске алынуда.

Бүгін Оспан батырдың шейіт болуының 18 ші жылында, үлкен мүжаһидті, көпшілік болып, қайта еске алар да Алла Тағаладан марқұмға мол-мол рақмет тілеймін.

Халифа Алтай

 "ТҮРІК ЕЛІ" ( TURKELI DERGİSİ) журналы 1968-жыл.

Абдуррахим Алтайдың фейсбук парақшасынан

Abai.kz

 

0 пікір