Сәрсенбі, 26 Қараша 2025
Жаңалықтар 79 0 пікір 26 Қараша, 2025 сағат 16:00

Кремлев енді Қазақстан нарығын да қанатының астына алмақшы...

Сурет: pnp.ru сайтынан алынды.

2022 жылы ақпанда Кремль қожайыны Путиннің Украинаға жасаған басқыншылық соғысынан кейін Ресей компаниялары санкцияға ұшырап, көрші елдің экономикасы кері кеткені белгілі.

Нақты дерек бойынша 25 мыңға жуық орыс компаниялары елімізге келіп қоныс тепкен. Бұған әрине онлайн басқарылатын, онлайн табыс табатын ірі компаниялар кірмейді. Оның негізгілерінің қатарында миллиардтар айналымға түсетін букмекерлік компаниялар аталады.

Отандастарымызды қарызға батырған бұл ұтыс ойындары туралы Парламентте Бақытжан Базарбек бастаған депутаттар мәселе көтерді де. Бірақ салаға жауапты шенеуніктер букмекерлік компаниялардың жоғары сомада салық төлейтінін алға тартып, мәселені жылы жауып қойды.

Енді сол букмекерлік компаниялардың Ресейдегі қожалары Қазақстанға өздерінің есептеу жүйесін енгізбекке жанталасуда. Өткен аптада Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек осы мәселені төтесінен қойды. Оның елімізде енгізіліп жатқан Біріңғай есепке алу жүйесіндегі (ЕСУ) былықтарды әшкерелеп, «NomaPay» жеке компаниясымен құпия келісімнің астарында капиталды Ресейге жөнелтудің пасық есебі тұрғаны туралы мәлімдемесі жұрт аңысын қозғады.

Депутаттың айтуынша, біздегі ЕСУ Ресейдегі ЦУПИС жобасының тура көшірмесі екен.

Ресейдегі ЦУПИС жүйесінің операторы «Мобильная карта» банктік емес несие ұйымы. Бізше кәдімгі микроқаржы ұйымы. Оған Умар Кремлёв пен «Современные платёжные решения» және «Центр прогресса бокса» атты фирмалар арқылы ВТБ банкі иелік етеді. Нәтижесінде осы топ Ресейдегі барлық заңды онлайн-бәс тігулерді, триллион рубль айналымы бар төлем нарығын, ондаған миллион ойыншының жеке деректерін, телефондарын, банктік карталарын, мекенжайы мен қаржылық тарихын бір жерге шоғырландырып алып, барлық букмекерлік компанияларға диктат орнатқан.

Умар Кремлёвтің өзі Ресейде екі рет істі болған адам. Ол басқарып отырған IBA Халықаралық бокс қауымдастығы абыройдан жұрдай болып, ішкі жемқорлық пен қылмыс әлемінің серкелерімен байланысы үшін олимпиададан шеттетілді. Қазір барлық дерлік елдер IBA бәсекелесі, біздің Геннадий Головкин басқаратын World Boxing ұйымына ауысып кетті. Ал ВТБ банкі Украинаға қарсы соғысты қаржыландырғаны үшін АҚШ пен Еуроодақтың қатаң санкцияларының астында. ЦИПУС операторы - «Мобильная карта» да Еуропаның бірқатар елдерінің санкциялық тізімінде. Осындай, қылмыс әлемінің адамдары билейтін, санкцияның астында жатқан ресейлік құрылымдар басқаратын жеке жүйені қазақстандық шенеуніктерге «сәтті мемлекеттік модель» деп таныстырып, еріксіз бас изеткен.

Exclusive.kz басылымы осы ЦУПИС жүйесінің көршілес Ресейде қаншалықты өз мақсатын орындап, қоғам мен мемлекет мүддесінен шыққандығын саралап, ауқымды зерттеу жариялаған. Зерттеу нәтижесі ЦУПИС-тің билікпен байланысып алған ат төбеліндей топтың жымысқы мақсатына жұмыс істеп жатқанын, нарықты кландық бөліп, жемқорлық монополия орнатқанын анық көрсетіп отыр.

Қазақстандық шенеуніктерге көрсетілген ЦУПИС презентацияларында жүйе «оффшорларды жеңген және лудоманияны ауыздықтаған мемлекеттік реттеу моделі» ретінде сипатталған. Алайда ЦУПИС-ті зерттегенде, онда ешбір мемлекеттік бақылау тетіктері жоқ екені анықталды.

Ресейде ЦУПИС жобасын енгізер алдында, мүдделі топтар мемлекет бұл мәселені бақылап отыр дегенді көрсету үшін «Единый регулятор азартных игр» (ЕРАИ) атты ұйым ашқан. Оның ресми міндеті ЦУПИС-тің қаражатты дұрыс бөлуін және әлеуметтік міндеттерді орындауын бақылау деп жазылған. Бірақ осы тырнақшаның ішіндегі «мемлекеттік ұйымның» басшылығында Кремлевпен толық байланысы бар адамдар отыр. Ұйым басшылары Олег Саитов пен Кирилл Щекутов Умар Кремлев басқаратын IBA құрамындағы Ресей бокс федерациясы атқару комитетінің мүшелері болып табылады. Ал Алексей Грачев Кремлевпен байланысы бар «Спорт и Отечество» жобасынан келген. Тек төртінші басшы ғана Ресей Қаржы министрлігінің өкілі болып табылады. Сонда мемлекеттік ұйымды да Умар Кремлевтің қолында ұстап отырғаны байқалады.

ЦУПИС SEPA мен СБП-дан да қымбат болып шыққан. Мысалы ЦУПИС-тің қаржылық есебіне көз салсақ, бір жылдық операциялық шығыны 7,6 млрд рубль, ал пайдасы 31 млрд рубль екенін көруге болады. Сонда, Ресейдің бүкіл банк секторына тура осындай қызмет етіп отырған СБП екі есе аз шығын жұмсаған. Ал Еуропалық қаржы транзакцияларын қамтитын, жүздеген миллион пайдаланушысы бар SEPA ұйымы небары 2,5 млрд рубль шығындаған. Яғни, тек букмекерлермен жұмыс істейтін, бір сегментті ғана қамтитын ЦУПИС Еуропа мен Ресейдің екі ірі платформасынан 2–3 есе көп қаржы жұмсайды. Бұл жүйенің экономикалық тиімсіздігін және ішкі жымқыру механизмдерінің бар екенін айғақтайды. Ертең біздегі ЕСУ да жемқорлықтың ордасына айналмауына кім кепіл?

ЦУПИС-тің шығындары оның спортқа беруі тиіс қаржысымен теңесіп қалған. 2024 жылы Ресейде ЦУПИС бенефициарлары 31 млрд рубль пайда көрген уақытта спортты қаржыландыру тапшылығы 18 млрд рубльге жетіп қалған. Сонда ЦУПИС Ресей спортын қаржыландыру проблемасын еш шешпеген. Себебі олар қай федерацияны қаржылай қолдайтынын өздері ғана таңдап отырған. Барлық спортқа ақша бермеген. Мұндағы басты мақсат Ресей спортын қолдап, демеу емес, саланы монополиялап орасан пайда табу болғаны түсінікті. Өкініштісі, тура осы модель Қазақстанға келе жатыр.

Ресейде ЦУПИС монополияға айналғаннан кейін Кремлёв нарықтағы букмекерлерге «доляңды бер, әйтпесе жүйеден ажыратамыз» деп, оларды толық өз қанатының астына алған. Тура біздегі Болат Назарбаев кейсі деп айтсақ болады. Ал Ресей заңнамасы букмекерлерге ЦУПИС-сыз жұмыс істеуге тыйым салады. Бірден лицензиядан айырады. Ресейдің бар табысын алып отырған Кремлев енді тура осы системамен Қазақстан нарығын да қанатының астына алмақшы. Демек бізде қай букмекер жұмыс істейді, кім қанша үлес беруі тиіс, бәрін Кремлев шешеді деген сөз. Ал бізге бұл керек пе?

Abai.kz

0 пікір