Бейсенбі, 27 Қараша 2025
Жаңалықтар 119 0 пікір 27 Қараша, 2025 сағат 14:15

Қырғызстанда Ресей компаниялары көбейіп жатыр

Сурет: РИА Новести сайтынан алынды.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2025 жылы республикада жұмыс істейтін ресейлік компаниялардың саны алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есеге көбейгенін мәлімдеді. Ол мұны Бішкекте мемлекеттік сапармен жүрген Ресей президенті Владимир Путинмен келіссөзден кейін айтты.

Қырғызстан президенті әкімшілігінің мәліметі бойынша, Жапаров Ресей «Қырғызстанның стратегиялық одақтасы және сенімді серіктесі болып қала беретінін» және екіжақты күн тәртібі жаңа бірлескен жобалар мен бастамалардың арқасында кеңейе беретінін мәлімдеді. Ол Ресейдің қолдауы инфрақұрылым, энергетика, өнеркәсіп және гуманитарлық салаларды дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, президент Жапаров Еуразия экономика одағы аясындағы интеграция ынтымақтастық, инновация және инвестиция үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

Владимир Путин өз кезегінде Ресей Қырғызстанның жетекші сауда-экономикалық серіктесі болып қала беретінін, ал ресейлік инвестиция көлемі қазірдің өзінде 2 миллиард долларға жуықтағанын атап өтті. Ол ресейлік инвесторлардың сенімінің артуын Қырғызстандағы оң ішкі саяси динамика және Жапаровтың күш-жігерімен байланыстырды.

Владимир Путин Бішкекке мемлекеттік сапармен 25 қарашада барған.

2025 жылдың қараша айындағы ресми мәлімет бойынша, Қырғызстанда Ресейдің қатысуымен 1800-ден астам компания тіркелген. Бұл елдегі барлық шетел компаниялардың үштен бірін құрайды.

Кремль "достық ниеттегі" елдер деп атайтын мемлекеттерде ресейлік компаниялардың саны 2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін енгізілген Батыс санкциясынан соң күрт ұлғайған. Бұған дейін ресейлік компаниялар жанама санкциядан жалтару үшін "достық ниеттегі" елдерде жұмыс істейтіні хабарланған еді. Олар Ресейге үшінші елдер арқылы тауар тасуға мүмкіндік беретін параллельді импортпен айналысады.

Abai.kz

0 пікір