Жұма, 28 Қараша 2025
Жаңалықтар 170 0 пікір 28 Қараша, 2025 сағат 12:46

ҚазҰУ-сапалы білімнің үлгісі

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті- еліміздегі жоғары білім беру сапасын халықаралық деңгейге көтеріп, Тұрақты даму мақсаттарын жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан жетекші оқу орны. Оқу ордасы өзінің білім беру, ғылым және инновация бағыттарындағы кешенді жұмыстары арқылы баршаға сапалы білім алуға мүмкіндік беруді көздейтін Тұрақты даму мақсаттарының 4-бағытын жүзеге асыруда айтарлықтай үлес қосып отыр.Университеттің стратегиялық дамуы қазіргі жаһандық талаптармен үйлесіп, жаңа буын мамандарын даярлауға бағытталған.Сапалы білім беру-қоғам дамуының негізгі қозғаушы күші. Ол жеке тұлғаның кәсіби жағынан қалыптасуына ғана емес, оның саналы азамат ретінде қоғам өміріне белсенді араласуына да тікелей әсер етеді. Білім-адамның өмір бойы өзгеріп, дамуына жол ашатын рухани және интеллектуалдық ресурс. Ал сапалы білім осы ресурсты дұрыс бағытқа бағыттайды, тұлғаның жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

 

Қазіргі таңда әлем елдері білім беруді экономикалық және әлеуметтік дамудың басты факторы ретінде қарастырады. Себебі сапалы білім алған маман еңбек нарығында сұранысқа ие болып қана қоймай, жаңа идеяларды ұсынады, инновациялық жобаларды жүзеге асырады және қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Осы тұрғыда университеттің рөлі ерекше. ҚазҰУ  сапалы білім беруді қамтамасыз етуде елдегі жетекші позицияны ұстанып келеді.Сапалы білім тек кәсіби біліммен шектелмейді. Ол адамның сыни ойлауын, талдау қабілетін, шығармашылық әлеуетін, шешім қабылдау мәдениетін қалыптастырады. Бүгінгі таңда мамандардан теориялық білімнен бөлек, жаңа жағдайларға бейімделе алу, ақпаратты сараптау, жаңашыл бағыттарды игеру қабілеті талап етіледі. Осындай дағдыларды қалыптастыру-жоғары оқу орындарындағы оқу процесінің маңызды міндеттерінің бірі.Оқу ордамыздың ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуы, халықаралық әріптестіктерді кеңейтуі, оқу бағдарламаларын жаңартып отыруы-сапалы білімді қамтамасыз ететін үлкен фактор. Университет қабырғасында жетекші ғалымдар жұмыс істейді, халықаралық конференциялар, ғылыми жобалар мен зерттеу орталықтары тұрақты қызмет етеді. Бұл студенттерге тек білім алып қана қоймай, ғылыммен айналысуға да үлкен мүмкіндік береді.

Тұрақты даму мақсаттарының ішінде сапалы білімнің жеке бағыт ретінде қарастырылуы да кездейсоқ емес. Бұл мақсаттың негізгі идеясы-білім арқылы қоғамның әлеуетін арттыру, адам мүмкіндіктерін кеңейту және өмір бойы білім алуға жағдай жасау. Білім ордамызда стратегиялық даму жоспары осы мақсаттармен толық сәйкес келеді. Университетте цифрлық білім беру жүйесі, инновациялық зертханалар, заманауи кітапхана, әлемдік деңгейдегі оқыту платформалары енгізілген.Еліміз жоғары білім сапасын арттыру мақсатында бірқатар реформаларды жүзеге асырып келеді. Жоғары оқу орындарының  академиялық еркіндігі кеңейтіліп, білім беру бағдарламалары халықаралық талаптарға сәйкестендірілуде. ҚазҰУ бұл өзгерістердің басында тұр. Әлемдік рейтингтерге кіру, халықаралық бағдарламаларды енгізу, ғылыми нәтижелерді коммерцияландыру-білім сапасын арттыруға бағытталған нақты нәтижелер.Сапалы білім алған адам қоғамда белсенді, жаңашыл позиция ұстанады. Ол үздіксіз даму мен өзін-өзі жетілдіруді өмір салтына айналдырады. Сондықтан да сапалы білім беру мәселесі тек білім саласының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл-болашаққа жасалған инвестиция.

 

Турсынкулова Д.А

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті,з.ғ.к.

Усеинова К.Р

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі

Abai.kz

0 пікір