Сәрсенбі, 3 Желтоқсан 2025
Аласапыран 117 0 пікір 3 Желтоқсан, 2025 сағат 14:05

Кремльдегі келіссөз: Путин бейбітшілікке келіспеді!

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды.

Кеше АҚШ президенті Трамптың арнайы өкілі Уиткофф пен күйеубаласы Кушнер Мәскеуге ұшып барды. Ресейбасы Путинмен АҚШ әзірлеген «бейбітшілік келісімін» талқылады.

Бұл даулы келісім жұртқа жария болысымен-ақ, әлемнің есті жұрты соны: «Бұл келісім емес, Ресейдің дегенін орындау шарттары», - деп қатал сынады. Осыдан соң, АҚШ пен Украина делегациялары кезек-кезек кездесіп, түзетулер жасасты. Көп мәселе бойынша мақұлдасты.

Келісілмеген, шешілмеген 2 мәселе бар. Ол – жер мәселесі және қауіпсіздік кепілдігі деген мәселе. Украина бұл екі мәселені Трамп пен Зеленский жүзбе-жүз кездесіп, шешуі керек дейді.

Жалпы бұл бітім жоспарының айғай-шуы көп болды. Бір арада Трамп Украинаға ультиматум қойды. Онан соң Уиткоффтың әңгімелері әшкере болды. Тараптар айтысты, тартысты, ақыры көп мәселе бойынша тіл табысты. Сөйтіп, Уиткоффтың авторлығындағы 28 тармақ қазір жоқ. 19-22 тармаққа дейін қысқартылған.

Кеше Кремльде 5 сағат тапжылмай отырып келіссөз өткізген Уиткофф пен Путин келісімге келе алған жоқ. Ресей президентінің кеңесші-көмекшісі Юрий Ушаковтың айтуынша:

«Путин мен Уиткоффтың келіссөздері пайдалы, конструңтивті және мазмұнды өткен. Әзірге тараптар келісімге келмеді, ал президенттердің кездесуі жоспарланған жоқ. Путин Трампқа дұғай-дұғай сәлем жолдады», - деді.

Онан әрі:

«АҚШ ұсынған бітім жоспарымен Ресейдің келісетін тұстары да бар, мүлде келіспейтін тұстары да бар. Талқы пайдалы болды. Кремльде Украинадағы соғысты бейбіт шешудің бірнеше нұсқасы талқыланды. 5 сағаттың ішінде бірсыпыра мәселені қарап үлгердік. Оның мазмұнын жарияламауға уағдаластық», - деді.

Қазір Украина тарабы келісімге келуге кетәрі емес. Онысын Уашингтонға да естіртті. Гәп – Ресейде!

Ресейдің бейбітшілікке келмеуінің бірнеше себебі бар. Олар:

БІРІНШІ: Путиннің позициясы өзгерген жоқ. Путин осыған дейін ешқандай компромисске келмейтінін ашық айтты. Өткен аптада Ресей оккупациялап алған жерлерден Украинаның толық шығуын талап етті. Зеленскиймен келіссөз жүргізудің еш мәні жоқ екенін, оның легитимділігін мойындамайтынын айтты. Кремль майдан даласында Ресей әскері алға жылжып келе жатқанын тілге тиек етіп, Мәскеудің әуелгі талаптары өзгермегенін, Киев оған келіспесе әрі қарай соғысатынын мәлімдеді.

ЕКІНШІ: Соғысу арқылы қаржы игеру. Кремль бейбітшілік туралы ойламақ түгілі, тіпті агрессивті жолға түсіп барады. Путин қол қойған жаңа бюджет елдің қайда бара жатқанын анық көрсетеді: 2026 жылы Ресей шығынының 38%-ы — армия мен күштік құрылымдарға бөлінген. Бұл көрсеткіш КСРО кезінен бергі ең жоғары көрсеткіш. 12,93 трлн рубль әскери мақсатқа, 3,91 трлн – қауіпсіздік құрылымдарына жұмсалады. Ал әлеуметтік шығындар соғысқа дейінгі 38%-дан 25%-ға азайған. Экономиканы қолдауға бөлінетін қаражат 17%-дан 10%-ға дейін қысқарды. Бұл соңғы жиырма жылдағы ең төменгі деңгей. Бір сөзбен айтқанда: Еуропа — қарулану арқылы күшеюге, Ресей — соғыс арқылы әлсіреуге бағыт алған.

ҮШІНШІ: Елді соғыспен басқару механизмі. Бұл Кремль билігінің кепілдігі боп тұр. Путин қақтығыс аяқталғаннан кейін елге оралатын миллиондаған сарбаздан қауіптеніп отыр. Соғысқа шамамен 1,5 миллион ресейлік қатысқан болуы мүмкін, олардың ішінде бұрын сотталғандар да бар. Қақтығыс біткен соң бұл әскерилер психологиялық жарақаттарымен орыс қоғамына қайта араласады, ал бұл Кремль үшін үлкен сынаққа айналуы ықтимал.

ТӨРТІНШІ: Пригожин бүлігінің жаңғырығы әлі күнге ұмытылмағанын ескерсек, Путин әскери топтардың ықпалы артып кетуінен қорқады. Сондықтан билік соғысқа қатысушыларды бақылауда ұстаудың түрлі амалдарын қарастыруда.

Түйін: Украинадағы ауыр шығындарға қарамастан, Путин «бейбіт кезеңнің президенті» бола алмайды. Сондықтан, Ресей бейбітшіліке жоспарына келіспейді!

Abai.kz

0 пікір