Бейсенбі, 4 Желтоқсан 2025
Аласапыран 127 0 пікір 4 Желтоқсан, 2025 сағат 13:39

Ресей мұнайына жасалған жойқын соққы

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды.

Ресейдің «көлеңкелі флоты» 180 млн баррель мұнайды сата алмай теңізде жүзіп жүр...

Орыс мұнайын сату барған сайын қиындап барады. АҚШ қазанда қабылдаған ауқымды санкциялардан кейін ресейлік шикі мұнайға тұрақты сатып алушы табу қиынға соғып отыр.

Bloomberg-тің жазуынша, соның салдарынан Ресейдің «көлеңкелі флотындағы» мұнай көлемі күрт көбейген. Нарыққа бірден шығып кетудің орнына, шикізат айлап теңізде қалып, кемелердің өзі жүзіп жүрген мұнай қоймасына айналып барады.

Қарашаның соңына қарай осы флоттағы танкерлерде 180 миллион баррельден астам мұнай жиналғаны айтылды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мұнайын импорттағаны үшін Үндістанға қарсы баж салығын көтерген еді. Осы қадамнан кейін ресейлік мұнайға арналған бағыттар шатаса бастады.

Bloomberg дерегінше, танкерлер бастапқыда баратын портын өзгертіп, Үндістанның батыс жағалауына не Түркияға жетпей бұрылып кететін жайттар көбейген. Кейбірі айлаққа кіру кезегін күтумен теңізде ұзақ уақыт тұруға мәжбүр болған.

Мұндай схема логистикаға да, қаржыға да ауыр салмақ салатыны сөзсіз. Танкер неғұрлым көп жүрсе, сақтандыру шығыны өседі, экипажға төленетін ақша артып, кеме жалдау құны да қымбаттайтыны белгілі.

Бұған экологиялық тәуекел қосылады, себебі техникалық жағдайы ескі кемелерге мұнай толтырып қою жағалаудағы елдер үшін де, теңіз үшін де қауіпті.

«Лукойл» мен «Роснефть» компанияларының 34 еншілес кәсіпорындарына АҚШ пен Ұлыбритания қазанда шектеу енгізді. Мұндағы себеп айқын, Украинаға қарсы соғысты қаржыландыратын негізгі көздің бірі осы мұнай табысы. Ірі компаниялар санкциялық тізімге енген сайын ресми трейдерлер мен банктер мұндай мұнайға жоламауға тырысады.

Экономикалық тұрғыдан қарасақ, теңізде жиналып қалған 180 миллион баррель мұнай Ресей үшін қағаз жүзіндегі экспорт көлемі сақталып тұрғандай көрінгенімен, нақты ақшаға айналуы қиындықпен іске асуда.

Нарықтағы жеңілдік (дисконт) ұлғаяды, сатып алушы азайған сайын сатушы бағаны түсіруге мәжбүр. Ал санкция күшейген сайын, тіпті төмен баға да мәселені толық шеше алмайтын күйге түседі.

Ресей үшін мұнай экспортынан түскен әр кешіккен доллар бюджет тапшылығын ұлғайтып, соғыс шығынын жабуды қиындата түседі.

Нұрлан Жұмақанов

Abai.kz

0 пікір