Жұма, 5 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 97 0 пікір 5 Желтоқсан, 2025 сағат 16:31

Заңгерлердің қоғамдағы рөлі

Сурет: nazarmedia.kz сайтынан алынды.

Заңгер - қоғамның құқықтық жүйесін қалыптастырып, әділдік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды мамандар.

Олар қоғамдық қатынастарды реттейтін құқық нормаларын түсіндірумен ғана шектелмей, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, әлеуметтік әділеттілік орнатуға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге бағытталған кәсіби қызмет атқарады. Қоғам тұрақтылығының негізгі көрсеткіші-құқықтық тәртіптің сақталуы, ал бұл міндеттің орындалуына тікелей ықпал ететін тұлғалар – заңгерлер.

Заңгерлердің азаматтарға құқықтық кеңес беруі - қоғамдағы құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тетігі. Олар күрделі құқықтық жағдайларды түсіндіре отырып, әрбір адамның өз құқығын дұрыс қолдануына, заңға сәйкес шешім қабылдауына мүмкіндік жасайды. Бұл азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, құқық бұзушылықтың алдын алуға да негіз болады. Әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету де-заңгерлердің басты міндеттерінің бірі. Олар әлеуметтік осал топтарды қорғау, кемсітушілікке жол бермеу, азаматтардың заң алдындағы теңдігін сақтау бағытында жұмыс жүргізеді. Заңгерлер қоғамдағы әділетсіздікті анықтап, оны жою жолдарын ұсына отырып, құқықтық мемлекет қағидаларының нақты жүзеге асуына үлес қосады.

Құқықтық тәртіпті сақтау да заңгерлердің маңызды рөліне жатады. Құқық қорғау органдарында, сот жүйесінде, прокуратура мен адвокатурада қызмет ететін заңгерлер заң нормаларының дұрыс қолданылуын қадағалап, қоғамда тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталуына ықпал етеді. Заң бұзушылықтың алдын алу, заңсыздыққа жол бермеу, әділ шешім қабылдау - олардың кәсіби борышы. Тек құқықтық тәртіп сақталған жағдайда ғана мемлекетте тұрақтылық орнап, азаматтардың құқықтары толық қорғала алады.

Бүгінгі таңда заңгер мамандығы бүкіл қоғам үшін маңызды мәнге ие. Әлеуметтік, экономикалық, саяси өзгерістер көп жағдайда құқықтық реттеуді қажет етеді. Сондықтан заманауи заңгер-бір ғана заң саласын білетін маман емес, кең ауқымды ойлайтын, күрделі қоғамдық процестерді талдай алатын, кәсіби этиканы ұстанатын тұлға болуы қажет.

Осы бағытта Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы елге қажет кәсіби заңгерлерді даярлауда маңызды жұмыс атқарып келеді. Кафедра студенттерге теориялық біліммен қатар тәжірибелік дағдыларды да меңгертуді басты мақсат етеді. Практикалық сабақтар, модельдік сот процестері, құқық қорғау органдарымен бірлескен іс-шаралар болашақ заңгердің кәсіби қалыптасуына тікелей ықпал етеді.

Сонымен қатар кафедра болашақ мамандарды құқықтық ойлау мәдениетіне, кәсіби этикаға, әділдік қағидаларын берік ұстануға үйретеді. Заңгер тек білімімен емес, адалдығымен, әділеттілігімен, азаматтық жауапкершілігімен құнды. Сондықтан болашақ заңгерді жан-жақты даярлау -еліміздің құқықтық жүйесінің сапалы дамуына, әділдік пен тәртіптің орнауына негіз болады.

Қорытындылай келе, заңгерлердің қоғамдағы рөлі ерекше маңызды. Олар құқықтық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, әділдік пен теңдікті сақтауға, азаматтардың құқықтарын қорғауға, қоғамның тұрақты дамуына ықпал етеді. Ал еліміздің жетекші оқу орындарында даярланған, кәсіби дағдысы қалыптасқан, жауапкершілігі жоғары заңгер құқықтық мемлекеттің берік негізі.

Мынбатырова Н.К.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультеті мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының заң ғылымдарының кандидаты,доцент

Бақытқызы Азиза

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің 1 курс магистранты

Abai.kz

0 пікір