Олжас Сүлейменов Нобель сыйлығына ұсынылды
Белгілі қазақ ақыны Олжас Сүлейменов Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығына ұсынылды, деп хабарлады «Байтақ» жасылдар партиясының баспасөз қызметі.
«Бүгін Алматыда өткен «Байтақ» жасылдар партиясы Алматы қалалық филиалының 5-ші конференциясында тарихи әрі маңызды шешім қабылданды. Партия төрағасы Азаматхан Әміртаев қазақтың көрнекті жазушысы, ақын, қоғам қайраткері, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының негізін қалаушы Олжас Сүлейменовті Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығына ресми түрде ұсынғанын хабарлады», - делінген ақпаратта.
Ресми ақпаратта: Бұл бастама тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің тыныштығы үшін аянбай еңбек еткен дара тұлғаның еңбегін жоғары деңгейде мойындау болып табылады делінген.
«Олжас Сүлейменовтің тарихи рөлі, әсіресе оның «Невада-Семей» қозғалысындағы қызметі Семей ядролық полигонын жабудың шешуші факторы болды. Оның үстіне, оның бастамасы мен Қазақстанның халықаралық аренадағы белсенді жұмысының арқасында бірнеше елде, соның ішінде АҚШ-тың Невада штатында тағы төрт ірі ядролық сынақ полигоны жабылды. Бұл жаһандық қауіпсіздікке қосылған қомақты үлес», - дейді «Байтақ» жасылдар партиясы.
Abai.kz