Ұлттық өнердің үш тағаны
Қазақ руханиятының тамыры тереңге тартып, ғасырлардан жеткен асыл мұралары бүгінгі күнге аманат болып келді.
Сол аманатты арқалап, ұлттық өнердің жалынын сөндірмей, келер ұрпаққа таза күйінде жеткізіп жүрген тұлғалар бар. Олар – сахна мәдениетін қалыптастырып, дәстүрлі өнердің тұғырын биіктеткен жандар. Бүгінгі мақаланың өзегі – өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған үш бірдей майталман: театр сахнасында талай рөлді шынайы сомдаған актер Оңдасын Бесікбасов, ұлттық ән өнерінің қоңыр үнін жаңа биікке көтерген Алма Аманжолова, және Жетісу мектебінің әнін саф күйінде дәріптеп жүрген дарынды әнші Қайратбек Бектұрсын.
Бұл үш тұлғаның өнер жолы әр түрлі болғанымен, барлығының түпкі мақсаты – қазақ дәстүрлі өнерін сақтау, жалғау және жаңғырту. Үшеуі де – бір шаңырақ, бір орда – Алатау дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы. Сондықтан олардың өмір жолдары да, өнер жолдары да осы өнер ордасының тарихымен біте қайнасып жатыр.

Сурет: «Алатау» дәстүрлі өнер театрының Әдебиет бөлімінен алынды.
Оңдасын Бесікбасов - сахнаның салмағын көтерген тарлан тұлға!
Уақыттың тезіне, өнердің сын таразысына төтеп берген өнерпаздың бірі – Оңдасын Иманғалиұлы Бесікбасов. Шығыстың сайын даласында түлеп, Семейдің «Жастық» халық театрында қанат қаққан жас актер кейін үлкен сахналардың абыройлы өнер иесіне айналды. Абай атындағы опера және балет театрында 27 жылға жуық тер төгіп, Құнанбай мен Бейбарыс, Шыңғыс хан мен Сарыбай секілді образдарды сомдауы – оның актерлік қуатын танытқан биік белестер.
Фильмдерге түсуі, халықаралық марапаттары – оның өнер жолын айшықтайтын іздер. 2013 жылы Украинада өткен «Бригантина» фестивалінде «Ең үздік екінші ер адам рөлі» номинациясын жеңіп алуы – қазақ актерінің шетелдік көрерменді де тәнті еткенін дәлелдейді.
2016 жылы құрылған «Алатау» дәстүрлі өнер театрының алғашқы күнінен бастап осы шаңырақтың рухани тірегіне айналған Оңдасын Бесікбасов – аталмыш театр үшін де, ұлттық сахна өнері үшін де орны бөлек тұлға.

Сурет: «Алатау» дәстүрлі өнер театрының Әдебиет бөлімінен алынды.
Алма Аманжолова - дәстүрдің үнін жүрегінде жеткізген әнші!
Алманың өнерге келуі – тағдырдың өз таңдауы. Балалық шағынан әннің киесін сезінген ол Ж. Елебеков атындағы өнер колледжінде Қайрат Байбосыновтан тәлім алып, Арқа мен Жетісудың ән мектебін бойына сіңірді. Кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда білімін шыңдап, дәстүрлі әннің ғылыми негіздерін меңгерді.
Оның орындауындағы Жамбылдың «Угәй-айы», Нұрғиса Тілендиевтің «Алатауы», Алтынбек Қоразбаевтың «Елге сәлемі» – халықтың жүрегіне жеткен ерекше туындылар.
Алманың сахналық бейнелері де сан алуан. «Абай – Тоғжан», «Ғұрып», «Алтыбақан», «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» секілді спектакльдердегі рөлдері – оның ішкі даралығын көрсететін көркем образдар.
Оның «Тәуелсіздікке қосқан үлесі үшін» медалі, «Қазақ өнерінің қайраткері» атағы, «Ерен еңбегі үшін» марапаты – өнерге сіңген адал еңбектің дәлелі.
Алма Аманжолова – Алатау театрының ашылған күнінен бергі алтын көмей, сахналық кеңістіктің рухани өзегін байытқан қоңыр үн.

Сурет: «Алатау» дәстүрлі өнер театрының Әдебиет бөлімінен алынды.
Қайратбек Бектұрсын - Жетісу әнін жаңғыртқан жас дарын!
1987 жылы Іле өңірінде дүниеге келген Қайратбек – ұлттық ән өнерінің жас, бірақ салмақты өкілі. Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияда алған білімі, Тілеулес Құрманғалиевтан көрген тәлім – оның өнерге деген көзқарасын тереңдетті.
2017 жылдан бері «Алатау» дәстүрлі өнер театрының белді әншісі болып, Жетісу ән мектебінің озық дәстүрлерін жаңа тыныспен жеткізіп келеді. Әсет Найманбаев, Дәнеш Рақышев, Кенен Әзірбаев әндерін шабытпен орындауы – оның ерекшелігін айқындайтын дара сипат.
Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты атанған Қайратбек – ұлттық ән өнерін жаңа буынға таныстырып жүрген жарқын дауысты өнерпаз.
Үшеуін біріктірген орда – Алатау театры. Оңдасынның актерлік қуаты, Алманың сыршыл үні, Қайратбектің нақышты дәстүрлі әні – барлығы да Алатау театрының сахнасында тоғысады. Бұл театр – әрқайсысының шығармашылық биікке шығуына жол ашқан рухани мекен.
Олардың өнері – үш түрлі сала, үш түрлі қалып. Алайда үшеуін біріктіретін басты құндылық – ұлттық өнерге деген шексіз құрмет пен адалдық.
Олар – өткен мен бүгінді жалғап тұрған өнер көпірі, дәстүрдің шырақшылары, қазақ руханиятының үш тағаны. Үшеуінің де өмір жолы – еңбек пен ізденістің, өнер мен ұлтқа қызмет етудің жарқын үлгісі.
Оңдасын Бесікбасов, Алма Аманжолова, Қайратбек Бектұрсын – қазақтың дәстүрлі мәдениетін сақтап, оны халыққа жеткізіп жүрген ұлы өнердің өкілдері. Әрқайсысының шығармашылығы – бір-бір мектеп, бір-бір өмір өрнегі. Ал үшеуінің бір сахнада тоғысуы – Алатау театрының ғана емес, тұтас қазақ руханиятының баға жетпес байлығы. Өнердің осындай майталмандары барда ұлттық өнердің тамыры үзілмейді, үні өшпейді, киесі жоғалмайды.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының Әдебиет бөлімі
Abai.kz