Жексенбі, 16 Тамыз 2026
Анық 1151 0 пікір 14 Тамыз, 2026 сағат 18:14

Қалай дауыс береді екен, ә?..

Сурет: tengirinews.kz сайтынан алынды.

Жалғыз үй қиян қыстауда отырамыз. Айнала аспан таулар. Иен, елсіз мекен. Жым-жырт. Сол жым-жырттықты біреу келіп бұзса екен деп тілейсің. Күндердің бір күнінде әлгі тілегің орындалады-ей!..

Екі бетіне қына жаққандай боп жүретіндіктен «қызыл Естай» атанып кеткен бір кісі бар еді. Қызыл матамен қаптаған қызыл жәшігін алдына өңгеріп сол қызыл Естай келетін қыстаулығымызға. Қызыл Естай келсе, үйімізге Қызыр келгендей қуанатынбыз. Қазан көтеріледі, ет асылады. Шешем керосин шамның білтесін де көтеріп қояды. Жеңді білектей қазыны көмейлете отырып әкем мен Естай екеуі қызу әңгімені «қызылмен» жүргізе түседі.

–  Қызыл Естай неге келіпті? – деп сұраймын тәтемнен қаға берісте.

–  Ертең – сайлау. Ана қызыл жәшікті көрдің бе? Соған дауыс береміз.  Дауысымызды алуға келіпті, –  дейді тәтем. – Мен қызыл жәшікке қызыға әрі  таңқала қараймын. «Қызыл жәшікке қалай дауыс беруге болады? Басыңды жәшіктің ішіне тығып дауыс бересің бе, қайтесің?» –  Осы сұрақтың жауабын  ойлап жатып ұйықтап кетемін. Ертеңінде оянсам, үлкендер «дауыстарын беріп» тастап, таңғы шай үстінде отырады.

Бұл – қызыл урнолы қызыл өкіметтің кезі-тұғын. Советтің сайлауы ылғи қыста болатын ба еді, әйтеуір, жыл аралатып қызыл Естай біздің қыстауға соғып тұратын. Есімде қалыпты...

Ал, қазір жайнаған жаз. Енді аз күндерден соң Құрылтай сайлауы болмақшы. «Сайлауға барсаң да – барасың, бармасаң да – барасың» деп желкелейтін Совет өкіметі жоқ. Қызыл жәшігін алдына өңгеріп малшы ауылдарын аралайтын қызыл Естайлар да жоқ. Әркімнің өз ерікі – өзінде. Бірақ ерік –  еріккенің ермегі болмауы керек. Сайлау – халықтың саяси еркін (көзқарасын, пікірін) білдіретін науқан. Сондықтан бұл науқанға қатысқан жөн. Әсіресе, Алматы қаласының тұрғындары белсенділік танытса деп тілеймін. Өйткені, Астана саяси-ресми орталық болғанымен, саясат Алматыда жасала ма, бірдеңе ғой өзі...))

"Сайлауға қатысып жатқан жеті партияның біреуіне міндетті түрде дауысыңды" бер деп мен алматылықтарды жетелеуден немесе үгіт-насихат соғудан аулақпын. Жұрт өз қалауын қалағанынша білдіруге қақылы. Тіпті ,жеті партияның біріне де дауыс бермеймін десе, мархаббат, бюллетеньде «бәріне қарсымын» деген де  жол бар. Қысқасы, бұл да сенің сайлауға қатысып, саяси көзқарасыңды білдірудің төте жолы.

«Төте жолды көрсетші ауылыңа баратын» демекші, сайлау – саясатқа араласудың төте жолы. Осыны ескерейік те, "бізге келіп қалай дауыс береді екен, ә?" деп тұрған көк жәшіктерімізді бюллетеньдерге толтырып тастайық.

Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір