Сәрсенбі, 17 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 535 0 пікір 17 Желтоқсан, 2025 сағат 16:51

Экологиялық жобалар қала үшін басым бағыт болып қала береді – Алматы әкімі

Суреттер: Алматы қаласы әкімдігінен алынды.

Алматы үшін экологиялық күн тәртібі басым бағыт саналады және ол тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мен орнықты мегаполис қалыптастырудың негізгі шарты ретінде қарастырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифинг барысында Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, 2026 жылдың соңына дейін 2-ЖЭО-ні табиғи газға көшіру жұмыстары аяқталады. Келесі кезеңде бу-газ технологиясын енгізе отырып, 3-ЖЭО-ті қайта жаңғырту жоспарланған. Бұл жылу көздерінен шығатын зиянды заттар көлемін 92%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.

2027 жылға қарай жеке тұрғын үйлер 100% табиғи газбен қамтылады. Ал 2028 жылға қарай қалалық бағыттарда экологиялық таза қоғамдық көлікке толық көшу жоспарланған. Бұл ауа сапасын жақсартып, қаланың тұрақты дамуына жол ашатын маңызды қадам болмақ.

«Біз қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіріп, полигондарда көму тәжірибесінен терең өңдеу мен энергия өндіру арқылы кәдеге жаратуға көшеміз. Алматыда қалдықтарды басқару саласы көму тәсілінен терең өңдеу және энергетикалық кәдеге жаратуға кезең-кезеңімен ауысып жатыр. Жылына 80 мың тоннаға дейін пластик өңдейтін және жылына 150 мың тонна макулатураны өңдейтін зауыттар салу жоспарланған. Қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар энергия өндіру үшін жағылады. Ол үшін тәулігіне 2 мың тонна қалдықты өртейтін қоқыс жағу зауытын салу көзделіп отыр. Аталған шараларды іске асыру 2030 жылға қарай коммуналдық қалдықтарды өңдеу және кәдеге жарату үлесін 37% пайызға дейін арттыруға мүмкіндік береді», – деп мәлімдеді Дархан Сатыбалды.

Abai.kz

0 пікір