Жұма, 19 Желтоқсан 2025
Көршінің көлеңкесі 4362 0 пікір 18 Желтоқсан, 2025 сағат 14:16

Ресей Думасы Қазақстанға қыр көрсетті!

Сурет: altyn-orda.kz сайтынан алынды.

«Қазақстанның өз аумағында НАТО стандартындағы артиллериялық снарядтар өндірісін жолға қою шешімі - «Ресейге қатысты достыққа жатпайтын қадам», - деп мәлімдеді Мемлекеттік Дума қорғаныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Журавлев.

«Біз бауырлас республика орыс тілінен ғана емес, кириллицадан да бас тартқанын байқамауға тырысамыз. Киевте бой көтерген «мызғымас киіз үйлері» қазақтардың Украинаны қалай қолдап отырғанын танытса, ал енді оқ-дәрілер өндірісін НАТО-лық стандарттарға көшірудің астарында, бұл ел болашақта ресейлік қару-жарақ үлгілерінен бас тартып, оларды батыстық үлгілермен алмастыруға құлық танытуы жатқаны анық», - деді Журавлев.

Ол 1992 жылы Қазақстан Солтүстік Атлант ынтымақтастығы кеңесіне енгізілгенін, ал 1994 жылы ел НАТО-мен «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» деп аталатын негіздемелік шарт жасасқанын еске салды.

«Бірден сұрақ туындайды - НАТО неге Қазақстанға осыншама қызығушылық танытады? Мүмкін ол Ресеймен шекаралас болғандықтан және осы елден кезекті русофобиялық форпост ұйымдастыруға болатындықтан шығар? НАТО-мен мұндай ынтымақтастықтың ақыры не болғанын Киев мысалынан бәріміз де білеміз», - деді Журавлев.

Бұған дейін қазақстандық жоғары лауазымды әскери қызметкер «RTVI» телеарнасына қазіргі уақытта ел армиясының жауынгерлік қабілеттілігі кеңес заманынан қалған қару-жарақ қоймаларына, сондай-ақ ресейлік жеткізілімдерге байланысты екенін хабарлаған болатын.

Өзін снарядтармен қамтамасыз ету үшін Қазақстан «ASPAN» ұлттық жобасы аясында ресейлік үлгідегі ғана емес, НАТО стандарттарындағы артиллериялық оқ-дәрілер мен миналарды шығаратын төрт әскери зауыт салуды жөн деп шешкен. Жобаның жалпы құны шамамен $1 млрд, ал бірінші зауыт 2027 жылы іске қосылады.

Осының бәрі Мемлекеттік Дума қорғаныс комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Журавлевтің жынына тиді.

Бір емес, екі емес, бірнеше мәрте Қазақстанның ішкі ісіне араласып, даулы мәлімдеме жасаған Ресей депутаты Алексей Журавлевке Қазақстанға кіруге тыйым салатын уақыт жетті. Қазақстанның құзырлы органдары нақты шара қабылдауы керек-ақ!

Abai.kz

0 пікір