Жұма, 19 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 119 0 пікір 19 Желтоқсан, 2025 сағат 14:48

Парламент цифрлық үлгіге көшуде

Сурет: Қазақпарат сайтынан алынды.

Қазақстанда Парламентті цифрлық модельге ауыстыру жұмыстары басталды. Бұл туралы Парламентаризм институты негізі қалануының бес жылдығына арналған Еуразиялық форумда сөз сөйлеген Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаева мәлімдеді. 

Дания Еспаева Президенттің Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық елге айналдыру туралы қойған мақсатын еске салды.

- Парламент депутаттары осы сессияда «Жасанды интеллект туралы» заң мен Цифрлық кодексті бастамашылық етіп, қабылдап, бұл ауқымды шешімді заңнамалық тұрғыдан қолдады. Бұл құқықтық актілер цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектке негізделген жаңа әлеуметтік қатынастардың негізін қалайды, - деді вице-спикер.

Ол парламент депутаттарына заң шығару жұмысының тиімділігін арттыру үшін цифрлық шешімдерді пайдалануының маңыздылығын атап өтті.

- Біз Парламенттің цифрлық моделіне көшу бойынша жұмысты бастадық. «е-Parlament» бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленіп жатыр. Бұл кешенді цифрлық жүйе парламенттік заң шығару процестерін автоматтандыруға арналған. Біз «e-Parlament»-тің бастапқы кезеңіндеміз, бірақ артықшылықтары айқын: ішкі парламенттік барлық процестер оңтайландырылады, - деп атап өтті Еспаева.

Ол сондай-ақ жүйенің Электронды үкімет платформаларымен біріктірілетінін қосып өтті.

Abai.kz

0 пікір