«Қазақмыс» төңірегіндегі дау дамайлар не дейді?
Қазақстандағы беделді іскерлік басылымдардың бірінде ірі металлургиялық компанияларда болып жатқан өзгерістерді талдаған қызықты мақала жарық көрді.
МҰНАЙ САУДАСЫ ҚЫСҚАРДЫ, НАЗАР ТАУ‑КЕН САЛАСЫНА АУЫСАДЫ...
Осындай жағдайда мұнай түсімдерінің қысқаруын белгілі бір деңгейде өтеу үшін кеніштер мен зауыттардың тиімділігін алдын ала, жедел өсіру шынымен де қажет. Сондықтан «Қазақмыс» пен «Қазцинктегі» меншік иелерінің кеңінен талқыланып жатқан ауысуы тек осы компаниялардың өздері үшін ғана емес, бүкіл Қазақстан үшін де маңызды.
Бұрынғы акционерлер – түрлі Кимдер мен Огаилар – миллиардтаған қаржыны тек сорып алып, инвестиция салуға онша бас қатырмағаны жоғарыда аталған материалда анық көрсетілген. Сондықтан оларды ешкім аяй қоймас, керісінше, қоғам олардың «Ескі Қазақстанда» қалып қойғанын қалайды.
Мәселе басқада: «Қазақмыстың» жаңа иелері қалай әрекет етеді? Олардың ауқымды өзгерістерге жететіндей жеткілікті капиталы бар ма?» деген сұрақтар бүгінде көбірек толғандырады.
ОЙЫНҒА МИЛЛИАРДТАР АРАЛАСҚАНДА...
«Карметтегі» өзгерістер көрсеткендей, сөз миллиардтаған доллар туралы болып отыр, әрі, ол бір миллиардпен шектелмейді: Металлургиялық алпауыттарды сатып алушыларға активтердің өзін алуға ғана емес, орасан зор қаржы қажет болады – ол ақша бұрынғы акционерлермен бірге кетеді. Ал жаңа миллиардтар айналым капиталын толықтыруға, өндірісті жаңғырту мен кеңейтуге керек. Себебі шахтаны, ТКК-ны немесе зауытты сатып алу – істің жарым жартысын да құрамайды. Өйткені, «жұмыс істеп тұрған өндірістердің пайдасының бір бөлігін инвестицияға бағыттауға болады» деп үміттену – өте өрескел қателелік, жеткілікті дәрежеде аңғалдық:
Біріншіден, елге акционерлердің ауысуынан жедел нәтиже болуы керек. Ол үшін осы компаниялардан табыс пен салықтардың тез өсуі қажет.
Екіншіден, қазіргі әлемдегі орын алған саяси және экономикалық жағдайларда олардың табыстылығының өзі де айқын төмендеп келеді. Соның ішіндегі маңыздысы ‑ ескі технологиялар мен жабдықтардың тозуына байланысты сұрақтар. Ал, одан да қауіптісі ‑ ең алдымен, кен орындарының сарқылуы.
Осыған дейін де «Қазақмыс» кейбір бөлімшелерін жабу мәселесін мезгіл-мезгіл көтеріп келді. Ал, «Қазцинк» те кейбір шахталар мен фабрикалардан арылып, оларды жеке заңды тұлғаларға шығаратыны туралы айтып жүр...
Сондықтан ендігі жерде орасан зор көлемдегі инвестициялар технологияларды жаңғыртумен табысты арттыру үшін ғана емес, кем дегенде кедейленген кендерден өндіру көлемін бұрынғы деңгейде ұстап тұру үшін де қажет. Ал, ондай қаржы «Қазақмыстың» жаңа қожайынында бар ма?

Сурет: Сайт скрині.
АРТЫҚБАЕВТА МҰНДА АҚША БАР МА?
Сарапшылар «Қазақмыс» бойынша мәміле құны мен оны сатып алушының қаржылық мүмкіндіктері арасындағы айқын сәйкессіздікке назар аударады. Мәселен, «Ulysmedia» және «AiranAqpan» YouTube-арнасының («Назарбаев «Қазақмысты» сатады» шығарылымы) деректеріне сәйкес, компанияны 3 млрд 850 млн долларға кәсіпкер Н.Артықбаев сатып алмақ, ал оның байлығы 228 млн долларға бағаланады, яғни сатып алу бағасынан 17 есе аз.
Бұдан бөлек, ол «Қазақмысқа» 3 трлн теңге (шамамен 6 млрд доллар) инвестиция салуды жоспарлап отыр, бұл оның қаржылық мүмкіндігінен 25 есе көп. Өйткені, Н.Артықбаевтың жеке капиталы 228 млн доллар ғана.
Енді, осыдан мынадай заңды сұрақ туындайды: Мұншама қаражат қайдан келеді? Сарапшылар «жаңа инвестор қаржыны «Бәйтерек» ҰБХ мен жеке банктерден тартуы мүмкін» деп болжайды. Алайда банктер де, «Бәйтерек» те триллиондарды соған шамалас, тіпті одан да үлкен кепілсіз таратпайды. Оның үстіне, қазір несие пайыздары тым жоғары, оны мөлшері шағын инвестициялар да көтере алмайтындай деңгейге жетті.
Иә, «Бәйтерек» БРК немесе Өнеркәсіп қоры арқылы жеңілдетілген несиелер береді, бірақ біріншіден, ол жақта да олар тегін емес: теңгеде – 12%-дан бастап, валютада сәл арзанырақ. Екіншіден, «Бәйтеректің» өзіне де осы 3 трлн теңге алдағы үш жылға, бүкіл экономикаға арнап бөлінген.
Ал әртүрлі салалардағы түрлі жобаларды несиелеудің орнына бүкіл ақшаны бір ғана «Қазақмысқа» құю – жұмсартып айтқанда, даулы шешім болар еді. Сондықтан бұл өзгерістердің қаржылық жағының өзі оңай шаруа емес.
«ҚАЗАҚМЫСТЫ МЕҢГЕРУ» ҚҰРЫЛЫСШЫНЫҢ ҚОЛЫНАН КЕЛЕ МЕ?
Алайда ең бастысы бұл да емес:
Ең маңыздысы – жаңа акционерлерде құзырет, яғни жұмыс істейтін технологияларды терең түсіну жеткілікті ме? Металлургия – аса жоғары энергетикалық және температуралық жүктемелермен жүретін үздіксіз химиялық процесс. Болмашы ауытқудың өзі орасан шығынға немесе тіпті апатқа әкелуі мүмкін. Сол себепті де «Кармет» шахта жабдықтарына және пештерді жаңғыртуға жүздеген миллион доллар инвестициялай бастады. Бұған қоса, шығарындыларды азайту үшін жаңа тазалау жүйелерін орнату қажет және т.б.
Айта кету керек, осы екі компанияның («Қазақмыс» пен «Қазцинктің») жаңа ықтимал иелері деп аталып жүрген адамдар, ең кемі, айтылып жүрген тұлғалар – құрылыс бизнесінде үлкен әрі лайықты тәжірибе жинаған, алайда металлургияға да, оған жақын салаларға да қатысы жоқ.
Мемлекеттік тапсырыстардан миллиардтар табу да, әрине, шеберлікті талап етеді: тендерлерде жеңуден бастап барлық талаптарды сапалы орындауға дейін. Бірақ бұл – карьерлер мен шахталар салудан бастап, кен өндіру, байыту, өңдеу және соңында металды балқытуға дейінгі көпдеңгейлі, кезең-кезеңімен жүретін технологиялық өндіріс емес. Сондықтан жаңадан келгендер үшін белгісіз кеңістікке сүңгуге тура келеді, ал мұнда қателіктің құны тек қаржылық емес, адами тұрғыдан да көтергісіз болуы мүмкін... Қалай болғанда да, тіпті Митталдар секілді атақты магнаттардың өзі дәл осы жерде сүрінді ‑ көбіне мәселені түсінбеуден емес, өз ашкөздігінің салдарынан.
Әрине, бұрынғы техникалық менеджментті қалдыруға болады. Бірақ ескі команда, кем дегенде оның басым бөлігі, жаңаны жасауға және өзі өзгеруге ұмтылғаннан гөрі, бұрын өздері істеген дүниені сақтауға көбірек мән береді.
Ал бұл екі компания соңғы онжылдықта жаңа нәрсе жасауда аса белсенді бола қойған жоқ. Ендеше, олардың техникалық менеджерлеріне сүйену – түбегейлі өзгерістерден, жаңа жобалардан және қоғам меншік иелерінің ауысуынан күтіп отырған еселеп табыс өсімінен бас тарту дегенді білдіреді. Әйтпесе, осынша даудың не керегі бар?
Бірақ бұл да толық баға емес:
Бұл компаниялардың өнімдері ішкі нарықта емес, жаңа акционерлердің бәрін танитын, оларды да бәрі танитын жерде емес, халықаралық нарықта сатылады. Ал ол жерде байланыстардың, сенімнің және іскерлік беделдің маңызы зор. 2000-жылдардың басында «Қазақмыстың» Владимир Кимнің тұсында өз мысын жеке брендімен ұзақ уақыт сата алмағаны, өнімге еуропалық басқа өндірушінің таңбасын қою үшін ақылға сыймайтын ақша төлегені айтылатын. Тек жылдар өте келе ғана мұндай құқыққа ие болды. Бұрынғы сауда серіктестері жаңа иелерді қалай қарсы алады? Ал егер соңғылары айналымды және өткізу нарықтарын кеңейтіп, жаңа сатып алушылармен жұмыс істей бастаса – бұл бүгінгі күні олардың тікелей міндеті, – қалыптасқан байланыстар мен жинақталған беделсіз мұндай ілгерілеу қаншалықты сәтті болмақ?
Демек, нәтижесі табыс болуы тиіс бұл теңдеуде кемінде үш ірі белгісіз бар:
- инвестицияға қажетті миллиардтаған доллар;
- металлургиялық технологиялар саласындағы құзыреттердің болуы;
- сондай-ақ сыртқы нарықтардағы байланыстар мен сенім.
«Қазақмыс» пен «Қазцинктің» сатып алушылары жеткілікті тәжірибелі бизнесмендер ретінде бұл қиындықтарды түсінбейді деп ойламаймын.
Сонда да мынадай заңды сұрақ туындайды: неге оларға өз бастарына осындай мәселелерді тудырып отыр?
Мүмкін, олар «Қазақмысты» тұтас сатып алып, кейін оның активтерін бөлшектеп, бөліп-бөліп сату мақсатында сатып алып отырған шығар? Яғни бөлімшелерді жеке-жеке сату тұтас холдингтен қымбатырақ болады деген есеппен.
Бірақ біздің жағдайда бұл есеп, сірә, негізсіз. Өйткені шахталар мен карьерлер байыту фабрикаларынсыз рентабельді емес; фабрикалар шығаратын концентраттар метал өндірумен салыстырғанда табысы төмен; ал металды тек өндіру жеткіліксіз, оны табысты сату да қажет, сондықтан зауыттардың пайдалылығы, ең алдымен, сыртқы нарықтардағы сауда кеңселерінің жұмысына тәуелді.
Холдингтердің құндылығы – олардың кластерлік сипаты мен тұйық өндірістік циклінде. Сол себепті бұл процесс «құн қалыптастыру тізбегі» деп аталады.
Ал осы тізбектен жұлынып алынған әрбір буын бірден тек құнын ғана емес, экономикалық мағынасын да жоғалтады. Тіпті бір ғана буынның үзілуі бүкіл холдингтің құнсыздануына әкеледі.
Бұған бағаның тұрақты әрі ауқымды ауытқуын, географиялық орналасуымыздың ерекшеліктерін (тасымал шығындары мен «ҚТЖ» тарифтерінің үнемі өсуі табыстың қомақты бөлігін жеп қояды), отандық металлургтер үшін ресейлік нарықты жапқан халықаралық санкцияларды, сондай-ақ жоғарыда айтылған кен орындарының сарқылуы мен жабдықтардың тозуын қосыңыз.
Яғни кәсіпорындарды жай ғана «жүзуде» ұстап тұрудың өзі үшін қазірдің өзінде орасан көп миллиардтық инвестициялар, жаңа технологиялар мен жаңа өндірістер қажет. Сондықтан бұл активтерді үшінші тұлғаларға қайта сату мүмкіндігі пайда болса да, ол тек ауқымды қаржы құйылып, бірнеше жыл табанды еңбек еткеннен кейін ғана мүмкін болмақ.
Металлургия ашық нарықта жұмыс істейді, мұнда мемлекеттік сатып алулар да, бюджеттен сметалардың тұрақты өсімі де жоқ. Үміт тек өз қаражатыңа, өз құзыретіңе және шетелдік сатып алушылармен өз қатынастарыңа ғана артылмақ.
Егер отандық бизнесмендерімізде осындай қаржы, біліктілік және бұл компанияларды ұзақ әрі табанды түрде қайта құруға мүмкіндік болса – бұл құрметке лайық. Дегенмен, олар бұл ауыр жүкті көтере ала ма деген сұрақ әлі де ашық күйінде.
МӘСЕЛЕ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТАҒДЫРЫ ТУРАЛЫ
Әрине, біз бұрынғы ашкөздердің орнына, шын мәнінде, өзіміздің, қазақ бизнесмендерінің келгеніне қуаныштымыз. Оларға сәттілік пен табандылық тілеймін. Бірақ олардың алдында тұрған міндеттер мен міндеттемелерін де бағаламауға болмайды – өйткені, таразы басында тым көп нәрсе тұр. Ол ‑ тек тек осы компаниялардың тағдыры емес. Мұнда бүкіл Қазақстанның тағдыры туралы сөз болып отыр.
Дегенмен, Назарбаевтың командасы отыз жылдан астам қазақтың мысын туысуға шақ қалыпты. Кен орындарын қалай болса солай пайдаланды. Өндірісті әбден тоздырған, кен орынын шаршатқан... Оған инвестиция құймаған. Сөйте отыра, оны 3 млрд 800 млн долларға сатпақшы. Неге осыған жан‑жақты аудиторлық сараптама жасалмай отыр, әлде, жасалса ‑ бұл ақпарат не үшін жабық күйде қалуда?
Олай болса, бізге «Қазақмысты» елімізде қабылданған «заңсыз активтерді қайтару» бойынша неге халық игілігіне қайтармасқа?!
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz