Жексенбі, 21 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 508 0 пікір 21 Желтоқсан, 2025 сағат 21:57

Ақтөбе облысында 31 ауыл газға қосылды

Сурет: gov.kz сайтынан алынды.

Соңғы жылдары Ақтөбе облысында ауылдық елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқын алуда. Биыл өңірде 31 ауылға көгілдір отын жеткізілді. Тек соңғы бір апта ішінде бірден жеті елді мекен газ желісіне қосылып, шамамен 13 мың тұрғын табиғи газды пайдалану мүмкіндігіне ие болды.

Газдандырылған ауылдардың қатарында облыс орталығынан 460 шақырым қашықтықта орналасқан Байғанин ауданының Оймауыт ауылы бар. Мұнда 800-ге жуық адам тұрады, 30-дан астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауылда мектеп, Мәдениет үйі, кітапхана, балабақша және дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді. Бұған дейін елді мекен орталықтандырылған ауызсумен қамтылған болса, енді тұрғындар табиғи газға да қол жеткізді.

Жалпы, биылғы жыл өңір үшін газдандыру қарқыны бойынша рекордтық көрсеткішпен ерекшеленіп отыр. Оймауыттан бөлек, соңғы аптада Байғанин ауданының Қаражар ауылы, Шалқар ауданының Бершүгір, Сарысай және Алабас ауылдары, сондай-ақ Мәртөк ауданының Аққайың мен Покровка ауылдары газ желісіне қосылды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда Ақтөбе облысы тұрғындарының 97,1 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Келесі жылы тағы 17 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның аясында 23 ауылдық елді мекен газбен қамтылады.

Abai.kz

0 пікір