Сиездер шеруі аяқталды: Құрылтайдан әркімнің бар таласы...
2026 жылғы 23 тамызға белгіленген жоғары заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында отандық саяси күштердің ішкі құрылымдық дайындығы өз шегіне жетті.
Саяси додаға кірмекші барлық саяси партиялар сиездерін өткізіп, үміткерлерін бекітті. Жаңа Конституция мен мемлекеттік басқарудың соны моделіне көшудің алғашқы практикалық баспалдағы саналған бұл науқан партиялардың амбициясы мен мүмкіндігін таразыға салатын басты майдан болмақ. Осы орайда, Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мерзім ішінде еліміздегі жетекші саяси ұйымдардың үміткерлер тізімі мен сайлауалды платформаларын бекіткен кезектен тыс сиездерінің өту хронологиясы мен сараптамалық бағытына тоқталмақпыз.
Осы орайда ерек айта кететін жайт: Бұл жолғы Құрылтай сайлауы тек кәсіби саясаткерлер, заңгерлер мен экономистердің ғана емес, елге танымал мәдениет, шоу-бизнес және спорт майталмандарының да бақ сынайтын алаңына айналғандай. Оны саяси партиялардың үміткерлер тізімінен анық аңғарамыз. Партиялар электораттың назарын өздеріне аударып, "қоғамдағы өзекті мәселелерді танымал тұлғалар арқылы көтереміз деп" өз тізімдеріне өнер мен спорт жұлдыздарын белсенді түрде қосып отыр.
Ең әуелі саяси додаға дайындықты бәрінен бұрын бастаған "Respublica" партиясы шілденің алғашқы аптасында өз жақтастарын жинап, Құрылтай депутаттығына 76 кандидаттан тұратын тізімді бірінші болып жариялады.
I. "Respublica" партиясы сиезде "жастар мен креативті экономиканың манифесі" ұранын өзінің басты бағыты деп атап, "шағын және орта бизнесті қолдау, цифрландыру және жасанды интеллект" мәселелерін сайлауалды бағдарламасында қамтыды.
Үміткерлер тізімін шолып шықсақ, партия бұл жолы прагматикалық және либералды-экономикалық риторикаға басымдық беретінін аңғартады. Кандидаттардың орташа жасы – 41 жас. Тізімде жас кәсіпкерлер, инноваторлар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен партиялық резерв түлектері бар. Партия бұл жолы да медиа кеңістікте салмағы бар, креативті экономика өкілдерін өз қатарына тартты. Олардың 76 үміткерден тұратын тізімінде тұлғалар бар.
II. Қазақстан Халық партиясы (ҚХП): "әлеуметтік әділдік және солшыл майдан" деп ұрандатты.
Шілденің 5-і күні таңертең Қазақстан Халық партиясы өз делегаттарының басын қосып, Құрылтай депутаттығына 72 кандидаттан тұратын партиялық тізімді ресми түрде бекітті. Сайлау додасында ұстанатын басты бағыты – "еңбек адамының құқығы, олигархиямен күрес және ұлттық байлықты әділ бөлу" болды.
Үміткерлер құрамын сараптасақ: ҚХП бұл науқанға 72 үміткерді ұсынып, болашақ Құрылтайда солшыл фракция құруға ниетті екенін аңғартады. ҚХП өзінің 72 кандидаттан тұратын тізіміне халықтың ықыласына бөленген өнер жұлдыздары қосу арқылы әлеуметтік-мәдени саланы қамтуға тырысып бақпақ. Екінші жағынан Тамара Асар, Аша Матай, Венера Нигматулина секілді аты-заты, есім-сойы елге белгілі тұлғалар арқылы бұл партия сайлау додасында көбірек дауыс жинауға да тырысатыны анық.
III. "Ақ жол" демократиялық партиясы: "Отандық бизнес пен парламентаризмді дамыту" ұранын алға шығаруда. Өңірлерден келген 200-ден астам делегаттың қатысуымен "Ақ жол" демократиялық партиясының сайлауалды сиезі өтіп, олар Құрылтай додасына 63 кандидатты аттандыратынын мәлімдеді.
Сиезде бұл партия "Ұлттық мүдде, нарықтық экономика, монополиясыздандыру және Алаш идеясы" деген тақырыптарды меншіктеді.
Өзгелермен салыстырғанда бұл партияның тізімінде алабөтен ешкім жоқ көрінді. Соңғы онжылдықта алғаш рет әйелдер арасынан ірі парламенттік партияны басқарып отырған Дания Еспаева командасы - "Ақ жол" оңшыл-орталықшыл күш ретінде парламентаризм институттарын дамытуға ерекше екпін салып отырғаны байқалады. Үміткерлер тізімінде отандық өндірушілер, ірі және орта бизнес өкілдері, экономистер мен ұлттық интеллигенция тұлғалары шоғырланған. Олар өздерінің дәстүрлі электоратының дауысын иеленуге барын салмақ.
"Ақ жол" партиясының негізгі идеологиялық тірегі Алаш идеясы мен ұлттық құндылықтар болғандықтан, тізімде дәстүрлі өнер мен зиялы қауым өкілдерінің салмағы өте жоғары болмақ.
IV. "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы аграрлық сектор мен азық-түлік қауіпсіздігі деп ұрандатып, шілденің 6-сы күні Астанада сиез өткізіп, онда Құрылтай депутаттығына 69 кандидаттан тұратын тізім ресми түрде мақұлданды.
"Ауылдық инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік қауіпсіздігі және отбасылық құндылықтар" тақырыптарын басты бағыт етіп ұстанған "Ауылдықтар" тізімнің 29 пайызын әйелдер құрайды екен. Кандидаттар пулында белгілі аграршылар, фермерлер одағының өкілдері, ауылдық жерлердегі белсенділер мен Жигули Дайрабаев секілді тәжірибелі саясаткерлер бар. Партия әрбір үшінші қазақстандық тұратын ауыл электоратының әлеуметтік-экономикалық мүддесін қорғауды басты мақсат етіп отыр.
Партия ауыл мәдениетін көтеру, ана мен бала құқығын қорғау және ұлттық дәстүрді дәріптеу бағытында елге танымал тұлғаларды алдыңғы шепке шығаруда. Олардың қатарында Жигули Дайрабаев пен Қарақат Әбдендер бар.
V. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) бұл додаға "классикалық оппозицияның әлеуметтік реформалары" деген ұранмен кіруде.
Партия сиезі 8 шілдеде Астана қаласында өтті. Бұл жиында партия алдағы Құрылтай сайлауына дайындық мәселелерін талқылап, партияның құрылғанына 20 жыл толуына орай әзірленген, реформалардың 20 нақты бағытын қамтитын "Прогресс жолындағы 20 белес" атты сайлауалды бағдарламасы қабылданды. Құрылтай депутаттығына ұсынылатын 33 кандидаттың тізімі бекітілді. Басты бағыты - әлеуметтік-демократиялық құндылықтар, жаңа Конституция аясындағы саяси транзитті бақылау.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы (ЖСДП) өз тарихында да, қазіргі Құрылтай сайлауына (2026 жыл) ұсынған кандидаттар тізімінде де эстрада жұлдыздары мен танымал спортшыларды жаппай тарту тактикасын қолданбайтынын атап айтып, өнер және спорт жұлдыздарының саясатқа келуін көбіне "шоу" немесе электоралдық айла-шарғы деп есептейтінін мәлімдеді.
VI. "Әділет" партиясы "Заң үстемдігі және өңірлік даму" мәселелерін ұран етіп ұстап, 10 шілде сайлау науқанының алғашқы апталығын қорытындылаған.
Басты бағытымыз: "Құқықтық реформалар, заң үстемдігі және аймақтарды теңгерімді дамыту", - деп жар салған "Әділет" өздерінің жаңа мақсат-міндеттері мен Құрылтайға баратын өкілдерін айқындады. Өзін ресми түрде "Жаңа Конституцияның партиясы" деп жариялаған "Әділет" сиезде кандидаттар пулын бекітіп, сайлау науқанына белсенді араласатынын көрсетті.
Үміткерлер құрамына сараптама жасар болсақ: Тізімнің негізгі бөлігін заңгерлер, бұрынғы сот және құқық қорғау жүйесінің мамандары, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару белсенділері құраған. Сонымен қатар, партия құрамында бұрынғы депутаттар мен бұрынғы "Аманат" партиясының өкілдері де көптеп кездеседі.
VII. "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы: "Экологиялық ренессанс және тұрақты даму" деп ұран салған партияның сиезі 9 шілдеде Астана қаласында өтті. Бұл сиез партия ішіндегі айтыс-тартыстармен және үлкен даумен есте қалды. Делегаттардың бір бөлігі партия төрағасы Азаматхан Әміртаевты қызметінен босатуды талап етіп, жиын барысында айқай-шу шығып, микрофондар өшірілді. Дегенмен, қорытындысында партия алдағы Құрылтай сайлауына қатысатын 51 кандидаттың тізімін бекітті.
Басты бағытымыз: "Қоршаған ортаны қорғау, "жасыл" экономика және халықтың денсаулығы", - деген "жасылдар" тізімнің негізгі бөлігін қоршаған ортаны қорғау мәселелерімен айналысатын кәсіби экологтар, жасыл технология мамандары, биология және химия саласының ғалымдары құрапты.
Түйін сөз: Тіркелген барлық жетекші саяси партиялардың сиездер шеруі аяқталып, Құрылтайдың 145 депутаттық мандаты үшін күресетін үміткерлер нақтыланды. Бұл сиездердің қорытындысы бір нәрсені аңғартады: Алдағы сайлауда идеологиялық бәсекелестік өте жоғары болады. "Respublica-ның" инновациялық жастығы, "ҚХП" мен "ЖСДП-ның" солшыл және әлеуметтік қорғанысы, "Ақ жолдың" ұлттық буржуазиялық бағыты, "Ауылдың" аграрлық әлеуеті, "Әділеттің" заңдық легитимділігі және "Байтақтың" жасыл идеологиясы 23 тамызда сайлаушылардың алдында үлкен таңдау жасамақ.
Құрылтайдан әркімнің бар таласы демекші, бұл жолы жеті партия ұзын-ырғасы 550-ге жуық үміткер ұсынып, сайлауда бақ сыныспақ.
Abai.kz