Жыл қорытындысы: Қазақ әдебиетінде қандай жаңалық?
Қадірлі Abai.kz оқырмандары!
Енді санаулы күндерден соң, күнтізбе ауысады. Қайғасы мен қуанышы, қызығы мен шыжығы қатар өткен 2025 жыл да қатпар-қатпар қалың тарихтың қойнауына еніп барады.
«Өткен жылға өкпе жоқ» дейміз ғой... Биылғы жыл шын мәнінде, біз үшін ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы үшін де қалтарысы мен бұлтарысы көп жыл болды. Келер жылдан үміт көп деп барып, өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларына шолу жасағанды дұрыс дедік.
Бірінші бөлім: Жыл қорытындысы: Мәдениет саласында не істелді?
2025 жылы Қазақ әдебиетінде қандай жаңалықтар болды? Қаламгерлер қандай жетістіктерге жетті? Қазақ әдебиеті кімдерден айырылды? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп, аз-кем шолу жасадық...
ҚАЗАҚ ЖАЗУШЫЛАРЫН «БУКЕР» СЫЙЛЫҒЫНА ҰСЫНУ
ҚР Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов жыл қорытындысын түйіндей келе, Ұлт әдебиетіндегі ең үлкен әрі маңызы бар жаңалықты – қазақ әдебиетін халықаралық кеңістікке шығуына қатысты қадам жасалғанын алға тартты. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы жазушы Төлен Әбдік пен Қанат Әбілқайырдың романдарын халықаралық «Букер» сыйлығына ұсыну бағытында нақты жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
Шынында да, қазақ әдебиетінде әлемдік деңгейдегі сыйлықтарға лайық туындылар бар. Алайда мұндай бәйгелерге ұсынылатын шығармалардың алдымен ағылшын тіліне өте жоғары деңгейде аударылып, шетелде басылып шығуы – күрделі әрі ауқымды жұмыс болып табылады.
Елімізде биыл белгілі ақын, соңғы уақыттарда прозада, проза болғанда, тарихи тақырыптарды қаузап, көлемді роман жанрында өнімді еңбек етіп жүрген қаламгер Ұларбек Дәлейұлының кезекті «Бату хан» атты тарихи романы жарық көрді. Түркістан қаласында өткен Түрік елдерінің халықаралық кітап жәрмеңкесінде «Бату хан» тарихи-деректі романының таныстырылымы өтті.
ҚР Мәдениет және ақпарат мнистірлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлескен «Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында Жақсылық Мұратбектің «Аспаны жақын ауылдың...» романы оқырманға жол тартты.
Ақтөбелік жазушы Әлихан Нұрбергенұлы Жақсылық осымен 4-ші рет ұйымдастырылып отырған «Mecenat.kz» байқауында үздік атанды: авторға ай сайын 500 доллар төленетін болады. Әлихан Жақсылықтың «Тургенев көшесіндегі үй жұмысқа қабылдайды» атты романы 21 қолжазбаның ішінен таңдалып алынды.
«ERG» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтің жеке қолдауымен Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылған «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауының шешуші кезеңіне жеті жазушы өтті. Сарапшылардың дауыс беруі нәтижесінде бас жүлдеге үміткерлер төмендегідей:
Думан Рамазан – «Сынақ»
Жүсіпбек Қорғасбек – «Кельндегі көкжал»
Қуаныш Жиенбай – «Аралқұмдағы ақырғы аялдама»
Нұржан Қуантайұлы – «Опасыз ойын»
Асқар Алтай – «Каскад»
Мұрат Алмасбек – «Бруклин көпірі»
Қуат Бораш – «Тәубе»
«Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауының да, «Mecenat.kz» жобасының да, басты мақсаты – қазақстандық көркем әдебиетті дамыту, халықтың кітап оқуға деген ынтасын арттыру, жазушылардың кәсіби өсуіне қолдау көрсету және олардың шығармаларын халықаралық кітап нарығына таныту болып табылады.
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ЗАҢҒАРЛАРЫ КЕЛМЕСТІҢ КЕМЕСІНЕ МІНДІ
2025 жыл қазақ руханияты Ұлттың сөзін сөйлеп, халықтың жадын сақтаған қаламгерлер, ғылым мен өнердің көшін бастаған ой алыптары, сахна мен экранда халықтың тағдырын бейнелеген тұлғалар бірінен соң бірі мәңгілікке аттанды. Олардың әрқайсысы қазақ мәдениеті мен санасының бір-бір тірегі, ұлт рухының тұғырын бекіткен асқар биіктер еді.
9 қаңтарда, 84 жасында АҚШ-тың Мэриленд штатындағы үйінде Қазақ тарихи прозасының бағытын түбегейлі өзгерткен жазушы Мұхтар Мағауин дүниеден өтті.
Көп ұзамай 11 қаңтарда Қазақстан ғылымының ірі тұлғасы, филология ғылымдарының докторы, профессор, абайтанушы және бауыржантанушы ғалым Абайтанудың тұтас ғылыми мектебін қалыптастырған, абайтануды дербес бағыт ретінде орнықтырған Мекемтас Мырзахметұлы 94 жасқа қараған шағында өмірден озды.
22 ақпанда қазақ әдебиеті жазушы-драматург Дулат Исабеков 82 жасында дүниеден өткен көрнекті классигімен қоштасты. Адам тағдыры мен қоғам арасындағы қайшылықты сыртқы пафоспен емес, қарапайым өмір көріністері, күнделікті тіршіліктің ұсақ детальдары арқылы терең ашып көрсеткен қаламгер еді. «Гауһартас», «Әпке», «Қарғын» сынды шығармалары арқылы қазақ прозасына психологизм мен өмірлік шынайылықтың жаңа өлшемін әкеліп, кейіпкер жанын ішкі қақтығыстар арқылы сөйлете білді.
22 сәуірде қазақ прозасы мен драматургиясына терең психологизм мен интеллектуалдық леп әкелген қаламгер әдебиеттегі философиялық ойдың бір тірегі саналатын жазушы, драматург Әкім Тарази де 2025 жылы 91 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
28 сәуірде ғылым мен руханияттағы тағы бір орны толмас қаза 84 жасында дүние салған ғалым қазақ ауыз әдебиетін ғылыми жүйеге түсіріп, жанрлық жіктеу жасаған тұлға ретінде тарихта қалған фольклортанушы, академик Сейіт Қасқабасовтың өмірден өтуі еді.
10 мамырда поэзия әлемі де бұл жылы қара жамылып, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ұлттық поэзияға түркілік сарын мен тарихи зердені қайта әкелген ақын Темірхан Медетбек 79 жасында дүниеден өтті.
18 шілдеде поэзия мен драматургияны қатар алып жүрген, сөзі де, сазы да халыққа жақын болған өнер иесі һәм Халық жазушысы, драматург әрі сазгер Исраил Сапарбай 84 жасында дүниеден озды.
14 қарашада Қазақ лирикасының нәзік үні, ұлттық поэзиядағы әйел жанының терең сырын айрықша сезімталдықпен жырлаған Күләш Ахметова 79 жасында дүниеден өтті.
Abai.kz