Бейсенбі, 25 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 135 0 пікір 25 Желтоқсан, 2025 сағат 14:39

Келесі жылы оқу ақысы қымбаттай ма?

Сурет: Үкіметтің телеграм арнасынан алынды.

Қазақстанда 2026 жылы оқу жоғары оқу орындарында оқу ақысын қымбаттату мәселесі әлі шешілген жоқ.

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова Сенат кулуарында берген сұхбатында айтты.

Журналистер ведомство басшысының орынбасарынан келесі оқу жылындағы оқу ақысының құнына қатысты сұрақ қойды. «Салық реформасының іске асуы, инфляцияның өсуі және грант құнының қымбаттауы оқу ақысына әсер етіп, баға көтеріле ме?» деп сұрады БАҚ өкілдері.

Негізінде, ақылы бөлімдегі оқу құнын белгілеу — жоғары оқу орнының өз құзыретіне кіретін мәселе. Дегенмен уәкілетті орган әдетте жоғары оқу орындарына қазіргі экономикалық жағдайды ескеріп, соған сай орташа деңгейде оқу ақысын белгілеу жөнінде ұсыным береді. Алдыңғы жылдардың тәжірибесіне қарасақ, оқу ақысының өсімі, әдетте, алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 5–7 пайыздан аспаған, – дейді вице-министр.

Айтуынша, министрлік әзірге бұл мәселені талқылаған жоқ.

Биыл Ғылым министрлігі қандай ұсыным береді деген сұраққа келсек, әзірге бұл мәселе талқыланған жоқ. Бірақ, менің ойымша, бәрі бұрынғыдай, дәстүрлі түрде жалғаса береді. Ал жоғары оқу орындары тарапынан "Оқу ақысы көтеріледі" деген мәселе сіздердің алдарыңызға қойылды ма?" деген сұраққа жауап — жоқ. Бұл – олардың тікелей құзыретіне жататын мәселе, – деп жауап берді Гүлзат Көбенова.

Abai.kz

0 пікір