Сейсенбі, 30 Желтоқсан 2025
Жаңалықтар 628 0 пікір 30 Желтоқсан, 2025 сағат 15:40

Жаңа салық кодексі: Күнгей мен көлеңке тұстары

Сурет: kz.kursiv.media сайтынан алынды.

Жаңа Салық кодексі бойынша, ірі бизнестің жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлерден алған тауар мен қызметін шығынға жатқызуына тыйым салынбақ. Бұл норма 2026 жылдан бастап күшіне енеді. Мәжіліс депутаты Азат Перуашев шешім салық жүйесінің логикасына қайшы екенін айтып, үкіметті одан бас тартуға шақырды.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтар үшін қолжетімді болатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа арнайы салық режимі (АСР) салықтарды есептеу мен төлеудің жеңілдетілген тәртібін көздейді, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлғаны медициналық және әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қосуды және болашақ зейнетақының жинақталуын қамтамасыз етеді.

Сурет: kz.kursiv.media сайтынан алынды.

Қолдану тәртібі:  ҚР Салық кодексінің 715-бабы мен 718-бабында реттелетін АСР бойынша жеке табыс салығының (ЖТС) мөлшерлемесі – 0%.

Сонымен қатар 4% мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төленеді:

  1. міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ);
  2. міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ);
  3. әлеуметтік аударымдар (ӘА) бойынша 1 %;
  4. міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жарналар (МӘМС) – әр төлем бойынша 1%.

Нақты мысалдармен түсіндірсек:

Өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға пәтерін айына 300 000 теңгеге жалға береді. Ай сайын төленетін төлемдер:

  • ЖТС (жеке табыс салығы):

300 000 × 0% = 0 тг.

  • МЗЖ (ОПВ міндетті зейнетақы қорына:

300 000 × 1% = 3 000 тг. (табыс 300 АЕК шегінен аспайды)

  • МКЗЖ (ОПВР) міндетті кәсіпкерлік зейнетақы жарналары:

300 000 × 1% = 3 000 тг. (табыс 300 АЕК шегінен аспайды)

  • ӘА (СО) әлеуметтік аударымдар:

300 000 × 1% = 3 000 тг. (табыс 7 ЕТЖ шегінен аспайды)

  • МӘМС (ВОСМС)әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары:

300 000 × 1% = 3 000 тг. (табыс 300 АЕК шегінен аспайды)

  • Барлығы:

3 000 + 3 000 + 3 000 + 3 000 = 12 000 тг.

2-мысал (табыс сомасы – 1 000 000 тг.):

Егер ай сайынғы табыс сомасы 300 АЕК мөлшеріндегі жоғарғы шекке жақындаса, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін Әлеуметтік кодексте белгіленген МЗЖ, МКЗЖ, ӘА бойынша лимиттерді және өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған МӘМС лимиттерін сақтау қажет.

Маңызды: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін белгіленген лимиттер басқа төлеушілерге арналған лимиттерден өзгеше. Яғни, 50 ЕТЖ (МЗЖ, МКЗЖ) және 20 ЕТЖ (МӘМС) көрсеткіштеріне емес, ҚР Салық кодексінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін айына белгіленген 300 АЕК лимитіне бағдарлау керек. Ал әлеуметтік аударымдар (ӘА) бойынша 7 ЕТЖ лимиті сақталады.

Айына 1 000 000 теңге табыстан төленетін төлемдер:

ЖТС:

1 000 000 × 0% = 0 тг.

МЗЖ (ОПВ):

1 000 000 × 1% = 10 000 тг.

(табыс 300 АЕК (1 297 500 тг.) шегінен аспайды, сондықтан табыстың бүкіл сомасына есептеледі)

МКЗЖ (ОПВР):

1 000 000 × 1% = 10 000 тг.

(табыс 300 АЕК шегінен аспайды, сондықтан бүкіл сомаға есептеледі)

ӘА (СО):

595 000 × 1% = 5 950 тг.

(табыс 7 ЕТЖ (595 000 тг.) шегінен асады, сондықтан әлеуметтік аударымдар тек 595 000 тг.-ден төленеді, қалған сомадан төленбейді)

МӘМС (ВОСМС):

1 000 000 × 1% = 10 000 тг.

(табыс 300 АЕК шегінен аспайды, сондықтан бүкіл табыс сомасына есептеледі)

Барлығы:

10 000 + 10 000 + 5 950 + 10 000 = 35 950 тг.

Міне, Жаңа салық Кодексінің бұл бөлігі жеке кәсіпкерлікті дамытуға  көмектеседі деп айта аламыз.

Ал, пәтерін жалға беруші зейнеткер одан мүлдем босатылған! Рахат қой, рахат!

БІРАҚ, БІРАҚ, БІРАҚ...

Жаңа салық Кодексіндегі түсініксіз баптарын «Ақжол» париясының төрағасы Азат Перуашев әлеуметтік желіде көтеріп, дабыл қағуда.  Оның айтуы бойынша:  «Енді, жаңа жылдан бастап, ірі бизнестің «жеңілдетілген режимде жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қызметі үшін төлеген ақшасы, не болмаса, одан тауар сатып алуға кеткен шығыны енді «шығын» деп есептелмейтін болыпты.

Осыны қарапайым тілмен айтсақ, онда былай болады екен:

  • Мәселен, сіз балмұздақ цехын аштыңыз, не, тауых фермасын салдыңыз, не сүт‑жұмыртқа өніру фабрикасын аштыңыз. Оған миллиардтап ақша құйдыңыз... Сөйтіп тауар өндіре бастадыңыз, ол халыққа өте қажет, сұраныс жоғары. Сол арқылы сіз еліміздің экономикалық, азық‑түлік қауіпсіздігіне өз үлесіңізді қосып жатқаныңызды сезініп, жұмысыңызды одан әрі құлшына істей бастадыңыз...
  • Сіздің тауарлар тез арада сатылымға шықпаса, бұзылып кетеді. Осы жағынан ол тәуекелі жоғары бизнес түрі. Бірақ, өкінішке орай, сізде «жеке транспорт орталығын» ашуға қаржы жоқ және ол бизнесті сіз оншама білмейсіз де.
  • Сондықтан сіз жарнама арқылы ондаған жеке мұздатқыш көліктерді жалдайсыз. Олардың әрқайсымен шартқа отырып, сіз тауарыңызды саудаға үзбей жіберудесіз. Тауарыңыз сапалы, халық та оған риза, әрі арзан...
  • Еліміз енді сіз өндірген тауарларды шетелден, Қытай не Ресейден тасымайтын болды. Сіздің тауар экологиялық таза, денсаулыққа қатер төндірмейді – бұл ұлттық денсаулыққа және еліміздің адам капиталы сапасына қосқан үлесіңіз.
  • Сіз осы мақсатта жеке кәсіпкерлерге ондаған миллион теңге қаржы жұмсаудасыз. Олар өз кезегінде, сізден айына алған ақшадан әрбір миллион теңгесі үшін мемлекетке ай сайын 35 950 теңге төлемдер төлеуде. Бәрі дұрыс па, дұрыс!
  • Бірақ, айдың соңында сізге салық органы келеді де «кәсіпкерге төлеген он миллион теңгеңіз шығынға жатпайды. Ол сізде кіріске, тапқан пайдаңызға жатады. Сондықтан, сіз өз салығыңызды дұрыс төлеңіз, болмаса айып саламыз» деп қысады.
  • Сіз аң‑таңсыз: «Оу, айналайын‑ау, міне шартым, міне оларға төлеген ақшаның түбіртегі. Ол ақша менен кетті, кәсіпкердің қалтасына барды. Ол да салығын төлепті, міне түбіртектері» ‑ дейсіз...
  • Салық қызметкері айтады: «Онда менің шаруам жоқ, міне Кодекс, міне, бап. Онда ол шығын «шығын» деп көрсетілмеген. Көп сөзді қойыңыз, табысты дұрыс көрсетпеген деп протокол жазамын, айыбын төлейсіз. Әйда, бастық!» ‑ деп алқымнан алып, Сізге оның бәрін төлеттіреді...
  • Ақыр соғында, сіз өз жұмысшыларыңызды жалақыдан қысасыз... Олар жұмыстан шығады... Бір цехті жабасыз... одан соң екіншісін жабасыз... Түптеп келгенді барлық өндірісті жабасыз да, «ай‑да, дәсібидәниә» деп кете барасыз...

Нәтижесінде, мыңдаған адам сіздің тауардан айырылды, дұрыс тамақтана алмай қалды, қытайлық «сорпа» ішем деп денсаулығын құртты. Еліміз одан әрмен «азық түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілмеген ел» қатарына кіре түсті... Импортқа тәуелділік те артты... Алмағайып шегара жабыла қалса...

Ол жағын айтудың өзі қорқынышты...

Abai.kz

0 пікір