Стратегиялық дамудың жаңа белесі
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жыл басында мерзімді баспасөзге сұхбат беруі саяси дәстүрге айналды. Осыған байланысты Мемлекет басшысы «Turkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлымен әңгімелесіп, еліміздің қазіргі ахуалына және алдағы даму бағдарына кеңінен тоқталды.
Бұл жай ғана өткен жылды қорытындылау немесе алдағы жоспарды тізбелеу емес. Өйткені сұхбатта көтерілген мәселелердің ауқымы кең. Онда экономикадан бастап қоғамдық санаға, технологиялық серпілістен әлеуметтік әділеттілікке дейінгі барлық маңызды бағыт түгел қамтылып, бірыңғай стратегиялық жүйе ретінде қарастырылады.
Президентіміз Қазақстанның реформаларды жүзеге асыруға біржола бет бұрғанын өткен жылдың басты қорытындысы ретінде атап өткен. Бұл мемлекеттік саясат уақытша науқаншылыққа бой алдырмайтынын және құрғақ уәделермен шектелуге жол бермейтінін көрсетеді.
Мемлекет басшысы экономикалық дамудың сапасына ерекше мән берді. Былтыр экономикамыз 6 пайыздан астам өскені белгілі. Соның нәтижесінде ішкі жалпы өнім 300 миллиард долларға жетіп, жан басына шаққанда 15 мың доллардан асты. Сұхбатта айтылғандай, бұл – елімізбен қатар, бүкіл өңір үшін рекордтық көрсеткіш.
Ішкі жалпы өнімнің өсуі мен жан басына шаққандағы табыстың артуы маңызды көрсеткіштер екені анық. Десе де, Президентіміз аталған бағыттағы оң көрсеткіштермен бірге инфляция, әлеуметтік теңсіздік сияқты азаматтардың болашаққа деген сеніміне сызат түсіретін тұрақсыздық факторлары туралы да ашық айтты. Мұндай қадам проблемалардың салдарымен ғана емес, себебімен де күресуге тікелей ықпал етеді. Әділдік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық сияқты мемлекетіміздің болашағы үшін маңызды қағидаттарға негізделген қоғам құру жолында бұл айрықша мәнге ие.
Сұхбатта айтылған маңызды басымдықтардың бірі – цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселесі. Мемлекет басшысы бұл тақырыпты сән үшін емес, ұлттық қауіпсіздік пен экономикалық тәуелсіздік мәселесі ретінде қарастырады. Президентіміздің «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек» деген пікірі – стратегиялық мақсаттың айқын тұжырымы. Қазіргідей жаңа технология дәуірінде бұл өркениетті ел болып қалудың бірден-бір жолы десек, артық айтқандық болмайды. Мемлекет басшысының 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялауының да түпкі мәні аталған тұжырымға табан тірейді.
Осы бағытта Astana Hub, IT-экспорт, суперкомпьютерлер, AI-Sana бағдарламасы, деректерді жаңа дәуірдің «қазынасы» ретінде бағалау Қазақстанның технологиялық көшке ілесіп қана қоймай, оның алдыңғы легінен орын алуға ұмтылып отырғанын көрсетеді. Мұндай мақсат жасанды интеллектіні тұтынушы емес, оны жасайтын және экспорттайтын ел болуды көздейтін стратегиялық ұстаным екені сөзсіз.
Былтыр Парламент қабылдаған Цифрлық кодекс, Жасанды интеллект туралы заң және басқа да нормалар аталған саланың құқықтық негізін қалыптастырып, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттерді іске асыруға бағытталған болатын. Парламент, оның ішінде Сенат биыл да бұл саладағы белсенді заң шығару қызметін жүйелі түрде жалғастыра береді.
Президентіміз Салық кодексіне де ерекше тоқталды. Қасым-Жомарт Кемелұлы салық реформасын мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа қоғамдық келісім ретінде қарастыру керек екенін атап өтті. Бұл жерде бақылау мен қысым емес, сенім мен серіктестік алдыңғы орынға шығып отыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, салық төлеу – отаншылдықтың озық үлгісі. Ол – мәжбүрлеу емес, ортақ жауапкершілік. Бұл қағида қоғамның саяси мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді көздейді. Расымен, ашық, әділ әрі түсінікті салық жүйесі экономиканың кейбір бағыттарын көлеңкеден шығарып, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға қызмет ететіні анық.
Сұхбатта энергетикалық және коммуналдық сектор да назардан тыс қалмаған. Мемлекет басшысы көп жылдар бойы саладағы қордаланған проблемаларды кейінге ысыру елді тығырыққа тірегенін ашық айтты. Арзан тарифтер, шын мәнінде, ауқатты топтарға берілген жасырын субсидия болып келгені жалған емес. Сондықтан бұл бағыттағы әділетті тариф, атаулы әлеуметтік көмек, тұтынуға қарай төлеу қағидаты экономикадағы теңгерімді қалпына келтіруге арналған шаралар екені сөзсіз.
Ядролық энергетикаға қатысты көзқарас та осы логикадан туындайды. Яғни, сенімді энергия көзі болмаса, цифрлық экономика мен жоғары технология туралы сөз қозғау мүмкін емес. Сондықтан алдағы уақытта бірнеше атом станциясын салу арқылы тарихи олқылықтың орнын толтыру және техникалық интеллигенцияның жаңа буынын қалыптастыру маңызды міндет ретінде белгіленді.
Көлік-логистика саласында қолға алынған бастамалар да еліміздің геосаяси орнын экономикалық артықшылыққа айналдыруға бағытталған. Президентіміз Қазақстанды Еуразияның көлік хабы ретінде қалыптастыруды стратегиялық мақсат деп айқындап, жаңа теміржол магистральдары, халықаралық дәліздер, «Орта дәліз» секілді елдің транзиттік әлеуетін арттыратын іргелі жобаларға баса мән беріп отыр.
Ауыл шаруашылығы салаларына қатысты айтылған ойлардың да маңызы зор. Мемлекет басшысы мол қаржы бөлудің өзі жеткіліксіз болатынын, басты мәселе – тиімділік пен нәтиже екенін нақты айтты. Әсіресе, агросекторда кооперацияны дамыту, мал шаруашылығын экспортқа бағыттау, масылдық психологиядан арылу саланы жаңа сапалық деңгейге көтерудің ұтымды жолы ретінде ұсынылды. Мұндай тәсілді ауылдық аумақтарды экономикалық өсім көзіне айналдыру стратегиясы деуге толық негіз бар.
Мемлекет басшысы туризмді дамыту тек экономикалық емес, мәдени және басқарушылық мәселе екенін айтты. Сұхбатта аталып өткендей, табиғи әлеуеттің молдығы өздігінен нәтиже бермейді. Озық көрсеткішке жету үшін кәсібилік, тәртіп, жауапкершілік қажет. Туризм – елдің халықаралық беделін қалыптастыратын маңызды салалардың бірі. Сондықтан бұл бағытта немқұрайдылық пен жалған белсенділікке жол беруге болмайды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ішкі саясаттағы реформалардың мәнін айқындай отырып, саяси жүйені жаңғырту бір реттік науқан емес, ұзақмерзімді процесс екенін баса айтты. Жүргізіліп жатқан реформалардың негізгі мақсаты билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті күшейту, мемлекеттік шешімдер қабылдау тетіктерін ашық әрі тиімді ету екені анық.
Сұхбатта қозғалған маңызды тақырыптардың бірі – парламенттік реформа. Мемлекет басшысы Парламенттің рөлін күшейту билікті орталықсыздандырудың және демократиялық басқарудың маңызды алғышарты екеніне тоқталды. Мұндай өзгерістер Парламентті шынайы саяси пікірталас алаңына айналдыруды көздейді.
Қасым-Жомарт Кемелұлы 2026 жылдың айрықша тарихи салмағына назар аударып, биыл ел тағдырына тікелей әсер ететін ұзақмерзімді бағыт-бағдар айқындалатынын айтты. Бұдан осы жылы экономиканың құрылымы, мемлекеттің рөлі, әлеуметтік жауапкершілік моделі, технологиялық даму жолы түбегейлі түрде пысықталып, ондаған жылға есептелген стратегиялық шешімдер қабылданатынын аңғарамыз.
Мемлекет басшысы қазір Ата заңымыздың редакциясына қатысты ұсыныстар қаралып жатқанын, жоспарланған өзгерістер жаңа Конституция қабылдаумен бірдей ауқымды жұмыс екенін де тілге тиек етті.
Сонымен қатар сұхбатта әскердегі ахуал, сыртқы саясат, сыбайлас жемқорлықпен күрес, заңсыз активтерді елге қайтару, әлеуметтік жеңілдіктер, алаяқтыққа жол бермеу және басқа да салаларға қатысты қоғамды алаңдатқан көптеген сауалға нақты жауаптар берілген.
Президентіміз айтқан әлеуметтік масылдықтан арылу, адал еңбек пен кәсібилікті басты құндылыққа айналдыру, заң үстемдігі мен әділеттілік қағидатын күнделікті өмірде орнықтыру – қоғамдық сананы жаңғыртуды көздейтін саяси бағдар екені сөзсіз.
Сондай-ақ сұхбаттан мемлекеттің бұрынғыдай барлық жауапкершілікті өз мойнына ала бермейтінін, бірақ шынайы мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету негізгі басымдық ретінде сақталатынын да аңғаруға болады. Бұл – әлеуметтік мемлекеттің жаңа, әділетті әрі орнықты моделі. Қоғам белсенді, жауапты, талапшыл болуға тиіс, ал, билік ашық әрі есеп беретін жүйе құруға міндетті.
Жалпы сұхбатта Қазақстан жаңғырудың жаңа кезеңінде популизмге емес, нақты есепке, ұзақмерзімді ұлттық мүддеге табан тірейтіні айтылады. Мемлекет басшысы осы бағытта биліктің қоғаммен ашық диалогқа дайын екеніне және ел болашағы үшін толық жауапкершілікті өз мойнына алатынына да назар аударды. Бұл – елімізді әділетті, технологиялық және бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыруға бағытталған жүйелі саясаттың жарқын көрінісі.
Осы жолда ұлт болып ұйысып, әрқайсымыз Президентіміз белгілеп берген стратегиялық міндеттерді орындауға өз үлесімізді қоссақ, таза, әділетті, қауіпсіз және өркендеген елдің берік негізін қалаймыз. Алдағы уақытта бәріміз ел болып, Мемлекет басшысының саяси бағдарын жүзеге асыруға белсенді атсалысамыз деп сенемін.
Мәулен Әшімбаев,
Парламент Сенатының Төрағасы
Abai.kz