Қоңыр дәптерге қонған ойлар
Ей, жол үстіндегі жолаушы!
Біз жас кезімізде біз бірнәрсені білмедік. Өмірдің қысқа екенін, көрген түстей өте шығатынын білмедік. Қызыл-жасыл дүниенің қызығын көп қуаладық. Бір күні байқасақ, осынау жалған дүниедегі жалғыз сапарымыздың соңына да келіп қалыппыз. Соны байқап ойға баттық. «Мына дүниеге неге келіп, неге кетеміз!?» деп. Ойдан - ой, сауалдан - сауал туды. Соларға шарқұрып жауап іздедік. Солардың жауабын таппасақ өзімізді мына дүниеге бекер келіп, бекер кететін сезіндік. Айналамыз - алуан түрлі адам. Төңірегіміз - қырық құбылған заман. Төбеміз - тұнғиық ғалам. Осының бәріне көз жібердік. Аласұрып жауап іздедік. Не таптық! Не қойдық? Сол ойлар Қоңыр дәптерге қона берді.
Ендеше, сол ойларға, «Қоңыр дәптерге қонған ойларға» көз жіберелік!
ххх
Сонымен біз өмірге келдік. Ана құрсағынан шыққан сәтте бізді бірден баураған сезім үрей болыпты. Зәреміз ұшып қорқыппыз.Шырылдап, бақырып – шақырыппыз. Өмір атты беймәлім дүниеге біз өз еркімізбен келмеппіз. Бізді Құдай алып келіпті. Біз ана құрсағынан босанған сәттен бастап жалғыздықпен жүздесіппіз. Содан бастап жалғыздықтан, панасыздықтан жапа шегумен келеміз. Сөйтіп түсініксіз беймәлім әлемге келдік. Сондықтан тұлабойымыз толған үрей. Анамыз бізді тастап аттап басса болды баж ете түсеміз. Сәл нәрсеге бақырып жылай береміз. Алайда, панасыз, өздігімен өмір сүруге шарасыз сәбиге Аллаталла ғажайып нұр беріпті.Сәбидің исі – сол нұрдың исі.Одан тәтті не бар мына дүниеде?! Сәби бойындағы сол нүрға еліткен ана жүрегі кілкілдеп көл-көсір мейірімге толады. Соның арқасында ана баласын тастап кете алмайды. Яғни, Алланың жан иелеріне берген мейірім инстинкті арқасында. Жаратушы Жер бетіне жанды тірлік иелерін таратқанда олардың жанына өз жанындағы мейірімнің 100 –ден бірін берген дейді Исламият. Сол 1 пайыз мейірім Жер бетіндегі тіршілік атаулыны жойылып кетуден сақтап тұрса керек.
ххх
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Біздің балалық шағымыз «Бәрімізді жаратқан бір Алла» деп отыратын ауылда өтті. Сондықтан «Құдай» дегенде көз алдымызға аспан төрінде отырған бір ақсақал елестейтін. Мектепке бардық. Онда бізді: «Адам маймылдан шыққан» деп үйретті. Бас қатты, қайсысына сенеміз деп. Есейе келе «Сонда бізді кім жаратты?» деген сауалға жауап іздедік. Ғасырлар қойнауына үңілдік. Арғы-бергі ақылғөйлерге жүгіндік. Сөйтсек, бұл сұраққа келгенде арғы-бергі ақылгөйлердің өзі өзара қырықпышақ болған екен.Ғылым - жерге, дін аспанға тартыпты. Бұл айтысқа кезінде Абай да араласыпты.
«Аллатағала өлшеусіз.Біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге бола ма?» деп.
Бұл пайымды Эйнштейін де қайталаған.
«Біз көріп тұрған ғалам бізге көрінбей тұрған арыстанның құйрығы ғана. Ал, арыстанның өзі көрінбей тұр. Және біз оны көре аламыз деп айта алман » деген.
Руми:
«Ақиқаттың Бұ Дүниеде дәлелі жоқ, өйткені ол көзден таса» деген. Айналып келгенде адамзат бұл айтысқа әлі нүкте қоймапты. Дін «Құдай хақ» десе , ғылым «Құдай жоқ» деумен келеді. Орта ғасырда діни диктатураның шектен шығуы жаңашыл ғалымдардың қарсылығын тудырды. Ғалымдар жаңалықтан кейін жаңалық ашты. Өркениет көшін бастады. Прогресс ғарыштады. Соңғы 3 ғасырда дін өзінің өгіз аяң митыңымен шаң қауып артта қалғандай болды. Атеизмнің айдарынан жел есті, басқа шауып, төске өрледі. «Тәңір тақтан тайды» деп жар салды. Алайда, осы тұста, ХХ ғасыр ортасына таман атомға үңіліп отырған бір ғалымның көз алдында ақыл жетпес бір құбылыс болды. Атом ішіндегі өз орбитасын айналып жүрген электрон, фотондар ғалым назары әсерінен билей бастады. Тіптен өзгере бастады. Бұл жаңалық дүниені дүр сілкіндірді. Бұл жаратылыстану ғылымындағы басыашық төңкеріс болды. Бұл жаңалық адам санасының материяға, яғни, атом бөлшектеріне әсер ете алатынын көрсетті. Яғни, сананың материяны қозғайтынын, өзгертетінін көрсетті. Осы жаңалығы үшін кванттық физика атасы Макс Планк 1944 жылы Нобель сыйлығын алып тұрып былай деді:
«Мен бүкіл ғұмырын ғылымдар ішіндегі ең нақты ғылым материяны зерттеуге арнаған ғалым ретінде айтарым: Материя деген жоқ. Материя деп жүргеніміз осынау титтей Күн жүйесі тәрізді біртұтас атомдағы КҮШТІҢ элементтерді қозғап реттеп тұруы ғана. Біз осы күш сыртында САНА тұр деп білеміз. Оны бүкіл болмыстың матрицасы деп білеміз»
Кванттық физика атасының бұл атышулы мәлімдемесі айдай әлем алдында бүкіл жаратылысты жаратушы, және оны өзгертуші Сана бар екенін мойындау еді. Яғни, әлем архитекторы Алла екенін мойындау еді. Алайда, үш ғасыр ұдай: «Әлемнің қожасы адам, Құдай емес!» деп айқай салған Батыс бұл жаңалыққа былқ етпеді. Атеизмді ту қылып баяғы құдайсыз қалпымен тарта берді. Бірақ, Батыстың бәрі бірдей емес. Былқ етпес парадигмаларға қарсы шабатындар да жететін. Соның бірі - американдық ғалым Грегг Брейден болды. 1954 жылы туылған Грегг базалық білімі инженер-физик бола тұра саналы ғұмырын Құдайтану мен жаратылыстанудың бірлігін түсіндіуге арнады . Ол ғылым мен дін таңдаған екі жолдың екеуі де түптің-түбінде бір жерге - Ақыл Иесіне алып барады деп сенді. Осы сенім оның түн ұйқысын төрт бөлді. Төрткүл дүниені шарлады. Ол өзінің соңғы 20 жыл өмірін 20 ғасырда кванттық физика ашқан жаңалықтардың атамзаманнан дінге белгілі даналықтар екенін дәлелдеуге арнады. Ғылым мен дінді қатар қойып зерттеген ғалым соңғы жылдары ғылыми-көпшілік жанрында «Тәңір матрицасы», «Сана матрицасы» атты атышулы екі кітап жазды. Осы екі кітаптың екеуінде де бұл ғалым ең алдымен кванттық физика жаңалықтарын тәптіштеп түсіндіріп, содан кейін осынау - біз «жаңалықтар» деп отырған құбылыстардың ежелгі адамзат үшін еш жаңалық болмағанын, ежелгі адамзат ол құбылыстарды күнделікті дағдымен өмірде қолданып келгенін дәлелдеді.
Кванттық физика біздің көзімізге көрінетін және көрінбейтін жаратылыстың түгелімен энергиядан тұратынын анықтап, ол энергияны Планк күллі жаратылыстың матрицасы атады. Қарапайым тілмен айтқанда кванттық деңгейде жанды-жансыздың бәрі бір кірпіштен дейді. Түптеп келгенде қара тастың өзі кванттық деңгейде бізбен тектес дейді. Қызығы сол, тектес болғандықтан адам өз бойындағы атомдар арқылы алыс-жақын өзге әлеммен өзара тұрақты байланыста дейді. Бұл туралы американдық жапон ғалымы Митио Каку:
«Біздің ағзамыздағы атоммен бізден бірнеше жарық жылы қашықтықтағы ғарыш денелерінің атомдары үнемі өзара ілік-шатыста» дейді.
20 ғасыр физиктері фотонды екіге бөліп, оларды бір-бірінен қанша алшақтатса да олар бөлінбеген бір ағзадай бірзаматта әрекет ететінін көрді. Мысалы, сізден алған ДНК бөлшегін қанша қашықтатса да ол бөлшек сіздің бойыңыздағы ДНК-мен бірзаматта бірдей қимылдайды. Тәжрибеші ғалымдар, мысалы, сізге күлкілі фильмдер көрсетсе сіз күле бастайсыз. Сонда сіздің бойыңыздағы ДНК бөлшектер де «күле» бастайды. Сол кезде сіздің алысқа апарып қойған ДНК бөлшектеріңіз де дәл сіздегі ДНК бөлшектерімен бірге бірзаматта «күле» бастайды . Сонда, осы арақашықтықты толтырып тұрған ауа қабаттарының кедергісі қайда? Олар неге ДНК-лардың байланысына кедергі келтірмейді деген сұрақ туады. Бұл сұрақ ғалымдардың шақша басын шарадай етті. Классикалық физика заңынша осы екі аралықтағы ауа қабаты көз жетпес қашыққа бөлініп қойылған ДНК бөлшегімен өзара бірзаматта байланыс жасауына кедергі келтіруге тиіс еді. Байланысты кешіктіруге тиіс еді. Бірақ, іс жүзінде ДНК бөлшектері кеңістіктегі ауа кедергісі дегенді білмейтін болып шықты. Осыдан келіп, екі ДНК арасында бұларды байланыстырып тұрған басқа бір ерекше эфир бар екендігі мойындалды. Яғни, бос кеңістікте ауадан да бөлек эфир бар екені байқалды. Ол эфирді 20 ғасыр ғалымдары «тылсым қуат» , «қара материя» дей бастады. Бірақ, бұл «тылсым қуат» көзге көрінбейтін, еш құрал өлшей алмайтын табиғаты бөлек субстанция болып шықты. Осындай табиғатта табиғаты бөлек бір қуаттың бар екендігіне кванттық физика көз жеткізді. Бүгінгі астрофизика бұл «тылсым қуат» шексіз кеңістікті жәй толтырып қана тұрған жоқ, сонымен қатар бұл қуат, қисапсыз ғаламшарларды, жұлдыздарды белгілі бір қашықтықта ұстап тұрушы, реттеп тұрушы және қозғап тұрушы күш деп таныды. Оған қоса, ол «тылсым қуат» бүкіл ғаламды аласапыран хаостан қорғаушы күш деп те мойындалды. Ендеше, осынау ақылға сыймас алпауыт ғаламды толтырып тұрған тылсым күшті, алпауыт әлемді реттеуші, қозғаушы және жымдастырушы күшті саналы субстанция демеске не шара?! Егер, бізді қоршаған көзжетпес ғалам жойдасыз тек қана таскерең табиғаттан тұратын болса, онда, бұл әлемдегі тәртіп, үйлесім, гармония, сұлулық дегендер баяғыда адыра қалып, бізді қоршаған ғалам баяғыда тас-талқан болмас па еді?!
Ей, жол үстіндегі жолаушы! Сонымен айналып келгенде адамзаттың бүгінге дейінгі діни ізденісі де, ғылыми ізденісі де ғаламдағы жанды, жансыздың бәрі де бір тектен - жаратушы нұрдан деген уәжге тірелді.
ххх
«Алла - көктер мен Жердің нұры» / Құран. Нұр сүресі/
«Өзін таныған адам Құдайды да таниды» /Мұхаммед с.ғ.с. хадистерінен/ Пайғамбарымыздың бұл хадисі адам өз жүрегіндегі илаһи нұрдың сипатын ешқашан түсіне алмайды дегенді білдіреді.
Үнділік «Веда» «Ригведа» тәрізді көнеліктер ғаламды толтырып тұрған бұл қуатты «таза сана» десе, қытайлық даоцизм ол қуатты «ешқандай сипаттауға келмейтін - Дао» деп біледі.
Бір кәпір Имам Ағзамды мұқатпақ болып бір жиында: «Құдай бар дейсің, қайда сол Құдай? Көрсетші!» деп ғұламаға дүрсе қоя беріпті. Имам Ағзам сонда бір табақ сүтті кәпірдің алдына қойып: «Сіздіңше, осы сүттің ішіндегі май қай жерінде?» депті. Кәпір: «Май сүттің барлық жерінде! Оны көрсете алмаймын!!» депті. Имам Ағзам: «Құдай да болмыстың барлық жерінде ! Мен де Оны көрсете алмаймын!» деген екен.
Сонымен, Құдай туралы түсінік бүгінгі таңда осындай бір уәжге келіп тоқайласты. Яғни, бүгінгі түсінігімізше Құдай - рухани субстанция, нұр, энергия. Бүкіл әлемді толтырып тұрған нұр мұхит. Көзге көрінетін және көрінбейтіндердің бәрі сол нұрдан. Ол энергия нұр үнемі қозғалыс үстінде. Сондықтан тапжылмай тұрған дене жоқ. Бәрі қозғалыс үстінде, бәрі өзгеріс үстінде. Біз де нұрмыз, біз де үнемі қозғалыс, өзгеріс үстіндеміз. Жалпығаламдық нұрдан жаратылғанбыз. Жалпығаламдық нұр ешкімге, ешнәрсеге ұқсамайды. Оны бүгінгі ғылым жалпығаламдық сана деп отыр. Ол сананың басы да, аяғы да жоқ. Мәңгілік. Ми жетпес мәңгілік. Ал, біз өткіншіміз. Өкінішке орай, біз бәрін өзімізбен өлшейміз. Өзімізбен салыстырамыз. Қателігіміз осы. Ал, Хақталағала, шынында да, салыстыруға келмейтін шексіз субстанция. Шексіз теңіз. Көзге көрінетін, көрінбейтіннің бәрі сол теңіз болмысынан жаратылған. Біз де сол теңіз болмысынан жаратылған тамшымыз. Яғни, Жаратушы тамшысымыз. Біздің санамызда болып жатқан өзгеріс ешқайда жоғалып кетпейді. Алып мұхитқа тарайды. Біздің санамыздан сорғалап ауызымыздан шыққан сөз де ешқайда кетпейді. Ой теңізіне тарайды. Ащы сөзіміз ғаламдық теңізді ашытса, тұщы сөзіміз сол теңізді тұщытады. Демек, біздің ауызымыздан шыққан сөз, қарғыс, алғыс, алдымен өз төңірегімізге тарап, содан кейін әлемге тарайды.
Бұл құбылысты, яғни, адам санасының ғаламдық санаға әсерін академик В.Вернадский өткен ғасыр басында ноосфера атады. Оның айтуынша ноосфера - Жер төңірегінде қалыптасқан рухани сфера. Адамзат пиғылы қалай болса Жер ноосферасы да солай. Демек, ноосфераны өзгерту адамзаттың өз қолында. Бұл теорияны француз Пьер де Шарден де іліп әкетті.
Көріп отырғанымыздай діннің атамзаманнан айтып келе жатқанын кешігіп те болса ғылым да қайталай бастады. Сондықтан да үнділік йог Махариши бұл ілімді өткен ғасырдың 80-ші жылдарында адамзатқа қызметке жегуге тырысты. АҚШ- тің қылмыс өршіген ондаған шағын қалаларында тәжрибе өткізді. Махариши шағын қаланың, мысалы, 100 000 тұрғыны бар қаланың 1 процентін, яғни, 1000 адамды бөліп алып дұға оқытқызған. Осындай құрамда дұға-тілек оқылған күндері сол қаладағы қылмыс деңгейі күрт түскен. Бұл тәжрибе тарихта «Махариши эффекті» аталды. Бұл тәжрибелерді Грегг Брейден жоғарыда аталған кітаптарында келтіреді. Осыдан келіп бізге ой келді. Біздің елде де қылмыс деңгейін төмендету үшін 20 миллион халқы бар Қазақстан мешіттерінде, шіркеулерінде күн сайын кем дегенде 200 мың адам дұға оқып, ақ тілектер тілеуі керек екен деген. «Қазақстан халқын пәле-жала, ауру-сырқаудан, апаттан, ұрлық-қарлықтан, қылмыстан сақтай гөр!!» деп. Сонда кванттық деңгейде Қазақстан пәле-жала, апат, ұрлық-қарлық, қылмыстан аулақтап, рухани тазаруға жақындайды екен. Өйткені, біздің ақ ниетіміз Қазақстан ноосферасындағы қара ниеттерден басым түсіп, оны ағарта бастайды екен. Дін адамдары ғана емес, осындай ниетті әр адам айтып жүрсе артық болмайды екен.
Бірақ, бұ жерде бір сұрақ туады. Біз ғаламдық нұрды біресе энергия деп, біресе ноосфера деп, біресе теңіз деп әспеттеп жатырмыз. Шексіз құдірет деп отырмыз, ендеше сол құдірет неге біз бүлдірген ноосфераны жуып-шайып отырмайды деген сұрақ туады.
Рас. Біз шексіз құдіретті Жаратушының шексіз нұры ішіндеміз. Және сол нұрдан жаратылғанбыз. Жаратушы адамды өмірге әкелгенде де сол өз нұрынан жаратылған тап-таза күйде әкелді. Өмірге, сөйтіп, біз бір мінсіз періште күйде келдік. Бірақ, өсе келе өзгердік. Өзімізді қоршаған ортаға бейімделдік. Періште пәктігімізден ажырадық. Пенде болдық. Пері болдық. Сонда бұған кім кінәлі? Бұған да Құдай кінәлі ме? Жоқ. Бұған адамның өзі кінәлі, қоғам кінәлі. Бірақ, адам тағдырынан Жаратушы да бейтарап қала алмайды. Өйткені Ол сенің жүрегіңде. Ол саған сенің қан тамырыңнан да жақын. Ол жүрек түкпіріңдегі түйсік арқылы сенімен күндіз-түн тілдеседі. Сені тағдыр талқысына тастап кетпейді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін сыбырлап айтып отырады. Нанбасаңыз көзіңізді жұмып, жүрек үніңізге құлақ түріңіз! Жаратушы үні естіледі. Естіледі. Бірақ, біз сол үнге құлақ астық па?! Құлақ аспадық. Сайтанның сыбырына құлақ астық. Бір сәттік нәпсі жетегінде кеттік. Бес күндік Жалған Дүние қызығын қуалап кеттік. Бірақ, біздің ісіміз бен сөзіміз ешқашан өшпейді. Оны біз адамнан жасырғанмен Құдайдан жасыра алмаймыз. Іс-әрекетіміздің бәрі жазылып, жатталып ноосферада қалады. Бірақ, біз бүгінде сол ноосфераның өзін қоршап тұрған шексіз Жаратушы бар деп отырмыз. Оны ақылға сыймас шексіз, ақылға сыймас құдірет деп отырмыз. Ендеше, сол ақылға сыймас шексіз құдіретті Жаратушы неге Жер төңірегіндегі шектеулі азғана ноосфераны сауықтыра салмайды?! Жаман пиғылдарды жоя салмайды?! Жоқ. Жоя салмайды. Сіңіріп әкетеді, таратып әкетеді, уытын әлсіретеді. Бірақ жоймайды. Себебі табиғатта энергия ешқашан жойылмайтыны белгілі. Энергияның бұл қасиеті бүгінгі мектеп оқушысына да мәлім. Жаратушы нұры, сонымен қатар, шексіз махаббат, шексіз тазалық. Біздің лас пиғылдарымыз сол шексіздікке жайылғанда әлсірейді. Бірақ жойылмайды. Тереза ананың: «Мені соғысқа қарсы митингіге шақырмаңдар, бармаймын! Мені, бейбітшілікті жақтайтын митингіге шақырыңдар, барамын!» дейтіні содан. Әулие ананың бұлай деуі «Ноосфераға «соғыс» деген жаман сөз таратпайық, оның орнына «бейбітшілік» деген жақсы сөзді таратайық!» дегені еді. Ол сөздің қоршаған ортаға әсерін білгендіктен солай деген еді.
Кванттық ғылым ашқан бұл жаңалық, бұл құпия, яғни, жанды-жансыздардың бәрі өзара ықпалдастықта болатыны әлем халықтарына әлімсақтан аян болған. Ауыл қариялары әлікүнге шейін: «Жамандық шақырмаңдар!» деп отырады. Малды ауылға жамандық әкелетін қасқырдың атын атамайды, «ит-құс» дейді. «Судың да сұрауы бар» дейді. Ауыл адамдары тірі табиғатқа да, өлі табиғатақа да зиян келтірмеуді ойлайды.
Квант тілімен айтқанда барлық жанды, жансыздар өзара Тәңір матрицасы арқылы байланыста. Өзара шексіз нұр арқылы байланыста. Баяғының білімдарлары бұны баяғыда білген. Оны Ақиқат депті. Аллатану депті. Сондықтан да күндіз-түні бір Аллаға жалбарынып, оған деген махаббатын паш етіпті. Жан-тәніне кір жұқтырмауға тырысыпты. Бұндай пенделер «Алла!» деп қанша қақсаған сайын оларға Алланың өзі де сонша жақындай түскен. Бұндай пенделер риясыз көл-көсір махаббатымен Иесіне қаншалықты құлшылық еткен сайын, бұл пенделердің көкірегіне Хақ нұры соншалықты лекілдеп құйылып отыраған. Сөйтіп, бұл тақуалардың көңілінде күндердің –күні жүрек көздері ашылған. Әулиеге айналған. Олар өзге жұрт көре алмайтынды көрген. Өзге жұрт білмейтінді білген. Өзге жұрт болжамайтынды болжаған. Өйткені олардың көкірегіне Хақ нұры толған. Сондай жанын илаһи нұр керелеген жандардың бірі Иранда туылып оныншы ғасырда Бағдатта өлтірілген әйгілі ислам азапкері, сопы Мансұр Әл Халадж еді. Ол заманы таң қалған әулие болды. Хақ нұры жүрегіне толғанда сабыр ете алмай қалып «Ан аль Хақ!», «Ан аль Хақ!» деп айқай салатын болған. Яғни, «Мен Хақпын!» деп айқай салатын болған. Сол үшін оған дүмшелер «Құдайдан безген!» деп айып тағады. Бағдад ортасында жиналған жүз мың халықтың көзінше халиф жендеттері оны қылышпен паршалап өлтіреді. Аяқ-қолын шауып жатса да Мансұр күліп тұрған. «Алланың маған берген ұлы құпиясын жария еткенім үшін жазалануға тиіспін! Өлуге тиіспін!» деп тұрған. Ұлы азапкер ажалын осылай қарсы алған.
Тибеттіктер бұндай пенделерді «үшінші көзі» ашылғандар дейді. Үнділіктер «гуру», «йог», «аватар» дейді. Далалықтар «аруақ қонған», «шайхы», «әулие», «бақсы» дейді. Бұндай әулиелер Ұлы Далада аз болмапты. Әзіреті Сұлтан, Қарабура әулие, пір Бекеттен бастап кешегі Марал ишан, Бекасыл әулие, Машһүр Жүсіпке дейінгі аралықта ондай Хақтың назары түскендер аз болмапты. Оларды халық әлікүнге пір тұтады. Жатқан жеріне зиярат етеді. Ұлы Дала пірлері де адам айтса сенгісіз хикметтер жасаған. Олар үшін Меккеге ұшып барып намаз оқу, бұлтсыз күнде жаңбыр жаудыру, немесе, ашыққанда ауадан ас жасай салу қиын шаруа болмаған.
Осыдан келіп түйсік түкпірімізде: «Бұндай деңгейге адам қалай жетеді?» деген сауал туады. Шәкірттері осы сауалды көз алдарында өліні тірілткен Иса пайғамбарға қойса керек. Сонда Иса с.ғ.с: «Егер, көкіректеріңде бұршақтың түйіріндей сенім болса, ана тұрған тауға «Қозғал!» десеңдер қозғалады!» деп жауап берген. Бұл сөзімен пайғамбар не дегені? Жүректеріңде алдымен сенім болсын дегені. Сенім болса адам пенде тау қопарып, тас жарады дегені. Құдірет күшке ие болуы үшін адамға ең алдымен сенім керек дегені. «Бұндай құдірет күш пайғамбарларға ғана тән емес, Жаратушыға сенімің күшті болса бұндай құдіретке сен де ие боласың!» дегені.
Яғни, төңірек қоршаған ортаға адам санасының, сенімінің әсерінің орасан зор екенін айтқаны. Бұл құбылысты Жаратушының: «Бұ Дүниеде сендер нені сұрасаңдар соны беремін! Бірақ, Ана Дүниеде сендерден бір-ақ нәрсе сұралады! Ол - иман!» деуі де растап тұр. «Ниет етіңдер, ұмтылыңдар, алдарыңда алынбас асу жоқ!» делініп тұр. Демек, адам баласы алға қойған бір мақсатына жетуі үшін, ең алдымен «Осы мақсатыма қалайда жетемін!» деген онда селдей сенім болуы керек екен. Сонда өзгеріс алдымен сенің санаңда басталып, одан ары төңірегіңді өзгертіп, одан кейін тағдыр жолыңды туырлай бастайды деген сөз.
Ей, жол үстіндегі жолаушы!
Бір жазушыны білемін. Ол мектептің жетінші класынан бастап әдебиетке өлердей ғашық болды. Әдеби кітаптарды суша сімірді. Қызық кітап жазатын қаламгер болсам деп армандады. Көзді жұмып сол қиялға берілді. Мектеп бітіретін кез келді. Мал бағатын әке-шешесі: «Әй, қарағым, тұқымыңда жоқ нәрсені қиялдап қайтесің! Бізге сенің мына совхозға бас бұғалтер болғаныңнан артық ешнәрсе керек емес! Соның оқуына түс!» деді. Бірақ, бұл қаламгерлік жолдан қайтпады. Күндіз-түн тырбанды. Байлық, билік тәрізді өмірдің өзге қызықтарына көз қиығын да салмады. Ойлағаны жазушылық болды. Ақыры діттегеніне жетті. Қаламгер болып қалыптасты. Сөйтіп, тұқымында жоқ кәсіпке ие болды. Бүгінде ол кәртайды. Бірақ өкініп жүр. Онда да бәйбішесі: «Сенің бір тиын пайдасы жоқ кітабыңнан не қайыр? Мына ызғындай бала-шағаға ертең не байлық қалдырамыз??» деп бұрышқа тыға бергеннен кейін өкініп жүр. Жаратқан Иеден әубаста жазушылыққа қоса: «Байлық та бер!» деп, сұрамағанына өкініп жүр. Қарап отырса тағдыр бұған сұрағанын беріпті. Сұрамағанын бермепті.
Смағұл Елубай
Қазақстанның халық жазушысы
Abai.kz