Сенбі, 10 Қаңтар 2026
Күбіртке 297 0 пікір 9 Қаңтар, 2026 сағат 14:11

Ойлан, Қазақ!

Сурет: anatili.kazgazeta.kz сайтынан алынды.

НЕМЕСЕ ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІ ҚАРА ЖАМЫЛУЫ МҮМКІН...

Қазақ баспасөзінің бүгінгідей мүшкіл халі жайында бұрын да талай мәрте қалам тербеген едім. Ал енді жуырда өзім куә болған төмендегідей жағдайды көргенде шындықты айтып, шырылдамасқа амалым қалмады.

​Мен қазақ баспасөзінің жанашырларының бірімін. Жыл сайын барлық республикалық газет-жорналдарға өзім жазылуға және әріптестерімді жаздыруға тырысып жүрдім. Сөйтіп, биыл да жылдағыдай баспасөзге жазылу науқанына белсене кіріскен едім. Өкінішгке орай, бірден маңдайым тасқа соғылды. Олай дейтінім, бірге қызмет істейтін әріптестерім мен жақын араласатын азаматтардың ішінде бірде біреуі газет-жорналдарға жазылуға ықылас білдірмеді. Айтатын сөздері: «Газет деген өткен күннің қалдығы ғой. Керек нәрсені интернеттен-ақ оқып аламыз...».

​Мынандай жағдаймен бетпе-бет келгенде намыстан өртеніп кете жаздадым. «Біздің ұлттық рухымыз бен намысымыз қайда кеткен? Идеологиямыз неге ақсап жатыр?» деген сұрақтар санамды жаулап алды. Содан кейін әлгі әріптестерімнің намысына тиетін біраз ауыр сөздер айтуға тура келді.

​-Өздерің жазылмасаңдар да, газет-жорнал оқығысы келетін ата-аналарыңа, туған-туыстарыңа немесе басқа да жақын-жұрағаттарыңа баспасөзге жазылуға көмектеспейсіңдер ме?,- деп бұйыра сөйледім.

Осы әңгімеден кейін біраз тоңның беті жібіп, сең қозғалды. Сөйтіп баспасөзге жазылатын бірталай қомақты қаражат та жиналды әйтеуір. Соның нәтижесінде 30 дана «Егемен Қазақстан», 30 дана Жетісу облыстық «Жетісу», 50 дана Панфилов аудандық «Жаркент өңірі», 15 дана «Вестник Жетысу», 12 дана «Заң», 20 дана «Қазақ әдебиеті» газеттеріне жаздырдық. Осы орайда газет-жорналға тегін жаздырып берейік деп тұрғанда «Керек емес» деп ат-тонын ала қашқандарды көргенде жағамды ұстадым. Міне, осындан-ақ біздің рухани кеңістігіміздің қалай тарылып бара жатқанын аңғару қиын емес шығар...Идеология қайда?

Міне, біздің бұл сөзімізде бірде-бір жалғандық жоқ. Жоғарыда айтып өткен проблемаларға газет басшыларының өздері де куә. Себебі, баспасөзге жазылу мәселелері бойынша бас редакторлардың өздерімен тікелей байланыста болдым. Біздің әрекетімізді қолдаған газет басшылары телефон шалып, алғыстарын жаудырды. Осы орайда «Ақиқатын айтпаса, сөздің атасы өледі» деген емес пе. Егерде бұл үрдіс жылдан-жылға осылай жалғаса беретін болса, онда қазақ баспасөзінің болашағынан үміт үзе берейік. Себебі, біздер газет-жорнал оқитын және қазақ баспасөзіне жаны ашитын ұрпақтың соңғы өкілдері сияқтымыз. Өйткені, кейінгі жастардың бойынан руханиятқа (оның ішінде қазақ басапасөзіне) деген жанашырлықты көріп жүрген жоқпын.

Ойды ой қозғайды емес пе. Өз басым ұйғыр ағайындар көп тұратын Панфилов ауданында қызмет жасайтын болғандықтан, аталмыш ұлт өкілдерімен жиі араласып тұрамын. Кез-келген ұйғырдың үйінен «Ұйғыр авази» газетін көресің. Сонда біз ұйғыр ағайындар құрлы болмағанымыз ба? Аталмыш газеттің таралымы біздің кейбір республикалық қазақ газеттерін он орап өтеді. Және де ол газетке жазыл деп ешкім үгіттемейді. Барлығы да өз еріктерімен, өздерінің патриоттығымен жазылады. Сондықтан да қазақ баспасөзіне қазақтың жаны ашымаса, рухымыз бен руханиятымыз шаңға көміліп, шашалып қалмай ма?

Иә, заман не болып барады? Осыдан 20-30 жыл бұрын демалыс парктері мен гүлзарларда газет оқып отырған зиялы қауым өкілдерін жиі көретін едік. Енді олардың орнына телефон мен планшет шұқып отырған балаларды немесе бір шөлмек сырасын сораптап отырған жастарды көретін болдық. Әсіресе, баласының қолындағы телефонын тартып алғаны үшін ата-анасын балағаттып, қол көтерген ұрпақ өкілдерінің көбейіп келе жатқаны ойландыратын жағдай. Ұлы ақынымыз Мұхтар Шаханов ағамыздың жазғанындай, 21 ғасырда компьютер басты қазақтар көбейіп барады. Өкінішке орай, көбісінің ойлары жүйрік болғанмен, жүректерінде жылу жоқ. Міне, бар гәп осында...

Қорыта айтқанда, тереңнен ойлап қарасаң, бір газеттің бір жылдық жазылу құны бір шөлмек арақтың немесе бір блок темекінің құнынан артық емес екен. Сонда біздердің ұлық пен шұлықтың қасиетін ажырата алмай жүргеніміз қалай? Біз қайда барамыз? Бұл ненің белгісі екен? Қалай дегенмен де, ойлан, Қазақ!

Бекен Нұрахметов

Abai.kz

0 пікір