Бейсенбі, 28 Мамыр 2026
Білгенге маржан 132 0 пікір 28 Мамыр, 2026 сағат 14:22

Лагерьде туған тарихшы

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Мамыр айы – Америка Құрама Штаттарында Азия және Тынық мұхиты аралдары халықтарының мұрасын дәріптейтін ерекше кезең. Бұл айда азиялық америкалықтардың тарихы, мәдениеті, жетістіктері мен қоғамға қосқан үлесі еске алынады. Сол тарихи естеліктердің бірі – жапон текті америкалықтардың Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде лагерьлерге күштеп қоныстандырылуы туралы ауыр тағдыр. 

Тарихшы Кен Ямашитаның әкесі – Сусуму Ямашита сол кезеңнің тірі куәгерлерінің бірі. Оның өмір жолы АҚШ тарихындағы ең қайшылықты кезеңдердің бірін бейнелейді. Сусуму Ямашита 1941 жылдың 7 желтоқсанына дейін Сан-Францискодағы Mitsubishi Corporation сауда компаниясының бөлімшесінде жас басшы болып қызмет еткен. Алайда Перл-Харборға жасалған шабуылдан кейін Америкадағы жапон қауымына деген сенім күрт өзгерді.

1942 жылдың 30 сәуірінде Сусуму Ямашита жұбайы Киоко Ямашитамен және небәрі 18 айлық қызы Кимикомен бірге Калифорниядағы Беркли қаласынан күштеп көшіріліп, Сан-Брунодағы Танфоран уақытша лагерьіне жіберілді. Бұрын ат жарысына арналған ипподром болған бұл орында мыңдаған жапон текті америкалықтар уақытша қамауда ұсталды.

Ямашита отбасы бірнеше ай бойы ат қорадан жасалған тар бөлмеде өмір сүрді. Кейінірек, 1942 жылдың қыркүйегінде олар Юта штатындағы әйгілі Топаз лагерьіне ауыстырылды.

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Сусуму Ямашита АҚШ-та дүниеге келгенімен, 1911–1922 жылдары Токиода білім алған. Сол себепті ол «Кибэй» деп аталды – бұл Америкада туған, бірақ Жапонияда тәрбиеленіп, білім алған жапон америкалықтарға берілетін атау еді.

Жапон тілін жетік меңгергендіктен, Топаз лагерінде ол бірінші буын жапон көшіп келушілері – иссэйлер мен лагерь әкімшілігі арасындағы байланыс қызметін атқарды. Кейін лагерьдегі әлеуметтік көмек бөлімінде 14 ай жұмыс істеп, тұрғындардың тұрмыстық мәселелерімен айналысты.

Алайда бұрын бизнес саласында еңбек еткен, University of California, Berkeley мен Harvard Business School түлегі болған Сусуму Ямашита бір күні мүлде басқа өмірді таңдауға бел буды.

Ол лагердің ауыл шаруашылығы бөліміне ауысып, мал бағушы болып жұмыс істей бастады. Ашық аспан астында еңбек ету оған ерекше еркіндік сезімін сыйлады. Күнге күйіп, денсаулығы шыныққан ол өзінің сүйікті «Ред» атты атымен мал айдап жүрген нағыз ковбойға айналды.

39 жастағы Сусуму лагердегі ең егде ковбойлардың бірі болған деседі. Топаз даласында ат үстінде жүрген сол сәттер оның өміріндегі азаттықты сезінген сирек кезеңдердің бірі еді.

Соғыс аяқталған соң, 1951 жылы Сусуму Ямашита қайтадан Mitsubishi Corporation компаниясына оралып, Нью-Йорктегі жаңа халықаралық штабтың құрылуына атсалысты. Бірақ Топаздан кейін ол өмірінде ешқашан атқа мінбеген екен.

Бұл естелікті жазған Кен Ямашита 1945 жылы дәл сол Топаз лагерінде дүниеге келген. Бүгінде ол тарихшы ретінде лагерьде болған адамдардың естеліктерін жинап, архивтеумен айналысады. Жапон текті америкалықтардың тағдыры – соғыс кезіндегі қорқыныш пен сенімсіздіктің қарапайым адамдардың өмірін қалай өзгерткенінің айқын мысалы. Ал Сусуму Ямашитаның тарихы адам рухының қандай жағдайда да еркіндікке ұмтылатынын көрсетеді.

Дүйсенәлі Әлімақын

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 3277
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 2374