Сейсенбі, 13 Қаңтар 2026
Мәдениет 194 0 пікір 13 Қаңтар, 2026 сағат 13:35

Министр Аида Балаева: Ұлт театрына 100 жыл!

Суреттер: anatili.kazgazeta.kz, dknews.kz сайттарынан алынды.

Бүгін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының құрылғанына 100 жыл толды.

1926 жылы ашылған театрдың негізін қалауда Жұмат Шанин, Смағұл Сәдуақасов, Жүсіпбек Аймауытовтардың ерен ерлігі жатыр. Әкемтеатр қазақ театр өнерінің кәсіби ұлттық мектебінің қара шаңырағы. Қазақ өнерінің айтулы да, аяулы тұлғалары ұлт өнеріне қызмет еткен қасиетті орын, киелі сахна.

Осы айтулы датаға орай ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы құттықтау жолдады.

Аида Балаева:

– Қазақ руханиятының қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойымен баршаңызды құттықтаймын!

Ғасыр бұрын «Еңлік-Кебекпен» ашылған қасиетті шымылдық содан бері талай дәуірді артқа тастап, ұлттың тағдырлы кезеңдерін, арман-мұратын сахна тілімен сөйлетіп келеді. Киелі сахнада қазақ драматургиясының інжу-маржанына айналған «Абай», «Қобыланды», «Қарагөз», «Айман – Шолпан» және өзге де туындылар сахналанды.

Өнер ошағы Алматыға қоныс аударып, 1937 жылы академиялық мәртебе алды, кейін оған Мұхтар Әуезовтің есімі берілді. Бүгінде «Ұлттық» мәртебеге ие театр әлемдік мәдени кеңістікке батыл қадам жасап келеді. Театр бүгінде ұлт өнерін өркендетіп, дәстүр сабақтастығын сақтап, үлкен шығармашылық орда қалыптастырып отыр.

Театр ұжымына зор денсаулық, шығармашылық шабыт, өнер жолында жаңа жетістіктер тілеймін!

Abai.kz

0 пікір